Абай музейіне тарту
07.10.2025
116
0

Хакім Абайдың биылғы 180 жылдық торқалы тойы өткен тамыз айының оныншы жұлдызында ұлылар еліндегі Қарауылтөбе етегінде қорытындыланғаны баршаңызға мәлім. Онда бастапқыда белгіленген 180-нің орнына 250 қазақ үй тігілгенін де білесіздер.

Қазақстан Жазушылар одағының делегация құрамында болған біздер ұлы ақын аруағына бағышталған асқа орай осында тігілген бірінші үйге жайғасқан едік. Халқымыздың көрнекті ақыны, курстас жолдасымыз марқұм Шөмішбай Сариевтің құдай қосқан қосағы Жұмагүл ханыммен аталған үйде жүздесіп қалғанбыз. Жақсы отырыс барысында Жүкең жеңгеміз сөзге сұранған. Ал оның себебі де жоқ емес-ті, яғни Шөкең сынды арқалы ақын өмірінің соңына дейін бақандай отыз жыл уақыт оңтүстік астанадағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінде қызмет еткен еді.
«Шөкең кезінде ұлылар еліне келіп- кетіп жүрді, – деді ақынның жұбайы, – ал өз басым қасиетті бұл өңірге алғаш рет келіп отырмын. Ұйымшылдықпен өтіп жатқан тойдан алған әсерім ерекше. Әсіресе Семейдегі Абай музейіндегі данышпан ақынға қатысты әрбір экспонатты қызыға тамашаладық. Музей директорының орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева деген сіңліміздің бізге, әр қонаққа деген зор ілтипатына риза болдық».
Жұмагүл замандас солай дей келіп, тың бір шешімге келіп тұрғанын осы арада мәлім етті. Хакім ақынның 150 жылдығынан бір жыл өткенде Шөмішбай ақын ердің жасы елуге ат басын тірейді. Сонда халқымыздың тағы бір көрнекті ақыны Серік Тұрғынбеков Мәдениет министрлігі атынан үш тілде «Абай тойының бас дирекциясынан» деп жазылған ақын бейнесі бедерленген вазаны құрдасы Шөкеңе табыстайды. Төрімізде отыз жыл тұрған сол қастерлі дүниені енді Абай музейіне жолдауды жөн көріп тұрмын.
Алматыға оралған соң Шөмішбай ақынның үйінің түтінін түтетіп, оның артында қалған әдеби-мәдени мол мұрасын қажымай, талмай насихаттап келе жатқан жеңгеміз бізбен хабарласып, әлгіндей асыл дүниелікті Семейдегі Абай музейіне жеткізуді ақылдасқан. Ол бір сондай қиын жұмыс емес қой.
Осылайша, ЮНЕСКО шеңберінде әлемдік деңгейде тойланған хакім ақынның 150 жылдығына орай арнайы тапсырыспен жасалған бағалы ваза Шөмішбай ақынның отбасы атынан тарту ретінде музей төріне барып жайғасқан. Осы орайда, оқырманға мұндай ваза аталған музейде бұрын болмағанын айта кеткеніміз жөн болар.

Дәулет Сейсенұлы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Абай облысы бойынша тілшісі
Алматы – Семей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір