ЖАЗУШЫЛЫҚҚА ҚАДАМ…
17.02.2017
1577
0

Күркіреп аққан өзен, сол өзен бойын жайлай қаулаған қамыс, қа­­лың қамыстың арасында жа­сы­рын­ған сарыбас түлкі, түлкіден ай­ламды асырдым дегендей, су бе­тін­де шоршып түскен шортан, оның қимылын ұзақтан бақылай келе көлденең тап берген өткір көз қы­ран бір-біріне жіпсіз байланған тір­шіліктің құпиясын өзімен бірге жо­ғарыға алып ұшып бара жат­қан­дай. Осының бәрін сырттай ба­қы­лап тұрған бала болашақта өзінің су­реткер боларын біле ме екен?.. Бі­рақ «бақылаушының» бәрі сурет­кер бола алмасы белгілі. Сонда жазу­шылықтың алғышарты қай жер­ден басталады деген сауал туады. Болған және «болмаған» оқи­ға­­лардың миллиондаған кейіп­кері­нің қасіреті мен қайғысын, қуа­нышы мен жұбанышын бірінші бо­лып өз басынан өткізетін де – жазу­шы. Осылардың бәрін сезім-са­на биігінен көре білген «ба­қы­лаушы бала» келешекте кемеңгер қа­ламгер болмасына кім кепіл? Оның жүрегіне суреткерліктің ал­тын таңбасын таңатын алғашқы ұста­зы – табиғат, ақылшысы – өмір­дің өзі. Дүниеге даңқы кеткен да­рабоз суреткерлердің көбі тұр­мыс­тан тепкі көрген жетімдер бол­ды емес пе? Бірі – тұл жетім болса, енді бірі – шын жетім. Олардың шығармашылық мұрасы уақыт ырқына бағынбай келеді. Тумай жатып өмірден теперіш көрген олар қалайша өмірді ақылшым деді екен? Бала күнінде шарасыздықтан жағдайы барға жалшы болып күн кешірген орыстың даңқты жазушысы Максим Горькийдің ащы өмірі ойымызға түседі. Оқу-білімге соншалық құштар болған бала Максим ай жарығында кітап оқыды. Өйткені, «қожайыны» одан майшамды қызғанған еді. Сол кезде жарқыраған шаммен ежіктеп кітап оқыған бай баласы мен ай жарығында кітап парақтаған Горькийдің арасы бүгінде қандай алшақ?! Өмірдің өзі оны тәрбиелеп өсірді. Ал Есенин ше? Оны өзінің қалалық орыстары ауылдан келген «бұзақы» деді емес пе? Жырларында да «бұзақы» сөзін өз-өзіне тән арнайы белгідей қолданды.

Қаламгердің балама атындай суреткерді пай­даланып жүрміз. Дегенмен, суреткер сө­зін қа­ламгердің балама аты ретінде қол­дана ал­маймыз. Суреткердің мағынасы қалам­герден бас­қашалау реңк береді. Әлемде ең ба­ғалы өнер туындыларының көшбасшысы болып ұлы суретшілердің картиналары саналады. Су­ретшілер өз туындыларына жүрегінің бояуын жасырып қалдыратындай. Ал сурет­кер­лер бояусыз-ақ көк сиямен адам бол­мы­сы­ның терең сырынан бастап, қы­бырлап жүр­ген құмырсқаның ізін көре білген ше­бер­лікпен тіршілікті бейнелеп береді. Сол үшін біз суреткер деп кез келген қаламгерге айта алмаймыз. Академик Серік Қирабаев бұл турасында: «Суреткер деген үлкен атақ. Су­реткер деп ең биік дәрежедегі сапалы шы­ғар­ма жасаушыны айтады. Суреткердің ең­бегі шығармашылық тұтас­тығымен, ойын және өзі діттеген шындықты көркем түрде жет­кізіп суреттей алуымен, оны жанды бей­не­ге айналдыру өнерінің жоғарылығымен, талғамының биіктігімен мойындалуға тиіс. Ф.Достоевский «Жазушы­ның суреткер ре­тін­де танылуы оның жақсы жаза алғандығы­ның белгісі» деген. Оның айтуы бойынша, ро­маншының көркемдік биік таланты об­раз­дар арқылы бейнеленген ойдың сал­мақ­ты­лығымен өлшенеді. Оны оқырман да дәл сол қалпында түсіне алуға тиісті. Жазу­шы­ның көркем жазуы деген сөз – оның жақсы жа­зарлық қабілеті мол деген сөз» дейді. «Суреткер» деген тақырыптағы осы мақаласында ғалым қазақ халқының дарынды перзенті Әбіш Кекілбаевты осы деңгейлі тұлға деп бағалаған.
Суреткер мен қаламгердің кәсібі – жазу­шы­лық. Ақ параққа көк сияны үсті-үстіне тө­гілтетін жазушының арқалаған міндеті жай көзге отырып алып істейтін оңай жұмыс бо­лып көрінгенімен, шындап келгенде, атан түйеге жүк болар ауыр салмақ. Күн мен түнді ал­мастырып, мида қайнап жатқан қаншама ой­ды сапырылыстырып, оны қайта жүрек пен сана сүзгісінен өткізу оңайға соқпасы анық. Суреткер дегенде ойымызға ең әуелі Мұх­тар Әуезов оралады. Бүгінде бейнесі кө­зі­міз­ден алыстағанымен, мәңгілік ұмы­тыл­мас тарих қойнауына еніп бара жатқан су­рет­­кер Әбіш Кекілбаев рухани ұстазы Мұх­тар Әуезов жайлы толғанысында: «Кім бі­ліпті, адамға тән кәсіптердің ішіндегі ең бір қолдан келместей қиыны да, ақылға симастай жұмбағы да жазушылық шығар» деген. Жазушылыққа келетін адам өзін күтіп тұрған сынақтарды алдын ала сезінсе керек. Се­зіне алмағаны жарты жолдан ұмыт қа­ла­тынын уақыттың өзі қайталап келе жатыр. За­мандастарының айтуы бойынша, қырғыз хал­қының суреткері Шыңғыс Айтматов шы­ғармаларын жазып болған соң қайта оқы­ғысы келмейтін көрінеді. Жазушының бұл ісін әркім әрқалай жориды. Бұрынғы өткен өміріне көз тастап, ескі суреттерге зер салған адам­ның жан-дүниесін белгісіз бір мұң сіл­кіп өтетіні бар емес пе? Өйткені, ол жерде сол жанның өмірінің бір бөлігі қалып қой­ған. Меніңше, Шыңғыс Айтматовтың өзі жазған шы­ғармаларын оқығысы келмейті­нінің се­бебі де оның өзінің бұрынырақта (шығар­ма­ла­рын жазу үстінде) сезінген күйін қайта се­зінгісі келмейтіндігі болса керек.
Альберт Эйнштейн: «Қиял білімге қара­ғанда маңыздырақ. Білім шектеулі, ал қиял әлемді жаулай отырып, прогреске әкеліп, төң­керіс жасайды» деп айтқан. Ол қиялшыл адамнан болашақта үлкен нәтиже шыға­ты­нын меңзейді. Өйткені, білім-ғылым, мә­де­ниет, тағы да басқа салаларда төңкеріс жаса­ған тұлғалардың көбінің өмірбаянын оқы­­­ғанда олардың жас кезде қиялшыл бол­ған­дығын байқаймыз. Жазушының басты қа­сиеті де қиялдай алуында. Көбіне адамдар өсе келе қиялдауды ұмытып, күнделікті күй­бең тірліктің ағынымен кетеді. Ал жазушы күйбең тіршіліктің ағынымен жүзе алмайды.
Адамды қиялға әкелетін – арман. Кісінің бойында қандай арман барына қарай оның бо­лашағы да айқындала түседі. Армандау ар­қылы алдағы өмірді қиялмен көз алдыңа кел­тіресің. Өз жүрегінің ақ парағына жазған ар­манын әуелі санасына, сосын барып қа­ғазға түсіретін де – жазушылар. Шексіз ойлау да осы жерден басталатындай. Өз әлеміңді қа­лыптастырудың қақпасы да осы жерден ашылатындай.
Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір