Шетел көрген жастарымыз
Алмаш Сейдикенова, филология ғылымының кандидаты, Фрибург университетінің (Швейцария) пост-докторанты, 2012-2014 ж.ж. Швейцария конфедерациясының «Талант» стипендиясының иегері, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
Өзгелерді тың жаңалықтармен ғана таңғалдыра аламыз
Қазір өз еліңде қандай мықты маман болсаң да, шетелде тәжірибе жинақтамасаң, тағылымдамадан өтпесең ешкім болмайсың. Оған күнделікті өмірде көз жеткізіп жүрміз. Өкінішке қарай біздің қоғамда «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген түсінік әлі күнге дейін салтанат құруда. Әйтеуір шетелде болып келді деген атағы үшін жоғары бағаланатындар аз емес. Негізгі жұмысты шын білімділер атқарғанымен, атақ шаласауатты шенді-шекпенділер мен таныс-тамырлардың еншісінде болып тұр. Біздің қазақтан шыққан небір мықты ғалымдар шетелдерге кетуге мәжбүр. Себебі, өзін бағалайтын ортада өмір сүргенді қалайды. Әрине, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді де ескерген жөн шығар. Дегенмен, өз ортасынан жерінуіне себеп болатын жағдайлар бізде көп-ақ.
Дамыған елдерде өз білім-білігіңді көрсетуге мүмкіндіктер жоғары. Себебі, ол жақтағы жүйе мүлдем басқа. Мәселен, мен шетелдерде біздегідей студентке күтуші болып жүрген оқытушы көрмедім. Білім керек болса, өзің үшін оқисың, оқымасаң өз обалың өзіңе қанша ақша төлегеніңе қарамастан оқудан шығарып жібереді.
Өкінішке қарай біздің қоғамда ескі көзқарастағы адамдар әлі де бар. Сондықтан жастардың тың идеяларын өз қажетімізге пайдалана алмай отырмыз. Оқып келген жастардан ешкім «сен қандай жаңалық әкелдің? Не үйрете аласың?» деп сұрап жатқан жоқ.
Шетелде оқып жүрген жастардың шәкіртақысы біздегі оқытушылардың айлық еңбекақысынан бес есе жоғары. Оқимын, ізденемін деген адамға бар жағдай жасалған. Жалпы, біздің дамыған елдерден үйренеріміз көп. Шетел мәдениетін, білімін, қарым-қатынасын көрген адамдар біздегі жүйеге көндіге алмай, кері қайтқысы келіп тұратыны да сондықтан.Қоғамдық сана өзгермейінше, біз дамуға бет бұрамыз деу де бекершілік сияқты. Бізде дәрігер мен мұғалімнен гөрі әнші қауымы беделдірек. Әнмен психологиялық тұрғыдан емдеуге болатын шығар, егер есті ән болса әрине, алайда білім мен тәрбиені әнмен қалай бермексің? Әншілерге қарағанда ғалым мен мұғалім, дәрігер үнемі ізденісте болады.Хан болсаң да, қара болсаң да ұстаз бен дәрігердің көмегіне жүгінесің. Ал кейбір әншілер әнінің сөзін де жатқа білмейді. Соған қарамастан барлық сый-құрмет, атақ-марапат әншілерде. Барлық БАҚ тек әншілерді жарнамалайды. Дәрігер мен мұғалімді немесе ғалымды насихаттап жүрген ақпарат құралдары некен-саяқ. Кез келген дамыған мемлекетте дәрігер мен мұғалім жоғары жалақы алады және беделді.
Бізге телеарналардан күнде қайталайтын құрғақ әзілдерді тоқтатып, орнына сапалы, интеллектуалдық ойындар, білім, ғылым саласына қатысты, әр түрлі шетелдік бағдарламалар, шәкіртақылар туралы ақпараттар тарату қажет.
Жастардың шетелде қалып қалмасы үшін оларға еңбек жағдайын жасағанымыз дұрыс. Біліміне, тәжірибесіне сай жалақы төлеп, тұрғын үйді төмен пайызбен алуға мүмкіндік берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Тапқаны жол-пұлынан артылмайтын, жалақысын уақытында алмайтын ғалымдарға жаңалық аш, кітап жаз деп қалай айтуға болады? Бар болғаны жүз мың теңге еңбекақы алатын мұғалімдерге шетелдің импакт факторы жоғары журналдарына мың доллар төлеп мақала жарияла деп талап қояды. Логика қайда? Шетелде нағыз ғылыми мақала конкурспен, арнайы комиссиямен бір жыл бойы іріктеліп алынады. Содан кейін үздік мақалалар тегін шығады. Олар ғылым сатылмауы тиіс деп санайды. Мысалы, шетелде 20-25 беттен шыққан менің екі мақалам «Скопус» базасына кірмейді деп мойындалмай отыр. Сонда біздің елде ақша төлеген мақала ғана мойындала ма? Өкінішке қарай, қазіргі кезде ғылымның исі мұрнына бармайтын адамдар да ғалымдардың қатарын толықтырып жүр. Біздің қазақ ғалымдарының игілігін өзгелер көріп отыр. Сол жағдайды өз елі жасаса, кез келген ғалым келер еді. Ғылым мен білімге салған инвестиция ешқашан да шығынға ұшырамайды. Оны ешкім тартып ала алмайды. Өйткені, ол басыңда тұрады. Өзге елдерді біз тек ғылым мен білім саласында тың жаңалықтар ашып қана таңғалдырамыз. Қазақ халқын әлем танысын десек, сауатты, білімді ұрпақ тәрбиелеуге тырысуымыз керек. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде кандидат, доктор деген кісілер қалай бағаланатын еді? Олар жәй практик мұғалімдерден сол өзіндік көзқарасы, идеясымен ерекшеленді ғой. Соған сай еңбекақы алды. Қазір де сол дәстүрді жаңғыртса, білім жүйесінде едәуір ілгерілеушілік болар еді. Алмас қылыш қын түбінде жатпайды дегендей, нағыз білімділер қандай жағдайда болса да жарып шығады деп сенемін. Тамыр- таныстықтың тамырына әйтеуір бір күні балта шабылып, нағыз білімділердің таңы атады деп үміттенемін.
Нұржан Түменов,
киноактер
Жастар қоғамды өзгерте алады
Әрине, Еуропа мен АҚШ-тың демократиясын, тәртібін, өмір сүруге қолайлы жағдайларын, әділет жүйесінің жұмыс істеп жатқанын көрген адам өркениеттің жетістіктерін Отанына әкелгісі келеді немесе сол жерде біржола қалғысы келеді. Кезінде Петр 1 дворяндардың балаларын Еуропаға оқуға жіберу арқылы екінші сортты патшалықты ұлы империяға айналдырды. Қазақ жастарының да шетелдерден білім жинауы жақсы бастама. Соңғы V-VI ғасыр бойы бүкіл әлем Батыстан үлгі алып отыр. Мәселен, киген киіміміз, мінген көлігіміз, күнде қолданып жүрген ғаламтор және т.б. барлығы өкінішке қарай бізде емес, Батыста ойлап табылған. Неге Батыста? Неге Қазақстанда емес? Қазақтар да дарынды халық қой…
Шетелде білім алу отандастарымыздың өміріне түрлі әсер етеді. Бес саусақтың ешқашан бірдей болмайтыны сияқты адамдар да әр түрлі. Кейбіреулер дамуға, өзгеруге дайын болса, кейбіреулер бұрынғы әдетінен танбайды. Меніңше, неғұрлым жаңа идеяларды жатырқамасақ, соғұрлым біздің қоғамымыз да алға қарай жылжиды. Өз елімізде оқыған жастарды, жалпы интеллектуалдық күш-қуатты толық пайдаланудың жолдарын мықтап қарастырғанымыз жөн деп ойлаймын. Дамыған елдердің қатарынан көріну оңай шаруа емес, ол ұзақ уақытты және үлкен өзгерістерді талап етеді. Сондай-ақ, қоғамда қалыптасқан қағидалар мен көзқарастардың орнын алмастырмай, қоғамдық сана өзгермейді. Сондықтан әлі біраз уақыт сауда-саттық арқылы ғана күнімізді көруге тура келетін сияқты.
Әрине, білім арқылы жетістікке жету мүмкін емес деп кесіп айта алмаймын. Алайда, бармақ басты көз қыстылық пен ағайыншылық қанға сіңген қасиет болғандықтан, алға жылжуға әлі де залалын тигізетін секілді көрінеді. Оған дәлел де аз емес.
Мен өнер саласы бойынша Нью-Йорктегі Кино академиясында оқып келдім. Оқи жүріп, өнерді бағалаудағы талғамым қалыптасты. Өкінішке қарай біздің отандық кино туындыларымызды бізден басқа ешкім көріп жүрген жоқ. Өйткені, сапасы бәсекеге қабілеттілік жағынан ақсап тұр. Егер біз де шетелдіктер секілді шын таланттармен, кәсіби мамандармен жұмыс жасасақ, әлем сүйсінетін деңгейге жетер едік. Шығармалардың сапасы жақсарса, халықтың талғамы да өседі.
Сапалы кино түсіру үшін қомақты бюджет керек. Ал он жеті млн. халқы бар біздің еліміз үшін қыруар қаржыға кино түсіру тиімсіз, өйткені ол өз-өзін ақтамай қалады. Көбіне кино туындыларымызға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді. Сол бөлінген ақша талан-таражға түспей дұрыс пайланылса да әжептәуір сапалы дүние шығар ма еді. Бірақ ол қаржыны жолдан қымқырушылар жетіп-артылады. Солардан қалған мардымсыз тиын-тебенге түсірілген туынды шетел тұрмақ, өзіміздің де көңілімізден шықпайтыны сондықтан.
Мен мықты ғалымдарымыздың шетелге кетуінің себептерін білмеймін. Мүмкін шетелде олар үшін барлық жағдай жасалып, жобаларына керекті қаражат табылып, арман-мақсаттарына қол жеткізіп жатқан шығар. Шындығында әркім өзін бағалайтын, әділет орнаған ортада өмір сүргісі келеді. Себебі, бізде қазір шын білімділер дұрыс бағаланады деп айта алмаймын. Мемлекет қыруар қаражат жұмсап, оқытуын оқытқанымен, сол жастардың жинақтаған тәжірибесін тиімді пайдалану жағын жөнді ұйымдастыра алмай отыр. Осы жағынан келгенде біз ұтылып отырмыз.
Шетелде білім алған жастар қоғамымызды, қалыптасқан жүйені өзгерте алады. Ол үшін тиісінше жағдай жасалуы қажет. ХVIII ғасырға дейін Ресейден ешбір ғалым шықпаған. Әдебиет, классикалық музыка, сәулет, театр, опера және балет мүлдем болмаған. Қараңызшы, қазір қандай жетістікке жетті. Егер біз де осы жолмен жүрсек, Қазақстанның болашағы жарқын болатыны анық.
Дайындаған
Гүлім Нұрланқызы.