Мәңгілік ел
24.02.2017
1773
0

1957 жылы мамыр айында Шың­жаң Ұйғыр автономия өл­ке­сі­нің Жазушылар одағы өт­кізе­тін бірінші съезіне «Қзақс­тан деле­гация­­сы келіп қатысады екен» деген хабар әдебиет сүй­ер, зиялы қауым­ды елең еткізді. Қарға та­мыр­­лы туыссыраған қа­­зақтар ай­бар­лы қандас­тары­мен дидарласу ба­қытын асыға, тағатсыз күткені анық. Әрине, келетіндер – жазу­шы­лар болатыны күмәнсіз. «Кім­дер екен?» деген сұрақ көкейде ұя­лап, са­на­­ны сансыратты. 1945 жы­лы ұлт-азаттық соғысы жеңіске же­­тіп, ежелгі Шоңғарда (Жоң­ға­рия­­­да) Шығыс Түркістан мемле­кеті құрылғаннан бастап мек­­­­теп­­тер­де оқушылар Қазақс­танда шы­ғарылған оқулық­тар­мен оқы­тыл­ғандықтан, қазақ ақын-жазу­шы­ларының ғана ем­ес, орыс клас­сик­терінің де ең­бек­тері бізге таныс бо­латын. Сол оқулықтарға енген кей­­бір ұран­­шыл өлеңдерге сеніп адас­­қа­нымыз да өтірік емес. Мыса­лы:
«Сары неміс сарсақал,
Кебеже қарын, кер тапал…» –
де­ген тақпақты жаттап алып, шу­лап айтып жүрдік. Біздің са­на­мыз­да немістің барлығы кебе­же қа­рын, тайпақ-қортық, өңдері де, сақалы да сап-сары болып ел­ес­тейтін. Ал «кө­семдер» тү­сін­­ген жылуы жоқ, жыл­миған «Сол­­­ға, солға…» деген өлең жо­­лын ешкім сырын ұқпаған күйі өмірден өтті.
Кейде аш, кейде тоқ шулап жү­ріп, газет, радиосы жоқ меңі­реу өл­кезде тірлік үшін арпа­лыс­қан біз­дер, ержеткенімізді де байқамай қал­дық. 1954 жылы орта мектепті бі­тір­ген соң, санамызда жоқ Үрімжі қа­ласында ғана бар жоғары оқу ор­нына апарып тастады. Өзіме ар­дақ­тап, аялап ат қойған жеңгем Гүл­­барам­­ның той-жиында қыздар­мен айтысқанда айтасың, – деп жат­татқан өлеңдерінің әсерінен әде­биетке бүйрегім бұрғанына қа­ра­май, Политехникалық инс­ти­туты­на оқуға түсірді. Бірақ жан азығы әдебиетке деген ықы­ласым суы­май, әдебиеттің жан­күйері күйін­де қалсам да, съезге қатыссам екен деген арманға қолым жетпей, Көк­тоғай кен орнында 80 метр те­реңдіктегі шахтада жұмыс істеуіме тура келді. Қыркүйек айында Үрім­жі қаласына оралып, съезге кім­дер келді екен деген мазамды ал­ған сұрақтың жетегімен «Жер ас­ты­ның адамдары жерді иыққа кө­тергендей» деген Көктоғай шах­терлеріне арнап жазған өлең­дер топтамасын алып, «Шұ­ғыла» журналының редакциясына бардым. Жиырма жасар менен жасы онша алыс емес, бур­жуйларша әсем киінген ша­ғын денелі, қызыл шырайлы, қаршығадай сыланған сұлу, сері ақын Естеу Нүсіпбеков аға менің ұсынған өлеңдерімді қуа­на қа­был­дады. «Мамыр айында өт­кен жазушылардың бірінші съе­зіне Қазақстан Жазушылар одағы­нан кімдер келіп қатысты?», – деп сұра­дым.
– Академик жазушы Ғабит Мү­сіре­пов бастап келді. Ғабең сені із­деп бірнеше рет сұрады, – деп съез­дің есте қалардай салтанатты өт­кенін, аяғы жыр-думанға ұлас­қа­нын тебірене баяндады.
Кеудемді мақтаныш кернеді. Көй­легім жыртылмады, әйтеуір. «Ака­демик жазушы Ғабит Мү­сіре­пов­­тің назарына ілініп, ықыласын тү­сіруден артқан жетістік, марапат­тау бола ма. Мен… мен ғой, әлем мойындаған классик боламын, – деп қиял же­тегіне еріп, ғарышқа са­пар шегіп кеттім де, қарапайым қа­зақтың «Таудай талап бергенше, бар­мақтай бақ бер» деген даналығы, алып-ұшқан, асқақ арманға елтіген көңілімнен шығып кетіпті. Алдау мен ар­бау­ға негізделген нәсілшіл қо­ғамда тарыдай бақытқа зар бола­ты­нымды ойлаған емеспін, хан тұқы­мы, таптық дұшпан деген қор­лаумен шетке қағу, ізімді бағып, аңду мен тексеру алдымнан шықты да отырды.
Қазақстан жазушылары атынан келген делегация құра­мын­да ұй­ғырдың талантты жазушысы Хиз­мет Абдуллин бар еді. Хизмет – сұңғақ бойлы, сом де­нелі, бұйра қоңыр шашты, бидай өңіне көзәй­нектің арғы жа­ғынан күлімдеп тұратын көздері бар, шуақ төккен көрікті жігіт. Азаматтық борышын өтеп, әскерден босап, бірыңғай жазушылыққа бет бұрады да, сәтті, тартымды туындылары арқылы тез танылып, абырой-атаққа қолы жет­кен алғыр, ақыл иесі болды. Қа­зақстан және басқа өңірден келген делегация құрметіне көрсе­тіл­ген концертте сахнаға ұйғырдың бір топ биші қыздары ұшқан құстай қалықтап, мың бұралған қимыл қозғалысымен баурап, көздің жауын алып шыға келеді. Бар­лығы бір­дей, біріне-бірі ұқсас қыпша бел, бауырынан жараған, ажырату қиын. Үстерінде жұқа көк жібек көй­лек, оның үстіне қара мақпал шо­лақ қамзол. Қап-қара қос бұрым­дары жыл­тырауық асыл көз­ді түймелермен әшекейленіп, аққу мойынды, ақ тамақты ажарлай, ай­қындай түскен. Қоңыраулы біле­зік­тер үніне үйлескен сырғалары жалт-жұлт ырғалады. Қою қара кір­пік­пен көмкерілген мөлдір көз­дерден сиқырлы ұшқын тарап, қыр мұрын ақ жүздерге жарасып тұр. Бір-бірінен айырғысыз ши­рақ қи­мылды қыздар тобынан бір қызға Хизмет ынтыға, қадала қарап, кө­зін айыра алар емес. Қыз­дың қос бұры­мы шеңбер сы­зып, шалқалай бұрылғанда көздер түйісіп қалды да, тұла бойды дір еткізді.
От жалын шарпып өтті. Хизмет үзі­лісте сол қызды жазбай танып, тілдесіп танысқан соң, қонақ үйге шақырды. «Жақ­сыда жаттық жоқ» дегендей, қыз аса кішіпейілдікпен қа­былдап, құлпырып тұр. Достары – қа­тар­ластарының арасынан шоқ­­тығы биіктігі қуаныш, мақ­та­ныш­­қа бөлеген. Саналарында сом­далған асыл арманға қол же­тіп, са­ғынышпен көріскен асыл жардай риясыз қуанып, бір-бірін көрмесе тұра алмайтын іңкәрлік, бір-бірін­сіз өмір сүре алмайтын дертке ал­ма­сып айтса нанғысыз ғайыптың ісі болды.
Хизмет ертемен Ғабең жат­қан бөл­менің есігін қағып, рұқ­сат сұ­рап, имене сәлем берді. Қашанда сері­лік қалпынан айнымайтын Ға­бең жуынып-шайы­нып, мұнтаз­дай киініп, «Шұғыла» журналын оқып отыр екен. Стол үстінде ұқып­ты бүк­тел­ген газеттер.
Ғабең оң қабағын көтеріп сәлем алған соң:
– Хизмет, не жағдай, өңің қа­шып кетіпті ғой? – деп, Хиз­мет­тің қаны қашқан құп-қу жү­зіне қара­ды. Хизмет – Алматы облысы, Ең­бек­шіқазақ ауданында туып-өскен, қазақтың тілін де, салт-дәстүрін де жетік білетін көргенді жігіт.
– Ғабеке, тұтқынға түстім, қыл­­ша мойнымды алдыңызға то­са­мын. Қалай жазаласаңыз да ри­за­мын.
– «Ұсынған мойынды қы­лыш кес­пес болар» дейді қазақ. Айта бер.
– Осындағы биші қызға ғашық болып қалдым. Тіл та­быстық. Онсыз өмір маған тұл. Менімен бірге ке­туге келісті. Тағдырымыз сіздің қолыңызда, Ғабеке. Тиісті орыннан рұқсат алып беріп, бақ жұл­ды­зы­мызды жандырыңыз, Ғабеке.
– Қалай, осы Үрімжіде қалу ойың бар ма? Егер тиісті орындар ке­ліспесе…
– Ғаба, күшік күйеулікке қа­­лай қиясыз?! Осы жерге қал­дырып кет­кеніңізше, Тарас Бульбаның ерлік, жі­­гері сізде бар екеніне сенемін, кө­­міп ке­тің­із! – Ғабит ағасы күлім­сі­­ре­ді.
Әлемдегі ең құдіретті күш әйел кө­зінде. Адам-атаны ұжы­мақ­тан шы­ғарған да сол күш. Әлемді ұс­тап, сақтап тұрған – әйел сұлу­лы­ғы.
Адамзат үшін қасиетті, аяу­лы­ның барлығын анаға балаймыз: мек­теп – ана, тарих – ана, жер – ана, Отан – ана, жар сүю, махаббат, адал­дық, адамды, сөзді қастерлеу, ата-ананы, Отанды ардақ­тау сияқ­ты ізгі сезім­дер – тектілік. Құлдарда бұл жоқ. Олар, жақсылық қолда­ры­нан келмеген соң айналасына өшпенділікпен қарап, қиратуды ғана біледі. Сонымен, Хизметтің жар сүюін әркім әр түрлі ба­ға­лауы сөз­сіз. Оған жауап беретін – делегация жетекшісі. Ақ дегені – алғыс, қа­ра дегені – қарғыс. Аяусыз, мейі­рім­сіз күресу ұста­ны­мынан туған мем­лекеттік сая­саттың қолданысы сал­дарынан қасіретті, қаралы, сұ­ра­пыл, қан қақсатқан жылдар қа­лай естен шықсын. 1920 жылдан 1954 жылға дейін үреймен ұйқыдан шошып оянып келген дағдыдан арыла алмағандықтан әлем мойын­даған ақыл-ой, білім иелері Қ.Сәт­баев, М.Әу­е­зов­тер қашып барып Мәс­кеуге тығылса, Бекмұханов сот­талып, Тәшенов жер аударылды. Бұл сол сұрапыл жылдардың ел­ді зар еңіреткен зардабының сар­қылмаған сарқыны еді. Маркс: «Коммунизм елесі Еуропаны кезіп жүр», – деді. Бірақ сауатты ел, ол елес­ті адамзатқа келген тез жайылатын індет – деп бағалады да, Еу­ропадан аластап мешеу, артта қал­ған елге жіберіп, сорлатқаны құпия емес. Сол індет екі жастың тағ­дырын ойрандауы әбден мүмкін еді. Осын­­дай ер басына күн туған, еті­гі­мен су кешер қиын сәтте ердің ерлігі, кісінің кісілігі, адам­­ның адам­­­дығы сынға түсері анық. Ғабит Мүсірепов қайтпас-қайсар мі­незі­мен, алдында өңі қашып, демін жұ­тып дірілдеп тұрған балғын жас жі­гітке жана­шыр­лықпен, жылы жүз­­бен қа­рап, тілеулестігін біл­дір­ді.
– Бүгін үкімет басшыларымен кез­десуде оң шешім қабыл­данып қа­лар, – деп Хизметтің жү­регін ор­нына түсіріп, сенім­мен сергітті. Ға­бит аға сөзіне ие болды.
Шыңжаң Жазушылар одағы­ның басшылары Зия Самади, Бұ­қара Тышқанбаев және басқа үл­кен-кіші ақын-жазушылар, өнер ие­лері, өлкелік үкімет басшылары қа­тысқан алқалы отырыста Ғабит Мүсірепов:
– Біз, жазушылар, ата-баба дәс­түрін ардақтап, адамның адамды сүюін, шынайы махаббат, адал достықты ұран ғып, үгіттеп келеміз. «Жаңбырмен – жер, алғыспен ер, достықпен ел көгереді» дейді бейбіт өмірге құштар қазақтар.
Төскейде малымыз, төсекте ба­сымыз қосылған туысқан ел­міз. Қа­зақтың кемеңгер ханы Абылай хан­ның ханымы Бабақ ханым Кенже сарттың қызы еді. Ғылымдағы Абы­лай – тұңғыш ғалымымыз Шо­қан Уәлиханов­тың сүйікті жа­ры Гүлім – ұйғыр қызы болғаны бар­шаға аян. Сүйек жаңғыртайық д­еген ниетіміз бар. Біздің талантты жа­сымыз Хизмет Абуллин жар ету­ге сіздердің көрікті, сұлу қыз­дарыңыз­ды таңдап, қалап отыр. Біз­дің ізгі тілегімізді қолдап, қуат­тай­ды деп сенеміз, – деді. Қытай Ха­лық Республи­ка­сының төрағасы Мао Зы Дыңмен тікелей байланысты өлкелік үкіметтің басшысы Саифиндин Әзиз орнынан ұшып тұрып:
– Ғабит аға! Айтқан тілегіңіз қа­­зақ заңына сыятыны анық. Кеңес заңына сыя ма? – деп сұра­ды.
Ғабең іркілген жоқ:
– Қазақ заңына сыйған, Кең­ес Ода­ғының заңына да сыяды, – де­ді. Туған халқын ардақтап, мәрте­бесін көтеруі сол кез үшін нағыз ерлік еді.
– Кеңес Одағы – әлемдегі тұң­ғыш социалистік мемлекет, шам­шы­рақ. Қытай Халық Республикасы үлгі алып, өркендеп келеді. Дос­тығымыз мызғымас, мәңгілік. Кеңес Одағының заңы­на сыйса, Қы­тай Халық Рес­публикасының заңы­на да сыяды. Тілегіңіз қабыл бол­сын. «Құда мың жылдық»,
Қа­зақ­стан Жазушылар одағымен дос­ты­ғы­мыз мың жылдық болсын, – деді Бұқара Тышқанбаев. Зия Са­мади, Абылай Қадыри баста­ған атақ­ты адамдар қолдап, қуат­та­ған шын ықыласты, қуанышты ле­біз­де­рін білдіріп, отырыс тойға ұлас­ты. Ғабит аға Жоғары Кеңестің де­путаттық мандаты­ның күшін пай­даланып, Мәс­кеу­мен тікелей байла­нысқа шы­ғып, Сыртқы істер министр­лігінің келісімін алып, екі жас­­тың қолын шексіз ба­қытқа жет­­кізді. Олардың қуа­нышта­рын­да шек жоқ еді. Махаббатты, ананы ардақтап жыр­лайтын аяулы Ғабит аға тәуекелге барып, махаббатты қорғап қалды. Ол кезде Үрімжіде де, Пекинде де Қазақстан елшілігі жоқ болатын, іс тетігі Мәскеу ар­қы­лы шешіліп бекітілетін, бір кез­де орыс княздары қазақтың хан ор­дасына барып, сыннан өтіп бекі­тіл­ген болса, қазір облыс хатшылары, жауапты қызмет­кер­лер, тағы басқадай іс-шара­лар Мәскеудің бекітуін күтетін. «Кезек екі, тәңір бір» деген осы шығар.
Хизметтің үйленуін Мәскеу­дің бекітуінен өткізуге Ғабит ағаның әді­лет, достық, бірлік жолында қа­ра басын ұмытып, қиындықтан жал­тармайтын турашыл, табанды қай­сарлығы, тапқыр шешендігі, кі­сі­лігі, зор беделі себеп болды. «Жақ­сыдан – шарапат» деген осы. Ша­рапат адам баласының қолын ба­қытқа да жеткізіп, тіпті, кеса­пат­қа, то­зақ­қа итермелеуі анық екен.
1931-32 жылдары аштықтан қа­зақ халқы жаппай қырылып жат­қанда, көрсе де көрмеген, білсе де біл­меген болған тас жүрек, жаны ашы­мас басшылар­дың бетіне тү­кіріп, шырылдаған бесеудің бірі осы Ғабит аға болатын. Әділет­сіз­дік­ке жаны қас Ғабит аға 1937 жы­лы «Бейімбет халық жауы болса, онда мен де халық жауымын», – деп, кеу­де­сін оққа тосқаны таңдай қақ­тырған, аңызға айналған ерлігі еді. 1961 жылы көп өмірін қуғын-сүр­гінде өткізіп, қоғамның өгей ба­ласы саналған заңғар жазушы Мұх­тар Әуезов қайтыс болғанда тек Ғабит ағаның егіле сөйлеп, «Мұ­хаңның аруағын ренжіткен же­рім болса, кешір!» – деп тұлға­лық та­нытуы, сұ­ра­уы зиялы қа­уымды тер­белткені ел есінде. Ғабит аға Ба­тыр Қасым Қайсеновті шақы­рып:
«Әкем аманаттап тапсырып кет­кен Абылайханның суреті бар еді. Тәуелсіздігіміздің жемісі болсын, Елбасына жолығып, ұрпа­ғы­мен табыстыр», – деді. Сонша жыл аялап сақтаған, аса қымбатты сурет Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының демеуі­мен газетке жарияланып, ту­ған елімен табысқан болатын. Ер­лік ел игілігіне айналды. Екі ел­дің достығы нұрландырған шуақ­ты күндер өте шықты. Мемле­кет басшыларының пікір қай­шы­лы­­ғы дүрде араздықтан жауласуға ұлас­ты. Тіпті қарулы қақтығысқа дейін өршіді. Іштен шыққан жау жа­ман. Адамдардың ой-санасы қа­таң тексеріліп, бөгде ойлайтындар жау саналып, қуғын-сүргін бас­талды. Өтірік-өсек, жала жабу, жа­зықсыз жандардың өмірін қиып, тағ­ды­рын тәлкек еткені естен кеткен жоқ. Екі басшының келіс­пеуі­нің қасіретін сорлы халық тартты ғой. Достықтың, бейбіт күннің айы өт­кені анық. Ананы, адам­дық ізгі­лі­кті, махаббатты, дос­тықты, адал­дық­ты, еңбекті ту еткен жақсының атын, ғалым­ның хатын өшірмеген ел ғана мәңгілік.

Татухан Абылайханов

Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір