«Қалдырған ізің мәңгілік…»
17.10.2022
983
0

Оның «КазГУ-ге» (ол кезде осылай аталатын) деген өлеңінде:
«КазГУ-ым менің,
қасиет­ті мекенім,
Мен де бір сенің
жолы қиын бөкенің.
Сенде білдім, арманның да
бар мәнін,
Сенде білдім өмір күрес екенін.
КазГУ-ымның бітіргенше
журфагын,
Қазағымның көрдім
талай ұрпағын.
Қожакеев,
Амандосов сияқты,
Қарағайға
қарсы біткен бұтағын.

Қош, қош, КазГУ,
қайран, сайран бесігім,
Арманды ерге
айқара ашқан есігін.
Тарихыңның
бір жеріне жаза сал,
Қашағанов Наршаның да есімін», – деген шумақтар бар.
Міне, осы оқу орнының журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде ол екеуміз жетпісінші жылдардың басында бірге оқыдық. Кейін де өмір жолымыз және қиысып жат­ты. Бұл кезде оның ақын аты кітабынан бұрын шығып, елде тұратын ерке ақын атанып үлгерген-ді. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында «Өлеңге менің дағы бар таласым» ат­ты жыр жинағы қолымызға тиді. Сол-ақ екен, бұл жай Наршаның шабытын еселегендей оның «Аманатқа адалдық», «Жақсылық жаса адамға», «Туған ел тұлғалары» ат­ты кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді.
Одан бері де уақыт шіркін жүйрік мінезінен бір танбай, жүйтки берді. Ал ұзақ жыл Талас аудандық мәдениет бөлімін басқарған, кейін музей директоры болған Наршамен бұл аралықта да неше мәрте жолығып, көңілдегі көрікті ойларымызды сарқа ақтарып, жүріп жат­тық. Жалпы, онымен болатын мұндай әрбір кездесу – мейрам дерлік. Ол әрқашанда дос-жаранға құшағын ашып, мейірім шуағын шашып, жүрген жерін жарық қылып жіберетін. Базбір пенделік қылықтарды жеңіл әзілмен әдіптеп айтып, құдды бір қойны-қонышын күлкіге толтырып келгендей жұрт­ты мәз-мейрам еткенде, мына дүние тек қуаныштан тұратындай боп кететін. Ал тіршілікте қуаныш пен реніштің алма-кезек ауысатыны әлімсақтан белгілі десек, осыдан сегіз жыл бұрын алақұйынды ақпан айында жазмыштың «Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» деп (К.Салықов) сызған жолымен Нарша да жалғанның жарығынан көшіп кете барды.
Бұл азалы күні Қаратау қаласының солтүстік-шығыс иығындағы қорым аумағында да Берікқараның өкпек желі ал кеп азынасын. Қаза мен азалы күнгі оның бұл боздасы өзекті жанға бір өлім барын қабір басындағы кім-кімнің де есіне салып, санамызды сілкіп-сілкіп өтетіндей. Бұл сілкініс бір сәтке сезімімізді де түршіктіріп сергітіп жіберді ме, Наршаның көріпкелдікпен жазғандай мына бір: «Жас ұлғайды, жағалады дерт енді, Жамылғанда ақырғы рет көрпемді. Жан-жүрекпен адал сөзін айтатын, Кім екен сол асыл досым ертеңгі», – дегендей, енді бірде: «Бір кісідей сүйіп едім мен сені, Білмедің ғой, өмір, саған өкпем көп» деген жыр шумақтарын ойға оралтса болар ма?
Бірақ Наршаны алғаш қай жерде көргенімді көз алдыма келтіре алсамшы. Арада елу жыл өткенде, бұған кешіріммен де қарайтындайсың. Десем де, мына бір жайт­тар есте қалыпты. Бұл, сірә, жетпіс екінші жылдың бірінші жартысы. Ол тұста КазГУ-дің бұрынғы бас ғимаратында оқимыз. Оның бірінші қабатындағы кеңдеу аудиторияда оқытушы Гүлшат Шінтаева апай «Орыс тілі» пәнінен сабақ өткізер еді. Академиялық демалыстан келіп қосылған Нарша осындағы ішкі қабырға жақтағы қатардың екінші партасына отыратын. Оның қабырғаға жантая сүйеніп, өлең жазып па, әлде сурет салып па, әйтеуір бәрін күлдіріп отырғаны есімде қалыпты.
Соңыра Наршаның: «Махан екеу­міздің кейбір қырларымыз бен сырларымыз үйлескендіктен бе, сол кез­де-ақ сәлеміміз түзу болды» деп бір естелігінде жазғанындай, көп ұзамай бір-бірімізді мият тұтатын достарға айналдық. Екінші курстың алғашқы семестрінде жатақханадан орын тимей біраз сабылғанымыз да есімде. Оның мәнісі – жатақхана жетіспеушіліктен жақын облыстан келгендердің кейбіріне орын бөлінбейтін.
Алашапқын күндердің бірінде: «Сен менің радиодан өлең оқығанымды естіген жоқсың ба?» – дегені.
– Жоқ…
– Былтыр «Шалқар» бағдарламасынан үш-төрт жас ақын өлең оқыдық. Айтайын дегенім, бұл жөнінде анама телефон шалдым. Ол кісі ауыл ортасына орнатылған радио – репродуктордың қасына келіп күні бұрын жайғасса керек. Ары-бері өткендер «Неғып отырсыз?» десе: «Нарша радиодан өлең оқитын еді» дейтін көрінеді. Сондағы оқылған өлең мынау ғой», – деп, ол сөмкесінен алып ақ параққа басылған жыр жолдарын көрсет­ті. «Мақтана бер сен тегі, Ойла бүгін той деп бір. Апатайым, тентегің, Алматыдан сөйлеп тұр» деп басталатын бұл өлең мені бірден баурап алды.
Нарша өзінің жазбаларында: «Менің шын болмысым – жұрт­тың бәрі ұйқыда жатқан жым-жырт, тып-тыныш тылсым түнде жападан жалғыз ой құшағында отырған кезім» немесе «Адамдармен араласқан жақсы, оңашалық одан да артық» дейтініндей, ол бейбіт тыныштықты ұнататын. Осындайда екеуара әдебиет тақырыбында әңгіме-дүкен құрғанды жаны қалайтын. Мұндайда ол – әңгіме айтушы да, сен – тыңдаушы. Оқып, таным таразысына салып, екшеген шығармасының артықшылығын баяу дауыспен тамылжыта баяндап, осындай мәслихат­тан басқа бір әлемге еніп кеткендей өзі де рақат сезімге бөленетін.
Кейін Наршамен Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясында жолықтық. Редактордың орынбасары Шаймерден Дәуренов КазГУ-дегі баяғы достарының бірі екен. Енді оқуын сырт­тай бөлімге ауыстырған онымен бір шатырдың астында қызмет атқарып жат­тық. Бұл, сірә, 77-78 жылдар. Күндердің күнінде Шаймерден редакторлық лауазымға жоғарылап, оның алғашқы қолтаңбасы түсетін газет нөміріне кезегі келген Нарша кезекші редактор болды. Кешкілік қызмет­тен қайтқанымызда ол даңғарадай баспаханада серілік мінез танытып, «Сен де бұлбұл, мен де бұлбұл» деп, Кенен атамыздың әнін сол кісіге ұқсап бағып, құлағын қағып, шамасына қарай шырқап жүрді. Бірақ бұл әннің «шарықтауының» келіспегенін ертесіне біліп, абыр-сабыр болдық та қалдық. Нақтысы – газет жаңа редактордың аты-жөнінсіз басылған. Ол да пенде, өзінің алғашқы редакторлық қолтаңбасын көрмекке редакцияға елпілдеп, күндегісінен ерте келгенде, әлгі өрескел қатені көріп, есеңгірегендей хал кешіп, етпетінен түсе жаздапты. Оның мұндай күйге ұшырайтынындай да бар. Ол тұста аудандық партия комитетінің органының қолтаңбасыз шығуы дегеніңіз – жазасы ауыр сенсация. Содан, не айтасың, кескіні ерек, кесек бітімді басшымыз бәрімізді жинап, кеңсенің кең дәлізінде ақпандағы жарау бурадай бұлқынып, бірде зоопарктен босанып кеткен ызалы арыстандай гүрілдеп, талаптан көріне білмегендердің тағдырын осы қате шешетінін айтып таусылды-ай келіп. Дүрсе қоя берейін десе, Нарша жоқ. Ол бұл кезде аудан орталығы Асаға қаладан қатынайтын, әрі кезекшіліктен кейін қызметке түс ауа келеді.
Қарап тұрамыз ба, қате түзеліп, газет қайта басылды. Редактор өзінің қолтаңбасы түскен газет­тің жаңа нөмірін қолына алып, «Бүйтпесе Нарша бола ма?!» деп риясыз күлкіге басып, «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше» дегендей, бетіндегі бұжырлары жазылып, жүзі жылып, жүре бергені. Кейін бұл азамат Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық «Село жаңалығы» газетінде редактор болып, аты дүркіреп тұрғанында жол апатынан опат болды. «Бір дос бар қия бетке дейін, бір дос бар қияметке дейін». Сондай-ақ Нарша досына: «Сағынармын, бірге өткізген күнімді, Сағынармын, гүр ете қалар үніңді. Сағынармын, сағынармыз бәріміз, Ерлігіңді, өрлігіңді, мұңыңды» деп оған өлең («Бірегейдің бірі») арнады. Мұндай бір арнауды бізден бір курс төмен оқыған Жәнібек Кәрменов қайтыс болғанда да жазды. Жәнібек студент кезінде сабақ арасындағы үзілістерде жеке-дара екі қолын артына ұстап, дәлізде әрі-бері ой кешіп жүргендей көрінетін. Кейбір сырт көз оның мұндай кірпияз да кісікиіктеу тұрпатына қарап, университет­тің жас оқытушысы ма деп қалуы да кәдікті. Оның сәлемдесе қалғандарға құлай амандасуы – «Шалқайғанға шалқай, ол – Пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол – әкеңнің құлы емес» дегенді еске түсіріп, задын айтпай аңғартатындады. Ал эстетикалық талғамы жоғары Наршаны баурап жүрген жай – Жәнібектің әні. Ән болғанда да толғауы тоқсан түрленген әуезділік әлемі. Ол осындай өнерлі жанның өліміне өзегі өртеніп:
«Қазақ деген қасіретке бай халық,
(Қалады ол осындайда байқалып).
Шаңқай түсте шаңқ еткенде қыраны,
Шаңырағы кет­ті өнердің шайқалып.
Қайырымы қиын әндеріңмен
жүруші ең
Аспандағы аққуларды қайтарып.
Жан сусынын қандырады кім енді,
Текті әндерді тек өзіңдей айта алып?! – деп, Жәнібекті («Жәнібек Кәрменовті жоқтау») де, әншілік өнерді де іздеді.
Наршаның тағы бір досы – бозбала шағының біраз кезеңін бірге өткізген бүгіндегі белгілі ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебай. Яғни оған да өлең арнайтын жөні бар. Оның үстіне Мырзанның шыңыраудағы шындықты дүниенің жарығына шығарып, қоғамның қордаланған қоя­сын қотара жазатыны кейбіреулерге ұнамаса, бұл да Наршаның көңілін жабырқататындай. Ол мұны «Мырзан мұң» деген өлеңінде:
«Біреулер жүр күйт­теп,
Қу құлқынын, бір жанын.
Іштей бірақ ит боп,
Мойындар сені, Мырзаным!

Жеткізіп елдің назасын,
Ауырып та жазасың.
Ауыртып та жазасың,
Себебі өзің тазасың.

Ойлы адамға жалғанда
Жазмыш басқа, жол басқа.
Асан қайғы болғанда,
Мырзан мұң неге болмасқа!», – деп, ашып та ашына жазды.
Оның осынау үш досына тоқталып өтуіміздің және бір мәнісі – бұл азамат­тардың мінез-құлқындағы кейбір штрихтардың Нарша бойынан да табылатыны. Мәселен, Шаймерденнің жалына қол тигізбес тарпаң тәрізді кейбірдегі аспанға шапшитын шу асау мінезі; Жәнібектің бұрынғы сал-серілердің сарқытындай болмысы; Мырзанның қыннан суырылған қылыштай жарқ-жұрқ еткен өткірлігі; бәрі-бәрі біз білетін Наршаға да тән еді. Бұдан «Дос деген – жан дүниесі үндес адамдар» дейтін сөз кімнен шықса да, шындыққа жанасатынына көз жеткізе түсетіндейсің. Әрі-беріден соң оның: «Жанарында мұң тұнып тұрған жанды жақсы көремін, танымасам да жақын тартамын және іштей сенемін. Мұңы бар адам – шын адам, жақсы адам» деп, Мырзанның мұңы оның өзінің де мұңына айналып кететінін қайтерсіз.
Осымен қатар ол шығармашылық жөнінде де: «Мұңы жоқ туындының дымы жоқ. Мейлі ол қай жанрда болсын» дейді. Айтқандайын, оның махаббат лирикасына арналған өлеңдерінің өн бойында да лапылдап жанып күю мен құшып сүю орнына мұң желі тартып, әсте үзілмей есіліп:
«Жылжығанда көк вагондар тізіліп,
Жылай жаздап, жылы өңі бұзылып,
Қалушы еді мен кеткен сайын
қалқаның
Жүйкесінің жүз талшығы үзіліп.

Менің дағы ішім морып сол шақта,
Ерік бере жаздап мөлдір моншаққа,
Сезім, ойым сенде қалып, құр сүлдем
Кете барар еді ат­танып алшаққа.

Сезім үшін кінә артады кім маған,
Байқамаппыз, бар екен ғой
мұнда мән.
Алматының вокзалы, аман тұра бер
Ескерткіш боп махаббатқа мыңдаған», – деп бір «Алматы вокзалы» өлеңінің өзі-ақ мұңға батырады. Болмаса, «Қарағайлы қайран бақ» өлеңіндегі: «Аяулы шақ кет­ті-ау шіркін алыстап, Сағынышы жүрегімді жаныштап. Табам ба деп сол күндердің іздерін, Тағы келдім. Тамылжиды таныс бақ» деп, «Ақырын, ақырын жылыстап» қара үзіп кеткен күндерді, «Махаббат қызық мол жылдарды» еске түсіріп, сені де «пойызға мінгізіп», сені де «таныс баққа кіргізіп», күздің күлімсіреген шуағында тәт­ті мұңға малынып, жас дәуренді сағынтып есіңді алады. Бұдан әрі де мұңлы әуеннің желісін үзбей, сүйген жары Болғанға арнаған «Табыстырды өзіңмен» өлеңінде де:
«Екеулеп тартып келеміз
тірлік арбасын,
Тірлік арбасы тірелді кейде
жарға шын.
Тайғақтарда табанымды тайдырмай,
Таяныш болған сендей
жарға бар ма сын?

Ақын деген адамы ғой сезімнің,
Торлап тұрар көңілі мен көзін мұң.
Құлазытса құнары жоқ қу тірлік,
Құладым келіп құшағыңа өзіңнің.

Тағдырыма табыстырған өзіңмен,
Шүкіршілік етіп талай көз ілгем.
Шын махаббат шынында да,
бәйбіше,
Тұрады екен кешірім мен төзімнен, – деп жалғастырып, өткен кезеңдердегі махаббат аккордын қайталай бермей тоқтам жасайды.
Ал енді ақын-жазушылардың туған жері туралы қалам тартпағанын табу қиынның қиыны, мүмкін де емес. Дейтұрғанмен Наршаның туған жерге, елге деген ықыласы шығармашылығында мүлдем ерекше. Ол туындылар: «Туған жер», «Таласым», «Қаратау», «Қайран Ақкөл», «Ауыл ауыспайтын астана», «Екі Отан жоқ ешкімде» және басқа да тақырыптарда «Өлеңдерім – халқыма жазған хат­тарым» болып қағазға түскен. Өзі айтқандай, «Отан үшін орман болып ойлап, теңіз болып толғап» жүрекке салмақ салып жазғандықтан да Талас жұрты оның жырларын жатқа оқиды. Немесе бұл өңірде «Наршаның сөзі – баршаның сөзіне» айналғанына да жарты ғасыр. Мүмкін, ақын бақыты дегеніміздің өзі – осы шығар.
Сол жүрек қозғаған жырларының ішінде арнау өлеңдері шығармашылығының бір саласындай. Бұл тұрғыда, әсіресе мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың Талас өңіріне келуіне байланысты жазылған «Армысың, алты алаштың ақсақалы» ат­ты өлеңінің өрнегі тіпті алабөтен. Оқып көрсеңіз:
«Өшетін ел жыртар Ердің жағасын,
Өсетін ел білер Ердің бағасын.
Таласымның мерейі бір тасыды-ау,
Қарсы алып алты алаштың ағасын.
Тектілікті кім болса да бағалар,
Тексіздікті ит те, құс та табалар.
Ұлы ұрпағым ұмытпаған екен деп,
Орнынан бір аунап түсті-ау бабалар.

Кесек тұлға, кең пішілген нар мүсін,
Аппақ басы секілді бір қарлы шың.
Қайталанбас қайраткері қазақтың,
Алатаудай көкем менің, армысың!» – деп, ақын қайраткердің де, қара өлеңнің де мәртебесін көтеріп, қадіріне жетеді. Осы сияқты қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлы қайтыс болғанда да: «Саңқылдаған зор дауысың, Ел үніндей ерек еді. Тіл мен дінді қорғау үшін, Қазір де ол керек еді. Болдың ұлт­тың нар ұлы шын, Болмысың да ерек екен. Қазақ болып қалу үшін, Бір Бауыржан керек екен!», – деп жырлап, Батыр мен ақын үндесіп, елдің бүгінгі тыныс-тіршілігіндегі зәру мәселелерді күн тәртібінен түсірмей, алдыңа тоса қояды.
Сайып келгенде, арнау өлеңдерінің өзегінен Наршаның өзін де, сөзін де кездестіресің. Мұның бірді-екілісі Таластың танымал тұлғасы болған Тамабек Қартабайұлына арнаған «Бақидан тап бақыт­ты» жырында да байқалады. Оның туған жерін түлетудегі табандылығын: «Қалғушы еді қайран сарбаз халқым деп. Оянушы еді Отаным деп ұйқыдан» деп сурет­тей келіп: «Тегін бақыт қайда дейсің тектіге, Теперіш көрді, қасірет­ті шекті де», – деп аяқталатын шумақтарда сөз болып отырған кейіпкерінің жанама прототипіне ақынның өзі де айналып кететінін, оның да өмір жолында теперішті аз көрмегенін жоққа шығара алмайсың. Бұны «Бақыт­тысың, апа!» жырындағы:
«Апа, Сізге борыштармын өте көп,
Ерке ұлың оны қалай өтемек.
Көппен бірге тіршіліктің көшінде
Келесің ғой бір топ жанды жетелеп.
Кім айтады бақыт жолын төте деп.

Тауқымет­ті тарт­тың рас, не түрлі,
Қаншама рет қылыш жүзің кетілді.
Жылдар өт­ті, жолдар жет­ті бүгінде
Жетелеген жетімдерің жетілді
Енді өзің де, сөзің де елге өтімді» – дейтін, немесе «Қиындықтар» өлеңіндегі: «Қиындықтар қарамайды бас-көзге, Қиналғаннан келер кейде жас көзге. Талайым шығар, тап болдым мен әйтеуір, Талай-талай тауқыметке жас кезде», – деген күрсінбей оқи алмайтын өлең жолдарынан оның тағдырының балалық шағына шалқақ қарағанын пайымдайсыз.
Міне, осы орайда, ақын-жазушылар сөз бола қалған жерде Э.Хемингуэйдің: «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шағың болу керек»,– деген тәмсіл тектес пікірінің тіл ұшына келетіні бар. Яғни классик жазушының «формуласына» Наршаның тағдыр-талайы тап келсе, таланты мен танымы да оның ақын екендігіне еш шүбә келтірмейді. Ақын болғанда да тұңғыш жыр жинағының аннотациясындағы: «Ақын қай тақырыпты өлеңмен өрнектеймін десе де бейнелі де тапқыр тілмен, шынайы шеберлікпен төгілдіре жырлайды. Ақ сөйлейді, ағынан жарылады. Кітапқа енген қай өлеңі болса да сезім қылын шертіп, оқырманын өмірдің сан тарау соқпағына жетектейді. Өнер мұхитына өз үнімен келген тағы бір кәусар бұлақты қабыл алыңыздар, қымбат­ты оқырман», – деген жолдарға да келіспеске еш шараңыз қалмайды. Ақынның барша жыр жинағын оқып шыққанда да ұраны «Жақсылық жаса адамға!» болып, тектілік пен кісілікті, ірілік пен ізгілікті ту етіп көтеріп, әрбір сөзін мұңға орап жазатын, өксігі басылмай өткен шайыр екеніне көз жеткізесің.
Ендеше, туған жерінің өзен-көлін, тау-тасын, атпал азамат­тарын ардақ тұтып, ақ пейілімен жырлаған ақын есімі ұлықтауға сай емес пе?! Бұл оның рухы алдында атқарылған игі шаралардың бір+егейіне айналар еді. Осымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткерінің ендігі мерейтойлары былтырғы жетпіс жылдығындай бір аудан көлемінде қалып қоймай, көпшіл ақынның рухын көп болып көтерген жөн бе дейміз…
Ол сондай құрметке әбден лайық, өлеңге таласы бар ақын еді…

Маханбетәлі Дүйсебаев,
ардагер журналист
Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір