Жүз жыл бұрынғы оқиғаның сабағы
Жүз жыл бұрынғы оқиғаны талдап-таразылау – арнайы мамандардың еншісіндегі шаруа ғой. Десек те, бүгінгі қазақтың көзқарасымен патшаны тақтан құлатқан сол жылдардың дүмпуі бүтін елге қандай сабақ берді деген сауалдың қойылуы да дұрыс секілді. Бұл орайда осыдан жүз жыл бұрын басталған төңкерістер дүмпуі сол кездегі Ресей құрамындағы өзге елге қалай әсер еткенін арнайы мамандардан жекелей сұрағанды жөн санадық.
1917 жылғы түрлі революциялар мен ұлттық автономиялардың құрылу тарихы, кейінгі тағдыры жайлы Алаш қозғалысын егжей-тегжейлі білетін, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары жайлы үлкен зерттеу еңбектер жазып жүрген Дихан Қамзабекұлымен сұхбаттасқан едік.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

– 1917 жылы патша тақтан құлаған соң бұрынғы патшалы Ресей құрамында өзінің автономиялы, федеративтік республикасын жариялаған өзге елдердің тарихы, тәжірибесі, ол үкіметтердің кейінгі тағдыры туралы не айта аламыз?
– Бұл өзі – өте қызық, тағылымды жағдай. Салыстырсақ, тура 1980 жылдардың басында Совет Одағының құлауын ешкім болжап-білмегеніндей нәрсе. Бірақ патша құлады, биліктен бас тартуға мәжбүр болды. Оның да себебі көп. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, 1905 жылы Ресей бірінші және соңғы рет Еуропа бола алды. Мағынасы: халық пен оқығандардың дүмпуімен 1905 жылы 17 қазанда баспасөз, ана тілінде мектеп, т.б. бостандықты беріп, 1907 жылы 3 маусымда сол манифестің күлін көкке ұшырды. «Құлдардың елі» атанған таз кепешін киді. Мұның аяғы үлкен трагедияға әкеліп соқты. Кектен кек туып, революция толқыны патшаны жұтып тынды. Қазіргі солтүстік көршіміз қимай жүрген «октябрь рухы» орыс дәстүрін ғана емес, отарлаған шет аймағын да типыл етті.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін қос үкімет пайда болды. Ол – Уақытша үкімет пен Жергілікті кеңес. Ақпан мен қазан айларының арасы ұзақ уақыт емес. Бірақ шешуші сәттер мен мүмкіндіктер еді. Мысалы, бізде Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезі осы кезде өтті. Уақытша үкімет комиссарлары саналған Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, оның жергілікті жүйесінде қызмет еткен М.Шоқай, А.Бірімжанұлы, А.Кенесарин, т.б. елеулі жұмыс атқара алды. Облыстық қазақ съездерінің беделі, сөзі, шешімі айшықтала түсті.
Әрі қарай Ресейдің ғана емес, оның бұрынғы отарлаған елдерінің тағдырын шешетін әу баста Уақытша үкімет шақырған Құрылтай жиын («учредительное собрание») таяп келе жатты. Екі ортада оған большевиктер килікті. Салыстырмалы түрде тездетіп Түркістан мұхтарияты (автономиясы) мен Алаш автономиясын жариялаған съездердің тарихы әрі мемлекетшілдік ниетпен, әрі уақыттың ырғағымен байланысты.
Алаш бағдарламасын ашық көзбен оқиық. Онда: «Русия демократиялық, федеративтік республика болу («Демократия» мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. «Федерация» мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. «Федеративтік республикада» әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп өте түсінікті жазылған. Әңгіме алғаш «Ресейдің өзін демократиялық, федеративтік етіп құру» жөнінде болып тұр.
Большевиктер ұртоқпағымен болашақ тағдырын анықтамай, бағдарламай сорлап қалған елдің бірі – бізбіз. Алаш және Түркістан автономиялары. 1917 жылы
5-13 желтоқсан арасында өткен ІІ жалпықазақ съезінің шешімдерінде өте нәзік, аса астарлы ойлар бар. Ол – Қазақстан мен Түркістанның бірлігі. Құрығанда қазақ ұлтының елдік бірлігі. Ә.Бөкейхан басқарған Алаш үкіметіндегі бір орынның М.Шоқайға берілуі де көп нәрсені аңғартады деп ойлаймыз. Түркістан мұхтарияты 1918 жылы ақпанда талқандалды. Алаш автономиясы 1919 жылдың ортасына дейін өмір сүрді. Әрі қарай не болды? «Қуғындағы үкімет» сынды күрделірек үдеріс жүрген секілді. Бұл ойдың сілемі З.У.Тоғанның естеліктерінде бар. 1921 жылы
2 тамызда Түркістан Ұлттық Федерациясы (ТҰФ) құрылған және ол «азаттық үшін күресті шетелде жүріп жалғастыратынын» мәлімдеген. Әлгі ТҰФ-қа Алаштың кіргені нақты жазылған.
«Өзге елдердің тарихы, тәжірибесі» деп сұрап қалдыңыздар. Кеңестен кейінгі кеңестік ішінде ХХ ғасыр басындағы ұлттық үкіметіне деген қилы көзқарас бар. Осыдан біраз бұрын Беларусь елінде іссапарлап бардық. Олар 1918 жылы құрылған «Беларусь халық республикасын» ауызға алмауға тырысады екен және оны «қуғындағы үкімет» санайды. Бір қызығы, сол үкімет ізбасарлары сыртта «біз бармыз» дегендей саяси әрекет жасап жатады…
Жалпы, патша өкіметі мен большевиктердің мемлекетшіл рухты таптауға қатысты айла-шарғысын арнайы зерттеу қажет деп санаймыз.
– Ақпан төңкерісінен соң Уақытша үкімет биліктің бұрынғы құрылымының орнына облыстық және уездік комиссариат құра бастағаны белгілі. Мұны сол кездегі қазақ зиялылары қалай қабылдады?
– Меніңше, көзі ашық адамдар оны жақсы және түсіністікпен қабылдады. Жоғарыда айтқан Уақытша үкімет комиссарлары Әлихан Бөкейхан мен Мұхамеджан Тынышбайұлының саяси салмағы, ел арасындағы беделі не тұрады? Әрине, қайсыбір тар ойлайтындар «орысқа қызмет етті» деп, сан-саққа жүгіртуі мүмкін. Кешегі күнге дейін бәріміз тамашалаған «Қазақфильм» (қазір де оқта-текте көрсетіледі) туындылары, 1916 жыл мен Амангелді айналасын суреттеген көркем шығармаларда Әлихан, Ахметтердің «сатқын», «сумақай», «жалтақ» болып бейнеленуінің бір астары осында.
Ғылыми жұмысымыздың барысында Ә.Бөкейханның
1916 жылғы Торғай оқиғасына байланысты көзқарасымен, іс-әрекетімен танысқанымыз бар. Сонда ұлт бірлігі мен ел тұтастығын ойлаған Әлекең өлке азаматтарымен (ішінде Амангелді де бар) бар жағдайды салыстырып, бүкіл қайшылықты түсіндіріп сөйлескеніне көз жеткіздік.
М.Шоқай естеліктерінде Уақытша үкіметке байланысты сын да, сындарлы пікір де бар. Бірақ сындарлысы басымырақ. Өйткені, ол – қалайда жүріп өтетін жол еді.
Біз совет өкіметін құрысқан, бірақ большевизммен ауырмаған қайраткерлердің ауыр һәм азапты жолын да – «қалайда жүріп өтетін жол» деп бағалауға мәжбүрміз.
– 1917 жылдың көктемінде «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты» деген айып тағылғандарды ақтау туралы жарлық шыққаны белгілі. Ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырды және қатысты деген айыппен итжеккенге айдалғандар, өзге де түрлі жаза қолданғандар осы ақтау негізінде елге оралды. Қуғын-сүргін көріп елге оралғандар қоғамда болып жатқан өзгерістерді қалай қабылдады?
– Басында Алаш мектебінен өткен, 1920-27 жылдары кеңестік Қазақстан билігінде лауазымды қызметтер атқарған Смағұл Садуақасұлының 1922 жылдан бастап жазған «Сәрсенбек» атты романы бар. Бірақ толық бітіріп, жариялап үлгермеген. Осы шығармасының қолжазбасын Елизавета Әлиханқызы 1958 жылдары Мұхтар Әуезовке берген екен. Кезінде соны Ләйла Мұхтарқызынан алып, Смағұл жинағына енгіздік. Осы романда біз кейде тым әсерлейтін, кейде тым сүмірейтіп жіберетін 1916 жылдың шындығы көркем суреттелген. Біз кеше
100 жылдығын дүбірлете алмаған сол оқиғаны Кеңес өкіметі барынша насихаттады. «Қазақтың Октябрь революциясына даярлығы» деген тұжырымды миымызға сіңірді. Әрине, Алаш бұл көтеріліске қарсы болды. Оның себебі талай рет жазылды. Ал Смағұл болса, «сол көтеріліске ұлт зиялылары басшылық еткенде не болар еді?» деп, мәселені тосын қырынан қояды.
Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожасы» да бізді 100 жыл бұрынғы оқиғаның бітімін барлата алады.
Халық тұрғысынан келсек, 1916 жылғы қырғынның жарасы жазылмай жатып ақ пен қызыл қырғынының өрттей қаулауы ешкімге опа бермеді. Патша жарлығына қарсылықтан кейінгі жазалаушы отрядтың ойраны итжеккенге айдалудан да азапты болғаны сол кезден жеткен жырларда да, естеліктерде де айтылады.
– Қазақтың зиялы азаматтары Ресейдегі өзгерістерді қазақтың пайдасына шешу үшін қандай қадамға барды? Қазақ зиялыларынан құралған басқару жүйесі жалпы халықтың пайдасына қандай қызмет еткісі келді?
– Жалпы, тарих тағылымы көрсетті: Ресейдегі өзгерістерді Қазақ елі пайдасына шешу аса шетін, аса күрделі мәселе екен. Мұның керемет философиясы Ж.Аймауытұлының «Ақбілегінде» тұнып тұр. Ол (отарлаушы) «мен бұл надандарға жақсылық әкелгелі тұрмын, бұлар соны түсінбейді» дейді. Бұрын да, қазір де. Тіпті мұны біреулер мұхиттың арғы жағынан да айтатын болды. Екі әлемді салыстыра келіп, Жүсіпбек: «Бұлардың арасында тән жақындығы болғанмен, жан жақындығы ешқашан болмайды» дегенді айтады. Көршінің өзгерісін қай тұрғыдан қабылдауды Алаш тұлғасы Хайретдин Болғанбай да дәл тұжырымдаған: «Сорлы Түркістан! Сен кеше «Бостандық болды, теңдік күні туды» деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіңе алдың ғой. Жоқ, босқа алданғасың! Шеттен келген бұл бумен үлкен теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын. Сырттан – Русиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды!..».
Егер 1917 жылы Ресейдегі билік басына либерал-демократиялық күш келсе, әлбетте, Алаш автономиясы мен Түркістан мұхтариятының қазақ қанаты бірігіп, М.Шоқай жазғандай, Түркиядан кем емес республика (мемлекет) болар еді. Ол тұтастай халықтың пайдасына қызмет етіп, қазақты қырғынға да, басқа пәлеге де ұшыратпас еді.
Қысқа қайырайын, большевиктік Ресейге байланбаған (бұл арман) елді тіпті Елтай Ерназаров сынды қарапайым адам басқарса да 1930 жылдардағыдай жарты халықтан айырылмас едік.
– Қазақ тағдырына тікелей әсер еткен қос революциядан ұлт ретінде қандай сабақ алдық? Сол уақытта жаңадан құрылған, алайда өкілеттілігі ұзаққа созылмаған Түркістан және Алаш автономияларының мақсат-мүддесін бүгінгі қазақ қаншалықты түсінді?
– Өздеріңіз білесіздер, Ақпан төңкерісін қазақ бөркін аспанға атып жақсы қарсы алған. Халықтың көш басындағы зиялылар да бұған қатты қуанған. Ал Қазан төңкерісін «ылаң» деп бағалаған. Большевиктер Петроградты алғанда, Алаш қайраткерлері «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деп, жұртты сақтандырған.
Бетін аулақ қылсын, біз Тәуелсіздігіміздің баяндылығына сенеміз. Бірақ алыс-жақында қауіп барын сезінеміз. Халықаралық құжаттар, кепілдіктер қиын жағдайда, сын сағатта дәтке қуат болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Сабақ біреу: ол – елдің сауаттылығы, отаншылдығы, бірлігі. Біз әбден жылап, қайғырып, мүжіліп, қорқақтап, шайлығып тойғанбыз. Ол бізге әл емес. Әлем ақылы ойлап тапқан демократияны, әр ұлттың өз қайнауынан шыққан әділетті, халық пен билік арасындағы сұхбат пен шынайы түсіністікті өмірде кеңінен пайдалансақ, нағыз сабақ – сол!
Алаш пен Түркістан автономиясы мүддесін бүгінгі ұрпағы
100 пайыз түсінеді деп айту ерте. Бірақ құдай ақыл-естен айырғандар болмаса, 100 пайыз шын демократия ғана елімізді ұшпаққа шығаратынын түсінеді. Мемлекетшілдік тарихымызда Алаш пен Түркістан автономиясы – нағыз демократиялық билік құрылымдары еді. Мәселеге осы тұрғыдан келіп, әу бастағы «қазақ» этнонимінің өзі бүгінгі «демократия» деген мағынаны бергенін, Алаш тәжірибесі соның алтын арқауы екенін ұқтыра алсақ, әрине, аталған тарихи межелерімізді замандастарымыз лайықты қабылдар еді.
Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.