Әзірге жалғыз меценат – мемлекет (қорытынды сөз)
Бүгінгі дәстүрлі әдеби жыл қорытындысында жеті баяндама, төрт хабарлама оқылды. Түгел тыңдадыңыздар! Алқалы жиынымызды аяқтай отырып, қорытындылауға рұқсат етіңіздер!
Біріншіден, баяндамашылардың бәрі аса тиянақты дайындалған. Бәрін мұқият тыңдадық. Сын-ескертпелердің бәрін шама-шарқымызша дәптерге түртіп алдық. Жаңа прозаға қатысты жасаған Жаңабек Шағатайдың баяндамасында бүгінгі әдеби өмірімізге қатысты, кітап таралымы, қаламақы, көркем шығарманы насихаттауға қатысты біраз пікірлер айтылды. Рас, әдеби-рухани дағдарыспен жалғыз Қазақстан ғана емес, күллі дүние бетпе-бет келіп отыр. ХХІ ғасырдағы әдебиеттің ала-құла қиын тағдырын жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл әлем әдебиеті бастан кешіріп отыр. Бұл орайда, қазақ елі әдеби көркем дүниелерін түгендеуде, қаламгерлеріне қамқорлық көрсетуде, жас жазушыларды қолдауда өз жолын тауып келе жатқанын айтуымыз керек.
Екіншіден, әдебиетке қамқорлық жөніне келсек, бізде мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын кешегі Кеңестер Одағы дейтін кеңістікте санаулы бір-екі ғана ел қалды. Соның бірі – Қазақстан. Елімізде ондаған жеке меншік баспалар бар. Осылардың қай-қайсысы да мемлекеттік тапсырыстың үлкен астауынан нәпақа айырғысы келеді… Жеке меншік деген аттары. Негізінен кітапқа қаржыны бөлетін жалғыз меценат – мемлекет! Несіне жасырамыз? Шындық осылай. Баспалар шама-шарқынша жыл сайын кітап шығарып келеді. Үстіміздегі жылдан бастап «Мәдениет туралы» Заңға енгізілуі тиіс (бірінші оқылымында өткен) өзгеріс, түзетулерге сәйкес кітаптар екі мың емес, бес мың тиражбен шығады деп жоспарланып отыр.
Қадірлі әріптестер! Мінбеден айтыла-айтыла жауыр болған үлкен бір тақырып бары бәріңізге белгілі. Ол – мемлекет тарапынан сатып алынатын көркем шығармаларға қаламақы төлеу мәселесі. Қазір бұл мәселе, Құдай көп көрмесін, шешілу қарсаңында тұр. Ел Парламентінің екі палатасында (Мәжіліс пен Сенатта) Заңның, әлгінде айттым, алғашқы оқылымы өтті. Енді екінші оқылым талқыға түспек. Бұйырса, Президенттің алдына қол қойылуға жіберіледі деген үміттеміз. Заңдық, құқықтық жағы толық шешімін тапса, қаламгерлерге қаламақы төлеу туралы берілген Елбасы тапсырмасы мәресіне биыл жетеді. «Мәдениет туралы» Заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы менің Сенатта жүргенде айтқан ұсынысым Үкімет тарапынан да, Республикалық Бюджет Комиссиясы тарапынан да, Қос Палата тарапынан да, Мәдениет министрлігі мен Жұмыс тобы тарапынан қолдау тапты. Алла нәсіп етіп сол құжат толық қабылданып болған соң құзырлы орындар кітап таралымын 5000-ға дейін көтеріп, көркем әдебиетке қаламақы төлеу мәселесі толық шешім табады деп отырмыз. Қазақ Елінің ғана емес, бұл жалпы посткеңестік елдерінің өміріндегі үлкен тарихи жаңалық болғалы тұр.
Сонымен қатар, жүйелі түрде мемлекет тарапынан аға қаламгерлерден бастап жас буынға дейін тұрақты стипендия тағайындалып келеді. Жазушылар одағының мұрындық болуымен әр алуан бәйгелер, мүшәйралар жиі-жиі өткізіліп тұрады. Мысалы, соңғы екі жыл ішінде Тұңғыш Президент Қорының бастамашылығымен өтіп келе жатқан «Алтын тобылғы» бәйгесі қоғамның, әсіресе жас әдебиетшілердің қызу қолдауына ие болып отыр. Тағайындалып отырған қаржы мөлшері де қомақты. Бұдан артық әдебиетке қандай қамқорлық болуы мүмкін?! Енді сіз бен бізге мықты көркем шығарманы жазудан басқа ештеңе қалған жоқ. Жақсы шығарма жазу керек! Кәсіби тұрғыдан өзімізді қамшылауымыз керек! Бірімізді-біріміз тәрбиелеуіміз керек! Мәдениетті сөз айтуға, мықты шығарма жазуға күш салу – Тәуелсіз елдің басты мұраты. «Батыл сөз айту керек!» деп күлдібадам дүниелердің басын құрап, барды-жоқты көпіртіп, кітап етіп бастыратын өтпелі дәуірдің арзанқол «айласының күні» өтті. Біздер – аға буын өкілдері жаңа қалыптасып келе жатқан жас буын әдебиетшілерге дұрыс жол көрсетуге міндеттіміз. Ұлтты, ұрпақты тәрбиелейтін Мәңгілік Ел болуға баулитын шынайы көркем әдебиетке кең жол ашуымыз қажет! Үлкеніміз, кішіміз болып, осы жөнінде мықтап ойлануымыз – парыз… әріптестер! Ел ертеңі мен әдебиетіміздің ертеңі бізден осыны талап етеді.
Аударма саласына қатысты баяндамашы Темірақын
Жақыптың да көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Рас, аударма саласы осыдан біраз жылдар бұрын ашылып, біршама іс тындырған «Аударма» баспасының үнсіздік кеңістігіне түсіп, жұмысының тоқтаңқырап тұрғаны жасырын емес. Біз де кезінде осы баспаның дүниеге келуіне мұрындық болған едік. Әрине, баспа жұмысының тоқтап қалғанына алаңдаймыз.
Алдымызда салмағы мен сабағы, міндеті мен жүгі ауыр кезекті Пленум тұр. Бұйыртса, алдағы айларға жоспарланып отырған сол Пленумды «Алаш» дейтін айбарлы да қасиетті ұғымға арнамақ ниеттеміз.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының рухына бағышталатын сол айтулы жиынымызда да біраз мәселе сөз болмақ.
Деректі проза, фантастика жанрына қатысты айтылған түйткілдер бүгін-ертең шешімін таба қояды деп айта алмаймын. Бірақ бас біріктіріп, өз берекемізді өзіміз алмай, істің шешілу тетігін бірігіп іздесек бітпейтін шаруа жоқ.
Жазға салым Алматы қаласында кең ауқымды, үлкен халықаралық әдеби жиын болмақ. Бұл – «Экспо-2017»-нің аясында Ұлттық кітапханамен бірігіп, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен алыс-жақын шетел әдебиеті өкілдерінің басын қосатын үлкен шара. Сол жиында да «әдебиетті оқыту мен оқырманды қайтып әкелудің жөні мен жолы әлемде қалай шешімін тауып жатыр?» деген сауалға, сондай-ақ, аударма мәселесі туралы да сөз қозғау ойымызда бар.
Әдеби сынға байланысты жас та болса Марат Әзімхан дейтін жігітіміз сапалы баяндама жасады. Бір баяндамамен барлық сауалдың тігісін жатқызу қиын. Оның үстіне біраз жылдардан бері «Әдеби сын» дейтін ауылға барар жолды тап басып, алабота қаптап кеткені жасырын емес. Және арын таразыға қойып отырып, жүрегі дауалап бұл бағытта жанкешті еңбек етуге екінің бірі бара бермейді. Жалаң мақтаудың бәрі кәсіби сынның орнын толтыра алмайды, ал орынды айтылған сынға ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулаймыз. Осындай жағдайды бастан кешіріп отырған сыншының ахуалын іштей сезіне беріңіз.
…Соңғы кездері әдеби сын деген жанрдың ауыртпалығын көтеріп, тоқпағы мен таяғын да қатар көріп келе жатқан жалғыз «Қазақ әдебиеті» газеті екені бәрімізге аян. Басқа баспасөз беттерінде кәсіби сын басылмауға айналды. «Жұлдыз», «Простор» журналдарынан ара-тұра байқап тұрамыз. Қажығали Мұхамбетқали мен Әмина Құрманғалиқызының газет бетіне басылған мақалалары сын әлеміне үлкен қозғау салды. Кейінгі жас сыншыларымыздың ішінде Бағашар Тұрсынбайұлы секілді әдебиетшілер арандатуға емес, адал сөзін құлатпай айтуға қалыптасып келеді.
Сондықтан «әдебиетке қамқорлық жасалып жатқан жоқ» деп үзілді-кесілді айтуға болмас…
Бүгінгі жиынымызды аяқтай келе, басшылықтың атынан баяндамашыларға ризашылығымды білдіріп, жыл қорытындысына арнайы келген баршаңызға алғыс айтамыз. Келесі басқосуларда аман-есен, төрт көзіміз түгел жүздесуге жазсын!
Іргеміз аман, әдебиетіміз абыройлы болсын!
Нұрлан Оразалин