Қазақ киносына тағы бір тарту
Қазақ әдебиетінде әдебиеттанушы ғалым, драматург, аудармашы ретінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Кенжебай Ахметов қазаққа тағы бір пайдалы дүние ұсынбақшы.
Кенжебай Ахметов бұған дейін әдебиетке енді қадам басқан қарлығаштарға арналған ЖОО-да оқылатын «Әдебиеттануға кіріспе» оқулығының авторы ретінде танылған. Сонымен қатар, аудармашы ретінде Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын», Джованни Боккаччоның «Декамеронын», «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» 4 томдығының үшінші, төртінші томдарын, «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын аударған. Ал драматургия саласында «Ерте ояндым, ойландым», «Қанда бар ғой, қанда» секілді пьесалардың авторы. Жақын арада Кенжебай Ахметов өзінің алғашқы авторлық фильмін көрерменге ұсынбақшы.
Туынды Жезқазған жерінде түсіріліп жатыр. Фильмде Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы сазды-драма
театрының әртістері мен қарапайым адамдар ойнайды. Білуімізше, түсірілім уақыты аяқталып қалған, көп ұзамай монтаж басталуы тиіс. К.Ахметов киносының сюжеті де, атауы да, бюджеті де көрермен үшін құпия болып тұр. Тек белгілісі, фильмнің режиссер-сценарий авторы – Кенжебай Ахметов, операторы – Нұрбол Үздікбаев, монтаж – Қанат Мыңбаев.
Кенжебай Ахметов пен оның шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз!