Елу жыл елін жырлаған
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
профессор
Қазақ халқының қазынасына мол рухани мұра қалдырып кеткен аты алты алашқа мәлім жыраулардың бірі – Сүгір Бегендікұлы өмір тарихы өлеңмен өрілген тарихи тұлға. 362 әулие мәңгілік тыныс тапқан қасиетті Маңғыстау топырағының Өгіз-Өреуіл деген жерінде дүниеге келген оның әкесі Бегендік күнінде Меккеге екі рет барып, қажы атанған діндар адам. Табиғи таланты халқының сүйіп тыңдар жыр маржанына айналған жыраудың өмірі бірде баршылықтың шарапатында шалқыса, бірде жоқшылықтың көлеңкесінде қамығып күй кешкен. Оның домбыра сазына тереңірек үңіліп, зер салған зерттеушілердің мына бағасы көңілге қонымдырақ: «Сүгірдің басқа жыраулардан ерекшелігі – жыр мақамының сан түрлі құбылуында, талант иесінің сан түрге салып құбылта білуінде». Замандасы, өмірін ұстаздыққа арнаған Сатыбалдиев Майрам Сүгірдің орындаушылық өнеріне риза болып «Сүкең 12 түрлі мақаммен жырлай алады» деуші еді. Ел арасында өнеріне тамсанған талайларды жырдың бұлағымен суарған дарын иесінің шыққан тегі – кіші жүз Адай руының ішінде Жаулы баласының Ескелдіден тараған ұрпағы.
Маңғыстау халқының басым көпшілігін туған жерден аластап, жат жердің қазығына байлаған отызыншы жылдардың ойраны. Жанарға жас ұялатып, көңілге мұң туғызған осы аласапыранда атамекеннен ауа көшкен шаңырақтың бірі – Ескелді Бегендік қажының отбасы. Зұлмат жылдардың зіл батпаны 1931 жылы Адай көтерілісіне жалғасып, қалың ел Бесқала асқан. Тағдыр талқысына түскен Бегендіктің отбасы Тәжен, Ташауыз елді мекендеріне қоныс етеді. Ал осы топырақта өркені өскен Қоңырат, Хожелі, Нөкіс, Көне, Шаржау, Байрамалы, Ашхабад, Шағадам қалалары жыр жүйрігінің талантын бағалап, мерейін өсірген жер.
Қарт Каспийді жағалай қонған Маңғыстау жұртшылығының аумалы-төкпелі уақыттағы мұң-зарын көнекөздердің есінде қалған мына өлең жолдарынан байқауға болар:
Күңіреніп көкіректегі ой-қиялдарым,
Адасқан ақылымды жия алмадым.
Көңілге қайғы салды мынау зұлмат,
Атажұрт, туған жерді қимастықтан,
Төгілген көздің жасын тия алмадым.
Маңғыстаудағы өнер мектебінің басында аты әйгілі «Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» тұр. Осы үлкен өнер шаңырағына шаншылған алтын уық іспетті Сүгір жырлары өзіндік мақамымен, сазымен көпшілік қауымның ілтипатына ерте бөленген құнды дүниелер. Маңғыстаудың Сазды мекеніндегі Бәли Нұрнияз ақынның мектебінде білім алған жас өреннің домбыра тартып, жыр үйренуге машықтануы он алты жасында басталған. Ұстаздың шәкіртке берер тәлімінің ұлан-ғайыр екендігін ескерсек, Сүгірдің өнер мектебін қалыптастырған талант иелерінің мықты болғандығын көргендейміз. Солардың бірі әрі бірегейі:
Мен Адайдың Ақтаны,
Шежіре шешен тақтағы.
Алқалы топта аршынды,
Тұлпары едім баптағы.
Айдынға үйрек, қаз керек,
Сұлуға құшақ наз керек,
Теріге пұшпақ баз керек.
Тері жаймай Ақаң не қылсын,
Заманға қарай саз керек.
Асқандарға тосқан бар —
Ол да анық кез келед.
Фәнидің сырын ұқпаса,
Ол адамды ез демек, –
деп күнінде екпіндетіп, дауылдатып жырлаған Адайдың бес жүйрігінің бірі – Ақтан Керейұлы Сүгірдің ұстазы.
Бозбала шақтан үлкенді-кішілі жиындарда ән салып, жыр жырлаған Сүгір халық аузына ілініп, өнері бағалана бастайды. Қанша жырласа да жағы талмайтын жас жігіттің талантына тәнті болған халық Сүгірді үлкен-үлкен жиын-мерекелерге шақырып ән салдырып, жыр айттырады. Күміс көмей жыраудың адамның бақытын, өнердің жақұтын, жырдың маржанын, өнердің тарланын, қыранның самғауын әдемі сөзбен кестелеп, тебінтіп айту мақамы көпшілікті өзіне баурайды. Қазақ, түрікмен, қарақалпақ ағайындардың қолпаштауымен өнеріне қанат бітіп, қыран құс секілді көкте самғайды. Ел аузында жүрген «Қарасай Қази», «Едіге», тағы басқа жыр-дастандарды әуезді үнімен әдемі жырлап, көсілгенде алты қанат ақ орданың есігінен төріне дейін лық толған әлеумет көз ілмей, кірпік қақпай тыңдайды екен. «Үйге сыймағанымыз есіктің жабығынан сығалап, жырдан құмар қандыратынбыз. Сүгірдің талантын ашып, бағын жандырған Бесқала өңірі» деген көнекөз қариялардан қалған әңгіме шындықтың жанып тұрған шырағындай.
Елдік тақырыптарға үлкен мән беріп, термелетіп өткен жырау туралы естелік-әңгімелердің біріне тоқталсақ. «Әкем Сүйеу Кеңтоғайұлының айтуы бойынша, екеуміз де жылқы жылы туған құрдастар едік. 1930 жылы жаппай көшкен елмен Тәженнен шықтық.Түрікпеннің мақтасын да тердік, Иран шекарасынан өтіп сауда да жасадық. 1927 жылы жұт қояннан кейін-ақ, адай елі қиындыққа тап келді ғой. «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, үкімет (кеңес) бізді сенделтті ғой. Мақта теріп жүріп арқамызды қапқа сүйеп демалып отырып: «Ау, Сүке, жыр қайда?» деп әзілдеген боламын. «Айтар еді-ау Сүкең, қуып кетеді ғой үкең» деп жан-жағына қарайтын. Содан соң маған қарап: «Әй, Сүйеу, сен молдасың, мен жыршымын, мына үкімет біздікі емес» дей беретін. Сол кезде Кеңес үкіметі байдың, молданың, жыршының соңына түскен кездер еді. Сүкең де көп уақыт жырды қойды. Қайтқан адамның жаназасын да жасырып шығардық» деп айтып отырушы еді. («Сүгір жырау Бегендікұлы» Ақмұрат Сүйеуұлы).
Тарих халқына қамқор болған талай азаматтардың атын жадында сақтаған. Сондай азаматтардың бірі – Көбейсін Жұмағазыұлы. 1930 жылдардың басындағы зобалаң, ашаршылық елге құрығын салған кезде Түрікменстанның Ташауыз облысындағы Көнеүргеніш жерінде Стаханов атындағы колхозды ұйымдастырып халқына қарасқан қайырымды азамат еді. Сүгір жыраудың да Ташауыз облысына келіп орналасуына қол ұшын созып, қамқорлық жасаған да осы Көбейсін болатын.
Сүгір Мұрын, Қашаған, Сәттіғұл жыраулармен жиі кездесіп, жыр жүйріктерін өзіне үлгі тұтқан. Алдыңғы толқын ағалары – Абыл мен Ақтанның, Нұрым мен Қашағанның, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың шығармаларын ел арасына насихаттаумен қатар, өзінің төл туындыларын да көпшілік назарына ұсынудан жалықпаған. Өз өнерінде үлгі тұтқан талант иелеріне жыр арнап, мақтауын келістіріп, жастарға өнеге тұтқан. Өзге топырақта дүниеге келген «Арман», «Елді сағыну», «Қоштасу», «Терме» атты толғау жырлары күні бүгінге дейін ізбасар-шәкірттерінің жырлауымен ел есінен шығарылмай келеді. «Октябрь», «Беташар», «Тойбастар», «Сәттіғұл ақынға», тағы басқа да өлеңдері баспасөз бетінде жарияланды. Ұлы Отан соғысы кезінде шығарған «Аттандыру», «Аманат», «Жоқтау» тәрізді ел мұңымен үндес туындылары өз мағынасын жоғалтқан емес.
Таудай таланты жерде туып, қияда шыңдалған Сүгір жыраудың өнерін тек қазақ емес, қарақалпақстан, түрікменстан, өзбек ағайындар да жақсы бағалап, сый-құрметін аямаған. Жарты ғасыр ғұмырын ел аралап, халқының арасында өткізген жыраудың қолына домбыра ұстап, өзімен сыйласқан талант иелері – қырықмылтық Бүркітбайға, жыршы Жақсылық Елеусіновке берген батасы зая кеткен жоқ. Ұстаз үміті ақталып, өнер жолына түскен шәкірттерінің бағы жанып, елдің қошеметіне бөленді.
Сүгірдің жастық мезгілі, азаматтық кезеңі, кемелді шағы заманның аумалы-төкпелі кезіне қарай Түрікменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан жерінде өтті. Қарттық шағында ғана туған жері Маңғыстауға оралады. Әуелі Маңғыстау облысының Ақжігіт ауылына, кейінірек Қызылсай елді мекеніне келіп ат басын тірейді. Ақындық таланты шарықтап, жыршылық дарыны шалықтаған сәтте жырлаған «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Мұңлық-Зарлық», «Едіге», ж.т.б. ұзын-сонар батырлар жыры күні бүгінге дейін ел есінде сақталған. Естіген құлақтың құрышын қандырып, тыңдаған жанның мерейін өсірген Сүгір жырлары өнер мұхитында еркін жүзген алып кеменің ақ желкеніне тігілген көк байрақ тәрізді еді. Жыр құмар әлеуметтің құрметіне бөленіп, өнер сүйер қауымның қолпаштауын көрген жырау ел аралап, өзінің талғамы биік, мағынасы зор жырларының жолын ашып, бағын жандырады.
Парасаттылықтың пайымын, адамгершіліктің арлы үнін, жақсылықтың шапағатын, өмірдің қуанышын, туған жердің қасиетін, білімнің шексіздігін, өнердің кең өрісін жырларына арқау еткен Сүгір жыраудың бір көтерілген биігі – 27 жасында Әли Тауанның асында топқа түсуі.
Арқасында халқымның,
Өмір бір сүрдік шалықтап.
Жем-Сағыздың сағасы-ай,
Әли Тауанның асында,
Жиырма жеті жасымда,
Қырымқұлды Ұзақбай,
Қарасай мен кешегі
Есмағамбет қасымда,
Қалың да топты қақ жарған,
Қазина Сүгір мен едім,
Құмартып халқым тыңдаған,
Әлеумет халқым сен едің, –
деген жолдар осы айтқан әңгімемізді растап тұр.
Сүгір Бегендікұлының бұл айтысына куә болғандар 1921 жылы Жем бойында өткен атақ, даңқы көпке мәлім Тауанның асына қатысушылар. Қырықмылтық Қарасай, көрпе Есмағамбет, қырымқұл Ұзақбай, ескелді Сүгір қатысқан бұл жиын өзінің тарихи маңызымен көпшілік есінде қалса керек. Ән мен жыр шалқып, күміс күй төгілген аста-төк жиында қонақтарға шәй құйып, қызмет көрсеткен қосай руының Дәнданай мен Балданай атты апалы-сіңлілі екі қыздың биязылығы көпшіліктің көңілінен шығады. Осы жиында жыр ақтаңгері өнеріне сырттай тәнті болып жүрген Дәнданай қарындасына қолындағы алтын жүзігін сыйлап кетеді. Арада жарты ғасырдай уақыт өткенде көңілдері жарасқанмен тағдыры қосылмаған екі жас, сол күндері егдерген қос талант иесі Түрікменстанның Кушка қаласында кездеседі. Сол кездесуде өзін танымай қалған Сүгірге Дәнданай шыдай алмай:
Ащы судың басында
Әли Тауан асында
Қамқа бөрік басыңда,
Жырлаған Сүгір сен едің,
Бір ауыз сөз айта алмай,
Қасыңа жақын бара алмай,
Жез самаурын, ақ құман,
Шайды құйған мен едім.
Шайға көңілің біткесін,
Жыр жырлаған сен едің.
Ақылың болса сезер ең,
Сақинадан түсініп
Бір жауабын берер деп,
Алтын балдақ сақина,
Қолыма салған мен едім.
Жүрегіңмен сырласқан
Сақина бар қолымда, –
деп, өткен күндерді есіне салады. Орамды ой, орынды сауалға Сүгір былай деген екен:
Әли Тауан асында,
Жиырма жеті жасымда,
Сөйлеген Сүгір мен едім,
Ақ саусағың майысып,
Ақ көйлегің көлеңдеп,
Төңірегің өлеңдеп,
Алдымнан өткен сен едің.
Ашықтығың ақиқат,
Ғашықтығың ақиқат,
Оған кәміл сенемін.
Амалым жоқ, қайтейін,
Әкенің берген батасын
Басып өтіп кетуге
Бір Алладан сескендім.
Әкем еді Бегендік
Мекке барып шалғайға,
Қолы тиіп көк тасқа
Қажы болып келген соң
Бата алмадым бетіңе,
Кедей қызы озалда,
Жазылған шығар маңдайға,
Қорабайдың Қайыбы,
Қандай еді жазығы?!
Ғашықтығы кем бе еді,
Есқуат қызы Ақбөбек,
Соны да кетті ала алмай,
Басымды қосып өзіңмен,
Болмасам да жастықтас
Мың сұлудан артықсың,
Баяғы құйған шайларың,
Таңдайда қалды мөр болып.
Сол күні Сүгір мен Дәнданай өткен-кеткенді еске түсіріп, ашылып сөйлескен екен.
Сүгір жыраудың өнеріне серік еткен бірнеше домбырасы болған. Оның біреуі күні бүгінге дейін жыраудың баласының үйінде сақтаулы тұр. Жаңаөзен қаласымен іргелес жатқан Қызылсай елді мекенінде өткен жыраудың 115 жылдық мерекесінде өзі жырға қосқан кесікбас домбырасы көпшіліктің алдында көрсетілді. Осы сөзімізді растау үшін Ұлы Отан соғысының ардагері Қылыш Өтетілеуов жазған мына бір естелікке назар аударалық: «Өтекеңнің жасаған кесікбас домбырасы ел арасында сүйкімді бағаланып, жасатуға ынталы адамдар көбейе бастайды. Кесікбас домбыраға қызыққандардың бірі – Сүгір Бегендікұлы. Өтекеңнің Сүкеме жасап берген домбырасы – өзінің қолынан шыққан үшінші домбыра. Бұл домбыраның дүниеге келу тарихы – 1920 жыл. Сол кезде Сүкең жиырма бес, Өтекең отыз бес жаста болатын. Өтекеңнің Сүгірекеңе жасап берген сол кесікбас домбырасын жыршы әкеміз өмір бойы пайдаланған, қазір баласы Өтелгеннің үйінде сақтаулы тұр. («Ұста Өтетілеу», Қылыш Өтетілеуов).
Қазақ әдебиетінің бір жанры болып саналатын жыраулық өнер қазақ халқының өмір, тарихымен бірге жасасып келе жатқан дүние. Олай дейтініміз, жыраулық өнер ауыз әдебиетінің қақ төрінен мықтап орын алған көне жанр. Адам баласының есте сақтау қабілеті арқылы бірнеше ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл өнердің бағасының құндылығы сол, оның бойында теңіз түбінде ілуде бір сирек кездесетін асыл тастар секілді тіпті ескірмейтін, өз бағасын жоғалтпайтын ұлтымыздың тамаша тарихы бар. Осы ойымызға қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзі нақты дәлел: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады». (Мұхтар Әуезов, Жиырма томдық шығармалар жинағы. 15 т. Алматы. 1984.258 б.).
Сүгір Бегендікұлы уақыт кемесімен бірге жүзіп, жақсыны танып, игіні мақтан тұтқан, асылдың бағасы мен бекзаттың қадірін айыра білген сұңғыла ойлы, өз пікірі бар дара талант. Көріпкелдік қасиетімен аты алты алашқа әйгілі болған Бекет ата Мырзағұлұлына арнаған мына шығармасы да біраз жайтты аңғартқандай:
…Бекеттің естіп зыбанын,
Байқады халық шамасын,
Көп болып қамдап тұрағын.
Мекен етіп, жай қылды –
Ана Оғыландының бұлағын.
Қара тасты қақ жарып,
Ішіне жағып шырағын;
Ертелі-кеш еңіреп,
Зікір айтып зарланып,
Алланың іздеп ажарын;
Жылаған екен еңкілдеп,
Сәлделері селкілдеп,
Бір Алла, сенде еркім деп, –
Алдына қойып Құранын.
Төл шығармаларында тарихтың таралғысын бірге тартқан жырау көңілі көктегіні көріп, жердегіні іледі, алыстағыны болжап, жақындағыны меңзейді. Бұқараға жаны ашыған жандарды жыр-бесігінде әлдилеп, атағын әспеттейді. Өз дәуірінде мыңғырған төрт түлік малымен аты шығып, көзі тірісінде өзіне көрнекті күмбез там тұрғызған Жұбан байға арнаған мына өлеңі соның бір айғағы:
Арғы атаң сенің Ер Қосай,
Үстіне сауыт жамылған,
Қолына найза алынған.
Қыдыр көрген бай өтті,
Қалнияз бен Жұбандай,
Зәкәрия, Шам, Талпақ,
Аш арықты қамқорлап,
Алтын мен күміс тағынған.
Сүгір жыраудың Үбіғали Бақтығалиұлының үйінің төрінде отырып, үй иесіне байғазы ретінде шығарған «Мүштәрік» жырының өзіндік мазмұны ерекше. Кіші жүздің тарихын терең қамтыған осы шығармасы туралы жыр сүлейі кезінде былай деген екен: «Бұл сөздерді кез келген жерде айтуға саясаттан да қорқамын. Дегенмен де, біздің жастарымыз бізден бұрын өткен есімі елге белгілі батырлардың, билердің, елге қайырым жасаған байлардың есімдерін ескеріп, еске алып жүргені абзал болар. Мұны да керек ететін заман туар». Сол «Мүштәріктен» бір үзінді:
…Қызылғұрт күй атасы Құрманғазы,
Дина апай Беріштегі күйдің сазы.
Қос ішек домбыраны сөйлеткенде
Тартылған орыс, ноғай, татар назы.
Еліне қайрат бар ма көрсетпеген,
Бұларға ешкім қарсы бәс етпеген.
Айтпаған адай келді сөз артынан,
Әруағы жеті атадан өтед деген.
Тілеген тілегіңді екі етпеген,
Алтын ту қара тасты қақ айырған
Адайдан пір шықты Бекет деген.
Құдайке, Келімберді бірге туған,
Сөзімді көрсетейін есеппенен.
Ер басы ер Қосай мен Есекмерген,
Өлтіріп таутайлақты жесек деген.
Өмірдің ыстығы мен суығын, күнгейі мен көлеңкесін бір кісідей көрген Сүгір Бегендікұлының шығармалары қазақ әдебиетінің төрінен ойып орын алатын көрнекті дүниелер. Өзі өмір сүрген заманның зарына бояу қоспай, сол қалпында жеткізу Сүкеңдей асқан дарын иесінің, сол тәрізді тума талант иелері ғана жасай алатын мәңгілік мәні жоғалмайтын, мағынасы өзгермейтін, әдебиеттің алтын қорында қалатын жемісті еңбек деп білемін.
«Жырау – қасиетті, ардақты атау. Жырау – аса құрметті атақ. Ол біздің дәуірімізге дейінгі ақындық өнердің биік шыңы. Жыраудың басты қасиеттері: суырыпсалма, ағылтегіл ақындық, ел қамы, дәуірдің мәнді мәселелерін жырлауы, өз заманының сөзі дуалы қабырғалы қайраткер ел ағасы, ақ пен қараны ашып айтар азаматтың болуы. Китің-китің жорғасы барларды халық жырау демеген, оларды жыршы, өлеңші десе керек. (Сыдиықұлы Қ. «Арыс» баспасы, Алматы, 2002. 50 б.). Бүкіл ғұмырын сөз мұрасының бағыт-бағдарына арнаған ғалым Қабиболла Сыдиықұлының осы бір теңеуі таланттың бағын ашатын, тауып айтылған нысаналы сөз деп білгеніміз жөн болар.
Батыс өңіріндегі жыршылардың насихаттауымен ел ішіндегі жиын-тойларда жиі айтылып жүрген жырау шығармаларының бірі – «Сүгірдің Хорезмнен көшердегі елімен қоштасуы». Заманның ызғарлы дауылымен жат жерге қоныс тепкен талант иесі өзін сыйлаған, өлеңін құрметтеген ортаны қимай, аса бір ынтазарлықпен жырлаған осы дүние домбыра тартып, жыр сүйген өнер иелерінің көңіл төрінен орын алған тәрізді:
Аман бол, көре алмасам Адайларым,
Келмесін жас өмірдің абайладым.
Адайда Абыл, Нұрым, қарт Қашаған,
Кешегі Сәттіғұлдай болмасам да,
Елу жыл мерекеңде амалдадым.
Бүгінде дәм-тұз тартып бізде мынау
Аударып атақоныс туған жерге
Балдарға кәрілік жайын хабарладым.
Күнінде топқа түскен томағалы
Арғымақ аршын жүйрік болсам-дағы
Бұл күнде бәсім кеміп шабандадым.
Кешегі Хорезмнен көшерімде
Аралап ел-жұртымды бара алмадым.
Аты аңызға айналған Сүгір жыраудың мол мұрасының кеңірек насихатталуына кедергі болған бір нәрсе – талант иесінің атамекеннен шет жерде өмір сүріп, ауызекі жырларының сол топыраққа сіңіп қалғандығында. Бұл – бүгінгі біздің төл әдебиетіміздің ойсырап тұрған бір тұсы десем, артық айтпағаным.Алайда, қазақ арасынан шыққан өнерге жаны ауыратын көкірегі ояу, көзі ашық жандардың арқасында Сүгір Бегендікұлының біраз жырлары жинақталып, қазақ жеріне жетті. Соның бірі – Қазақстанға еңбегі сіңген журналист Асылбек Айдаровтың аты мәлім жыраудың 100 жылдық мерей тойына арнап шығарған «Ауылға Сүгір келді» деп аталатын кітапшасы. Ақын мұраларына аса жауапкершілікпен қарап, ыждағатттылықпен жинауының нәтижесінде 2008 жылы «Алматы» баспасынан жарыққа шыққан жазушы, ғалым Сәбит Салқынұлының «Жүйрігі едің Адайдың» атты көрнекті шығармасы көпшіліктің көзайымына айналған сүбелі дүние. Бұл шығармада
«Ыбырай ахунның, Бүркітбай жыршының ұстазы Сүгірге арнаған сөзі», «Қырымқұл Ұзақбай мен Ескелді Сүгірдің бір-біріне сәлемі», «Сүгірдің Хорезмнен көшердегі елімен қоштасуы», «Сүгірдің Маңғыстауға көшіп келе жатып айтқаны», «Сүгірдің өсиет толғауы» ж.т.б. терең философиямен айтылып, маржан сөздермен кестеленген өткір де өтімді дүниелер қамтылған. Бес күндік тірлікте адам баласының басынан өтетін сан қилы құбылыстың барлығына, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерге мәнерлі жырмен әдемі тұжырым жасалған. Одан басқа талант иесіне жасалған құрметтің қатарында жырау шығармаларының той, мерекелерде жиі айтылуы, БАҚ-да көпшілік қауымға тереңінен насихатталуы, соңғы буын жас ақындардың жыр сүлейіне арнап жазған сан алуан мазмұндағы жыр-тартулары бар. Тағы бір айта кететін қуанышты жайт – Маңғыстау өлкесінде Сүгір Бегендікұлының мерейтойларының естен шығарылмай өз деңгейінде аталып өтуі. Жыр жүйрігінің «Ауылға Сүгір келді» деп аталатын шығармасының мұхит асып, шетелге танылуы күтпеген қуаныш еді. Париж сахнасында үкісі желбіреп, үздік туынды атанған бұл жырдың бағын жандырған ұлтымыздың дарынды Қыдырәлі Болманов сияқты ұлдарымыз екендігі елімізге үлкен мақтаныш. Кіршіксіз өңіне кіреуке түспеген қазақ өнерінің саф тазалығы мен табиғи сұлулығына бас иіп, құрмет көрсеткен шетелдіктердің бағасы әдебиет пен өнер саласындағы үлкен жетістік екендігін мойындауымыз керек.
Әйтсе де «елу жыл елімді жырладым» деп жыраудың өзі айтып кеткендей, өмірінің елу жылын еліне арнаған жыр тарланының ұлтының рухани байлығы етіп қалдырған мол мұраларының республикалық деңгейде насихатталуы көңілдегідей емес. Сүгір шығармаларына ден қойып, жіті көңілмен зерделеп, тиянақты тұжырым жасап, елдің шынайы сүйіспеншілігіне бөленген нағыз айтқыш жырау екендігін нақты дәлелдермен көсілдіріп сөйлейтін әдебиетші, ғалымдар тарапынан тәуір мазмұндағы кесек әңгімелерді ести алмай жүргеніміз шындық. Осы уақытқа дейін жыр сүлейінің құрметіне республикалық деңгейдегі бірде-бір ғылыми-теориялық конференцияның ұйымдастырылмағандығы да өкінішті жайт.
Мағыналы, мазмұнды әдебиеттің биік рухты дауысы елдік мүддеміздің бір түйінін шешіп жатса, біздің де бүгінгі айтқан әңгімеміздің текке кетпегені. Жыр сүлейі Сүгірдің де жарты ғасыр бойы туған елін өзегі талып текке жырламағаны. Қартайып, шау тартқан шағында маңдайын күн тесіп, табанын тас тіліп атамекенін аңсап текке келмегені. Сүгірдің атын шығарып, талантын аспандататын да өзінің туған елі. Туған елдің топырағымен тамырлас болған талант иесінің жыр өнерінің мәңгілік жасай беретіндігіне сенімдіміз. Жыр сүлейі Сүгірдің жырлары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек!
1894 жылы кіндік қаны Маңғыстауда тамған Сүгір жырау
80 жасында осы топырақта өмірден өтті. Кедей руының Бибатпа атты қызына үйленген жыраудың өле-өлгенше өзегін өртеп кеткен өкініші – үлкен ұлы Есқуаттың Ұлы Отан соғысынан оралмауы. Әйтсе де кіші ұлы Өтелгеннен ұрпақ сүйіп, аталық мейірімін қандыруы – Сүгірдей жүйрік жыршыға тағдырдың берген бір сыйы болар. Күнінде атағы жер жарған таланттың көзін көргендердің естелігі. «Сүкең шаруаға қыры жоқ, елдің берген сый-тартуымен бала-шағасын асыраған жан. Сексен жасқа жеткенде қандай бір жағдайда қатты қиналса керек, «сексен, сексен, сені көрмей кетсем» дейді екен. Сол көргісі келмеген сексеннің үстіне шығып, өмірден өтті», – деп талай дәмдес, дастархандас болған 93 жастағы Боқаев Бисен ақсақал еске алады.
Қолына Құран ұстап, діндар болған әкесі Бегендік Оғыландыдағы Бекет ата бейітінің маңына жерленсе, Сүгір атаның бейіті Шопан атақауымында. Ұлы Өтелгеннен тараған ұрпақтары бүгінде Жаңаөзен қаласына таяу жердегі Қызылсай елді мекенінде тұрады.
Тұлпарды шаппай таныған, сұңқарды ұшпай таныған сейістер, құсбегілер болған екен Маңғыстауда. Сол Маңғыстау мың сәйгүлік көсіле шапқан небір мықты байлар мен бектердің тойында қазақтың қамын, елінің жайын таңды таңға ұрып, тоқтамай жырлаған Сүгірдей алтын жырдың иесін өмірге әкеліп, жас ұрпаққа танытып кетті. Сол жыр бәйгесінің алдын бермеген жыр сүлейінің екінші ғұмыры – мәңгі өлмес өнерін жаңартып, жаңғыртып, биікке көтерейік, ағайын!