Жау іздеген ауыз
20.01.2017
2952
0

Сағаділдә ӘЖІБАЕВ


Кейбірі дәу, қомақты келеді
Сөзге жоқ, тек тамақты біледі.
Кейбірі шайынып күтініп жүреді
Кейбірінің ішінде будақтап түтіні жүреді.

Қыңыры да бар
Қой десең айқайлайтын
Қисығы да бар
Бай баласынікі болса байқалмайтын.

Қысқасы,
Ішіп-жеуді аңсаған
(Басқаша аты – нансоғар).
Бірі дос, бірі жау іздеген
Әркімде бір-бір қуыс бар ауыз деген.
Сол ауыздың ернеуін ерін дейді
Ол өзі ашылып-жабылғанға ерінбейді.
Бірақ ешкімге тиіспейді.
Тиісе қалса, оны «сүйіс» дейді.
Еріннен кейін тіс тұрады.
Тісі бардың бойында күш тұрады.
Оның ермегі тағам
Соны мыжып, шайнағанды қызық көреді.
Сүйек берсең
Оны да  мұжып береді.
Ал төрде тіл бар,
Сол тілде біршама мін бар.
Кейбірі тіпті ащы келеді
Сонысына қарамай өзін
Билік айтар басшы көреді.
От әкеп, күл тасымайды
Бірақ та,
Ауызға кіріп-шығатын «ит» асырайды.
«Ауызыңды жауып жүр» деген өсиет бар
Ал жабылмайтын апанда қандай
қасиет бар.
Осыған шыдамаған тіс
Тістеніп тілге былай дейді:
– Айналайын, туысқан!
Тығылып алып қуысқа
Бәленің бәрін жасап жүрсің.
Сен қайнатқан ботқаны
Мына біздер асап жүрміз.
Елдің тілі тіл сияқты.
Тілі жақсының аузы
Жапсырып қойған гүл сияқты.
Ал бізді ел «кебіс» дейді,
Бұл тірлігіміз келіспейді.
Қазір ептеп ұрсып алам
Қылығыңды қоймасаң,
Келесі жолы қыршып алам.
Тіл айтты:
– Ей, тіс.
Сабаңа түс
Қыршын көрші,
Төбеңді тестіріп,
Шекпеніңді шештіріп
Пастаңды сығып тастап
Шөткеңді тығып тастап
Сорлатам.
Сонымен тіл тіл алмады
Оны қай құдай ұрғанын
Ерін де, тіс те біле алмады.
Содан күндердің күні
Тілді шынымен құдай ұрды.
Яғни ол
Бір дәуге ұрынды.
Дәу шынында дәу еді
Бет қылды мұрынды,
Ерін жырылды.
Құлақ жұлынды
Көз жұмылды.
Алтын қапталған құнды
4-5 тіс сынды
Не керек, тіл-екең
Басқа пәле тауып алды,
Ал өзі дін аман сау қалды.

Содан – Кетпесін біздің өшіміз
Ақ-қарасын шешіңіз
Кінәліге жаза қайда – деп,
Соққы жеген сорлылар
Біреулерді мазалайды.
– Қауіп-қатер төнгенде,
Тіл сияқты тығылмадыңдар
Сол керек өздеріңе, сауап болды, –
Деген,  әлгіден жауап болды
Әй,
Заман, заман, заман-ай
Дүниеде жазықсыз
Жапа шеккен жаман-ай!


ҚАЗАҚИ ҮЙ

Жұмбақ,
Саған, маған да
Баяғы-е-е, баяғы заманда
Бабаларымыздың басында үйі болмаған.
Паналайтын ептеп тас қалап алған
Сол оларға баспана болған.
Ал қыс мұз-қарлы болған
Жел ызғарлы болған
Ол суыққа бабалардың
бірі төзіп, бірі төзбеген
Тек Аяз ата ғана аязды сезбеген.
Содан, күндердің күні бір кемеңгер
(«Ол кім еді?» демеңдер)
Әлгі аяқ-басы тоңып үсігендерді,
Мүшкіл халін түсінгендерді
Жиып ап былай депті:
– Суық деген бәлекет
Үйі жоққа жақын жүреді.
Ал біз сияқты пендеге
Тоңса ғана ақыл кіреді.
Тоңудан ғой кенде емеспіз
Қашан тоңбадық?
Бірақ ақыл кіріп оңбадық.
Себебі біреу жөн айтса қисақтаймыз
Айналайындар-ау,
Бүйтіп дірдек қаққанша
Жабылып неге үй соқпаймыз.
Соған бәріміз ынта қылайық
Алты қанат ақ үй тұрғызып
Босағасын қымтап алайық.
Сөйтіп қорғанайық
Бүйтіп қор болмайық,
Деген ақыл бопты.
Бабаларымыз бастарын изеп мақұлдапты.
Содан, кең иық Керекең
(Ой, бір ер екен!)
Алты қанат кереге тапты.
Уәли құшақтап уық әкелді
Бас-аяғын тегістеп, буып әкелді.
Туырлықты Тұрсын әкелді.
Арқан-жібін Жүрсін әкелді.
Есімбай есік әкелді.
Қосымбай киізін өлшеп, кесіп  әкелді.
Дөңгеленіп шаңырақ келді,
Оны Жәңгір ап келді,
Бекең басқұрларды түйіп, байлап әкелді.
Ақыл айтқан кемеңгер
Желбіретіп байрақ әкелді.
Сонымен,
Өкпек желдің өтінде,
Сәрсенбінің сәтінде,
Артта қалып азабы,
Бабалар
Тігіп алды «Қазақ үй».
«Қазақ» деген аты болатын,
Үй деген заты болатын
Ал бұл ат та, зат та
Көп нәрсені ұқтыратын
Кереге, уық, шаңырақ,
Шалма байланып нық тұратын.
Міне, сол
Төрінде тұрған шалғайдың
Ақшаң үйге көзі түсті талайдың.
Тіптен, жүрген бөрі ши ішінде
Баса көктеп  кірмекші болды үй ішіне
Қаһарланып қазекем
Жөнге салды тентекті…
Құйрығынан бір тепті.

Қазақи  үйді құрап тұр
Шаңырақ, уық, кереге.
Тұтасып тұрса  осы үшеу
Сол, енді, бізге керегі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір