Бетперде (әңгіме)
Тораңғылы тоғайды аралап ағатын өзен ерке бойжеткендей сықылықтай күліп, мың бұрала өзгеше өрнек салды. Тастан-тасқа секіріп, көбік шашқан өзеннің беті сан алуан суретке толы: әсемдік әлемінің бар бояуын шашып тұр. Оқта-текте әр-әр жерден шорши көтеріліп, су бетіне жарқ етіп шығып, қайта сүңгіп кетіп жатқан шабақтардың жарқылы елегізген көңілді селк еткізеді. Қалай дегенде де, өзенде өмір сарыны бар. Ширатады, шынықтырады, жігерлендіреді, құлшындырады.
Ми қайнатар ыстықтан қашып келді ме, әлде тылсым табиғаттың келісті көріністерінен тояттап, өрекпіген жүректің дүрсілін басқысы келді ме, кім білсін, бір жігіт өзен бойындағы орындыққа таңертең келгеннен ымырт үйірілгенше тапжылмай отырады.
Жігіттің жүрегін жұлқындыратын не жағдай?
Оған осыншалық төзімділік қайдан біткен?
Адамдар кейде айналасындағы аласапыран арпалыстардан, күнделікті күйбең тірліктің тәшпішінен мезі болып, оңашалықты ұнатады. Жалғаннан баз кешіп, жападан жалғыз қалғысы келеді. Бірақ жалғыздық Жаратқанға ғана жараспас па?
Сонда мына жігіттің адамдар арасынан жырақтап, оңашалана беретіні несі?
Жігіт селт етпестен отыр. Екі көзін бір нүктеге қадап алған. Тіршілік атаулыны тәрк етіп, өз әлеміне еніп кеткен жігіт жан-жағынан ақтарыла күліп, даудырай сөйлеп өтіп бара жатқан тынығушыларды да елең қылмайды. Қиял құсының қайда, қай биікке көтеріп кеткенін өзі біледі, сырт көзге ол орындыққа таңып тастаған адамдай көрінеді.
Жігіт екі қолын тізесіне қойып, қыбырсыз отыр. Қалтасындағы ұялы телефоны қанша шырылдап жатса да, саңырау адамдай мыңқ етпеді. Өзен бойына шомылуға келіп жүргендер осы күнге дейін оның бет-жүзін анықтап көре алған жоқ. Кісікиіктеніп үнемі тынығушылардан жырақ отыратын оны сырттай білетіндер ендігі елемейтін де болды.
Осылайша сыртқы әлемнен сырғақтап, өзімен-өзі терең ойға батып отырған бір жолы ту сыртынан:
– Саламатсыз ба, аға! – деген қоңыраудың сыңғырындай әдемі үн селк еткізді.
Жігіттің көңіл кептері басқа ғаламды шарлап кеткен еді. Түу зау-заңғар биіктен, кіршіксіз таза әлемнен жын-жыбыры аралас жерге түскеніне жігіт кәдімгідей қамығып қалды. Бірақ мұнысын сездіргісі келмей:
– Амансың ба, айналайын? – деп тіл қатты.
Бойжеткен жүрісінің сыбдырын сездірмей, көгершіндей қалықтап келіп жігіттің жанына келіп отырды.
Жігіттің мұрнына қыздарға ғана тән балғын да жұпар иіс келді. «Он жеті, он сегіз жастағы бойжеткен шығар» деп ойлап үлгерді ол.
– Демалып отырсыз ба?
Жігіт тағы да мойын бұрмастан басын изеп:
– Иә, – деді.
Қызға жігіттің тым ұяңдығы қызық көрінді. Жаныңа талшыбықтай бұралып бойжеткеннің өзі келіп тұрғанда бозбала басын бұрмас па? Осы сұлудың соңынан екі сыныптың жігіттері алаөкпе болып жүгіргелі қашан? Мұны бейтаныс жігіт қайдан білсін?
Меңсұлу өзінің аса ажарлы екенін жақсы білетін еді: ақ борықтай сұлу мүсін, тұнжыр көз, шие ерін, қиғаш қас, құмырсқа бел, кеседей төңкерілген қос анар, толқынды шаш, қаз мойын, бота тірсек – айнаға қараған сайын бойжеткенді де ерекше қуанышқа бөлейтін. Айналасындағы құрбылары да оның осы сұлулығына сұқтана қарап, ажарының айдай екенін құлағына сіңірген.
Ал мына жігіт меңіреу ме, зағип па, нағыз иіс алмастың өзі ме, елең етпегені қалай?
Бойжеткеннің бойында бір бұлқыныс бұрқ етіп оянып шыға келді. Оның қорлану, әлде кектену екенін өзі де білмейді. «Қарай гөр өзін?».
Меңсұлудың қайткенде жігітті бір сілкіп алғысы келді.
– Оу, естисің бе өзің? – деді дауысын қатайтып.
– Тыңдап тұрмын, – деді бейтаныс жігіт міз бақпаған қалпы.
– Құлағың бар екен-ау, әйтеуір.
– Бар сияқты.
Бойжеткен сыңғыр етіп күліп жіберді.
Жігіт енді оның мазалау үшін келмегенін сезді. Пәк көңілді бойжеткен сөйлеп кеп кетсе ұжымындағы сөзуарлардың талайын айтыс-тартыста сазға отырғызып кететін жігіттің шеберлігін қайдан білсін? Жігіт сонда да оны босқа әуре еткісі келмеді, бәлкім, баласынды.
– Менде не шаруаңыз бар?
Бұл қыздың күтпеген сұрағы еді. Мектепте ғой, жігітсымақтар мұның әр басқан қадамын аңдып жүреді. Меңсұлу олардың біреуімен әлдеқандай себеппен сөйлесе қалса, жігіт өзін сол күні шексіз бақытты сезінер еді. Тосын жолыққан тұнжыр жігіт мұны қайдан білсін?
«Мына қыз шолжаң да емес, ерке де емес. Бірақ бойында бір батылдық, еркіндік бар. Ақылды қыз болар» деп ойлады жігіт.
Бойжеткен жігіттің бетіне бажайлай қарады. Сонда ғана жігіттің бетіндегі бетперденің жүзін толық бүркеп тұрғанын аңғарды. Қыз шошынып, шегіншектеп отырды. Бірақ жігітке қорыққанын сездіргісі келмеді.
– Сіз… сіз, қарақшы емессіз бе?
Меңсұлудың аузына басқа сөз түспеді.
Жігіт күлді.
– Иә, дұрыс айттың. Қарақшымын. Сен сияқты жалғыз-жарым жүрген қызды ұстап аламын да…
– Ах!
Бойжеткен шошына айқайлап, орнынан ұшып тұрды.
– Қорқып кеттің бе?
Жігіт езу тартып күлді.
– Шошытып жібердіңіз ғой.
– Шошыма, қарақшы емеспін.
– Онда неге бетіңізді түгел тұмшалап алғансыз?
– Қыздарды қорқытайын деп.
Бұл жолы да қыз сыңғырлай күлді.
– Қорқытатын кезді тапқан екенсіз.
– Е, несі бар?
– Қарақшылар түнде жүреді. Ал, сіз…
– Мен күндіз де ұрлық жасай беремін.
– Ұстап алады ғой.
– Мейлі.
– «Мені ұстап алыңдар» деп жүрген сізді ғана көрдім.
Бұл жолы жігіт үн қатпады. Айнала тым-тырыс. Бойжеткен жігіттің бетіне үңіле қарап, таңырқап отыр. Меңсұлу шыдай алмады.
– Сіз осы жердікімісіз?
– Иә, жақын маңда тұрамын.
– Аға, бетпердені бұлай тақпайды ғой. Ауыз бен мұрынды ғана тұмшалайтын бетперделер бар. Кез келген дәріханада толып тұр.
– Оны білемін. Мен инфекция көзіме түспесе екен деймін.
Меңсұлу иығың қиқаң еткізді. Көздерін бақырайта ашып:
– Аға, инфекция көзге түсуші ме еді? – деп сұрады түкке түсінбей.
– Індеттің түрі жаман. Қырып барады ғой, түге!
– Иә, солай! – деп келісті Меңсұлу. – Бірақ індеттен сақтану үшін ауыз бен мұрынды ғана жауып жүру жеткілікті. Сосын мынадай тамылжыған табиғат пен саф ауада бетперде киюдің түкке де керегі жоқ.
– Сен солай ойлайсың ба?
– Иә.
Қыз жігіт бетпердесін шешетін шығар деп ойлады. Бірақ ол мызғымай отыра берді. «Терлеп кетпей қалай шыдап отыр екен?» деп ойлады қыз.
Жігіт кенет ойына әлдене түскендей басын көтерді.
– Сен өзі қанша жастасың?
– Жуырда мектеп бітіреміз.
«Е, он жеті, он сегізде екен ғой. Бұл кезде қыздар осындай қиялшыл келеді» деп ойлап қойды жігіт.
Оның есіне қарындасының бойжете бастағандағы мінез-құлқы түсті. Өзіне қатты еркелеуші еді. Бала сияқты алысып-жұлысып ойнай беретін. Қалай жоғары сыныпқа өтті, солай еркелігі сап тиылды. Ұрлық жасаған адамдай өз-өзінен қуыстана беретінді шығарды. Ал құрбысы үйге келсе одан шешен, одан көңілді адам таппайсыз. Оңаша бөлмеге кіріп алып, сықылықтап әлденелерді айтып ұзақ отырады. Бұрын күнделігін тексертіп тұрушы еді, бүгінде сөмкесіне жан жолатпайды.
Қыз құпиясы қырық қатпарлы, мың иірімді. Қазақ «қызым үйде, қылығы түзде» дейді емес пе? Расында, олар сыртта ашылатын шығар. Біреулерге тиіскісі келіп тұратын болар. Жігіт осыны ойлап:
– Сенің атың кім? – деп сұрады.
– Меңсұлу!
– Несі ғажап?
– Атыңды айтамын да.
– Біздің сыныпта менің атымнан да керемет есімі бар қыздар көп.
– Мысалы?
– Мысалы, Айару, Айзере, Жанерке, Ақбілек! Әдемі емес пе?
– Әдемі. Сенің де атың ажарлы. Кей қыздарды бетіндегі меңі сұлуландырып тұрады. Сенің де бетіңде мең бар шығар.
Бойжеткен ұялып қалды. Сонда жігіт осы кезге дейін мұның ажарына зер салмаған болды ғой. Қыз қымсынғанын сездіргісі келмей:
– Әжемнің қойғаны ғой, – дей салды.
– Әжең ақылды екен.
– Оны қайдан білдіңіз?
– Саған Меңсұлу деп әдемі ат қойғанынан.
– Иә, менің әжем дүниедегі ең жақсы адам!
Меңсұлу балаша қуанып қалды. Онысы жарқын шыққан үнінен аңғарылды.
– Сонымен, сіздің атыңыз кім, бетперделі жігіт? – деп сұрады Меңсұлу едәуір үнсіздіктен соң.
– Болатбек!
– Өзі болаттай берік әрі бек! Сіздің де әжеңіз жаман адам болмады.
Екеуі қосарлана күлді.
Күн қырдан асып, көк шоқының үстіне жайғасты. Әлден соң көкжиекке қарай қисайып, нұры шоқтана күлгін тартты.
Айналаға қоңыр көлеңке түсіп келе жатты. Тоғай қалың тұман құрсауында қалғандай қалтырай бастады. Жағалауда асыр салып ойнап жүрген балалар әлдеқашан үйлеріне қайтып кетіпті. Тоғай ішінен сыбдыр естіледі. Қалып кеткен сиыр әлде ешкі ме екен? Қоңырқай көлеңке төңірекке көңіл құлазытар қорқыныш та әкеле жатты. Тек өзен ғана ештеңені елең етпей, өзінің сылқ-сылқ күлкісімен баяу ағып жатыр.
– Табиғат та, адамдар да өзгереді. Өзен ғана өз үнін жоғалтпайды екен, – деді Болатбек.
– Қандай ғажап! Сіз философ емессіз бе?
– Қайдан?
– Әдемі айттыңыз ғой.
– Тылсым табиғат құшағында отырып әдемі сөйлемеу мүмкін бе?
Меңсұлу «рас айтасыз» дегендей басын изеп қойды.
– Кеш түсті. Күн батты. Сен үйіңе қайтпаушы ма едің? – деп сұрады Болатбек.
– Иә, қайтам ғой.
Бірақ қыз асыққан жоқ. Болатбек екеуі тастан-тасқа секіріп ойнаған су сыбдырын тыңдап тұрды.
– Енді мен қайта берейін, – деді Меңсұлу.
– Иә, қайта ғой. Үйіңдегілер де іздеп жатқан шығар.
Меңсұлу жігітке қолын бұлғап, жүгіре басып тоғайдан шығып бара жатты.
Болатбек орнынан тапжылған жоқ.
Меңсұлу тоғайдан шыға артына бұрылып қарады. Суға қарап телміріп отырған жігітті көріп, іші уылжығандай болды. «Неге үйіне қайтпайды? Әлде маған өтірік айтты ма екен?» деп ойлады. Жұмбақ жігіт көзден таса болғанша жүрегі құрғыр алас ұрып, тарсылдаумен болды. «Ендігі сәл бөгелгенімде, бәлкім, ол мені де…». Бұдан әрі ойлағысы келмеді.
Алдынан ауылдың самаладай шамдары жарқ ете қалғанда ол бойын билеген үрейден оңай серпілді. «Қызық! Бағана құрбыларыммен бірге қайта бермей, жалғыз отырған жігіттің жанына неге бардым? Қай Құдай мені айдап барды?» деп ойлап келе жатты.
Неге екені белгісіз, бүгінгі кездесу ойынан шықпай-ақ қойды. Әлденеге елеңдеп, жүрегі дүрсілдеді. Меңсұлу бойын белгісіз бір қуаныш кернеп келе жатқанын сезіп, қайран қалды. «Япырау, мұндай да болады екен-ау». Жүрегі құрғыр неге өрекпиді?
Шешесі әдеттегідей тұлданып қарсы алды.
– Әй, жалмауыз қар! Кеш баяғыда түсті. Қайда жүрсің, а? Әлде тоғайдағы жын-шайтанмен жасырынбақ ойнадың ба? Сиырлар сені күтіп, мөңіреп тұр. Бар да сау! – деп қолына шелекті ұстата берді.
Кешкі тамақ үнсіз ішілді. Әкесі ауылдың жаңалықтарын айта бастап еді, шешесі тыржың етті. Бұл – «сенің мылжың әңгімеңді тыңдауға құлқым жоқ» дегендегісі. Әкесі кесесін төңкеріп, сыртқа шығып кетті. «Осының бәрі сенің кесіріңнен» дегендей ағасы алара қарады. «Енді тоғай жаққа аттап баспаспын» деп ойлады Меңсұлу.
Сол түні ол ыдыс-аяқ жинап, одан соң емтиханына дайындалып, кеш жатты. Таң алакеуімде түс көрді. Тоғай аралап келеді екен дейді. Ала сиыры тағы да тоғай ішінде қалып қойыпты. Шыбықпен шып-шып ұрып жүріп, тоғайдан әзер шығарды. «Сүтімді тағы да қақтап сауып алармысың?» дегендей ала сиыры мұны қуып кеп берсін. Қашып келеді, қашып келеді. Жүрегі атқақтай соғып жатып, оянып кетті. «Осындай да түс болады екен-ау» деп өз-өзінен күлді.
– Немеңе жетісіп, ыржиып отырсың? Сабағыңа бармайтын ба едің? –деп бөлмесіне шешесі кірді.
– Апатай! Қазір, міне, – деп Меңсұлу орнынан қарғып тұрды.
– Мұны да бойжеткен қыз дейді-ау!
Шешесі бетін шымшылады.
«Түс түлкінің тезегі» болмай шықты. Ала сиыр тағы да өрістен қайтпай жатыр. Ағасы жұмысынан оралмаған. Інілері ойнап кеткен. Сіңлісі болса да титімдей ғана.
– Ала сиырды тауып кел. Қарасан келгір, осы сиыр-ақ тоймайды екен, – деп шешесі қолына көк шыбық ұстатты.
Ол өзіне таныс соқпақпен тоғай ішінде келе жатты. Өзен момақан күйінде бірқалыпты ағып жатыр. Ойын қызығына берілген ауыл балалары судан шықпапты. Өзеннің түйетайлау жерінде балалар бір-біріне су шашып ойнап жүр.
Кенет ол кешегі орындықта өзенге тапжылмай қарап отырған бетперделі жігітті көріп, іркіліп қалды. Қаққан қазықтай қатып қалыпты. «Қап! Айаруды ерте шықпағаным-ай!» деп ойлады. Меңсұлу тұнжыр томсарып келе жатты. Ол шаруаның бар азабы өзінің ғана қабырғасына батып жүргендей ауыр күрсінді.
– Неге күрсінесің?
Ту сыртынан шыққан үнге селк етті. Болатбек екен.
– Аға, әлі отырсыз ба?
– Отырмағанда қайда барамын?
– Үйіңізге қайтпаймысыз?
– Оған әлі ертерек.
– Қараңғы түсіп кетеді ғой.
– Маған сол қараңғысы керек қой. Жұртты шошындырып қайтемін?
Меңсұлу жігіт отырған орындыққа барып жайғасты. Болатбекке қолын ұсынды. Алақаны жып-жылы екен. Жігіт жібергісі келмегендей қыздың қолын ұзағырақ ұстап тұрды.
Болатбек пен Меңсұлу ұсақ-түйекті сөз етіп біраз отырды. Неге екені белгісіз, бойжеткен кеше ғана танысқан, әлі де жұмбағы көп жігітке бауыр басып қалғандай. Көңіл жайлауында гүлденіп, әзиз бейнесі өмір бақи көз-көкейінен көшпейтін жандар болады. Әңгімелесе келе бойжеткен жүрек тұсында тобықтай бір түйін пайда болғанын аңғарды. Бетперделі жігіттің әңгімесі оны баурап бара жатты.
– Аға, менің ойымша, сіз бекерден бекер бетперде киіп жүрген жоқсыз. Мұның сыры неде? – деп сұрады ол алғаусыз адал көңілмен.
Ол жұртшылықтан жүзін жасырып жүретін жігітті аяды ма, әлде оның осыншама азапқа төзіп жүрген сабырлылығына қайран қалды ма, бұл арасын өзі де терең түсіне алмады.
Күн тағы да ұясына қонғалы еңкейіп бара жатты. Көкжиекті қызғылт шапақ өртке орады. Қыздың бойы тоңазыды.
– Сен жаурап тұрсың ғой, – деді Болатбек.
Жігіт оның иығына костюмін жапты. Бойжеткен ерекше бір жылылықты сезінді. Әлден соң Меңсұлудың төсіне әлдеқандай бір қатты зат тигендей болды. Ол еріктен тыс костюмнің ішкі қалтасына қол салды. Фотосурет екен! Әйелдерге тән қызығушылықпен ол фотосуретке үңілді. Міне, ғажап! Қайратты шашын артқа қарай толқындата сілкіп тастаған бүркіт көзді, қыр мұрынды келісті жігіт пен аса ажарлы ару бір-біріне бас түйістіре күлімсірей қарап тұр. «Япырай, мынадай да жарасымдылық болады екен-ау! Жігіт пен қыз адаспай бірін-бірі қалай тапқан? Кешегінің Төлегені мен Қыз Жібегі, батыстың Ромеосы мен Джульеттасы, шығыстың Фархады мен Шырыны осындай-ақ болар» деп ойлады Меңсұлу. Неге екені белгісіз, қыздың өн бойын белгісіз бір ағын аралап өтті. Ол қос ғашыққа қайта қарады. «Біз бақыттымыз» деп тіл қатқандай болды суреттегі жігіт пен қыз. Бұдан әрі Меңсұлу шыдай алмады.
– Аға, мына жігіт пен қыз кім?
Үні жарықшақтанып шықты.
– Ә-ә, костюм қалтасындағы суретті айтасың ба?
– Иә.
Болатбек судың сыңғырына құлақ түріп отыра берді.
Бойжеткеннің денесі бір ысып, бір суыды.
– Айтсаңызшы!
…Сол күні Болатбек жұмысына кетіп бара жатты. Кенет ол «көмектесіңдер!» деген ащы дауысты естіп, состиып тұрып қалды. Әлден соң байқады, келесі көшедегі бір үйден будақ-будақ түтін шығып жатыр екен. Қою түтін мың бұрала құбылып, аспанға тік шаншыла көтеріліп жатыр.
Ойлануға уақыт жоқ еді, Болатбек өрт шыққан үйге қарай жүгіре жөнелді. Адамдар едәуір жиналып қалыпты. Бірі шелек іздеп, екіншісі су іздеп, сасқалақтап жүр.
– Өрт сөндірушілерге қоңырау соғыңдар!
– Жедел жәрдем шақырыңдар!
Мұндайда кей адамдар қолынан түк келмесе де ақылман болып кетеді емес пе, бей-берекет бұйрық беріп, онсыз да қорқыныштан есеңгіреп қалғандардың дегбірін алып тұр.
– Іште адам қалып кетіпті. Адам! Құтқарыңдаршы, айналайындар!
Бір кейуана жүрелеп отыра кетті. Болатбек бұдан әрі шыдап тұра алмады, терезені бір теуіп сындырды да, бет шарпыған қып-қызыл бөлмеге сіңіп бара жатты.
– Қайтеді-ай мына жігіт? Өлетін болды-ау бейшара! Өрт сөндірушілер келгенше күте тұрса болмас па еді? – деп тағы бір кемпір сылқ етіп құлап түсті.
Алапат өрттің жалыны бет қаратпай тұр еді. Қып-қызыл жалын жолындағысының бәрін айдаһардай жұтып, күлге айналдырып барады. Оның үстіне ащы түтін тұңшықтырып, көзді ащытып, түк көрсетпей тастады. Болатбек айналасынан ештеңе көре алмады. От оранған бөлмеге кіруін кіріп алып, не істеп, не қойғанын өзі де түсінбеді. Кенет оның құлағына көрші бөлмеден жылаған сәбидің үні естілді. Ол отты жарып өтіп, сол бөлмеге ұмтылды. Үш-төрт жастағы сәби бір бұрышта бүк түсіп жатыр. Болатбек қолына іліккен көрпемен сәбиді орады да, терезеге қарай жанұшыра жүгірді. Ғажайыптың өзі осындайда пайда бола кетеді емес пе, ол қып-қызыл отты тағы да жарып өтті.
Сәбиді сыртта тосып тұрған адамдардың қолына ұстата салған ол аждаһа-ажалдың аузына тағы да сүңгіп кетті. Түкпірдегі бөлмеде тағы бір жанның қалып қойғанын ол әлдебір түйсікпен сезген еді. Расында, сол шетте түтінге тұншыққан бойжеткен талып жатқан болатын. Құтқарушы жігіт естіген-оқығанын еске түсіруге тырысты. Мұндайда өрт құшағындағы бөлмеде қалып кеткен адамды суға шыланған көрпешемен орап алса, оған көп зиян келмейді. Бірақ дәл қазіргі айдаһар тіліндей жалаңдаған қып-қызыл шоқтың ортасында мұндай мүмкіндік қайдан болсын! Ол қолына іліккен әлденемен сылқ түсіп жатқан адамды орады да, көтеріп алып тағы да бар күшін сала сыртқа ұмтылды. Алдыңғысындай емес, бұл жолы көтеріп алғаны зілдей көрінді. Кенет ол әлденеге сүрініп кетіп, оңбай құлады. Сонда да орнынан серпіле көтеріліп, қызыл жалын құрсауынан тезірек құтылып шығуға жанталасты.
Оның алдында Тозақ оты күтіп тұр еді…
Болатбек есін арада бірнеше күн өткенде аурухана бөлмесінде жиды.
– Мен қайдамын? – деп сұрады ол тілі аузына сыймай қаңсып шөлдеп жатып.
Болатбек өн бойының қақсап қатты ауырып жатқанын сезді. Бет-аузын дәкемен орап тастапты.
– Аға, Аллаға шүкіршілік етіңіз. Су ішерлігіңіз бар екен, аман қалдыңыз, – деген мейірбикенің жұмсақ үні алыстан талып естілгендей болды.
Ауру төсегіне таңылған жігіт тағы да есінен танып қалды.
Азапты да ауыр күндер тасбақа табандап тұрып алды.
Арада бір айдай уақыт өткенде оған бір бойжеткен келді. Қолында шағын пакеті бар. Бұл өзі құтқарып қалған Жанерке болатын.
– Аға, – деді ол дауысы дірілдеп, – мен сізге қарыздармын. Өмірімді сақтап қалдыңыз.
– Қарыздар емессің, қалқам! Мұны әркім-ақ жасар еді. Азаматтық борышымыз ғой. Осындайда бір-бірімізге қол ұшын бермесек, қашан береміз? Келгеніңе рақмет!
Қыз көп бөгелмеді.
– Тезірек сауығып кетіңіз, аға! Тағы да келем ғой…
– Әуре болмай-ақ қой, айналайын! Өміріңді сақта!
Бойжеткен тіл қатқан жоқ. Болатбектің жастығын биіктетті де, қолынан ұстады. Нәзік саусақтарының ұшынан тараған жылу жігіттің алпыс екі тамырын қуалап бара жатты. Болатбек өзінің сүйген сұлуы Ақжарқынды ойлады.
– Ақжарқынды содан кейін көрген жоқсыз ба?
Болатбек селк етті. Меңсұлу оған қадала қарап тұр екен.
– Жоқ. Бір рет келді де, менің от шарпып, құбыжыққа айналған түрімді көріп, қайта жолаған жоқ. Жуырда естідім, күйеуге шығыпты.
– Жанерке ше?
– Оның не жазығы бар? Соларды құтқарамын деп қып-қызыл шоққа түскен өзім. Ешкім қинаған, итерген жоқ. Жанерке артынып-тартынып бірер мәрте келді. Кейінгі келгенінде «Сен қарызыңнан құтылдың. Бұдан былай келе берме» дегем. Есі бар қыз екен, мені тыңдағысы келмеді. Ақыры мені ауруханадан шығаратын күн келіп жетті. Жанерке келмей тұрып ауруханадан шығып кеттім. Ол мекен-жайымды білмейтін еді.
Меңсұлу ауыр күрсінді. Болатбек оның ұшы-қиыры жоқ тұңғиық ой тереңіне батып кеткенін сезіп отыр. Әлден соң Меңсұлу әлдене айтуға оқталып барып, іркіліп қалды.
– Не сұрайын деп едің? Іркілме, сұра, – деді Болатбек.
– Аға, қалай ойлайсыз, махаббат деген не осы? Өзі өмірде бар ма, жоқ па?
Сұрақты қоярын қойып алып, бойжеткен қымсынып отыр. Оның тұла бойы ысып бара жатты.
«Қай қисынға салып қарасаңыз да, махаббат деген – қол жетпес арман, көз жетпес шырқау шың болмас па? Ал іс жүзінде махаббат дегеніміз – еске алуға да тұрмайтын алдамшы сезім екен. Кейде тіпті жиіркенішті де көрінеді. Кейде махаббатты адамдар хайуани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана пайдаланатын секілді. «Махаббатқа барынша адал, жүрегімді түсінеді, жанымның бір бөлшегі» деп аспандағы Айға балап жүрген Ақжарқын маған қандай опа берді? Соншалықты жойқын махаббатпен, тіпті кешегі алапат өрттен де ыстық жалынмен беріле сүйгенде – Ақжарқын мені кімге айырбастап кетті десеңші! Битіне дейін семіріп, кесірлік пен кесапаттылықтың батпағына белшесінен батқан бақатамақ әлдекімнің етегінен ұстады-ау! Махаббат дегеніңіз осы болса, бұл малға ғана лайық жексұрын, жан тыныштығы мен тән ләззаты ғой. Менің махаббат деп жүрген мөлдір әлемім, сенімім осымен бітті, күйреді».
Болатбек осы ойларды санасынан өткергенде санаулы-ақ секундтар өтіп еді. Ол санасын соншалықты салмақпен езіп-жанышқан ауыр ойдан арыла алмады. Былыққан өмірдің бітіспес ылаңы оған тағы қандай сыйын ұсынар екен?
Маңайға аспаннан қарақошқыл көлеңке салбырап түсіп келе жатты. Меңсұлу мұңға батып ұзақ отырды. Жігітті жұбатарлық сөз таппады.
– Сен үйіңе қайтпайтын ба едің?
– Иә, солай екен-ау. Қайтайын.
– Ендеше, сау бол!
– Сіз де сау болыңыз. Ертең де келесіз бе?
– Келейін бе?
– Әрине.
Қыз тоғай ішіндегі сиыр соқпақпен жүгіре жөнелді. Осы кезде жерге тырс-тырс етіп тамшы тама бастады. Өзен суына түскен бұршақтай тамшылар секектей жөнелді. Су бетінде шоршып, түрлі өрнек салған тамшылар талдырмаш қыздың үркек көңіліне жұбаныш сыйлағанымен, көркем көрініс көкірегіне таяныш бола алмады.
Бойжеткен жігіттен ұзай беріп құмығып жылап жіберді. Ол Болатбек жайлы ойлады. Оның аянышты өмірі, баянсыз махаббаты, алдағы бұлыңғыр өмірі жанын жегідей жеді. Жігіттің бастан кешкен оқиғаларын ойлаған сайын өмірдің мәнін, түнде сан құбылып ерекше сұлулығымен, сиқырымен өзіне шақырып тұратын махаббат деген әлемнің мың қатпарлы құпия мен жұмбаққа толы болатынын, қысқа ғұмырдың күреске толы екенін түсіне бастағандай. Бүгін-ертең аттестат алып, үлкен өмірге енді ғана қадам аттамақ болып тұрғанына қарамастан, бойжеткен өзін өмірдің басқа есігінен аттағандай сезінді.
Өзен жағалауында олар жиі кездесіп қалып жүрді. Меңсұлудың жігітке бауыр басып қалғаны сондай, кейде үйіне қайтпай, Болатбектің әңгімесін тыңдап отыра бергісі келетін.
– Енді біз қоштасамыз, – деді бірде Болатбек күтпеген жерден.
Меңсұлу аңтарылып тұрып қалды. Екіұдай сезімге беріліп кеткен ол әлден соң есін жиып:
– Сіз қайда кетпексіз? – деп сұрады.
– Бетіме пластикалық ота жасату үшін кезегімді күтіп жүр едім. Міне, соның хабары да келді. Жуырда шетелге ұшамын, – деді Болатбек.
Мұндайда не айту керек екенін Меңсұлу әкесінен талай естіген.
– Ақ жол тілеймін. Ем шипа болсын!
– Рақмет, айналайын! Сен де армандаған оқуыңа түс. Тілектеспін!
Қыз қимастық сезіммен жігітке ұзақ қарады. Болатбек болбыр жігіттердің қатарынан емес-ті, ол бойжеткеннің бойындағы алақұйын арпалыс сезімді бірден-ақ сезді.
– Суретімді көрдің ғой. Сол қалпыма қайта келемін. Сосын қызметіме кірісемін, – деді толқып.
– Мына өзен жағалауы сізді іздейтін болады, – деді Меңсұлу.
– Жабығып жүргенімде жаныма жалау болған жағалауды қалай ұмытамын? Келіп тұрамын ғой.
«Жағалауды табасыз-ау, ал мені ше?..». Меңсұлу бұл ойын ашық айта алмады. Тұнжыр көзіне терең мұң ұялапты.
…Әуежайда Болатбектің қалта телефонына дың етіп хабарлама келіп түсті. Меңсұлу екен. «Аға! Маған бір ғана сұлулық жетеді. Ол сіздің жан сұлулығыңыз!»
Болатбектің алабұртқан көңілі орнына түсіп, көкке көтеріңкі күймен көтерілді…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ