«Ақсу-Жабағылы» жерінен жеткен бір хабар
Табиғаттың сайын даламызға тартқан сыйы аз емес. Соның бірі ретінде Ақсу мен Жабағылы өзендерін атай аламыз. Бүгінде осы екі өзен аумағын табиғи күйінде сақтап қалу үшін «Ақсу-Жабағылы» қорығы жұмыс істеп жатқанынан бәріміз хабардармыз. Бірақ қорықтың құрылу тарихы мен қазіргі ахуалын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Аталған қорық нені мақсат тұтады? Қандай ерекшеліктерге ие? Осы сауалдардың ізімен «Ақсу-Жабағылы» қорығына саяхат жасап қайтуды жөн көрдік…
«Ақсу-Жабағылы» қорығы — Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан.Қазақстан АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен 1926 жылы шілденің 14-іне құрылыпты. Қаулыда қорық «Табиғат ескерткіші ретінде Ақсу мен Жабағылы өзендерін, олардың барлық ағаш және тал-шілік егістерін, шөп жамылғылары мен осы қорықты мекендейтін жан-жануарлар әлемін қол тимеген табиғи қалпында сақтап қалу мақсатында» ашылғаны атап көрсетілген.Қорықтың көлемі жылдан-жылға өзгеріп, бүгінде оның алып жатқан аумағы – 131 934,3 гектарға жеткен.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай қазына. Соңғы деректерге қарағанда қорық аумағында құстың 267, Қызыл кітапта – 8 түрі, сүтқоректілердің 52, Қызыл кітапқа енген 9 түрі бар. Бауырымен жорғалаушылардың 11, Қызыл кітапта -2 түрі болса, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрлері бар. Қызыл кітапқа – 26, индикаторлық түрі – 18-ді құрайды. Сонымен қатар, табиғи қорық өсімдіктер дүниесіне де бай. Дәлел ретінде өсімдіктің 1737 түрі өсетінін айта аламыз. Оның ішінде мүктің 63, қынаның 63-тен астам, балдырдың – 64, саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17 түрі кездеседі. Оған қоса, реликті және эндемик өсімдіктердің де түрлері бар. Қызыл кітапқа 41 түрі кіргізілген.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының құрылу тарихына шолу жасар болсақ, алғаш рет «Ақсу-Жабағылы» қорығын құру жөніндегі мәселені 1922 жылы профессор Бродский Түркістан көне ескерткіштермен өнерді қорғау комитетінде көтерген болатын. Ал 1922-1923 жылдары қазіргі қорықтың аумағын Орта Азиялық мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары (Культиасов, Коровин, Попов, Кашкаров) зерттеп, осы аймақта қорықты ашуға қолдау білдірді. 1925 жылдың 12 қазан күні Түркістан Республикасының ВЦИК-дің жерге орналастыру комиссиясының отырысында ғалымдардың ұсынысы қолдау тауып, қорыққа жер бөлуге және қорықтың шекарасын анықтау үшін жерге орналастыру жұмыстарына қаулы қабылданған.
Қорық Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Халық Комиссарларының Кеңесінің шешімімен 1926 жылы 14 шілдеде құрылды. Шешімге халық комиссары Тұрар Рысқұлов қол қойған. Қорық құрылған жылы оның аумағы 30545 гектар жерді алып жатты. Алайда, бұл жылдары қорық құрылатын аумақтың аз зерттелгендігінен кейбір жануарлардың мекен ету ортасымен бағалы аршалы тоғай қорық аумағына кірмей қалуына байланысты кейінгі жылдары қорық аумағына қосымша жерлер берілді.
1929 жылы 850 гектар жерді құрайтын Ақсу өзеніндегі құз шатқал қосылды. 1935 жылдың 16 ақпан күні ВЦИК РСФСР-дың қаулысымен Балдыбрек және Бала-Балдыбрек аңғарларындағы аршалы тоғай қосылып, қорықтың аумағы 48570 гектар жерге жеткен. 1937 жылдың 10 сәуір күнгі Түлкібас және Леңгір атқарушы комитеттерінің қаулылары негізінде Жабағылы өзенінің оң жағалауы, Ақсу өзенінің орта тұсы, Кіші-Ақсу өзендерінің басы және Майдантал аңғарының біраз бөлігі қорыққа қосылып, қорықтың аумағы 69826 гектар жерді құрады. 1969 жылы қорық аумағында орманға орналастыру жұмыстары кезінде айтарлықтай өзгерістер болды. Яғни Ақсу өзенінің бастауындағы 6,3 мың гектар жер Майдантал аңғарындағы қорық жерімен айырбасталғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 22 маусым күнгі №885 қаулысымен қорыққа тұрақты пайдалануға орман қорынан 10660 гектар ауыл шаруашылық мақсаттағы жерден 6000 гектар жер бөлінді.
Қорық аумағында екі палеонтологиялық аудандар бар. Олар «Қарабастау» ауданы 100 гектар және «Әулие» ауданы 125 гектар жерді алып жатыр.
Қорық аумағы соңғы рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы қазан айының 17 күнгі №1133 қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік жер қорынан Түлкібас ауданы 1000,0 гектар, Төлеби ауданынан (Майдантал тау аңғары) 45882,3 гектар жердің қосылуымен өсті. Қазіргі таңда 131934,3 гектарды құрайды екен.
«Ақсу-Жабағылы» табиғи қорығының қысқаша хронологиясын осылайша бағамдап көрдік. Жарнама жасау мақсат емес. Тек өз жеріміздің байлығын танып, қадіріне жетіп, қасиетін сезінсе екен дейміз…
Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІРЛЕР1