Күдік (әңгіме)
Кешқұрым. Мал өрістен қайтқан кез. Қойларын, қозы-лақтарын түгендеп абыр-сабыр болған жұрттың шуы бірте-бірте саябыр таба бастаған. Аракідік желіні сыздап, бұзауын емірене іздеп, үздіге мөңіреген сиырдың, қорадағы қой, қозылардың маңырағаны естіледі.
Батиха қораға енген қойларының арасында ерекше көзге түсетін жалғыз қоңыр қозының жоқ екенін бірден байқады. Қоңыр қозыны басқаларынан алабөтен аңғаратын жөні бар. Жыл сайын егізден төлдейтін ақ саулық биыл жалқы қоздады. Оның үстіне бұрын-соңды болмаған оғаш мінез танытып, өз қозысын бауырына салмай жеріп шыға келгені. Қанша телігенімен маңына жуытпай ығыр қылған соң, ақыры амалы таусылған Батиха ала сиырдың сүтін беріп ауыздандырған. Содан бері қоңыр қозы Батихаға тым үйірсек болып алды, оны көрсе болды, сонадайдан ұмсынып, қыр соңынан қалмайтын.
Енді, міне, сол қозы жоқ. Бұған қатты мазасызданған Батиха іле-шала шаңдақ жолды бұрқылдатып, аула-аулаға кіріп, жоғын іздей бастады. Асығыс адымдап келе жатқан ол еңселі үйдің биік дуалының жанына келгенде ғана батылсыздау кідіріп қалды, сәлден соң имене тіл қатты.
– Үлкен апа, қораларыңызда бөтен мал жоқ па?
Осы уақытта алыстан дағарадай ақ жаулығы көзге бірден шалынып, ірі денелі еңселі кемпір алдымен есіктен басын қылтитып, Батиханы көріп, мол денесімен ырғала қозғалып, дуалдан жайлап сыртқа шықты.
– Е-е, Үлкен апатай, амансыз ба, күйлі-қуаттысыз ба? Бала-шағаңыз аман-есен бе? Көңіл-күйіңіз жақсы ма, Үлкен апа?! – деп, жік-жапар болып, аман-саулығын сұрады. Ал Батихаға тесіле қараған қара кемпір селсоқ күйі: – Шүкір, – деп, ернінің ұшын ғана жыбырлатып, «не айтпақ едің?» дегендей, сұп-сұр суық көзін айырмастан басын кегжитіп, Батиханы бастан-аяқ қарап, кірпияздана тұра қалыпты. Өңменінен өткен адуынды кемпірдің өткір көзқарасынан қымсынған жас келіншек Батиха өрмекшінің торына түскен шыбындай шарасыздық танытып, жеделдете сөйлеп, келген шаруасын сасқалақтап, абыржыған үнмен асығыс айта бастады.
– Осы апақ-сапақта қоңыр қозым жоғалып, соны іздеп шыққан бетім еді. Жоғалған қозымның оң жақ құлағына ен салған тілігі бар…
– Құлағының тілігі жаңа ғана қарақотырлана бастаған, соған қарағанда кескеніне көп болса бір жұма шамасы болып қалған ба?
– Ие, ие, дәл соның өзі. Сол аяғын сылтып басушы еді.
– Аздап ақсаңдайды, басында шөкімдей ғана ақ төбелі бар.
– Ие, ие, күнім апатай, іздегенім дәл сол қозы. Сіздің қораға еніп пе еді? Онда осында-ақ тұра берсін, мен бекерге әуре болып жүгіріппін. Қазір ит-құс көп, кім білсін, далада қалып қойды ма деп алаңдап едім, – Іздеген қозысының аяқ астынан оп-оңай табыла салғанына қуанып кеткен Батиханың қараторы өңі нұрланып, көңілі жайлана сөйледі. Бірақ кемпір оның сөзін жаратпай түксие тыңдап, сөзінің аяғын күтпей, мол денесіне лайық жуан даусымен дүрсе қоя берді.

– Ойбай-ау, Батиха-ау, не деп бастырмалатып кеттің? Біздің қораға енді деп пәле жаппақсың ба, ондай сөзді кім айтып тұр саған?!
– Жаңа өзіңіз қозымды көріп, ен-таңбасына дейін бұлжытпай айтқасын… «Мына кемпірдің сөз төркініне қарағанда, менің қозымды сойып алған ғой, тәрізі, әйтпесе, ен-таңбасын қайдан біледі, қу кемпір. Ойпыр-ай, қорасына баса көктеп кіру тағы ыңғайсыз, енді не істесем екен?» деп іштей күдіктенген жас келіншек кәрі кемпірге сезіктенгенін сездіргісі келмей қипақтап, көпе-көрінеу ыңғайсызданып-ақ тұр.
– Үлкен апа, қозымды көріп тұрып, қайыра салсаңыз етті. Қап, әттеген-ай! Енді қайдан таптым ол қозыны?! Әлдебір сұғанақтың қолына түссе,
сойып жеп қояды-ау қолың сынғыр, – деп қынжылған келіншек кемпірге батылсыздау тіл қатып, аулаға күдіктене көз жіберді. Дәл осы уақытта маңыраған қозының үні талып естіліп еді, әйел елең етіп, тіпті кемпірден именуді қойып, басына тартқан қызыл-жасыл гүлді жаулығының шетін сырып, бар ықыласымен құлағын тоса қойыпты. Осыны күткендей қозы тағы зарлана маңырады. Батиханың тәмпіш мұрны делдиіп, қатты дегбірсізденді.
– Үлкен апа, сіздердің қораларыңызда бір қозы маңырай ма, қалай? Әлде, байқаусыз сіздің қораға еніп кеткен шығар, көп қойдың арасында, кім білсін… кішкентай қозыны аңғармай қалуыңыз мүмкін ғой, – деп жақаурата сөйледі. Бұл жолы кемпір қатты кейіді.
– Ойбай-ау, қай бетімді айтайын бұл мұндарға! Әй, қатын, сен өзі күмілжуіңе қарағанда менен күдіктеніп тұрғаннан саумысың?! Немене, байқамай қалатын су қараңғы соқыр деп пе едің?! Құдайға шүкір, жердің түбіндегіні көретін көзім бар, ол қай сасқаның, шырағым!? Немене, мен мына аппақ шашыммен, алпыстан асқан жасыммен, пайғамбар жасына келіп қартайғанда өтірік айтады деп пе едің?! Осы жасқа келгенше көлденең жатқан көк таяқты олжа көрген жан емеспін, біреудің ала жібін аттамаған адаммын, ал сен, не бықсытып тұрсың, менен күдіктеніп тұрсың ба, пәтшағар!?
– Жо-ғә, сіз түсінбедіңіз, әйтеуір, байқаусыз бір қораға енді ме екен дегенім ғой. Әйтпесе, сізден көретіндей мені жын соғып па? – дегенімен келіншек іштей тағы қуыстанды. «Өзіне шаң жуытпай ақталуына қарағанда осы кемпірдің бір пәлесі бар. Осы қазір «сен ұрлап алдың» деп ашық айтқам жоқ қой, «сезікті секіреді» дегеннің кері, алдын ала ақталуын көрдің бе, қу кемпірдің». Үлкен апа қарсы алдында тұрған, шаралы қой көзінің ұзын кірпіктерін жиі жыпылықтатып, өзіне жәутеңдеп қарап қалған, етжеңділеу келген аласа бойлы, дөңгелек бетіне тәмпіш танауы мен жұп-жұқа қаймыжықтай оймақ еріндері үйлесіп, өзгеше сүйкімді көрік берген қараторы келіншекке жақтырмай тыжырына қарап, бұл жолы сөзін бөліп-бөліп, ашумен зілденіп, тым өктем сөйледі.
– Е-е, көрсем, қорама қуып әкеппін бе? Әлде, көргеніме жазықтымын ба?! Қысылғаннан жас келіншектің тәмпіш танауының үсті тершіп, бет келбеті күреңіте қызарып кетті. Қиықтау қой көзі жиі-жиі жыпылықтап, жерден бірдемесін түртпектеп іздегендей, көнетоз, сарғыштау төплиінің ұшымен тұрған орнын түрткілеп, өзі аяқ астына тесіліп қарап тұрып, міңгірлеп ақтала бастады.
– Жо-ға, тәйірі, Үлкен апа! Мен жай әшейін айта салып едім, соған шамданып қалдыңыз ба? Қай жерде көрдіңіз демекші едім, аузыма сөз түспей, оған айып етпеңіз, Үлкен апа… – Батиха сөзінің аяғын жұтып, күмілжіп қалды. «Мына кемпір қозыны қорасына тығып қойып, алдаусыратып сайрап тұрмасына кім кепіл? Әдепсіздік танытып, жүгіріп барып қарап шығуға тағы болмайды, енді қайттім?! деген қобалжу басым. Табиғаты ұяңдау мінезді жас келіншектің бұл кемпірден ыңғайсызданатын жөні бар. Ол тұрмақ осы ауылдың үлкен-кішісі түгел Үлкен апаның алдынан кесе-көлденең өтпей, қаймығып тұратын. Осынау толықшалау келген, еркек бітімді, алпамсадай қара кемпірдің кімді болсын әлдеқандай мысы басатын секілді.
Тәрізі, о баста азан шақырып қойылған Зылиқа есімінің ұмытылып, Үлкен апа аталып кетуінің түп-төркіні зор тұлғасына орай дауысы гүрілдеп, құлаққа тосын естіліп, ерекше тұлғасын одан сайын айбынды көрсететін. Әгәрәкім, бұл кемпірге жақпай қалдың-ақ біттім дей бер, содан қашан өзі жалыққанша жер-жебіріңе жетіп, жеті атаңнан бастап сыбаудан тайынбас. Байқаусыз оның айтқанына қарсы келсең, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін апамыз әбден сілең қатып, оның айтқанына бас шұлғып көнгеніңше қайдағы-жайдағыны айтып, ығыр қылатыны рас. Сондықтан ауыл адамдары Үлкен апаның алпысты алқымдаған жасын сыйлай ма, әлде адуын мінезінен қаймыға ма, кім білсін, әйтеуір оның алдында үлкені бар, кішісі бар жас баладай елпілдеп, құрақ ұшады.
Ешкімнің бетіне келмеуіне дандайсыған көк дауыл кемпір қит етсе көрінгенге әкіреңдеп шыға келетін. Осы мінезіне қанық Батиха не айтса да Үлкен апаның ыңғайына көніп, кездескен жерде сөзге келіп қалмауға тырысып, адуын кемпірден ылғи қаймыға беретін.
«Бүгін қас қылғандай, күнделікті өрістен өзі келіп тұратын қозының келмей қалуын көрдің бе? Енді қайткенмен Үлкен апаның аужайын бағып, қозымның қай маңда екенін біліп алайын, әйтпесе, осы кешқұрым бейуақытта кімнің есігін қағып, жоқ іздеп тентіреп жүрмекпін. Әй, жүрегі құрғыр сезіп тұр, сол жаңа осы кемпірдің қорасында маңыраған менің-ақ қозым. Әй, қу кемпір-ай, өп-өтірік көлгірси қалуын?» деген сумақай ой ұры иттей жылтыңдап, көкейін қыжылдатып маза берер емес. «Не де болса ақырын күтейін» деп ой түйген Батиха қарсы алдында тұрған, адамға тіксініп суық қарайтын, түрі сұсты, шүңірек қой көзді, сәл дөңестеу құс мұрынды, атжақты жүзіне қарқарадай ақ жаулығы үйлесе кеткен кемпірдің қаһарлы кейпіне жасқана көз салып, оның сөзіне еріксіз құлақ түрді. Үлкен апаға деген титтей де күмәні жоқ екенін білдіріп, тағы да ант-су ішіп, күдікті ойларының жымын білдірмей жуып-шайып, таусыла ақталды.
– Астапыралла, сізден көріп не болыпты, құдай сақтасын, апатай! Ондай ойым болған емес, айта көрмеңіз, сізді білем ғой, Үлкен апа!
– Е-е, сөйтіп, сөздің жөніне көшпеймісің? Қораңда деп сандалғаның не? Ие, сосын айтпақшы, қоңыр қозың жаңа қырқылған ғой?
– Ие, Үлкен апа, алдыңғы күні бар малды қырқып, қоңыр қозыны да… – Бәсе, жүні тақырланып, әлі қи тиіп былғанбаған тап-таза екен, соған қарап кешелі-бері қырықты ма деп топшылап едім, ойпырмай, менің қырағы көзім қалт еткізбей дөп басқанымды қарашы! Біздің әлгі айналдырған бес-алты саулық пен он шақты қозы-лақты қырқу керек еді, байғұстардың сауыр жүндері салбырап болып, берекесі кетіп жүр.
Қырқым қайшымды қайратып алуға бағана қол боста әлгі неме, кім еді әлгі, аты тілімнің ұшында оралып тұрғанын қарашы, әлгі алтын, жо-ғә мыс, күміс пе еді, е-е есіме түсті, Темірханға барсам, жынды неме ішіп алған ба, жырқ-жырқ күліп, шешесіндей менімен қалжыңдаса ма, « – Үлкен апа, осы сіздің қабағыңыз ашылатын күн бола ма? Қашан көрсем түнеріп жүресіз? Айтыңызшы, жас кезіңізде қандай болдыңыз? Ағамыз сізбен батылы барып, қалай сөйлесті, о кісінің жүрегінің түгі бар екен, ә?» – деп, ыржыңдайды сайтан алғыр. Әй, мұндай жыным ұстамас, « – Әй, сен, кімді мазақ етіп тұрсың, қу шешек?!», – деп қолымдағы қайратуға апарған қайшымды кезеніп, тұра ұмтылып едім, байғұстың зәресі ұшып…
– Апатай, айнала көзге түрткісіз қараңғы бола бастады, кейін асықпай сөйлесеміз ғой, қоңыр қозыны қай маңайдан байқап едіңіз? Құдай тілеуіңізді берсін, көрген жеріңізді тезірек айта салыңызшы.
– Бәтір-ау, сонша далақтап, мына қатынды жын қуып бара ма? Сөзімді аяқтатпай киіп кетесің, түге! Өйтіп тыңдағың келмесе сені кім ұстап тұр, жолың әні, жүре бер ары, әдірам қалғыр! Алтын уақытымды зая қып, асыл сөзімді қор қылып, о несі-ей, жаман неменің!
– Апатай, балалар жылап қала ма деп… – Батиха қара кемпірдің сұсты жүзіне жасқана қарап, сөзін жалғастырды. – Арасында бас-көз болатын естияр үлкен адам болмағасын, өңшең кішкентай балалар жазатайым бірдемеге ұрынып қала ма деп, асығып едім, айып етпеңіз, апатай. Батиханың кінәлі адамдай кішірейіп сөйлегені көңіліне жақты ма, кемпірдің қаһарланған сұсты жүзі жылып, шүңірек көзінен шуақ есіп, ептеп қалпына түсті.
– Ие, сөйтіп, сөздің жөніне көшсеңші, пәтшағар! Өңмеңдеп, өзеуреп не болды соншама, «асыққан – шайтан ісі!». Ештеңе жоқ, жалғыз сенің емес, менің де үбірлі-шүбірлі шиеттей үш немерем анталап күтіп отыр. Соған қарамастан алтын уақытымды сарп етіп, сарнап тұрғаным мынау! Ие, қоңыр қозым деген екенсің ғой. Тегі, мен малжанды адаммын. Кімнің қандай малы бар, салған ен-таңбасы, түр-түсі қандай екенін көзімді жұмып тұрып, жатқа айтып бере аламын. Нанбасаң Жұмабайдан сұрашы, ол алдыңғы күні, жоқ, кеше ме еді, әлде екі-үш күн бұрын ба еді…
Кемпірдің сөзінен жалығып, шыдамы таусылған Батиха еріксіз тықыршып, – Әйтеуір бір күні десеңізші, құдай-ау, бәрібір емес пе? – деп сөз қосты. Кемпір оның шыдамсызданған кейпін елең етпестен асықпастан байыптап, әңгімесін баппен одан ары жалғастыра түсті.
– Сол күні ақ саулығын іздеп жүріп, маған жолыға кеткені. Содан мен айнытпай буаз мал екендігін, арқасына қара сыр жағылып қалғанын, бір құлағының шұнақ екенін бәз қалпында айтып беріп едім, Жұмабай жағасын ұстап, таң қалып, «Үлкен апа, сіз қандай байқағыш, сезімтал, көреген жансыз. Ойпырмай, мына талантыңызбен егер біліміңіз сай болса, тұп-тура Шерлік Қолмыстан да асып түсер едіңіз! – деп, жағасын ұстап, таңғалғанын көрсең!
– Жұмабай-ау, Шерлігің кім? – деп сұрағанымда, – Апа-ау, ол әлгі аты әлемге әйгілі жазушы Құнан Дәуілдің тапқыр тергеушісі…
– Апатай, Шерлігі құрысын, әлгі менің байғұс қозымды қай жерден көргеніңізді айтам деп тұрып…
Үлкен апаның жаратпай, алпамсадай бүкіл денесімен бұрылып, түксие қарағанынан сескеніп, келіншек сөзінің аяғын жұтып, жым болды.
– Әй, дегбірсіз байғұс-ай! Бағанадан бері тап соны айтайын деп, әдейілеп келіп тұрғам жоқ па?! Адам сияқты жайлап түсіндірейін десем…
– Кемпір Батиханың шошына монтиып қарай қалған үріккен танадай шаралы көздеріне, алабұртқан жүзіне барлай көз тастап, жас келіншекті біржола тұқыртып алайын деді ме, көзінің үстін түгел жайлаған қалың қабағы түйіліп, шүңірек көздері тесірейіп, түсін суытып, ызбарлана түсті.
– Е-е, өзіңнен мүлде ес кетіп, желге ұшқан қаңбақтай елбектеп жүрсің ғой! Кісі деген сабыр сақтап, салиқалы адамның салдарлы сөзін зер сала тыңдамас па?! Енді ғана қозыңды қайда, қашан көргенімді еске түсіріп, аузымды аша берсем болды, сөзімді аяқтатпай аузыма қақпақ қоясың, ойбай-ау, еріккенімізден сайрап тұрмыз ба осы?! Өзің адам ғұсап сұрағасын, адам сияқты жауап беріп тұрмын, шырағым! Немене, сенімен ойнап тұр ғой деп пе едің?! Қой, қарағым, апаңмен ойнама, жөн сұраған екенсің, ешкінің құйрығындай шошаңдамай, сөзді бөліп секеңдемей, көргенсіздігіңді көрсетпей, тексіздігіңмен тепеңдемей, аузыңды бағып, ыждаһатпен тыңда, шырағым!..
Ашуға булыққан кемпірдің жуық арада тоқтай қоймасын білген Батиха жіпсіз байланып тұрып қалды. Кемпірдің барған сайын үдеп бара жатқанын сезіп, тағы еріксізден ығына жығыла сөйледі.
– Апатай, сөзіңізді бөлгенім рас, оған айыптымын, кінәмді мойындаймын. Қайдан білейін, үйдегі ес білмейтін балалар отқа, суға түсіп арандап қала ма деп алаңдап едім, апатай. Оның үстіне қарасан келгір қара сиыр сауылмап еді, желіні сыздап, қаңтарылып байлаулы тұр, оған да обал болды, уақытында сауылмай сүті қайтып кетті-ау, қайран, қара сиырым! Осы сәтте Үлкен апаның түрі әлем-тапырық болып бұзылып, «ойбай, қараң қалғыр, сиыр еміп қойды-ау!» деуге ғана мұршасы келді. Жаңа ғана «сабырмен тыңда» деп, жөн-жоралғы үйретіп тұрған Үлкен апасы Батиханың сөзінің аяғын күтпеді. Содан мол пішілген ұзын көйлегінің далаяқтай етегіне сүріне-қабына тұра жүгіргені бар емес пе!? Батиха осы абыр-сабырды пайдаланып, Үлкен апаның көзін ала беріп, мал қораға қарай таянды. Ептеп жақындап, ішке мойнын созып үңіліп қарап еді, үйме-жүйме болып, бір топ ұйлыққан қойдың ішінен өз қозысы шыға келетіндей, сақтығын ұмытып ентелеп, сабырсыздана басын сұқты. Осы уақытта арт жағынан саңқ ете қалған кемпірдің зор даусынан шошынып, басын қораның есігінің үстіңгі кәсегіне оңдырмай соғып алды.
– Әй, пәтшағар! Қорама сонша үңіліп, көз сұғыңды қадағаның не?! Ақыры емер бұзау желіндегі сүтін түгел қақтап еміп қойыпты, бәрібір ақтан қағылдым. Ал бағанадан бері маған сенбей тұрған екенсің ғой, өтірік мүләйімсіп, кәне, өзің кіріп қара, осыдан қорамнан қозыңды таппадың бар ғой, көзіңді шұқып алам, – деп мол денесімен итеріп, жалт беріп сыртқа беттеген Батиханы қораға қарай тықсырып әкетіп барады.
– Жо-ғә, әшейін, мына бір қозыны ұқсатып, жай көз қырымды салып едім, мен, жай әшейін, әшейін қарап едім, апатай…
Батиха шошынғанынан тұтығып, азар да безер болғанына қарамастан алпамсадай кемпір әлжуаз келіншекті қаңбақтай тік көтеріп, қораға қарай дедектетіп, еркінен тыс сүйрелей жөнелді.
– Сөзді қой да, жақауратпай қорамды тінтіп шық, әйтпесе ұрлап алды деп, күлді-бадам өсекті көңірсітіп жүрерсің. Бәсе, бағанадан бері маған сезіктеніп тұр екенсің ғой, ұятсыз неме! Сенің ап-арық көтерем қозыңды қайтем, сойсам қыстан қоңды шыққан өз малым жетеді, құдайға шүкір, Аллаға тәубе… – Кемпір ашуға булығып, түтіге шаптықты. Екі қолын сермелеп, дағарадай ақ жаулығының астынан ақ шаштары дудырап дуда-дуда болып, желге желбіреп, қызыл-жасыл гүлді көйлегінің ұзын етегіне сүріне-қабына Батихаға өршелене айқайлайды. Оңтайлы жас келіншек қара кемпірдің қақпайлауынан бұлт етіп, еппен сытылып шығып, ауладан ата жөнелді. Кемпірдің ашына айқайлағанынан қорықса да күдігі сейілер емес. – Сезікті секіреді демекші, неге сонша айқайлайсыз? – деп, міңгірлеп барады. Тысқа шыққан соң, маңдайының терін сүртіп, таза ауаға кеудесін кере демалып, көңілі ептеп жайланғасын көкейдегі күпті күдігі одан сайын ұлғая түсті. «Мен қораға үңіліп қарадым, онда не тұр екен? Қозысын танып қоя ма деп, алдын ала байбалам салғанын қарашы! Әй, бір шикілігі бар, әйтпесе неге зор дауысымен гүрілдеп, есі шыға шаңқылдады. Әйтеуір, бір бәлесі бар. Мейлі, «бастан құлақ садақа» деген, қозысы құрысын, сол кемпір-ақ иемденіп қарық болсын, одан кедейленіп қалмаспын, бір қозы садақам… Батиха сөйтіп өз-өзіне тоқтау айтқанымен томпиған қозысы елестеп, қайтадан көңілі бұзылып, көзіне еріксіз жас үйірілді, тағы күйініп, өкіне бастады: «Қап, әттеген-ай, қорасына батыл кіріп барып, қозымды құлағынан сүйреп, алып шыққанда болатын еді. Ол кемпір қозымның ен-таңбасына дейін бұлжытпай айтып тұр, демек мұнда бір гәп бар. Қап, жасық мінезім-ай, ынжықтығымнан томпиып өсіп қалған қозымды көпе-көрінеу кемпірге тастап кеттім. Осындай можантопай болмасам, қозымның маңыраған дауысын естіп тұрып, құр қол қайтам ба?!». Қатты жүрістен ентіккен келіншектің көзінен долылықтан пора-пора жас шығып, қарсы алдындағы бөренені көрмей, сүрініп кетіп, оңбай құлады, үсті-басындағы шаңын қағып, орнынан атып тұрып, үйіне қарай дедектей жөнелді. Ішкі ойы маза берер емес. «Қап, қозымды қолдан бергендей болдым-ау, маңыраған дауысын танып тұрып, қырсық-ай, қайран қозым-ай!». Келіншек қатты қынжылып келеді. Қайта баруға оқталып, тас-түйін жігерленіп, кейін бұрылып еді, жүрегі құрғыр тарс-тұрс етіп аласұрып, кемпір жаққа жолауға ешқандай дауаламады. «Бар пәле сол кемпірде. Қозымды қорасына тығып алып, жоқ іздеген адамның алдын кес-кестеп жолын бөгеп, әлденені айтып алдаусыратты келіп. Қорасына жақындағанымды байқап қалып, байбалам салғанын көрмеймісің?!» деп күйіне еске алып, ашумен ширақ адымдады.
Үйге таяй бергенде бірінші класта оқитын кішкентай, тұлым шашы желбіреген, өзіне ұқсаған тәмпіш танау қызы Балғын шешесінің алдынан жүгіріп шықты. Шешесінің етегіне оралып, арсалаңдай еркеледі.
– Апатай, қайда жүрсің, апа-ау?
– Келдім ғой, жаным. О-о кішкентай күнім, құлыным!
«Е, қозысы құрысыншы, осы балаларым аман болсын» деп ойлаған Батиха «айналайын, құлыным» деп аналық мейіріммен елжірей күбірлеп, қызының майда шашынан сипалап, қозыны ойлап қатуланған жүрегі әп-сәтте балаға деген ана махаббатымен елжіреп сала берді. Жаңа ғана ашу-ызадан ісіп-кеуіп жарылардай болып келе жатқан денесінен ауыр жүк түскендей жеңілденіп, кішкентай қызына еркелете тіл қатты.
– Құлыншағым-ау, неге сонша жүгірдің? Садағаң кетейін, айналайын! Кенже бөпең – Айғаным жылап қалған жоқ па?
– Жоқ, жылаған жоқ. Апа, сені іздеп жүрсек, қайда жоғалып кеттің? Қозыны Байғабыл атаның үйінен Қайрат екеуміз тауып әкелдік.
– А, не дейді?! Қоңыр қозы табылды ма?!
– Ие, апа, бағана қораға кіргізіп қойғанбыз.
– Алда күнім-ай, тапқандарың мұндай жақсы болар ма!
«Ойпырай, Үлкен апаның көзі қандай қырағы. Расымен Шерлок Холмс сияқты зерегін-ай! Ол кісіге күдіктеніп, адал жанды бекерден-бекер күстәналап, ғайбаттай жаздаппын-ау! Ұят-ай!» деген ойдан келіншектің екі беті ду ете түсіп, ұялғаннан нарттай қызарып кетті. Кішкентай қызы анасының ұяла қызарғанын байқамай қалды. Өйткені, айналаны Батиханның қара күйе күдігі секілді тастай қараңғы түн басқан еді…
Бақыт Мерекенова