Сарыарқа саңлағы
24.02.2017
1781
0

Адамдық мәртебесі – білім-білік, ой-сана дәрежесіне, кісілік, әдептілік мәдениетіне, тәлімгерлік өнегесіне, ұшан-теңіз тындырған еңбегіне, елге жасаған қызметіне орай өлшенеді. Ел ағасы, көркемсөз құлжасы атану, атаның жүгі – атанның жүгі дегенге лайық болу – шалқар шабытты шалқыған ақындықтың бұлағы, қара сөздің шебері, майталман көсем­сөзші, журналист, әдебиет зерттеушісі, халық мұрасының білімпазы, ұстаз-педагог, Ұлы Әуезовтің шәкірті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Нұрғожа Нарынбайұлы Ораздың маңдайына бұйырған бақыт!

Сөз зергерінің қолынан 50 шақты кітап жазылған. Бұл бір байтақ көркемдік дүниесі. Соның ішінде «Шұғыла» (1970), «Көңіл көк­темі» (1975), «Тың түлегі» (1977), «Қырандар ұясы» (1979), «Тың ырғақтары» (1984), «От кеш­кен балалық» (1986), «Өрімталдар» (1989), «Сарыарқа сырлары» (1979), «Мәң­гілік махаббат» (2000), «Дәуір додасы» (2001), «Мама батыр» (2002), «Ай-Марал» (2006), «Үштаған» (2012) дейтін жыр жи­нақ­тарының әрқайсысы алуан-алуан сыр шер­тіп, қиялыңды қозғайды. Адамзат пен ға­лам­заттың біртұтастығы, сонымен қатар бар­лық пен жоқтықтың, жастық пен қарт­тықтың, уайым мен шаттықтың, әділет пен әділетсіздіктің, жақсылық пен жаманшы­лық­тың, адалдық пен арамдықтың қарама-қарсылығы жалғанда үнемі үздіксіз толас­тамайтындығын мегзейді.
Шеберлік, суретшілік, ақындық қабілет тұр­ғысынан көз салсақ, Нұрағаңның ру­ха­ни-адамгершілік, ділдік-мәдени тұлғасы өзін­дік жаратылысымен, күйлі-қуатты тол­ғауларымен, бұла, нәзік, таза сырларымен, бейнелілік-көркемдік құрылым-маз­мұны­мен, музыкалық архитектоникасымен ерек­шеленеді. Ақын Н.Ораздың жан сарайы – жыр ұясы, сыр дариясы, көркемдік энцик­лопедиясы іспетті. Бұған:
Миымның қатпарларын қазып көрсең –
Табар ең мың шақырым жазыққа өлшем, –
дейтін шынайы лебізі айғақ.
Оның лирикалық кейіпкері романти­ка­лық леппен, құштарлықпен сөйлейді.
Шыңыраудың тереңінен ойлап –
айта алмай жүрмін.
Дарияның тұңғиығын бойлап
қайта алмай жүрмін.
Қыранның биігіне қанат сермеп,
Ай сәулесіне шомылған
ақ бұлтты тайсалмай ілдім.
Ой-парасат биігіне құлаштап ұмтылған ақын сөзінің, ақпейіл көңілінің, мөлдір се­зі­мінің құдіреті мен суретіне куә бола­сың.
Ақын жанын тербегенде жыр-бұлақ,
Көңіл-құрақ жайқалады сыбдырап.
Жұрт алдында тасқындап бір кетеді,
Жатқандайын жартастан тік су құлап.
Ақын жүрегіндегі, ой-санасындағы сыр­­лы ағыс-толқындар поэзия тілінің ек­піні мен тегеурінін, күйлілігі мен ұш­қыр­лы­ғын тудырады. Сөз ұстасының «әр өлеңі – қан тамыры, жұлыны».
«Арым, жаным, болмысыммен тек өзің­нен жаралғам» дейтін жыр тарланының ле­бізінен туған мынандай көңілді мың тү­ле­тетін көрікті шумақтар жеткілікті.
Туған жердің бұлты да бір ерекше,
Нұр себеді дән тазартқан елекше…
Қандай сүйкімді сурет десеңізші!
«Жерім, жаным біртұтас», «Жарты әлем, ұлы далам – жазылған хат» деген дегдар ақын­ның мына бір түйдегі жүрегіңді сырға тол­тырады.
Туған жердің ауасына сіңіп мен,
Арыламын адамға тән күдіктен.
Кеуделерге демі болып кірем де,
Шам жағамын шаттығы мол үміттен.
Немесе:
Туған жерді қорғап түрлі апаттан,
Ату үшін күнде жарық аппақ-таң.
Мөлдір ауа – менің мөлдір мінезім,
Айнымайды шұғылалы шапақтан…
Негізінде, шынайы поэзияның жаны – суреттілік, ойшылдық, жалынды рух, сәу­лелі сезім, ішкі қуат.
Абыз ақын қоғам мен адам өміріндегі же­те­сіздікті, сөкет жайларды, тойымсыз құз­ғындарды, тыйымсыз көксоққандарды, есіл-дерті сасық байлықты көксейтіндерді, ел рыздығын тажалдай жайпайтындарды, жауыр­ды жаба тоқитындарды бидайдай қуы­рып әшкерелейді. Мысалы:
Жұртым тыңдап жатқан жоқ
ақы­лымды,
Естісе де естімес ақырғы үнді.
Елеуреген елірме жел секілді,
Ақын түгіл аямас батырыңды.

…Талап жатыр халқымды тонаушылар,
Бейне өткінші әлдебір жолаушылар.
Секілденіп селт етпей ел ісіне
Демей қойды түбінде қорғаушы бар.

Сонда қайтіп күнелтер халқым мынау,
Жауабы жоқ сұраққа алқындым-ау!
Күнде неше құбылған құйын бейне
Болмасын тек бұл жолдың арты құлау.
Ақын поэзиясындағы азаматтық әуен осы­лайша саңқылдап естіледі. Сөйтіп, опа­сыз сойқандарды, сұрқақпайларды уытты тілі­мен шенейді.
Ақын Н.Ораздың шығармашылық өмір­баянында тарихилық, эпикалық, лирика­лық сипаттарға кемел кең тынысты дастан­дар­дың мән-мағынасы бөлек. Ол «Мама ба­тыр», «От кешкен балалық», «Досымның тағ­дыры», «Мүгедек», «Тәуелсіздік таңы ат­ты», «Түкті сардар» атты поэмаларды тол­қыта туындатты.
«Тәуелсіздік таңы атты», «Мама батыр», «Түк­ті сардар», «1979» дейтін тарихи поэма­ла­рының ұлт тарихындағы өзгеше өзекті оқиғалар, заманауи құбылыстар, отаншыл­дық асқақ рух, ұлттық ой-сана барынша бей­нелі әсерлі, мәнерлі өрнектеледі.
Және де тұлғатануға қатысты деректік-ше­жірелік негіздерімен, ой орамдарымен қы­зықтырады. Олар: Анахарсис, Тұмар ха­ным, Шырақ батыр, Атилла, Күлтегін, Қа­сым хан, Есім хан, Хақназар хан, Әз Тәуке, Сырым, Исатай-Махамбет, Абылай хан, Кенесары, «Көктемір» көтерілісінің көсемі 22 жасар Сапар Мәтенқызы (Сапара, Мятян – орыс деректері бойынша). Бұларды тарих пен тағдыр оқулығы, ақынның адамгершілік тұлғасының айнасы, парасат-пайым әлемі десек те жарасымды.
Көрнекті қаламгер көркем про­за саласында да еңбектенді. «Тағдыр тәлкегінде», «Айыпкер кім?», «Алқа», «Жауқазын» по­вес­терінде адамдар бойындағы рухани та­залық, ізгілік, бауырмалдық, адалдық тә­різ­ді имандылық қасиеттер шын­шыл­дықпен көрсетіледі.
Ал Нұрғожа Ораз «Қаракүйік» атты ке­сек романында «Столыпин реакциясы» тұ­сында Ресейден сұмырайдай сұрланған қо­ныс аударушылардың ежелгі жер иелену­ші­леріне қорлық-зорлық, әпербақандық көр­сетумен атақонысынан үркіту, ел ішінде іріткі салу, шағыстырып-өштестіру, алауыз­дықты өршіту, нешеме алуан айла-шарғылар арқылы шошыту, құпия, жасырын зымиян­дық әрекеттердің көріністерінен басталып, қантөгістерге ұласқанын, одан кейін күйін­ген ел жақсыларының, әділдікті көксеп, ұлт мұратын діттеген серкелердің 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің тұтануымен түйін­деледі.
Шындығында сол бір құбылмалы, тол­қы­малы заман ахуалын, қазақтың тағдыр-та­лайын, ақиқат болмысты жазушы Нұр­ғожа Нарынбайұлы шығармашылық зер­делілікпен шынайы сипаттайды. Туын­дының құлақ күйіне зер салсақ, романның басты қаһарманы – Тәнке баласы Өтебай ала­пат көріністі түсінен шошып оянады. «Ер­тегілерде айтылатын екі басты алып қа­рақұс төбесінен төніп келіп, сояудай тыр­нағын тарбита келіп бүріп ала жөнелген». Бұл – Қаршығалының қайыңды ормандарын отайтын тойымсыз құзғындардың, жан ал­ғыштардың баса-көктеп келе жатқанын елестетеді.
«Қаракүйік» романында жер тегістеу жә­не оны жырту, егін егу көріністері, қара шек­пенділердің жерге қожайындық жасауы жә­не орналасуы, жергілікті халықтың атамзаманнан бергі өз жеріне деген құқығының өрескелдікпен бұзылуы, қоныстанушылар­дың қолдаушысы, қорғаушысы Патшалық Ре­сейдің Үкіметі, әскері екендігі, елдің бе­ре­кесін терең ойлайтын, турашылдықтың, дұрыс­тықтың жолында жүрген Бәкен мен Өте­байдың тұтқындалуы, Ақтан мен Нұр­тай­ды жандаралдың ұстап әкетуі, ұлықтың Бай­мақанды мылтықтың дүмімен қара­құс­тан қонжитуы, елдің азық-түліктерін тартып алуы, салық салуы, жердің тарылуы, за­ма­на қыспағы, «бөдене жаларлық шықтың да» болмауы, сұрапыл дүлей өрттің Қар­шы­ғалының ормандарын жалмап қаракүйікке айналдыруы көркемдік қуатпен, суреткерлік толғаныспен өрнектеледі.
Романшы Нұрғожа Ораз әдеби кейіп­кер­лерінің іс-қимыл әрекеттерін, ұмтылыс-құл­шыныстарын, ішкі ой-толғаныстарын те­реңнен толғай отырып, қоғамның кереғар қай­шылықтарын, адамдардың қарым-қа­тыстарын, түрліше көзқарастарын, заң­ды­лық­тары мен көкейкесті мәнді құбы­лыс­та­рын тамыршыдай сезінеді.
Жатжерліктердің озбырлықтарына бір-екі мысал келтірелік. Орал қажы мен Бә­кен­нің диалогында: «Е, атамыз, ел ішінде ға­лымдарға таупиқ бер, ғалым ішінде за­лымдарға таупиқ бер»; немесе Қалиолланың құдасы Мақа биге айтқаны: «Пәленің ішінде болсаң сыртына шықпа, сыртында болсаң ішіне кірме» деген ұлы тілегінде, сөз сап­тауында, елдің тұтастық-бүтіндігі, ын­тымақ-бірлігі бұзылмасын дейтін өзекжарды ой-арман бар. Алайда, байтақ далаға көз алартқан өзімшіл екіжүзді мысықтілеу менмендер аярлық пен жыртқыштықтың, сатқындық пен қиянатшылдықтың неше түрлі әдістерін барынша қолданды.
Әділдік іздеп Мақа би мен Өтебай уезд ор­талығы Қызылжар шаһарына барып, ояз­ға кірмекші болған-ды. Ол бар болса да та­балдырығынан аттатпаған шенеунік: «Елің­нің сотқар-сотанақтарын қор­ға­мақ­сыңдар. Урядникті өлтірмек болғандармен жең ұшынан жалғасқансыңдар. Өздеріңді абақтыға қамаймыз», – деп шапылдайды.
Өтебай буырқанып: «Бұзық­шы­лық­тарың­ды губернаторға жеткіземін», – десе де, ол қарабет шегінбейді.
Жер тағдыры ұстараның жүзінде, иненің ұшында, тажалдың уысында. «О, әулием ме­нің атамекенім. Сенің үшін жан пида. Кін­дік қаным тамған жерге жүрек қаным да тамсын. Сенсіз өмір жоқ қой бізге. Әр ор­маның бізге жайған жылы алақаның, әр қайыңың табиғаттың дауылынан, боран, жауын-шашынынан қорғайтын саусағың іспетті…», – дейтін ауылдың ақыл-аузы, ар­­қан-қазығы Өтебайдың ішкі ой тер­бе­ліс­те­рі жан-жүйеңді, сай-сүйегіңді толқыта­ды.
Жазушы көркемдік шарттылықтардың орайлы жарасым тауып, шебер қиюласуын айрықша қадағалап отырады. Мәселен: «Күн бүгін ерекше қызыл, аспанның батыс жақ іргесін түгел қанталатып жіберген. Әнебір арқан бойы биікте тұрған бұлт та бауы­рын қанға малғандай. Шоландағы ел аман болғай», – деп ойлайды Нартай. Осы бір сурет Шолан шайқасын сездіргендей.
…Ол 1981-1994 жылдар аралығында 7 дүр­кін Ақмола облыстық Ақындар айтысын ұйымдастырып, әділқазылар төрағасы болды. 1991 жылы Қанжығалы қарт Бө­ген­бай­дың туғанына 300 жыл толуына орай ұйым­дастырылған айтыс турасында ұлт ру­ханиятының жанашыры Өзбекәлі Жә­ні­беков: «Республикалық ақындар айтысы қай­та жанданғаннан бергі соңғы он жыл­дағы тамаша айтыс осы болды», – деп ағы­нан ақтарылды. Сондай-ақ, елдің ин­тел­лек­туалдық дәрежесін, ой-санасын, пайым-парасат деңгейін көтеру мақсатында «Да­ла әні», «Ақмола аруы», «Жігіт сұлтаны» сияқ­ты конкурс-байқауларға сарапшы бол­ғаны тағы бар.
Жұмыс істеу қабілет-қарымы жоғары, қи­сынды ойлаудың иесі, әрқашанда жи­нақы, берекелі әрекеттің, мейірім-қайыры­м­ды­лықтың, өз ісіне деген жауапкершіліктің ада­мы Нұрғожа Ораздың С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогика институты мен Қазақ ауылшаруашылық институтында «Қазақ әдебиетінің көне тарихы», «Көш­пелілер және Батыс өркениетінің қай­шылықтары», «Балалар әдебиеті» атты арнаулы курстар бойынша дәрістер жүргізді.
Текті ұядан көрікті ой, ақ ниетпен түле­ген, елдің жарқын келешегін тілеген, тарих­тың тереңіне ұмтылған көреген, үйірсекті­гі­мен өрісін кеңейтіп гүлдендірген, жампоз жа­ратылысымен мұрат-мақсатына қол жет­кіз­ген, «сөзі – дауа, лебізі – дуалы» (Серік Тұр­ғынбекұлы) Алаштың абыройлы ардақ­тысы, марқұм Нұрағаңның зерделі келбеті, ой мен тілге зергерлік өнері, дарынды бол­мы­сы, рухы ел жадында жаңғырып, сағы­ныш­тың сазына бөлері хақ.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір