«Әкемді көрдіңіз бе?..» (Әңгіме)
Жаз ортасы. Қалашықтан қашық емес егіншілік серіктестігін Ерүміттің бажасы басқаратын. Кеше сөйлескенінде күрішке су жығатын өзеншені бекіткеннен кейін ойдым-ойдым сарқынды су балыққа бөгіп қалғанын айтқан.
Осы хабар тиісімен теміржолда жұмыс істейтін үш жігіт бүгін бірге балық ауламаққа уағдаласты. Үшеудің бірі әрі құдайы көршісі Әбілқасым қасапшыға қолғабыс жасауын сұрағасын қайнағасының үйіне кетіпті. Ерүміт ауласына еккен көкөнісін аралап жүргенінде сыртта дүрілдеген мотоцикл даусы естілді. Қалашықтың бір қиырында тұратын, үш аяқты мотоцикліне балық аулайтын тартпа ау, шанышқы сияқты керек-жарақты тиеп алған Мархабат екен. Ерүміт жәй-жапсардан хабардар етті.
– Сағат он болды, Әбілқасым үйінде жоқ, бір шаруамен жүрген көрінеді.
– Келер, – деді Мархабат.
Ерекең балық аулайтын құрал-жабдығын жинастыруға кетті. Жолдасы Мархабат жұқа күртешесінің сырғытпасын ағыта алмай жатқан-тұғын. Анадайда жүгіріп келе жатқан жас бала жанына келгенде тоқтап амандасты.
– Әкемді көрдіңіз бе? – деп тұр.
– Ренжіме, айналайын. Мен әкеңді танымаймын ғой.
Әлгі бала алған бетімен жүгіріп бара жатты. Көп кідірместен Ерүміт шықты. Балық аулайтын асай-мұсайын мотоциклге асықпастан орналастырып болғанында ақылдасқан сыңайлы сұрады.
– Жолға екі шөлмек арақ аламыз ба?
– Бажаңа бара жатырмыз, алсақ алайық.
– Әй, мына Әбекеңді-ай! Иіріп қойғанын қарашы бізді.
– Әбілқасым көңілшек адам, ешкімнің сөзін жерге тастағысы келмейді.
– Жастау күнімізде жұмысқа жиналып жатамыз, – деді Ерүміт. – Әбілқасымның жаңа үйленген кезі. Киініп тұрғанымен келіншегі еркелегендей сыңай танытса, үйіне қайта кіріп кететін. Ұзақ уақыт сыртта, көше бетте күтіп тұрамын.
– Ол әдетін қойған шығар енді, – деп Мархабат езу тартты.
– Қайдан білейін. Кішкентай екі бөпесі бар, келіншегі десе әлі күнге дейін жаны жоқ.
Жүгіріп келе жатқан бағанағы жас бала көрінді. Ілгеріден таныс-біліс ойын баласы Ерүмітпен сәлемдескесін көкейіндегісін ірікпеді.
– Ерүміт көке, әкемді көрдіңіз бе?
Албыраған жүзінен қатты толқып тұрғаны көзге түсті. Есімі Сағындық.
– Әкеңді неге сұрадың?
– Жаңаберген әкеңді тас дүкен жақтан көрдім, бір кемпірмен әңгімелесіп тұр деген.
Кетуге жиналған жас баланы Ерүміт тоқтатып қойды. Бірінші сыныпты бітірген қызы, тұңғышы Айсымбатты шақырғасын қолына ақша ұстатты. Сағындық екеуі тас дүкеннен бір-бір балмұздақ, бір-бір сусын алғандарын хош көретіндей.
Әлден уақытта шолақ көше бойында екі аяқты мотоциклін айдаған Әбілқасым екпіндетіп келіп тоқтады.
– Уай, Әбеке, аман-есенсің бе? Жіпсіз байлап қойдың ғой, –деді Ерүміт көңілденіп.
– Қайнағам ертең, жексенбі күні той жасамақшы. Алдын ала бордақылаған бір малын шалдық. Жас қуырдақтан дәм ауыз тигенімше жібермей қойғаны. Сені де тойға шақырды.
– Ол не той?
– Кенжесін сүндетке отырғызыпты, сүндет тойы.
– Тез жинал, Әбеке. Кідірмей жолға шығайық.
Мотоциклін сол жерде қалдырған, қолындағы жұқалтым, мөлдір қара қалтасында бір-екі асым жас еті бар Әбілқасым үйіне кеткесін Мархабат жайбарақат сұрақ қойды.
– Әлгі бала әкесін неге сұрап жүр?
– Шешесі бір жылдан бері төсекке таңулы, қолында мектептің тоғызыншы сыныбында оқитын туған сіңлісі тұрады. Үйдің шаруасына қарайтын сол қыз. Ал енді Жаңаберген деген бір жүгермек бар, осы қамшының сабындай көшеде тұратын бірде-бір баланың ондай сұйық мінезі жоқ. Оң-солын айыра алмайтын Сағындықтың жанды жерінен ұстапты. Сағындықтың әкесі ақкөңіл, жақсы құрдасым еді, жаз басында жол апатынан қайтыс болды.
– Құдай кешірсін, қайтыс болған әкесін сұрап жүр ме?
– Алты жасар бала, жаңағы Жаңабергеннің сөзіне сеніп қалған шығар.
Тас дүкен жақтан қайтып келе жатқан Айсымбат пен Сағындық көрінді. Балмұздақтарын тауысыпты, қолдарында бір-бір шөлмек сусын.
– Сағындық, кел, жаныма отыршы, – деді Ерүміт ұзын отырғышта ығысып. – Әкеңді сағынғаның жақсы. Бүгін неге іздеп жүрсің?
– Жаңаберген «Тас дүкен жақта әкең жүр, жақсы киініп алыпты», – деген.
– Ол күшіктің аузына не келсе соны оттайтын әдеті. Оның сөзіне сенбе.
– Шын көргенін айтқан.
– Әкең қайтыс болды, жақында қырқы берілді. Оны білесің.
– Шешем де өледі, өзі айтты,-деді Сағындық сағы сынып.
Бір сәт табыттай ауыр тыныштық орнады. Әзірейілдің алып көлеңкесі көз жетер жерді басып қалғандай болған осы тығырықтан Ерүміт алып шықты.
– Келесі аптада әкеңнің басына барып құран оқытайық. Келімсейіт молда сөзімізді жерге тастамас. Барасың ба?
– Барамын, бірақ інім Аманқосты ертіп алайықшы.
– Аманқос та бірге жүрсін.
Бәрін бүлдіріп жүрген, биыл алтыншы сыныпты бітірген Жаңаберген жалғыз болғасын Құдайдың еркесі. Ата-анасы көрші-қолаңға сыйлы адамдар, кімге тартқаны жұмбақ, сөзі көп, суайт бала.
Әңгіме әрі қарай жалғасты.
– Жаңаберген тағы сол сөзді айтса, ана қауашағыңда бір түйір миың бар ма де.
– Ол үлкен бала.
– Ендеше Ерүміт көкеме айтамын, жаныңды шығарады де.
– Мақұл, көке.
– Мектепке қашан барасың?
– Келесі жылы.
– Әріптерді танисың ба?
– Жоқ.
– Өзің адам болғың келе ме? Жаңаберген сияқты суайт болғың келе ме?
– Адам болғым келеді.
– Әлденеден қиналып жатсаң маған жағдайыңды айт. Ақыл-кеңес сұра.
– Жақсы, көке.
Сағындық үйіне қайтты. Ерүміт қалың ой үстінде, Сағындықтың шешесінің науқасы туралы жұрт жақсы пікір айтпайтын. Әкесі сияқты ақкөңіл, елгезек Сағындықтың ана бір кішкентай інішегі Аманқостың тағдырлары қалай болар екен? Күндердің күнінде ел қатарына қосылып кетер ме екен? Осындай шаншу сияқты ойлар жанын шабақтап жатты.
Ерүміттің көңіл-күйін жолдасы Мархабат түсінетіндей, ұзын отырғыштың бір шетінде үн-түнсіз отыр. Көшеден басып шөп тиеген аттылы арба өтіп кетті. Екеуі іштей келісіп алғандай ұзаңқырап кеткен жас бала Сағындықтың соңынан қарап қалыпты.
Ойын баласы
Жаздың ыстық күні. Есіл жағалауындағы орталық жағажайда қара-құрым адам. Жұқа, берік матадан жасалған, ішіне ауа толтырылған қызыл белдеу-ораммен жан-жағын қоршап тастаған аумағы әжептәуір тайыз суда балалар үйме-жүйме болып шомылып жатқан.
Аяқ астында түгел-тегіс үрпиісіп қалды. Тереңдігі ересек адамның тізесінен келетін тұста екі-үш жасар қыз суға кетіп қалыпты. Судан алып шыққан бұйра бас жігіт жағалаудағы құмға жатқызғасын дем салуға кірісті, жанында қыздың шешесі жүр, шыбын жанын шүберекке түйіп. Ақыры жағажайда қаңтарулы тұрған жедел жәрдем көлігі ес-түсінен айрылған байғұс қызды дабылдатып алып кетті.
Жағажайда, жаңағы қыздың жанында шомылып жүрген, төтенше оқиғаға куә болған Бекасыл көйлегін қолына алысымен үйіне қайтты. Бірінші сыныпты бітірген Бекасыл жазғы каникулында. Сәби қыздың суға батып кеткені жан-дүниесін қатты толқытқаны соншалық, «Серуен» көпірінде кездескен ерлі-зайыпты көршілеріне көрген-білгенін асығыс-үсігіс айтып тұрды. Қарсы жолыққан, бұрын-соңды танымайтын өзі құралыптас тағы бір екі-үш баланы құлағдар етті.
Есіл жағалауында ұзын отырғыштар көп. Солардың біріне жайғасқан, ізгі келбеті мен жан жылуы анадайдан өзіне тартып тұратын қәриямен амандасқысы келді.
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалайкүмассалам! – деп жауап берді ақсақал. Екеуі үн-түнсіз отыр, азды-көпті уақыт өткесін Бекасыл дауыстап тіл қатты.
– Кішкентай, жақсы қыз…
– Кім туралы айтып отырсың, балам? – деді қәрия.
– Ата, жағажайда жаңа кішкентай қыз суға батып кетті.
– Танитын ба едің?
– Жоқ, танымаймын.
– Үлкендер көмектескен жоқ па?
– Көмектесті. Жедел жәрдем алып кетті.
– Жедел жәрдем алып кетсе, үміт болғаны. Тәуір болып кетер.
– Тәуір болады ма, ата?
– Иә. Әрине. Мына көйлегіңді қолыңа ұстап жүргенше киіп алмайсың ба?
Бекасыл жеңі шолақ көйлегін киді, өзіне жарасып тұр.
– Жанында әке-шешесі жоқ па еді? – деп сұрады үлкен кісі.
– Шешесі бар.
– Өзің әке-шешеңнің айтқанын тыңдайсың ба?
– Тыңдаймын, ата.
– Ата-анасының сөзіне зейін қойған бала ақылды болып ержетеді. Ал енді ол қызға тереңдеу жеріне шомылма деп айтпадың ба?
– Айтқаным жоқ, – деді Бекасыл. Шынында қызды сақтандыруы керек екен. Осындай бір беймаза ой тағат таптырмай қойғасын айдалада отырғандай өзімен-өзі сөйлесті.
– Бір қолыңды бер! – деп жатыр. Сүйкімді қызды бір қолынан ұстап тұрғанында суға батып кетпейтіндей көрінгені. Құтқарып қала алмағанына іштей уайымдап отырғасын тамағына өксік тығылып тұр. Кенет шарасы жасқа толған көздерінен бір-екі түйір тамшылап кетті де, үйіне қарай жүгіріп бара жатты. Атасымен қоштаспады.
Кенесары хан ескерткіші тұсына келгенінде көзі түсті, кейінде қалған жаңағы қәрия ұзын отырғыштардың бірінде отыр. Қалай алдын орап кеткені ойына кіріп шыққан жоқ, есіл-дерті қапияда қыршын кеткен қыз еді.
– Ассалаумағалейкүм! – деп тағы амандасты.
– Уағалайкүмассалам, балам! Кел, тізе бас, – деді қәрия. – Жаның ашығаны, әрине, дұрыс, бірақ бүлдіршін аман-есен. Ертең көшеде шешесімен бірге кетіп бара жатқан сол қызды көресің. Өзің үлкеннің сөзіне сенесің бе?
– Сенемін ата, – деді ақсақалдың бет-әлпетіне назар аударып қараған Бекасыл.
– Ендеше көп қайғыра берме, қарағым. Бүгін жұма, жұма күнінің жақсылығы көп. Шешеңнің сіңлісі Әселді танисың ба?
– Танимын, биыл мектебін бітіреді.
– Сол Әселжан тәтең үйіңе келіп жатыр, барып сәлем бер.
Әсел Астанаға қыдырып келген сайын Бекасылды ізіне ертіп қаланың көрікті жерлерін қызықтайтын. Бекасылды жақсы көргесін шығар, қатарындай әңгімелеседі. Осы есіне түскенде орнынан атып тұрды.
– Жақсы, ата, мен онда үйге барайын.
– Бара ғой, балам. Ақ сақалды, сары тісті бол, қуаныш пен жақсылыққа барабар өмір сүр. Қуатты, қайырымды дұғалар желеп-жебеп жүрсін.
Бағанағыдай емес, Бекасылдың бойы жеңілдеп қалыпты, сондай-ақ әлгі кішкентай қыздың аман-есен қалатынына көңілі сенетіндей. Атасымен қоштасқасын үйіне қарай асығып бара жатты.
Қәрия ел аралап жүрген ілім мен хикмет иесі Қыдыр болатын. Қыдырдың айтқандары орындалатыны әлімсақтан да бұрын уақыттан бері айтылып жүр.
Көненің көзіндей сөз
Астана қаласының сол жағалауында тұратын, мерзімді басылымдардың бірінде әжептәуір қызмет атқаратын жолдасы Сламғазы хабарласты. Жақсы адам. «Бүгін Абайдың туған күні. Жаңа ескерткіші жанында зиялылар бас қосқан іс-шара өтеді. Жолда көлікпен ала кетейін» – деді. Қанына біткен мінез, Ерсерік үлкен-кішімен сыпайы сөйлеседі.
– Кешіріңіз, сағат нешеде басталады? – деп сұрады.
– Он бірде.
– Тиіп тұрған жер, өзім барамын.
– Ендеше сол жерде кездесейік, Ереке.
Ерсерік мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Көптен бері кезекті еңбек демалысында, оқушы балалардың да жазғы каникулы. Бәйбішесі бір аптадан бері Таразда, жетпіске толған жалғыз ағасының баласы үйленбекші. Қыздың ата-анасының алдынан өту, құда түсу сияқты кәдесіне қатысыпты, енді әне-міне үйлену тойы өтеді. Ерсеріктің кенжесі, ерке қызы перзентханада жатыр, аяғы ауыр, сол ботасына қарайлап жүр. Үш қызы бар, бәрі тұрмыста, әке-шешесін неге ұмытсын, үшеуі де ізін суытпастан хабарласып тұрады.
Бүгін шым-шытырық түсінен шошынып оянып кетті, түсінде қатты қиналғаны есінде.
– Түс түлкінің тезегі, – деді жорығысы келмегесін. Осындайда беймаза, қараңғы ойлар қаумалап алатыны белгілі. Шәй-суанын дайындап жатқанында әлдекім есіктің қоңырауын қақты. Ашса бейтаныс, жас әйел.
– Аға, қиналып қалдық, Астанада ағайын-туысымыз жоқ. Азғантай болса да көмектесе аласыз ба? – дейді.
Ажары сынық, айтып тұрғаны шындық шығар. Алаяқ болса өзі білсін. Қолына үш мың теңге ұстатты. Естіліп тұр. Әлгі әйел аяғын тық-тық басып жоғары көтеріліп бара жатыр, әлде төмен түсіп бара ма екен.
Киініп сыртқа шықты. Есік аузындағы ұзын отырғышта әңгіме-дүкен құрған екеудің бірі Бегімсал. Жоғарғы қабаттарда тұратын сыралғы таныстары, кәнігі шенеуніктер ықылас білдіріп амандасты. Осы күнгі көп әншінің біреуі туралы пікір таластырыпты.
– Ерекеңнің байламына тоқтайық, – дейді Бегімсал. Ерсерік жәй-жапсар сұрасқасын бөстекі сөзді жақтырмайтыны жауабынан көрініп тұрды.
– Амандық тілеймін көршілер.
Уақыт әлі ерте. Есіл жаға-
лауына шықса тынысы ашылып сала беретіндей, Есіл бойында серуендеуге құмар. Жағалауда неше алуан адамдарды көресің. Қармақтарымен Есілде екі-үш рет бірге балық аулаған Әбсамат кездесті. Келбетінен, киім киісінен үлкен қала тәлім-тәрбиесі көрініп тұратын. Санкт-Петербургке арғы күнгі ұшаққа билет алыпты. Бұрынғы әскери ұшқыш. Бүкіл саналы ғұмыры өткен Питерге айында-жылында жолы түссе, жиналып қалған зейнет-
ақысын алып қайтатын көрінеді. Осы қалада өз алдарына шаңырақ көтерген ұлы мен қызын, немерелерін сағынатындай. Баласымен немесе қызымен бірге ілгеріде қайтыс болған әйелінің басына бару да жөн-жоралғысы сияқты.
– Әбеке, кешіріңіз, Астананың қай жерінде тұрып жатырсыз? – деді Ерсерік.
– «Жастар» шағын ауданында, бір бөлмелі пәтерім бар.
– Жолыңыз болсын, аман-есен барыңыз, аман-есен қуанып қайтыңыз.
Осы сөзге іші жылып қалған Әбсамат та жақсы тілегін айтты. Екеуі қол алысып тарқасты.
Анадайда сылаң қаққан жас келіншек бой көрсетті, Ерсерікте шаруасы бардай тура өзіне салып ұрып келеді. Қара көздерінің сұғы өткір. Сол келіншектің мысы басқасын бос тұрған ұзын отырғыштардың біріне тізе бүкті. Келіншек жанына жайғасты. Жаздың жаймашуақ күні болғанымен жас әйелдің тұла бойынан суық ызғар есіп тұр. Даусы естілген жоқ, бірақ көп ұзамай ажалы жететінін ескертіп отырғандай. Алдын ала жаназасын шығарып жатқасын шыбын жанын қоярға жер таппай кетті.
– Оны қайдан білесіз? – деді келіншек көз ұшына ұзап кеткенінде айқай салып. Өзі де күтпеген осы қылығына жағалаудағы жүргіншілердің кейбіреуі тосырқап қарайтындай.
Түнде көрген түсіне қалың қорым еніпті. Қорым көшелерінің біріндегі ағараңдаған бейне ата-баба әруағы сияқты. Ерсерік ізінен еріп жүр, жол-жөнекей жаңадан қазылған көрдің жанына тоқтады, кең көрде ішек-қарны ақтарылған өгіз жантәсілім тыпырлап жатты.
Түс, әдетте ертеңгі күннен хабар береді. Мұрны тесілген өгіз кім? Өзі шығар дәм-тұзы таусылған. Тіл – халықтың жаны, мүмкін тілі өлген ұлты шығар көрінде жайрап жатқан өгіз.
Даурығысып күлген бір топ жастар өтіп кетті. Орнынан тұрып, қалтасынан орамалын шығарды, суық тер басқан маңдайын сүртті. Күн тынық. Басы ауған жаққа кетіп бара жатқандай іші алай-түлей. Кеңес заманында педагогикалық училище бітірген, бастауыш сыныптарда сабақ беретін Жазира қарсы ұшырасты. Таяуда мектеп директоры мен бір топ оқытушы зейнетке шыққан оқу ісі меңгерушісінің орнына Ерсерікті хош көріпті. Екі-үш күннен кейін мектепке тағы барса, бір жас жігіт әлгі бос орынға тағайындалғанын естиді. Осыған қарны ашқанын айтты.
– Жеті-сегіз жыл бұрын осы қызметті ұсынғанында барғаным жоқ. Ауызбіршілігімізден айырмасын, – деп жауап берді Ерсерік.
Жазираның жүрегі жұмсақ, ілтипәт сөзін бөлісті.
– Құдайға қараған адамсыз, Ереке.
Абай ескерткіші жанында кісі қарасы аз, былтыр Абайдың туған күнін дүркіретіп өткізіп еді, биылғысы қарапайым. Сламғазымен амандасқасын екеуі бос орындықтарға жайғасты.
– Көңілсізсің ғой, – деді жолдасы.
– Кейде жүдеп-жадап жүресің.
– Қойшы қайдағыны айтпай, ықыласыңды тауыспашы. Осы іс-шарадан кейін орталық бақтағы дәмханалардың біріне апарайын. Күн ашық-жарқын, бәсең ойнап тұрған, қыр астынан естілетіндей Абай әні қандай!..
Ескерткіш жанына гүл шоқтарын қойғаннан кейін жиынды Астана қаласы әкімінің орынбасары ашты. Қобыраған шаштары желкесін жапқан тағы бір ақын сөз сөйлегесін ұл мен қыз кезек-кезек өлеңдерін оқыды. Бас-аяғы жарты сағат ішінде Абайды еске алу салтанаты аяқталғанын айтты іс-шараны жүргізуші.
– Қайда барғың келеді? Қайда апарайын? – деп жатыр Сламғазы.
– Сәке, бүгін хошым жоқ. Есіл жағалауында оңаша, жалғыз бой сергіткенді көңілім қалайтындай.
– Талай қиыншылық басымыздан өтті. Оның бәрі жадымда. Бала-шаға аман-есен, басқа не керек, – деді қоңылтақсып қалғандай болған Сламғазы. Көлігін келесі көшеде қалдырып кетіпті, солай қарай кетіп бара жатты, ара-тұра бір орнында тапжылмастан тұрған Ерекеңе көз тастап қояды.
– Қазіргі жай-күйімнің емі Абай ғой, үйге барғасын хакім Абайды оқиыншы, – деді Ерсерік күбірлеп. Хакім айтқандай, бес күндік өмірінде неге аптығады? Асықпайтын аяңымен Есіл жағалауын бетке алды. Жолда шағын бақ болатын, сол бақта отырған бағанағы келіншекті көрді. Жанына келгесін жасы үлкен болғанымен ізет сақтап амандасты. Көкейінде сұрағы дайын.
– Кешіріңіз, қашан өлетінімді қайдан білесіз?
– Мен сондай сөзді айттым ба?
– Сездірдіңіз ғой.
– Бас киімің қайда? – деді келіншек. Бас киімін Абайды еске алатын жиында, отырған орнында ұмытып кеткен шығар. Жалаңбас. Келіншек тағы төндіріп сөйледі.
– Бас киімді жоғалтқан жаман ырым.
Қайта қайтты Абай ескерткішіне, орындықтарды алып кетіпті, қалпағы көрінбейді. Жарты сағат бұрын осы жерде шағын басқосу болмағандай, бейғұт, өзге көрініс. Есіл жағалауына оралды еңсесі түсіп. «Серуен» көпірі тұсындағы ұзын отырғышта жолда сатып алған сусынын там-тұмдап ішіп отыр. Қыдырыстап жүргендер бірқатар, анадайда келе жатқан Сламғазы көзіне түсті, жүрісі ширақ.
– Саған бір сөз айтпақшы ойменен ұзатпастан қайта барып едім. Орындықта қалпағыңды тастап кетіпсің, – деді қолындағы үлкен, түсі көк қалтадан жоғалтқан мүлкәтін шығарып.
– Жүрген жеріңіз құт-береке, – деп қуанып қалды. – Не айтқыңыз келіп еді?
– Келесі сенбіде шетелде
оқып жатқан балам келеді. Көрші-қолаңға дастархан жаймақ ойым бар. Сыйлы қонағым бол.
– Қашан барайын?
– Ертерек келе берсейші, іңірге қалмай кел.
Көлігін ыңғайсыз жерге қалдырып кеткенін айтқан Сламғазы асығыс қайтып кетті. Ерсерік екі апта – он төрт күннен кейін елудің бесеуіне толмақшы, елу бес аз жас емес. Қыздарының бәрі тұрмыс құрды, немерелерінің алды өмірге келді, Жаратқанның осынысын бергеніне, осындай жасқа жеткеніне қанағат. Түбінде бір ақиретке барады екен, ақыл-сабырына жүгінсе, ажалдың қорқынышты ештеңесі жоқтай. Көресісін көріп, алжып өлгеннен гөрі ертерек кеткені, бәлкім, дұрыс та шығар. Иә, ажал туралы түсінігі өзгеріпті, өлімнен жан саясын табатындай бір беймәлім, ғажап сезім тұла бойына шымырлап жайылып жатты.
Кішкентай шөлмектегі сусынын ішуге тағы зауқы ауғанында бағанағы көзі өткір, сұлу келіншектің топты жарып келе жатқанын көрді. Зер салып қараса, киім-кешегін өзгерткен, таңертең садақа сұрап жүрген жас әйел. Ұзын отырғыштың бір шетіне ығысып жатты, келіншек тағы жанына отырды. Әлден уақытта:
– Сізді жұрт ізгі адам көреді. Таңертең әдейі амандасқым келді. Көмек сұрап барған, танымайтын, білмейтін адамды неге
алаяққа теңейсіз, – дейді қабақ шытып. Таңертең келіншек үйіне келгенінде осындай ой қылаң бергені есіне түсті.
– Адам баласы пенде, – деді Ерсерік.
– Қалпағыңды тауып алыпсың ғой.
– Сламғазы әкеліп берді.
– Тілегің қабыл, тәубең түзу шығар, қалпағыңды тапқаның жақсы болыпты. Мен пері мен періштеден туған қызбын, жан-дүниемде жақсылық пен жамандық жағаласып жатады. Жаны сұлу адамдармен әңгіме-дүкен құрсам ізгілікке аңсарым ауатындай.
Сол арада келіншек бағана өзі берген үш мың теңгені ұсынды.
– Қайтармай-ақ қойыңыз, үш мың теңгеге қарап тұрған ештеңе жоқ.
– Күн жаманы кетер, кесапат пиғыл да далаға кетсін. Аман-есен жүріңіз, – деді келіншек қоштасып жатып. Әлгі ақшаны тастап кетті.
Көп ұзамай Ерсерік шаңырағына қайтты. Кенесары хан ескерткіші тұсында азды-көпті аялдайтын әдеті. Есілге көз жүгіртті, биылғы жаз жаңбырлы, Есілде су көп, шып-шып еткен су кемеріне жетіпті. Түрлі ой қаузады. Түнде түсінен шошып оянатын, күндіз шыбын жанын қоярға жер таппайтын түрлі жағдайлар адамның да, ұлттың да басында болуы мүмкін. Туып-өскен елі қилы сынақтарды бір Алланың шапағатымен еңсергенін іштей тілеп тұрды. Көненің көзіндей сөз, адамға өлім бар, елге өлім жоқ.
Азат ӘКІМ
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.