ЖАҺАНДАНУҒА ЖАУАП – ТҮРІК ТҰТАСТЫҒЫ
Бір кездегі туысқан халықтардың, бір туған ұлыс пен ұлыстың, ұлт пен ұлттың арасындағы байланыс өз ішіміздегі араағайындық жегжат-жұраттық қарым-қатынас сияқты себеп-салдарсыз-ақ түбегейлі үзіліп қалғандай көрінеді. Байырғы ынтымақты салтымыздан бұл күндері мүлдем ажырап, «өзбек – өз ағам», «қырғыз-қазақ бір туған» деген бауырмалдық сезімдеріміз суып қалғандай. Бұрындары ел мен елді біріктіру ісінде, әсіресе, әдебиет дәнекер сияқты еді. Кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабиттеріміз бастап салған қасқа жол, сүрлеуі неге бұлдыр тартты? Олардың әдебиеті мен өнеріндегі жаңалықтардан бейхабарлықтың түбі неге апарып соғады? Жалпы, әдебиет пен өнердің қазіргі ахуалы қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Марал Ысқақбай,
жазушы
Заман өзгерді, уақыт ағымы өзгерді…
Алдымен айтарым, «түркі» деген қолданысқа қарсымын. «Түркі» деген сөз тұрпаты жағынан «қазақы» деген сөзге ұқсағанымен, негізгі ұғымнан алшақ жатқан сөз. «Түрік» дегеннен қашпау керек. «Арғы атам ер түрік, біз алаш еліміз» деп басталмаушы ма еді Алаштың (бейресми) гимні. Абай да, Шәкәрім де, Мағжан да «түрік» деп жазған. «Түркі» деген терминнің қалай пайда болғанын айтайын: Кеңес дәуірінің бір кезеңінде «ислам», «түрік» деу «қатерлі» сыпатқа ие болғаны бар. Тіпті «панисламизм», «пантуркизм» дейтін сөздер саяси «шоқпарға» айналған.Түріктекті екеніңді айту қауіпті еді. Өйткені, Ресей қарамағындағы түріктекті халықтарды Түркия түріктерінен алыстату – үлкен саясаттың бірі болатын. Түріктердің неше ғасыр бойы бүкіл Еуропаны қалтыратқаны өз алдына, тек ХІХ ғасырдың өзінде Ресей мен Түркия арасында үш рет үлкен соғыс өткені тарихтан белгілі. Оның ақыры орыстардың жеңісімен, Қырымды тартып алуымен аяқталған. Патшалық Ресейдің сол империялық ниетін ары қарай жалғастырған кеңестік саяси қысымның тұсында зиялы аға-аталарымыз «түркі» дейтін терминді пайдалануға мәжбүр болған. Алыстату саясаты әуелде осылай жүргізілген-ді. Сендер айтқандай, «себеп-салдарсыз» болмаған. Ал бүгіндері барған сайын алшақтап бара жатсақ, ол да қоғамдық-саяси тіршілікке байланысты. Рас, кеңестік дәуірде мәдени байланыс тәуірлеу еді. Бір мемлекеттің ішінде тұрғасын, коммунистік партия жүргізген ұлттық-мәдени саясат нәтижесінде жоспарлы шаралар өтіп жататын. Мәдени күндер, декадалар, көрмелер ұйымдастырылатын, театрлар репертуар алмасатын, концерттік ұжымдарды гастрольге шақырысатын. Мәдени тығыз байланыс, әсіресе, көркем әдебиет саласы бойынша кітәп шығарудан жақсы байқалар еді. Жекелеген ірі жазушылар арасындағы достық қатынастың арқасында барыс-келіс те үзілмейтін. Осының бәріне себепші болатын бүкілодақтық жазушылар ұйымы еді. Съезге, пленумға, басқадай үлкен-үлкен шараларына ірі қаламгерлер делегат болып қатысып, жастар Әдеби институтта оқып, бір-бірімен танысар еді. Курорттық жерлерде орналасқан бірнеше шығармашылық үйлері бар еді, сонда демалып, шығармашылық байланыс орнатып, ол байланыс достық қарым-қатынасқа ұласып, соның арқасында бір-бірімізден қара үзбей жүргендей сезінер едік. Заман өзгерді, уақыт ағымы өзгерді. Тұрмыс нашарлады, байланыс үзілді. Баяғыны орнына келтіру бүгін мүмкін емес. Ол – үлкен саясаттың ісіне, мемлекетаралық қатынастар белгілейтін мәселеге айналып кетті. «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» деп қазақ тегін айтпаған.Енді алшақтай түспесең, жақындай қоймассың.
Әр елдің мәдениеті кәзір қалай дамып келе жатқанын айту үшін арнайы зерттеу жүргізу қажет, қолда мол мәлімет болу керек. Білікті маман сөйлемесе, екінің бірі айта салатын сөз емес ол. Ал енді Ғабит Мүсірепов «алыптар тобы» деп атаған аталарымыздың заманы қайталана бермейтін ерекше тарихи өрлеу дәуірі еді. Ол Ресей қарамағындағы түріктекті халықтардың біраз ғасырлардан соң селт етіп оянып, мәдени тұрғыда күрт дамыған кезеңі-тұғын.Әр түрлі губерниялар құрамында бөлшек-бөлшек болып жүрген бір ұлт өкілдерінің басы бірігіп, өздерінше жеке-жеке республика атанып, ұлттық, әлеуметтік теңдікке қол жеткізгендей сезініп, өзгеше рухани түлеуді бастан кешіріп жатты. Кеңес өкіметінің идеологтары соны сезіндіре алды. Рухани түлетіп, қарнын да тойғыза алды. Бүгінгі таңда сол жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткіздік деп алақайлап, телпегімізді аспанға атқан қуанышымыз тез басылды. Өйткені, тәуелсіздікке даяр емес екенбіз. Тәуелсіз мемлекттің болашағы туралы жоспарымыз да, жобамыз да жоқ болып шықты. Әлі күнге дейін мемлекттік, ұлттық идеологиямыздың жасалмағаны соның анық айғағы. Әйтеуір, мұхиттағы айсбергше заман ағымымен ығып келе жатқанымызды білеміз, бірақ қайда барып ұрынарымыз бір Аллаға ғана аян. Ел тізгінін сеніп тапсыратын азаматтарымыз өз қара бастарының қамын күйттеуден аса алмай келеді. Бүгінгі таңда тағдырыңды сеніп, соңынан еруге болады-ау дейтін тұлғаны өз басым көріп тұрғам жоқ. Сондай жағдайда мәдениетіміз қалай көгереді, әдебиетіміз қалай өседі?! Кешегі өткен Қадыр, Тұманбай, Сағи, Әбіш, Сәкендеріміз, мұхиттың ар жағында жатқан Мұхтарымыз, қасымызда жүрген Бексұлтан, Төлен, Дулатымыз, т.б. талант тұрғысынан да, қайраткерлік тұрғысынан да кімнен кем еді. Бірақ жоғарыда есімдері аталған, аталмаған мақтаныштарымыздың атқарған ісін олар тәуелсіз заманда атқара алмағаны рас. Өйткені, оған мемлекеттік тұрғыда қажетті саясаты жасалмаған. Билік басындағылардың оны жасауға не құлқы жоқ, не өресі жетпейді. Тіпті, қаламгерлердің зарына құлақ асар жан табылмағасын, не айтарсың. Тіпті жазған кітәбіне қаламақы төлеттіре алмай жүргенде, бауырлас елдердің әдеби байланысын жақсартуды кім жүзеге асырмақ? Ол кімге керек?
Бұл тек қазақтың басындағы жағдай ғана емес, әрине. Татар халқына кінә жоқ қой. Ал өзбек, қырғыз, түрікменнің тіршілігі де біздікі секілді. «Балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» деген заман. Бәрінің күйттегені – тұрмыстың қамы. Оның үстіне моральдық құлқымыз да өзгерген, жаппай дүние қуған кез. Түріктің тұтастығы түгіл ұлттық мүддені ойлайтындарды түгелдеп алу қиын. Оны ойлайтын – тек баяғы біздің «романтик» қаламгерлер. Әйтсе де, ойлау бар да, оны жүзеге асырудың жолын іздеу, тым құрымаса қолғабыс жасау бар ғой. Соның өзі біздің қазақы мінезімізге «соғылып», беті қайтып жатады. Біраз жылдан бері түрік бауырларымыз осы өздерің қозғап отырған тұтастықты ойластырып, «Түріксой» дейтін халықаралық ұйым құрғаны барша түріктекті ағайындарға мәлім. Бірақ соған бел шешіп кірісіп, белсене араласып, үлес қосуға ұмтылып жатқан қай қазақты көрдіңіз? Ол жоқ қой. Бұндай шаруаны қозғау үшін ортақ мүддеге зәрулік болу керек. Мәселен, экономикалық мүдделілік немесе ортақ жаудан қорғануқажеттілігі, т.с.с. Осы секілді үлкен ортақ мүдде ғана жұмылдырмақ. Сонда оның саясаты мемлекеттік деңгейде жасалады, іске асыру тетігі қарастырылады.
Әрине, бұндай шаруаны қоғамдық негізде де жүзеге асыруға болады. Бірақ оның саясаты бәрібір мемлекеттік деңгейде шешілуі керек. Айталық, авторлық құқықты қорғауды ұйымдастыру сияқты. Оның бізде халықаралық тәжірибеге сүйеніп жасалған құқықтық негізі бар, заң бар. Соның өзінде де халықаралық құқықты да, әлемдік тәжірибені де белден басып, авторлардың еңбегін бас пайдасына жаратып жатқандар бар. Пәленбай жылдан бері күресіп, жеңе алмай келеміз. Өйткені, оған заңсыз мүдделер араласып, қинап келеді. Сонда ешқандай құқықтық негізі жоқ, саясаты қарастырылмаған шаруаны жазушылар қанша талантты, қанша беделді болса да, қалай жүзеге асырмақ? Бүгінгі таңда ол мүмкін емес.
Кәкен Қамзин, филология ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
Жаңа заман соны толғаныстарға, инновациялық идеяларға зәру
Қазір екі мыңыншы жылдардың басында жалауы көкке көтерілген, біздің ішімізде де барынша кеңінен насихатталған, әлі де үстемелей тықпаланып келе жатқан жаппай ғаламдастыру, мультимәдениет идеяларының, салауатты әлеуметтанушылардың, ақпарат зерттеушілерінің, мәдениеттанушылардың айтуына қарағанда, кенеуі кете бастаған сияқты. Өйткені, бұл ұранның астарынан ұлттық танымды, ұлттық өнегені, ұлттық дәстүрді жоққа шығару харекеті анық аңғарылатын. Сондықтан жаратылыстың төл эволюциясымен сыйыспайтын мұндай саясаттың екпіні ұзаққа бармайтынын өмірлік тәжірибе, жаңа танымдағы халықаралық қарым-қатынас сілемдері айқын көрсетіп берді. Бірақ бұл арада бір айта кететін жайт: біз ақпараттық технологиялардың, жылдам хабар алмасудың мүмкіндіктерін өз пайдамызға жаратуды әмісе жадымыздан шығармауымыз керек.
Әдебиет пен өнер кірме, одағай организм емес, ол – халықтың талай ғасырлардан бері екшеліп, мұнтаздалып, ілгерілеп келе жатқан игілігі. Ұлт психологиясы. Айрықша үдеріс, көркем дипломатия. Олай болса, әдебиет пен өнердің осындай керемет артықшылықтарын ұлт кәдесіне лайықты жарата алу – ол көрегендіктің, кемеңгерліктің нышаны. Ұлттық әдебиетті дамыту, оның озық үлгілерін халықаралық аренаға шығару елдің беделін арттырады, халықтың рухани шама-шарқын байқатады. Кезінде алыптар тобының соңғы толқыны Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер (Сәбең мен Ғабеңді көзіміз көрді) туысқан әдебиеттер байланысына, әдебиет саласындағы ынтымақтастыққа зор көңіл бөлген. Олардың мекені іргелес бауырластар классиктерімен достық, пейілдестік ниеті, барыс-келісі өз алдына бір әңгіме. Ондай достық қарым-қатынас әлі де бар. Аузымызды қу шөппен сүртпейік. Бірақ бұрынғы деңгейде, ойдағыдай емес. Оның бір себебі – о жақтың да, бұ жақтың да танымал қаламгерлерінің өмірден озуы, бұрынғы форматтағы бас қосулардың қазіргі заманға сай келмеуі. Оның үстіне қаржы-қаражат мәселесі қол байлау болары және шындық.
Алыс шет елмен әдеби қарым-қатынас жасау шартының да кезінде жандануы, өріс алуы – аты аталған ұлылардың өздерінің, осы қияпаттылар ұясынан ұшқандардың қолынан келген шаруа. Бұл арадағы әңгіме Азия-Африка жазушыларының Ташкент, Алматы конференциялары жайында. Айтқандайын, 1973 жылы астанамызда болған сол беделді жиынға өзім де қатыстым. Әрине, кеңес идеологтары ондай халықаралық шараларды өткізу арқылы социалистік жүйенің басымдығын, коммунистік мұраттардың халықаралық деңгейде мадақталуын көздеді. Бұл, шындығын айту керек, сол уақыттағы ғаламат PR науқан, өтімді жарнама еді. Дей тұрғанмен, Азия-Африка жазушылары конференциясын Алматыға тартуға мұрындық болушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың стратегиясы – бодандағы елге тәуелсіздік алған жұрт жазушыларының образын, азат санасын, еркін лебізін мейлінше таныту. Оны кезінде ұққандар да бар, әлі күнге дейін ұқпағандар да жүр.
Біз – ежелгі мемлекеттілік дәстүрі бар елміз. Ой-санамыз да сол өскелең, зерттеушілік деңгейде. Осы себептен де біз тарихымызға үңілеміз, өткен-кеткенімізге көз жібереміз, ақиқатқа жүгінеміз. Бірақ шындықтың бетін ашу жолы осы екен деп, қызды-қыздымен тырнақ астынан кір іздеу кімге абырой әпермек? Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды ардақтыларымызды күстәналау, тіпті ұлы Абайдың жағасына жармасу өскендіктің, естіліктің белгісі ме? Келешектік маңызы бар рухани өнім шығаруға үлес қосушы қаламгерлердің, мәдениеттанушылардың имиджі тап осындай кеуде қағудан көріне ме? Рас, жаңа заман соны толғаныстарға, инновациялық идеяларға зәру. Өркениетте елдер овацияға ұласқан ду қол шапалақтау трендінен баяғыда қол үзген. Біздің аға буын жазушылардың да, кейінгі ұрпақтың та осыны әбден ұғынар уақыты жетті. Әдебиет, өнер саласындағы алыс-жақынмен қарым-қатынас салтында бұл көрсеткіштің де ролі айтарлықтай.
Қазіргі көзі ашық жанның бәрі біледі, әдебиет саласында, өнер саласында талай халықаралық сыйлықтың тізімі жүр. Оны қанжығасына байлап жатқан ақын, жазушыларымыз да жоқ емес. Шүкір. Бірақ осы күнге дейін Нобель сыйлығын алған қазақ қаламгері бар ма? Жоқ. Ол сыйлыққа татитын шығарма, жазушы бар ма? Бар. Демек, әңгіме басқада. Ең алдымен қазақ жазушысы жаңа жосықты мықтап меңгергені жөн. Оның үстіне өз шығармасының шет тіліне мүлтіксіз, сауатты аударылу мәселесін. Бұған мен шет ел жазушылары шығармаларын түпнұсқадан қазақшаға аудару проблемасын және қосар едім.
Енді бір ойым айтады – осы біз Нобель сыйлығына неге қарап қалдық? Оның да бұрынғы қадыр-қасиетінен айрылып бара жатқанын, саяси реңі қалыңдай түскенін байқап отырмыз. Онда неге түркі дүниесі, не Шығыс әлемі болып әл-Фараби атындағы әдебиет, өнер саласындағы халықаралық сыйлықтың басын құрамаймыз? Бұл, меніңше, түркі тілдес әдебиетті дамытудың, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың баламалы бір жолы емес пе?..
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері, жазушы
Арғы тарихымызды танымасақ…
Түбіміз бір бауырлас ұлттардың бір-бірінен алыстап, араларының суып кетуіне ықпал еткен басты фактор отаршы империяның жымысқы саясаты болса керек. Баяғы сол, «бөліп ал да билей бер» деген қағидадан туған елеулі салдарының шынайы көрінісі осы іспетті. Совет тұсында «пантүркизм» деген құқаймен түркі халықтарының өзара жақындауына ырық бермеді.
Түркі жұртының түгел болуына, ортақ мәдениетін дамытуына қарсы мүлде жат идеологияны тықпалады. Туыс халықтарды мейлінше тезірек жат ету үшін интернационалдандырып, шын мәнінде орыстандырудың қамын ғана жасады. Соның кесірінен бұрын бір ғана шағатай тілінде қарым-қатынас жасаған, аралас-құралас ағайын болған, тарихы мен мәдениеті ортақ бауырлас ұлттар бір бірін танымайтындай жат жұртқа айналып, өзара орысша тілдесетін жағдайға душар болдық.
Бұл айналып келгенде, отаршы империяның қасақана ұйымдастырған идеологиялық асқан сорақы қастандығы болатын. Кеңес Одағының тікелей мұрагері қазіргі Ресейдің пиғылы да әлі осы. Совет кезінен өзгеріп кеткен көп ештеңесі шамалы. Бүгінге дейін түркі халықтарының ортақ одақ құруынан, өзара ынтымақтасып бірігіп кетуінен олар қатты сақтанады. Кезінде большевиктер Мұстафа Шоқайды да түркішілдігі үшін үнемі құдалаумен болды, ақыры түбіне жетті.
Түркия бастаған бірқатар мемлекеттер бәріміз тәуелсіз дербес ел болсақ та өзара талапқа сай рухани ынтымақтаса алмай жатырмыз. Оқта-текте халық өнерінің фестивальдарын ұйымдастырғанымыз болмаса, өзге әдеби-мәдени байланыс жоққа тән. Болған күннің өзінде аса көңіл көншітерліктей емес. Түрксой бар, Түркі Академиясы бар, егер жұмыла кіріссек талай шаруаның басын қайыруға мүмкіндік баршылық. Тек ынта мен ықылас босаңдау ма деп ойлаймын.
Өткен жылы жазда Моңғол елі Ғұн, Сақ кезінен тамыр алатын мемлекеттілігінің 2225, тағы соған қоса Шыңғыс хан құрған көшпенділер мемлекеттінің 810, халық революциясының 95 жылдығын қоса атап ұлттық мейрам ретінде дүркіретіп тойлап жатыр. Негізі, Сақ, Ғұн дәуірінің мемлекеттік тарихының бізге де қатысы бар. Ал Шыңғыс хан құрған мемлекеттің негізін салушылардың ішінде қазіргі қазақ рулары да болған еді ғой.
Киіз туырлықты ел бола тұра біз оны үнемі назардан тыс қалдырамыз. Хандықтың 550 жылдығы дедік те, өз тарихымыздың арғы түп тамырына терең бойлап бармадық. Арғы тарихымызды танымасақ, «орманда адасқан маймылдың» кебін кимейміз бе?
Ал түбі бір туыс халықтар арасындағы әдеби байланысты нығайту үшін көркем аударманы көпір етуіміз керек. Ол жағы тағы да ақсап жатыр. Түркі тектес бауырластарымыздың, киіз туырлықты көршілестеріміздің әдебиеті қай деңгейде дегенді әлі күнге дейін білмейміз.
Ана жолы бір әдебиетші жігіт менен «Моңғолдарда әдебиет бар ма, болса да түкке тұрмайтын бірдеме шығар» дейді. Әрине, аударма жасалмаған соң, әдеби байланыс орнамаған соң әркім солай сырттай тон пішеді де, бір-бірімізге мұрын шүйіріп жүре береміз.
Өзбектің, қырғыздың, татардың, ұйғырдың, әзірбайжанның, түркіменнің ақын-жазушыларын қазір бәріміз де көп білмейміз. Оқымаған соң «әй, соларда не бар ғой дейсің» деп жүре береміз. Бұл қатты ойланатын мәселе. Жазушылар одағы, әдебиеттану институттарымыз бірлесіп жұмыс істейтін, ынтымақтасатын уақыт келді. Арнайы көркем аударма одағы ма немесе институт құрсақ та артық болмас еді.
Қазақ әдебиетінің классиктері совет тұсында өздеріне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, туыс халықтармен ынтымақ-тасуға, аударма саласын дамытуға, түрлі жиын кездесулер өткізуге барынша атсалысты. Соның арқасында әдеби байланыс біршама тәуір болған шығар. Ал қазір «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кетіп, бұл саланы енжарлық жайлап алды. Үкіметтің мәдениет саласына бөліп жатқан қаржы-қаражаттары мүлде жоқ та емес. Қаншама тендерлер жарияланады, оған қыруар қаржы бөлінеді. Көбінесе, игерілмей кері қайтып жатқан жоқ па?
Әрине, жаһандану дәуірінде жалғыз шауып бәйге алмайсың. Түркі халықтары бірігіп әрекет етсе, алмайтын қамалы болмас еді. Түркі әлемінің бірлігі сол елдердің ғана емес, ғаламдық маңызы бар үлкен мәселе. Сондықтан ортақ құндылықтарымызға негізделген әдеби-мәдени бәйгелер жариялап, жыр мейрамдарын бірігіп өткізіп, кейбір іс-шараларды дәстүрге айналдырсақ, бірлігіміз жарасып-ақ кетер еді.
Дүкен Мәсімхан,
ақын, әдебиеттанушы
Әдебиет пен өнерге астамси қарайтын түсінік пайда болды
Қазақ халқының әлеммен, маңайындағы елдермен қарым-қатынасы, дәстүрлі дүниетанымы, ұлттық сана-сезімі кеңестік кезеңде, яғни 1970-1980-ші жылдарда мүлде адам танымастай бүлінді. Бұрынғы дәстүріміздің XX ғасырдың 1960-1970 жылдарына дейін әупірімдеп келгені белгілі. Одан кейінгі кезеңде атеистік тәрбие алып шыққан буын арғы тарихтан, дәстүрден қол үзіп қалды да, не батыс емес, не шығыс емес, дүбәра қалыпқа түсті. Адамдардың ниеті, пиғылы бұзылып, ұлт ретінде де, жеке азамат ретінде де эгоистік пікір алдыға озды. Кейінгі кезеңде қалыптасқан әдеби-мәдени байланыстардың бәсеңсуіне де осы жағдайлар себеп болды. Мәселен, XX ғасырдың 1970-1980 жылдарынан бастап, дүниежүзіндегі ұлы тұлғаларға деген құрметтің, іргеміздегі ағайын елдердің жетістігін көргендегі сүйініштің орнын бірте-бірте соларға деген күмән келтіру, мойындамау, терістеу секілді түрлі әрекеттер басып кетті. 1990 жылы Кеңес Одағы құлады да, біз Тәуелсіз мемлекеттерге айналдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Кеңес Одағы ауқымында өмір сүрген елдердің бәрі капиталистік жолға түсті де халық руханияттан гөрі, қарынның қамын көп ойлайтын болды. Ал енді еті тірілеу, пысықтау оқыған адамдар үшін байлық, материалдық құндылықтар, байлыққа деген құмарлық алға шықты. Бұрын ата-бабамыз «байлық, мансап – қолдың кірі» деп келген болса, бүгінгі қазақ дүниетанымында байлық ең негізгі құндылық ретінде санамызға орныға бастады. Қазір маңайдағы өзбек, қырғыз, тәжік, орыс, әзірбайжан, қытай секілді тарихы аралас-құралас халықтар жайында бұрындары әлемге өркениет шашқан батыс өркениеті төңірегінде өнер туралы біреуге әңгіме айтсаңыз, құлақ аспайды. Яғни ұлттық тұрғыдан келгенде біз өзіміз Аспан астында, Жер бетінде біріншіміз деген шаласауаттылық таным қалыптасты. Жеке интеллигент, жеке тұлға ретінде де қазір дүниежүзінде тек қана өзі, нөмірі бірінші ақын, нөмірі бірінші жазушы. Маңайдағы өзбек, қырғыз, орысыңыз тұрмақ, қазақтың өзі бір-бірін адам демейтін жағдайға жетіп қалдық. Соңғы ширек ғасырдағы капиталистік сана-сезімнің асқынғандығының бір көрінісі – осы. Әрине, 25 жылдың орайында біздің, жалпы әдебиеттің де әлсірегендігінің бір себебі осы деп ойлаймын. Байырғы қазақ қоғамында жас ұрпақты, әрбір қазақ азаматын өзінің ортасы яғни қазақ қоғамы тәрбиелейтін. Кеңес Одағы кезінде де ол дәстүр шамалы сақталып келген. Көп жағдайда адамдардың рухани дүниетанымын байытып, сана-сезімін жетілдіретін әдебиет пен өнер болатын. Соңғы уақыттарда бұларыңыз мүлде атаусыз қалды да аяққа тапталып кетті. Руханиятқа деген салқын көзқарас – ұлттық рухтан, рухани сана-сезімнен, тілден, ділден айырды. Бүгінде әдебиетшілер өзінің жазғанын тек қана өзі оқиды. Жалпы, әдебиет ұлтты тәрбиелеуден, ұрпақтың сана-сезімін қалыптастырудан, нақтырақ айтқанда, қасиетті қызметінен (функциясынан) айырылып қалды. Қазіргі кезде әдебиет, өнер дегенің еріккеннің ермегі сияқты елестейді. Әдебиетіңізге астамси қарайтын көзқарас пайда болды. Бір әдеби немесе ғылыми ортада ғана болмаса, жәй былайғы қоғамдық орталарда ақын-жазушы немесе әдебиетші десең, дені сау емес адам секілді қабылдайды. Әдебиетке, өнерге деген тұтас қоғамның, елдің, биліктің де көзқарасы осындай. Осылай кете берсек, алдағы уақытта ұлттың болашағына үлкен үреймен қарауға болады.
Бетті дайындаған Гүлім СЫДЫҚОВА.