Енді гүлге жоламаспын…
Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ самайлы аналарымызды, көктем көрікті қыздарымыз бен қытық күлкілі жеңгелерімізді, «Джип» мініп сайрандап, джинси киіп жайраңдап жүрген келіншектеріміз бен келін-кепшіктерімізді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, өсе беріңіздер, өне беріңіздер, көбейе беріңіздер дегіміз келеді.
Адам баласын түлен түртем десе, дем арасында екен. Болмаса сұлу келіншектің алдында нем бар еді, гүл иіскеп… Бірақ бәрі де атың өшкір, Құрымбайдың кесірінен болды емес пе? Күні кеше ғана өз жұмыс орнымда тойған қозыдай томпиып отырғанмын.
Түні бойы теледидардан олимпиада ойындарын көрем деп кеш жатып… Содан ұйқым келіңкіреп, аузымды арандай ашып отырғанымда Құрымбай кіріп келді. Бір өзі емес, қасында екі келіншегі бар. Екеуі де әдемі әрі жап-жас. Менімен бұрын таныс адамдай жүдә жылы амандасты. Енді құдайшылығын өздеріңіз-ақ айтыңыздаршы, егер сұлу келіншектер сыпайы түрде жігітпен қол беріп амандасса, оның тоңып қалған сезіміне қуат берсе қайтер едіңіз… Күйген дүние күйіп кетсін, мен де орнымнан ұшып тұрып сұлу бикештерге барынша ізет көрсетіп бақтым.
– Танысып қой құрдас, мына Тәнзила деген қарындасың менің туған балдызым болады. Ал қасындағы подружкасы Мәнзура… Бірден айтып қояйын, бұл да сен сияқты бойдақ. Бір өзі бір үйде тұрады. Так что, қаперіңде жүрсін, – деп Құрымбай досым дем арасында байсалды адамның кейпін танытып шыға келді. Ертең осы балдызымның туған күні. Соны «Сәния» кафесінде атап өтуді ұйғардық. Ал оған сенің салтанатты түрде қатысуың міндетті. Короче, бүгінге осы да жетеді. Сен жұмысыңда бола бер. Қалған хабар өзімнен болады, – деп екі сылаңдаған сұлуды ертіп, Құрымбай жанымнан ұзай берді. Көрген түстей мәңгіріп, мен байғұс не істерімді білмей отырып қалдым…
Кешке Құрымбай телефон
шалды. «Сценарий бойынша» түсте Мәнзураның үйінде болуымыз керек. Оған алқызыл гүл шоқтарын именно… менің тапсыруым қажет екен. Оның қырылдай шыққан дауысынан ұққаным, басқасы – басқа дәл осы отырысқа менің «спонсор» болатыным анық аңғарылып тұрды. Сонымен, Зымзиядан тыққыштап жүрген азын-аулақ ақшаларымды ұры қалтама мұқият салып қойдым. Ертесіне азанда ерте тұрып, ең алдымен иегімдегі «қыл-қыбыр, жын-жыбырды» ұстарамен қырып тастадым. Одан кейін шифоньерде тұрған, шыққан жылы белгісіз (кемінде 20 жыл болған шығар) әтірдің қақпағын ашып екі қолтығымның арасына шыққан «жабайы жоңышқаларды» «суғарып» алдым. Үстіме бар жақсы киімімді іліп аялдамаға шықтым.
Көп ұзамай түсі оңып кеткен пұшық сары автобус көрінді, ішінде Құрымбайдан басқа тірі жан жоқ. Шопыры екеуі саясатты соғып келеді екен… Оларға «сразу» менде қосыла кеттім. Орталыққа келген соң Мәнзура қарындасыма деп 700 теңгеге әдемі гүл сатып алдым.
Мәнзураның үйі тура балабақшаның қасында екен. Обалы не, Мәнзура Құрымбай екеумізді жүдә жақсы қарсы алды. Қолымдағы гүлді өте ыстық ықыласпен қабылдап, оны гүл салатын вазаға қондырды. Өзі одан әрі аулада картоп тазалауға кірісті. Ал мен сол жерде біраз тұрыңқырап қалдым. Кенет назарым аулада өсіп тұрған гүлдерге түсті. Ойпыр-ай, есік алдында өсірген гүлдері қандай тамаша еді! Қызыл гүлдер, сары гүлдер, жасыл гүлдер… Сол кезде қай шайтанның иығымды қиқаң еткізіп түрткенін білмеймін. Жоқ әлде, тал шыбықтай майысып тұрған Мәнзураның алдында өзімді аса мәдениетті, ерекше дарынды, оқыған адам екенімді көрсеткім келді ме, кім білсін?.. Әйтеуір, жұпар иісі аңқып тұрған гүлдерге тақау келіп: «Ой, қандай керемет көрініс еді!» – деп тамсанып қолағаштай мұрнымды жақындатып, иіскей бергем… Кенет, әлдене тыз ете қалғандай болды да, тынысым бірден тарылып жүре берді… Мұрнымның іші удай ашып барады. Мен сасқанымнан жалма-жан уқалай бастадым. Ал танауымның ішінде соғыс болып жатқандай дуылдап барады. Әлдекім біз тығып алды ма, жоқ әлде қып-қызыл шоқ түсіп кеткен бе, айырып бола алмайсың… Уқалаудан қайран жоқ болған соң, жер дүниені басыма көтеріп, сол арада ой бір сіңбірдім-ай кеп… Өзі қоңқиған дәу мұрын болған соң, оның даусы да өте ащы шығатыны белгілі жағдай… Тарылдата үш сіңбірген кезде құйтақандай екі бал арасы мұрнымнан сүйретіліп әрең шықты… Шыбын жан дегенің қашан да тәтті емес пе? Екі араға көңілім толмай тағы да «остаток» қалып кеткен жоқ па деп танауды және екі рет «оталдырдым». Жоқ, әлдебір қара қошқыл заттан басқа жерге ешнәрсе де түскен жоқ. Осылайша, паразит аралардан құтылуын құтылдым-ау, бірақ уақыт өте келе менің мұрнымның көлемі «фигурасы» өзгере бастады. Оттай ыстық болып кеткен ол жерден бетім көрінбей қалды…
Жә, сонымен әңгімені созып сіздердің бастарыңызды несіне қатыра берейін… Сол күні болуға тиіс отырыс болмай қалды. Оған не себеп дейсіз ғой? Бәріне кінәлі Мәнзура сұлудың өзі. Мен арамен «шайқасып» жатқанымда орнынан жиіркене тұрып кеткен Мәнзура Құрымбай жездесіне: «Жездеке, маған тауып берген жігітіңізге рахмет. Мен ондай мұрынбоқпен жүре алмаймын. Мұрнының өзінен адам қорқады екен. Айта барыңыз, менен иегі қышымай-ақ қойсын. Бекерге әуре болмасын», – депті. Жүрмесең одан әрі дедім «жағымды» жаңалықты есіткен соң өзімше күйіп-пісіп. Жүдә, саған қарап қалған жағдайым жоқ. Қайта саған қырындаймын деп мұрнымнан айрылып қала жаздаған жоқпын ба, аса қадірлі Мәнзура бикеш! Енді құдайшылығын өзіңіз-ақ айтыңызшы, ара кіріп өлейін деп жатқанымда қалай сіңбірмей тұра аламын…
Міне, ағайын мына алдарыңызда отырған пақырыңыздың басынан осындай жағдай өткен. Содан кейін, гүл көрсем болды, жанына да бармаймын оны құшырлана иіскеуге талпынбаймын да… Өйткені, қолағаштай болса да мұрын өзіме керек. Ал шыбын жан болса бәрінен де тәтті…
Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.