Ананың алақаны
Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен.
Ана – барлық өмірдің бастауы. Қазақ Құдайдан кейінгі құдірет иесін – Ана деп таниды.
Сондай аналарымыздың бірі және бірегейі – Алдажанова Ақбөпе Әбзелбекқызы еді. Ол 1927 жылдың 10 наурызында Қызылорда облысының Киров колхозында (қазіргі Махамбет ауылы) дүниеге келген. Мойыл көз, ашаң жүзді Ақбөпенің балалық шағы мұңға толы болды. Әкесі Байқасов Әбзелбек ерте өмірден өтсе, 7 жасқа толғанда анасы Камила да қайтыс болып, тұл жетім қалады. Ата-анасынан айырылған Ақбөпені немере ағасы Басалқаев Саудабек Қызылорда қаласындағы Сталин атындағы балалар үйіне тапсырады. Осылайша балалық шағы балалар үйінде жалғасады. 1941 жылы соғыс басталғанда балалар үйі жабылып, орны аэропорт болады. Бар баланы ет комбинатына жұмысқа жібереді. Цехтан шыққан шұжықтарды «Ледник» вагонына тиеп, майдан алаңына жөнелтеді. Балаларға ешқандай айлық төлемейді.1942 жылы Мария деген апасы ет комбинатынан шығарып алып, маслопромға жұмысқа тұрғызады. Маслопромның берген жолдамасы арқылы Шымкентке екі жылға оқуға барып, лаборант-шебер деген мамандық бойынша диплом алады. Жастайынан өмір тауқыметін бастан кешкен Ақбөпе анамыз өзінің қайсар мінезі мен еңбекқорлығының арқасында қайраткер дәрежесіне көтеріледі. Тұрмыстың қиындығына ерте араласқан, өзі бастық, өзі лаборант, өзі шебер анамызды ауыл-аймақ Майком деп атап кетеді. Жалағаш ауданы активтерінің шешімімен 1957 жылы Жалағаш Май зауытына қызметке ауысады. Осында қызмет ете жүріп зейнетке шыққан ол, жұмысын жалғастыра береді. Қызмет бабымен 1950-1960 жылдары бірнеше рет Мәскеудегі дайындық оқуларына барып, білімін жетілдіріп отырған.
Қыз мұраты – тұрмыс құрып, ана болу. Ақбөпе анамыз да соғыс бітіп, ел есін жия бастаған тұста, яғни 1950 жылы әкеміз Қожантаев Төре-
мұратқа тұрмысқа шығады. Алланың берген ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп, балаларының жоғары білім алуына барын салады. Оның төртеуі байланыс саласының жоғары білімді маманы, бір қызы заң ғылымының кандидаты, доцент.
Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды демекші, қызы Гауһар Төремұратқызы да өзге бауырларымен қатар білім алып, ғылым докторы дәрежесін иеленді. Ананың аяулы алақаны балаға айдынды қоныс дегеннің бекер айтылмасы анық. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында аға оқытушылық қызметтен кафедра меңгерушісі, ректордың оқу, оқу ісі жөніндегі проректоры дәрежесіне көтеріліп, жемісті еңбек атқарды. Қазіргі таңда болашақ маман даярлау ісімен айналысып, табысты жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Барлығы қасиетті жан – Ақбөпе анамыздың тәрбие мектебінен түлеп ұшқан қарлығаштар.
Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Ақбөпе анамыз да отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілей жүріп, 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Жастайынан тағдыр сынағынан сүрінбей өтіп, сабырлы да мейірімді, шуақты қалпынан айнымай, халқының сыйына бөленген Ақбөпе Әбзелбекқызының жаны жәннатта болсын!
Әлия ШАРАБЕКҚЫЗЫ,
Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА профессоры,
Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты.