Қазақы дүниетаным темірқазығы
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөз қазақ жеріне бүгінгідей көп ұлттың табаны тие қоймаған тұста айтылғанымен, бүгінгі күннің үдесінен толық шығып тұр. Ұлт та жеке адам сияқты. Өзіңді ұмытып адамзатты сүю мүмкін бе? Өз басының бағасы мен қадірін біле алмаса өзгені де жарылқай алмайды.Ұлттың өзін тануы оның тамыры тереңде жатқан бабалар салып кеткен дүниетанымдық ұстанымдарына үңілуден, соған қайта оралудан басталатыны анық. Қазақ дүниетанымының ХХІ ғасырдағы бейнесі қандай, темірқазығы не деген тақырыпта «Отбасы хрестоматиясы» сериясының жоба авторы Санжар КЕРІМБАЙ мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан ИСАХАНҒА бірқатар сауалдар қойдық.
– Қазақ халқының тарихына үңілсек, оның танымына өзге ұлт дүниетанымы қатты әсер еткенін байқаймыз. ХХ ғасырда орыстың, одан кейін арабтың, кейінгі жылдары батыс елдерінің екпіні қарқындап келеді. Жалпы, қазақ дүниетанымының темірқазығы деп біз нені танимыз?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Менің жеке көзқарасым бойынша өзге ұлттың дүниетанымы қазаққа әсер еткен жоқ. ХХ ғасырда басқа жұрттың ықпалы болды десек, онда орыстың мінезі емес, коммунистік идеология сіңді деп білем. Коммунистік идеологияны большевиктер қазаққа ғана емес, Ресейдегі орыстардың өзіне де зорлап таңды. Олар да репрессияға ұшырап, шіркеулері қиратылып, поптары атылып кетті. Орыс халқы да талай рухани һәм мәдени байлығын жоғалтты. Мыңдаған зиялы элитасынан айрылды. Ресей жұрты қазір де КСРО дәуірін аңсайтын басшыларынан зардап шегіп отыр. Сондықтан КСРО кезінде орыс мектепте оқыған қазақтарға орыс дүниетанымы жұқты деп ойламаймын. Меніңше, бәріне советтік таным жұқты. Бұл таным бойынша: «адамның рухани болмысы есепке алынбайды. Себебі, жаратушы Құдірет жоқ. Өлген соң өмір жоқ. Ендеше, барынша осы жерде жырғап қалу керек. Мақсатқа жету жолында аянып қалуға болмайды. Ымыраға келу деген атымен жоқ. Бізге қосыласың немесе өлтіреміз». Бірақ мұндай идеологияның зиянын біз ғана емес, КСРО құрамында болған барлық ел әліге дейін тартып отыр. Әзірге большевиктер шеңгелінен Грузия, Украина және Балтық елдері ғана құтылып келеді. Қырғызстан қайта-қайта төңкеріс жасап, бостандық үшін күресіп жатыр. Советтік тәсілмен ел басқарудың дәлелі осы. Борис Ельциннен басқа бірде-бір мемлекет басшысы билігін өз еркімен басқаға өткізіп берген жоқ.
«Арабтың дүниетанымы» деген де меніңше дұрыс емес. Дұрысы – Сауд Арабиясының мемлекеттік діні саналатын уахабизм идеясы шығар. Діннің бұл тармағы да бізге табиғи жолмен жұқпайды. Ол да коммунистік таным сияқты жоғарының ықпалымен, неше түрлі қитұрқы жолдармен жоспарлы түрде танылып жатыр. Тәуелсіздік алғалы бұл діннің қаупі туралы дабыл жеткілікті қағылды. Көзі ашық зиялы жұрттың бір парасы уахабизмге тосқауыл қою туралы билікке талай рет хат жазды. Бәрі де нәтижесіз. Қазір бұл діни таным кедергісіз насихатталуда. Ал Батыстың ықпалы дегенмен келісе алмаймын. Керісінше қазақ жастары өз еріктерімен Батысқа мойын бұра бастады. АҚШ-тың, яки болмаса Еуропа елдерінің Қазақстанға саяси, яки мәдени ықпалын мақсатты түрде арттырып жатқанын байқамадым. Ал мемлекет «Болашақ» жобасымен 20 жылдан бері жастардың Батыс елдерінде білім алуына жол ашты. Қазір тек қазаққа ғана тән, қайталанбас дүниетаным бар дегенге толық келіспеймін. Кез келген халықтың дүниетанымы жалпыадамзаттық гуманистік идеяға негізделгенде ғана өміршең болады. Міне, мынау қазақтың темірқазығы деп ештеңені көрсете алмайсың. Нені ұстасаң да ол бүкіл адамзатқа ортақ құндылық болып шығады. Айырмашылығы әлемге ортақ осы алтын идеяны әр этнос ана тілінде өзінше жеткізеді. Мысалы, өркениеттің көшін бастаған елдің бәрі мемлекетті көгертетін екі кредоны негізгі ұран етіп алған. Олар: Әділдік және адам теңдігі. Бәрінің Ата заңы «Бүкіл адам ұрпағы тең» деп басталады. Енді осы принципті қай халықтың дүниетанымы деп тануға болады? Ал бұл қағида қазаққа онсыз да бөтен емес. Қарапайым «обал» мен «сауаптан» басталатын гуманистік идеялар қазақ дүниетанымында Құдайға шүкір дегенге сыйып кеткен. Мысалы, ұлтшыл қазақтардың 90 % «қазақтың рухани Темірқазығы – Абай!» дейді. Бірақ Абай да сол: Мейірім, Махаббат, Әділдік, Шапағат, Адал достық деген сияқты адамзаттық құндылықтарды қазақша өлеңмен өрнектеп, жұртына ұсынды.
Мұхан ИСАХАН:
– Қазақ дүниетанымы темірқазығының үш ұстыны бар деп білемін. Бірінші ұстын деп – ұлтымыздың жүріп өткен сүрлеуі, бай тарихы мен шежіресі, яғни Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлері және осы тарихи кезеңдерге қатысты жәдігерлер мен фольклорлық қазыналарымызды айтар ем. Екінші ұстыны ретінде қазақ халқының тал бесіктен, жер бесікке дейінгі этнографиялық құндылықтары болып саналатын тұрмыстық салт-дәстүрлері мен қоғамдық қатынасты реттеуші әдет-ғұрып заңдарын айтуға болады. Үшінші ұстыны деп – қазақ халқының тарихи һәм этнографиялық құндылықтарымен біте-қайнасқан сенім-нанымы – Ханафи мәзһабын көрсетуге болады. Әрбір қазақ азаматы осы үш ұстынды жандүниесінің тіреуіші ете алсақ, қазақ дүниетанымы өзінің темірқазығынан адаспайды деп білемін. Кезінде Радлов: «Алты мың шақырым аймақты мекендейтін қазақ халқының дүниетанымы, ойлау жүйесі, салт-дәстүрі, мәдениеті, фольклоры, сенім-нанымы бірдей. Бұл не деген біртұтастық?!» деп тамсанып жазған болатын. Яғни, жоғарыда айтқан үш ұстынды тиісті деңгейде ұлықтай білсек, ұлттық біртұтастығымызға селкеу түспейді деп білемін.
– Қазақы өмір-салт жаңа ғасырда қалай қалыптасқаны жөн?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– ХХІ ғасырда қазақтар әлемнен бөлек кете алмайды. Барлық әлем халқы бастан кешкен процестен сөзсіз өтеді. Көшпенді кезде қалыптасқан қазақтың салт-санасы сырттай өзгеріске ұшырайды. Қалай да ақша тауып, тірі қалуға ұмтылып жанталасқан тіршілікте ел-жұрт жағдайға бейімделіп кете береді. Сондықтан «ол былай қалыптасуы керек» деп оны ешкім де қолмен реттей алмайды. Мысалы, салт-дәстүріне бекем ел деп көбі Жапонияны таниды. Сырттан қарасаң солай. Барлық жерде жапон мәдениеті жайнап тұрады. Ішіне кірсең кәдімгі тіршілік үшін жанталас қоғамда қайнап жатыр. Бірақ барлық механизм заң арқылы реттеліп тұр. Меніңше, болашақта ақылды қазақтар даралығын сақтау үшін салт-сананың ішкі мәнін сіңіруге ұмтылады. Ең қызығы, Еуропаның гуманист ғалымдары осы құбылысты ХІХ ғасырдың аяғында-ақ барлап, барлық құндылықтың ішкі мазмұнын сақтап қалу үшін күресті. Осы себепті де мен рухани мәселені ЛОГОС идеясына әкеп тірейтін Логотерапия іліміне бұрылып кеттім. Яғни бір құндылықты сақтап қалғың келсе оның сыртқы формасын емес, ішкі мәні мен мазмұнын ұстап қалу керек. Сол кезде қазақтың да дүниетанымы өзінше өмір сүре алады.
Мұхан ИСАХАН:
– Қазақ өмір салт жаңа ғасырда қалалық мәдениетке бейімделуі шарт. Бұлай деуімнің себебі, біз қалада қазақы ғұмыр кешудің нақты үлгісін әлі қалыптастырған жоқпыз. Қалалық қазақтың өмір сүру парадигмасы белгіленбегендіктен де урбанизация үдерісі талай қазақтың өзін-өзі жоғалтуына әкеп соқтыруда. Ауылдан қалаға келген қазақтың жақсысы имандылық жолын ұстанамын деп діни жамағаттарға барып кіреді. Осының негізінде ол салафит болып шығуы да әбден мүмкін. Ал ауылдан қалаға келген қазақтың жаманы оңай жолмен ақша тапқысы келіп, қылмыстық топтарға барып қосылады немесе екі жеп биге шыққысы келіп, жемқорлық жолдың құрбанына айналып жатады. Қалада, тіпті қарапайым ауылда өткізетін жиындарды өткізудің үлгісі жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Көрші өзбек ағайындарда қалалық өмір сүру ғұрпын белгілеуді махалла (көше) ақсақалдарының құзіретіне берілген. Махаллада қуанышты той немесе қаралы жиын өтетін болса, ол ақсақалдар бекіткен ұлттық құндылықтарға негізделген үлгіге сай жүзеге асады. Бізге де осы бағытта жұмыс істеу керек тәрізді.
– Мың өліп, мың тірілген қазақтың батырлық туралы түсінігі әлі де жоңғарды жеңген образда сақталып қалғандай. Одан бергі тарихта да қазақтың «мың өлген» тұсы болды. Сол кезеңде оны алға сүйреген, «тірілткен» рухын кейінгі ұрпаққа таныта алып жүрміз бе?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Тарихында мың өліп, мың тірілген қазақтың рухын алға сүйреп отыратын ерекше, қазаққа ғана тән, басқа елде жоқ сиқырлы бір идея болды деп санамаймын. Барлық әлем жұрты сияқты қазақтар да табиғаттың заңына сәйкес тарихта қалу үшін жанталасты. Ол кезде қазақтар әлі жаппай геноцидке ұшырамаған. Ұлттық Генофонды бай кез еді. Сондықтан экспансияның барлық түріне шамасы келгенше қарсылық танытты. Зобалаң туғанға (1928-ден кейінгі нәубеттер) дейін қазақтың ауыз әдебиеті бұрынғы жүйемен жайнап тұрған. Бесік жырынан бастап батырлық жырлар, мақал-мәтел, ән, күй, жыр, діни қисса мен дастан адамның ең биік рухани қасиеттерін шыңдап, намысын қайрап отыратын. Яғни ол кезде «Ел үшін құрбан болсаң, мәңгілік жасайсың» деген кредо санаға жүйелі түрде сіңе беретін. КСРО кезінде бұл құндылықтың бәрі құрыды. Кітаптар өртелді. Ишандар атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 25 жылдан асты. Бірақ осы құндылықтарды көтеріп, оқу жүйесіне ендіретін бірде-бір не мәдениет, не білім министрі шықпады.Қазақ ұлтының өмір бойы өндірген рухани құндылықтарын орта мектепке ендірсе елдің есін жинауы демде жүзеге асатын процесс. Біз қазір керісінше КСРО кезінде жазылған оқулықтарға зар боп қалдық. 1991 жылы бұл проблеманы көзін тауып шеше алатын бір ғана тұлға болған. Ол – Өзбекәлі Жәнібек. КСРО кезінде мәдени майданда танылған министр Жәнібеков керісінше Қазақстан егемендігін алған соң жұмыссыз қалды. Ол кісі рухани күресін өлген соң да жалғастырған. Қайтыс болған соң денесін Алматыдағы Кеңсайға емес, Шәуілдірдегі Арыстан Баб қорымына жерлеткен. Ал қазір қазақтың жанын тірілтіп, рухына жігер сыйлайтын бұл құндылықтарды жинап-теріп, барынша насихаттап жатқан бір ғана адамды білемін. Ол – Ғалым Доскен ағамыз! Ол кісі басқаратын «ЕЛ» продюсерлік орталығы қазақ мәдениетіне қатысты барлық құндылықты таспаға басып, дискі етіп шығарып, шамасы келгенше таратып жатыр. Бірақ бұл істі мемлекет деңгейінде қолға алмаған соң оның ықпалы әлсіз болады.
Мұхан ИСАХАН:
– Біз эпостық жырларымыздағы Алпамыс, Қобыланды, Ер Төстік, Арқалық және т.б. батырларымызбен қатар, тарихи деректердегі Томирис, Ширақ, Мөде тәңірқұты, Күлтегін, Білге қаған, Едіге би, Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абылай, Кенесары, Есет, Жанқожа, Сыздық және одан бертіндегі Алаш қайраткерлерін де насихаттау арқылы ұлт рухын тірілтуімізге болады. Дегенмен, қазіргі жаһандану дәуірінде батырлардан көрі зиялы азаматтарды көбірек үлгі тұтқан жөн сияқты. Зиялылық туралы Мұстафа Шоқай: «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi», – деп зиялылықтың мәнін ашып көрсеткен еді. Бұрын қазақ халқы ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды «ер», «азамат», «сабаз», «батыр», «бек», «би», «хан», «қайғы», «ақын-жырау», «игі-жақсы», «құт», «сақи», «сүлей», «камил инсан», «жәуан мәрт» және т.б. атаулармен атаған. Қазіргі күні халықтың жоғын жоқтап, барын ұқсатып кәдеге асыра білген қайраткер һәм кемел ойдың иесін – зиялы деп атаймыз. Бізге қазір осы зиялылықты кеңірек насихаттау керек деп білемін.
– Сіздің ойыңызша, халықтың рухани көңіл-күйін алға жетелейтін қандай күш? Осы күшті нығайтудың жолы қандай?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Мәдени кеңістікте тоқырап, қоғамда жаппай қолданысқа түспеген тілді бөтен ел тұрмақ, сол ұлттың өзі де меңгеруге құлықты болмайды. Ал қолданысқа еніп құнарланған тіл ғылым, білім, тың мәдениет пен әдебиет туғызбай қоймайды. Барлық мәселе тілдің өзегінде жатқан жалпы
адамзаттық құндылықтың тірілуіне барып тіреледі. Виктор Франклдың ойымен айтқанда, тіл құндылық емес. Ол логосты сайрататын сайман! Мәдениетіңде мән қалмаса, ана тіл де қауқарсыз болып қалады.
Мұхан ИСАХАН:
– Тәуелсіздіктен кейін дінге еркіндік берілгеннен халықтың исламға деген бетбұрысы күшейді. Бұрын молда дегенде дем салып, мәйіт жуушы кісі есімізге түсетін. Қазір дін уағызшылары қоғамның кірін жуушы идеологтарға айналып үлгерді. Бұдан кейін де халықтың дінге деген ықыласы артпаса, кемімек емес. Халықтың осы ықыласын дұрыс арнаға бұра алсақ, келешегіміз жарқын. Әгәрәки, халықтың тау қопарар бұл ынтасы теріс бағытқа бұрылса, онда ел болудан қаламыз ба деп күдіктенем. Демек, біз халыққа өзіміздің төл діни арнамызды анықтап беруіміз керек. Әсілі, қазақтың бүкіл болмысы ислам құндылықтарымен біте-қайнасып жатыр. Ислам мен ұлттық құндылықтар қатар өріліп, мәдени құбылысқа айналып, біздің бітім-болмысымызды құрап отыр. Яғни қазақты танығымыз келсе, исламды тануымыз керек десек, асыра айтқандық емес. Осы себептен де исламды кәдемізге жарату – ел руханиятының басты бағыты болады деп ойлаймын. ХХІ ғасыр немесе үшінші мыңжылдықтың басы алпауыт елдердің «ислам терроризмі» деген қолдан жасаған Хақ дінді қаралауға негізделген исламфобтық ойын жүргізуінен басталды. Қазіргі күн тәртібінен түспей тұрған әл-Кайда, талибан, Боко-Харам, ДАИШ, ән-Нусра, салафизм т.б. діни ағымдар алпауыттар іске қосып отырған исламфобтық көп ойындардың бірі. Соңғы жылдары осы өрттердің жалыны біздің елімізді шарпып, билік пен халықтың үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Әсіресе, біздің жақын көршілеріміз осы «измдерді» өз пайдасына жаратып қалуды, қажет болса осы ойындар арқылы еліміздің ішкі ахуалына араласқысы келеді. Біз осы қитұрқы ойындарда сан соғып қалмас үшін рухани һәм саяси имунитетімізді күшейтуіміз керек.
Түйін.:
Біз бұдан бұрын әлемге дәл қазіргідей есігімізді айқара ашып көрмеп ек. Ал қазір ашық тұрған есіктен елге келушілер де, елден жыраққа шығушылар да көп. Әр қадамымызда өзге жұртпен бетпе-бет келіп жүрміз. Заманның көші бізге өзге жұртты тани жүріп, өзімізге үңілудің жолын көрсетіп тұрғандай. «Жатты жанынан түңілдірер» өзімізге деген «сыйластығымыз» арта беретінінен үміттіміз.
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.