БІЗ ТӘҢІРДІҢ СЕМСЕРІ ЕДІК…
03.03.2017
1053
0

Нараду
Қараңғыны келер түріп бір жарық,
Түнмен бірге сен кетесің тыңда бұлт.
Боз даланың шер толқыған төсінен,
Боз жусан күн шығады әлі бүр жарып.

Таңды қолмен тосамын деп қара жын,
Қарауытқан көп түйеді қабағын.
Түнді жеңіп Қорқыт туар ажалсыз,
Жұпар таңның сүйем сонда самалын.

Мен күткен таң келе жатыр жамырап,
Көз алдымда күнге айналар шаңырақ.
Шаһиттердің жыры алады әлемді,
Кеуделерді күй алады маңырақ.

Қарт Түркістан қалжырама сен енді,
Сенен де бұлт айығады Селенгі.
Бөстек қылып қоңыр аю терісін,
Белім буам боз жусанмен бедерлі.

Ордам еді алпыс жібек кермелі,
Сол ордамда ұлыма кеп қонды өзі.
Қаған Оғыз жорығының алдында,
Жортатұғын қызыл бөрі сол бөрі.
Әумин!

Кер құнан
(Қыршын кеткен ақын Бибол Жұмағалиұлының рухына)
Жаз шебер салған кезде далаға өрнек,
Самалмен желпінгенде сана желдеп.
Сонарлап балаусалы бел-белесті,
Көп жылқы Дағымбелге барады өрлеп.

Сал самал сары жалды билеттіріп,
Төсінен көп күліктің сүймек күліп.
Қарт тауға бауырын төсеп мамырлаған,
мысалы көп жылқының – түйдек бұлт.

Ашуы ақ көбікті жағаға айдап,
Төменде тентек өзен салады ойнақ.
Кер құнан күлте жалды көп жылқыдан,
Кенеттен шықты жалғыз одағайлап.

Тұрпаты тұлпарындай кешегінің,
Төрт елі бұлтқа төсеп шекелігін.
Сүйдіріп бауырын жазды еркін желге,
Ауыздық көп қажаған қос езуін.

Кер құнан атқан оқтай самғап ақты,
Қу жебе құба жоннан зарлап асты.
Төменде асау өзен айдаһардай,
Ал шыңда кереге бұлт кез қанатты.

Қия шың тұғыр еді қыран құмар,
Асты құз, асау өзен, тұман-мұнар.
Керқұнан кереге бойлы кез бұлтпен,
барды да араласты ұмар-жұмар.

Қадалып қара жерден несібе алған,
Құмартып көк балауса есін алған.
Шыңғырған кер құнанның дауысынан,
Тек сонда қалың жылқы оқыранған.

Айналмай аппақ сағым алау нұрға,
Қалды елес балаусалы бозаң қырда.
Керқұнан кереге бойлы кез бұлтпен,
Алқаракөкке сіңді көзалдымда.

Шер қалып сейілмейтін санада ащы,
Күрсініп көнтерілі дала жатты.
Шегінде ақ пен қара алтын құлын,
Құлшынып көкжиекке бара жатты…

Түрік
Біз тәңірдің семсері едік о баста,
Салды есіме оны алғашқы туған ай.
Қабырғадан қызыл жоса қан ақса,
Қайыспайтын қара ағаштай ұлдар-ай.

Ай да толған он бесіне жарқырап,
Тұрғам мен де дулығама ай іліп.
Күн түбіне жортқам талай жаусырап,
Алмауыттың кекілін жел қайырып.

Айды жұтты аждаһасы уақыттың,
Мен де тасқа қайрай-қайрай кетілдім.
Өзендердей ай толғанда тасыппын,
Қазір күзде жуасыған Есілмін.

Семсерімді кесе ұстап алдыма,
Аймен бірге аждаһаға жұтылдым.
Көнтерісін болар ма деп қанжыға,
Таспадайын екі бөліп түсірдім.

Жарып өтіп уақыттың түнегін,
Иығыма ай көтеріп тірілдім.
Асқақтығым Хантәңірдей ұл едім,
Нәзіктігім үніндей құс құмырдың.

Өткенімнен көрдім қанды іздерді,
Ол да маған тәңір берген несібе.
Анығы сол патша құдай біздерді,
Алады ылғи еміреніп есіне!

Ербол АЛШЫНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ