Жұмабек МҰҚАНОВ
62 жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, жазушы, журналист, тарих зерттеушісі Мұқанов Жұмабек Сейілханұлы дүниеден өтті.
Ол 1955 жылы 28 шілдеде Өзбекстанның Самарқанд облысында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара аудандық «Өскен өңір» газеті (кейіннен «Шардара тынысы») газетінде қарапайым тілші болып бастаған. 35 жыл осы басылымда табан аудармай қызмет атқарды.
1983-2010 жылдар аралығында осы газеттің Бас редакторы ретінде ауданның, өлкенің мәдени-рухани, әлеуметтік өмірінің дамуына қаламгерлік һәм азаматтық тұрғыдан аянбай еңбек сіңірді.
1995-1997 жылдары ҚР Парламентінің «Халық кеңесі» газетінің Орта Азия республикалары және Қазақстандағы, сондай-ақ, «Түркістан» апталығының Өзбекстандағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды.
Шалғай ауданда, әдеби ортадан жырақта тіршілік кешсе де қолынан қаламы түспей, киелі көсем сөз бен көркем сөзден қол үзбей көптеген тарихи, публицистикалық кітаптарын шығарды.
«Әйтеке бидің ақ жолы», «Губернатор Аман Төлеев», «Шағалалы Шардара», «Сексеуілдің шоғы» жинақтарын, Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханым туралы зерттеу еңбектері мен Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының рухына арналған «Жүз күндік жалғыздық» атты туындыларын қалың оқырман қауым жылы қабылдады.
Жұмабек Мұқанов «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған. Президент сайлауларында Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі болып, Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталған.
«ҚР мәдениет қайраткері», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілген.
2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болды.
Еліміздің рухани-мәдени кеңістігінде өшпес із қалдырған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.
Қош бол, заңғар замандас!
«Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Жұмабек Сейілханұлы Мұқанов дүниеден өтті» деген хабарды естігенде жазира мінез, жарқын көңіл, кеудесіне туған жерін толық сыйғызып жүретін азаматтың алшаң басқан келбеті елестеді.
Оның дауысының өзінен бүкіл даланың үні естілетін. Жуырда ғана телефон арқылы:
– Ағалар, мені еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Құрмет» орденімен марапаттады. Келіңіздер, қуанышыма ортақтасыңыздар, – деп шаттана хабарлаған. Алайда, еліміз үшін қасиетті мерекеге ұласқан тәуелсіздік таңының атуына өзінің шексіз үлес қосқанын біз айта алмадық. Айтқанымызбен мадақ сөзді қабылдамайтынын тағы сездік.
Жұмекең бір адамның өмірін кешкенімен, бір ғасырдың жүгін арқалаған қатепті қара нардың өзі еді. Біз оның замана толғауын кемеліне келтіре жазған Әбіш Кекілбаевпен қаншама жылдар бойы тағдырлас інісі болып кеткенінің куәсі болдық. Сондықтан да қимас ағасы Әбіш Кекілбаевтың рухына арналған «Жүз күндік жалғыздық» атты өміршең де өлмес дүниені жазып кетті. Осы қолтаңбасы арқылы шығармашыл адамдардың өмірде досы да, сыйласы да, құрметтеушісі де көп болғанымен оның жаны жалғыз, серігі жалғыз Хақ екенін ұғындырып кетті.
Жұмабек ұл да, ұрпақ та тәрбиеледі. Шаңырағынан шыққан өз перзенттеріне де, егемен елдің жас өрімдеріне де Отанды сүюдің түп-тамырын өмірімен де, туындыларымен де анық көрсете білді.
Жұмекең журналист қаламын ұстаған жылдары оның жүрегінде бүкіл Орта Азия республикаларының, өз елінің тыныс-тіршілігі бүлкілдеп жатты. Ресейдегі атамекенін аңсаған оғланды Сыр бойына алып келіп, дәм таттырғаны, ол туралы «Губернатор Аман Төлеев» атты кең тынысты, келер ұрпаққа тағылымы мол толғауын ұсы-
нуының өзі неге тұрады?!
Туған жердің топырағына «Әйтеке би» қоғамдық қорының түпқазығын бекем орнатып, көршілес Өзбекстан жерінде мәңгі тыныстап жатқан әз әулиенің, атақты бидің өмір сүрген жылдарын анықтауға барын салды. Сол елдің төрінде «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» кесенесінің бой көтеруіне, «Нұратадан Астанаға дейін» деректі
фильмінің дүниеге келуіне аянбай тер төкті. Халықаралық «Түркі әлемі» киностудиясында Жұмекеңнің кеңесші болуымен «Әйтеке бидің ақ жолы», «Бекет Ата жолымен» деректі фильмдері тұсауын кесті.
Жұмабек Мұқанов Оңтүстіктің оңтүстік бұрышында жүріп-ақ осыншама ерен тірлік тындырыпты. Қандай дүниені қолға алса да, бірінші орынға ұлт руханиятының салтанат құруын қойыпты. Туған елге істеген қызмет өлуші ме еді?! Ендеше, сенің қызметің де мәңгі ел есінде қалады.
Қош бол, инабатты іні, заңғар замандас, абзал аға!
Өмірзақ Озғанбаев, Бекет Тұрғараев, Клара Жұмабайқызы Кекілбайкеліні, Иманәлі Байдәулетов, Шахарбек Усманов, Ханбибі Есенқарақызы, Захардин Қыстаубаев, Қарсенбай Қунақов, Айгүл Қаппарова,
Айтжан Бекназаров, Төкен Танаұлы.
Аза жыры
(Жұмабек Мұқановқа)
Жұмағам сойы еді ғой шын кісінің,
(Ажалдың жаба алады ұңғысын кім?).
Қолыңнан алтын арқау кетті сусып,
Өмірдің шындығы осы – Шыңғыс інім!
Жалғанның артта қалды-ау жарқын бағы,
Ер еді нар жігіттің нарқындағы.
Жоқшысы бір өзіндей көрінуші ед,
Әбіш пен Фаризаның артындағы.
Сәріде қалам алса жыр қонатын,
Шындық деп шырылдаған ұл болатын.
Әділет іздеп келіп, іздеп кетті Ол
Бақиға түбі біздер бір баратын.
Тіріңде айнала ұшты тәмәм қарға…
Өлгенде үстем етсін бағыңды Алла!
Бабаңның бәрі түскен сара жолға,
Жұмаға, сен де түстің, амал бар ма!?
Адайдың ақ тасындай Шыңғыс інім,
Бойында мерейі бар мың кісінің.
Әкеңіз құсқа айналып ұшып кетті,
Мәкәні ұжмақ болғай нұр құсының!
Маралтай.
Сен де кетіп барасың…
Қара шашын қара түн жайды бөлек,
Бұл тірлікте сор да көп, қайғы да көп.
Қан жылатып қаңтарда ел-жұртыңды,
Сен де кетіп барасың, ей, Жұмабек!..
Досым едің жүретін күнде ойымда,
Жылайын ба, мен енді жырлайын ба?
Қызыл құмда ашылмай гүлің қалды,
Сырың қалды айтылмай Сыр бойында.
Бала күннен біз жүрдік егіздейін,
Тасып-тасып алушы ең теңіздейін.
Шардараның толқыған толқынынан
Айналайын, жан досым, сені іздейім.
Дұға оқимын күбірлеп әр күн енді,
Бүтін едім, бүгіннен жартым өлді.
Ақиқаттың ауылын көп іздеп ең,
Жолығарсың сол жақта, бәлкім енді…
Жігіт едік есейген көшке еріп бір,
Жаназаңмен айтылар естелік бұл.
Алдың пейіш болсыншы, артың кеніш,
Қош болып тұр, жан досым, қош болып тұр!
Бауыржан ҚАРАБЕКОВ.
ПІКІРЛЕР2