Мұхитқа жеткен Ақбұлақ
Қазақ даласының әр қойнауында адам жанына рахат сезімін сыйлайтын атқылап жатқан қайнар бұлақтар аз емес. Тереңнен бұрқырап шыққанымен алысқа ағып кете алмай маңайына ғана ләззат сыйлап, жердің өңін келтіріп, тіршілік атаулыға әсемдік сыйлайтын бұлақтар көп. Ал кейбірі алысқа, тым алысқа кетеді. Екпіндей атқылаған мөлдір қайнар ернеуінен асып, жылғалап сайға құяды, сайды бойлай отырып жыралармен арналы көлге жетеді. Суы молайған көл арнасынан асып, жырылып барып ағып жатқан ерке Есіл өзеніне құйып тасқындай отырып, асау Ертіске қосылып, жер бедерінің кедергілерін дүлей күшпен шәйіп өтіп, табиғат құбылысының аптабына қарамай, не шымырлаған аязына қатпай Ресейдің қалың орманын кесіп өтіп Об өзенінің арналы ағысымен мұхитқа жетеді. Адам өмірінде де табиғатта кездесетін алай-түлей құбылыстар, шым-шытырық кедергілер, қиындықтар аз кездеспейді. Тек «қайрат, ақыл, еңбек, талап, терең ой» (Абай) барлық қиындықтарды жеңіп, жеңістің биік шыңына алып шығады. Сондай еңбекқор, білімді, іздемпаз қайраткер, Қазақ өнері мен әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі «алғысынан да қарғысы көп» мамандық иесі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Әшірбек Сығай қазақ театры тарихын зерттеуде әлемдік дәрежеге жеткен бірегей жан.
Әшірбек Сығайдың көзі тірісінде шыққан соңғы кітабы «Таңғажайып театрды» оқып отырып өмірге, өнерге соншалық ғашық жанды көрем. Бұрынғы шығармаларын оқығанда адамдарға, әсіресе сахна актерлеріне деген шынайы ілтипатын сезінуші едім. Ал «Таңғажайып театрдың» алғы сөзінен-ақ ұлттық өнерге, театрға деген мақтаныш сезімі, шексіз махаббаты айқара ашылады. «Таңғажайып театр! Иә, шындығында да ғажайып әлем емес пе, ұлы мәртебелі театр өнері!.. Сол таңғажайыппен көрісіп-тілдесу үшін ұлы өнердің нұрлы да сырлы сахнасы қазақ театрларының ғажайып әлеміне саяхат жасап көрелік…» деп жүрекжарды сүйіспеншілігімен әлем алдында ұлттық театр өнерінің мерейімен мақтана айқай салып тұрғандай сезімге бөлейді.
Оқығанда әр театрға, әр талант иесіне деген ғашық сезімін әлемдік деңгейдегі сахна өнері мен дарындыларды астастырып қазақ театр өнерінің жеткен жетістіктерін толағай тебіреніспен, шексіз сағынышпен жеткізген. Әсіресе, Италия сапары жайлы жазған естелігінде: «қайран Амангелді! Сенбинді айтамын. Миланға жол түскен «Ла-скалаға» маңдай тіреген алаштың тұңғыш әншісі. Повороттиді көріп, оның әнін тыңдамады дейсің бе, тәйірі?». Ол жөнінде белгілі қаламгер Қали Сарсенбай тебірене жазбап па еді, кезінде. Оның «Қарғаш» деп аталар эссесі де есте. Иә, сол әйгілі Поворотти Миланға жол түскен Азия тұрғындарынан Сенбинді сан рет сұрастырған. Қазақ әншісінің көмейінен лықси қашқан ғажайып әуендерді байқап қалған болар Лучано, кім білсін?.. Шыбықтай солқылдап сымдай тартылған сұңғақ мүсінді, келісті де кескінді Амангелдінің көркіне дауысы сай еді-ау. Кең тынысты сырнайдай сызылған тамаша үнімен дүниені түре келген Сембин әлеуеті ән әлеміне теңдессіз серпін әкелгені қоспасыз шындық. Аққан жұлдыздай тез өте шықты ғой бұл жалған жарықтан есіл Амангелді!». Неткен өкінішті сағыныш?! Шындығында да өткен ғасырдың 70-ші жылдарында ұлттық опера өнеріне Күләш Байсейітовадан кейін таңғажайып серпіліс әкелген Амангелді Сембин, Жұлдыз Баймолдинадай әлемдік деңгейдегі әншілерден бірінен тірідей, бірінен өлідей айырылып қалуымыз қазақ руханияты үшін орны толмас қасірет.
Дүниежүзі талантына бас иетін тәкаппар Лучано Повороттидің жүрегінде қалып, талантынан үлкен үміт күттірген қазақтың «қара домалақ» баласы Амангелді Сембин де тегін тарлан емес екен. Сонау Италияның Милан қаласындағы Ла-скала театрының әр бұрышынан Амангелдідей дарынның ізін іздеп, әр бөлмесінен қазақ әнінің жаңғырығы естіле ме деп елегізіп жүрген Әшекең де нағыз асыл екен.
Адамгершілігі мол, ар-намысты ойлайтын азамат болмаса, біреулер өмір бойы арман етіп қолы жете алмай жүрген министрліктің бірінші орынбасары қызметінен, өз еркімен лауазымды «мамық креслодан» кетер ме?! Республикалық конкурстарда, театр фестивальдерінде кейбір алқа мүшелерінің актер, режиссерлермен өмірдегі арақатынасының араздығына бола талантына тұсау салуына, сүріндіруге түбегейлі қарсы болатын. Өмірдегі шат мінездерін сахнадағы жасындай жарқыраған талантының көлеңкесіне сырып тастаушы еді-ау, қайран Әшекең! Кәсіби маман ретінде өте талапшыл, әсіресе сахна тіліне деген талабы күшті Быдықтармен үзіп-үзіп сөйлейтіндерді кешпейтін, «қазақша сөйлей алмасаң несіне сахнада жүрсің?», – деп ренішін білдіретін, бабадан қалған «Ана сүтімен бой өседі, ана тілімен ой өседі» деген қағиданы берік ұстап, ана тіліміздің өрісінің кең қанат жаюына күш салып жүрген аяулы жан еді
Күнде кездесе бермейтін театр актерлері, режиссер, суретшілер фестивальдерде кездесіп қалғанда қуаныштың әсерінен аттың басын қоя беретіндігімізді несіне жасырайық. Сондайда Әшекең маңғаз қалпымен көзі күлімдей: «Ойпырмай, көптен кездеспеген ғой мыналар, фестиваль болмаса өлетін түрлері бар екен… бәрі дұрыс жігіттер, тек елден ұят болмасын. Сағынышты басу керек, тек бұлай емес. Мөлшерден асып кетпеңдер», – деп ескерту жасап, сап тыйғызатын.
Адам жүрегіне жара салуды білмейтін. Артистердің ерсі қылығын көрсе кісімсіп жұрт көзінше айқай салып, ұрыса жөнелу, өзінің басшы екендігін міндетсініп, көрінген жерде ескерту айту қанында жоқ қасиет. Өте мәдениетті. Табиғат берген асыл қасиеті кімді болса да көз жанарымен «жуасытатын». Жан тазалығы күлімдеген көзінен нұр шашып, жақсылықтың арайын төгіп әркімді адалдықтың жылуымен жылытатын.
Әшірбек Сығай тек Республикамызда өтетін театр фестивальдарында емес, талай халықаралық фестивальдарда қазылар алқасының мүшесі болған абыройлы қазақ театр сыншысы. Оның терең білімін, айшықты ойларын, өнер жөніндегі қатпарлы қиялдарын, жаңалық ашудағы ұшқыр ұстамын білетін Орта Азия, Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Ресей елдері оны қазылыққа шақыруды абырой санайтын. Өйткені, көре біледі, айтары бар, ұсынысы өзекті, ұстанымы мығым, көзқарасы терең!
Өткен ғасырдың 90 жылдарының басында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы драма театрының (кезіндегі Торғай музыкалық драма театры) көркемдік жетекшісі өте талантты режиссер Ж.Хаджиев Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін бұрынғы сара жолдан ауытқып, жаңа шешіммен ғажап спектакль қойды. Сахналық шешім де, актерлер ойыны да бұрын-соңды қазақ сахнасында болмаған үрдіспен дүниеге келді. Жергілікті басылымдар, басшылар, мәдениет ұжымдары, зиялы қауым өкілдері мынандай «өрескел» спектакльге қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсірепов шығармасының бұрмалануына, ұлттық фольклорымыздың інжу-маржан жырларының бірі «асыл қазынамызға ойына келгенін істеп, жүндей түткеніне» байбалам салып, қарсылықтарын білдіріп өре түрегелді. Тіптен комиссиядан комиссия шақыртып алдырып тастауға дейін барды. Ең соңынан Алматыдан Мәдениет министрлігінен келген Әшекең бастаған комиссия көріп, жүрек түбінде жүрген көкейкесті армандары әлемдік сахна өнерінің озық үлгісі қазақ сахнасына да жеткенін қуанышпен мойындап, рес-
публикалық, Халықаралық театрлар фестивальдеріне ұялмай көрсететін күрделі рухани дүниенің келуімен құттықтап, жария етті. Сол «Қыз Жібек» спектаклі Республикалық театр фестивальдерінде бас жүлдені жеңіп алып, Бішкек қаласында өткен халықаралық Орта Азия театрлары фестивалінде жеңімпаз атанып, Бекежан рөліндегі А.Смағұлов «ең таңдаулы актер» номинациясын жеңіп алды. Орта Азия бойынша тапқырлығы мол, шешімі ерекше қойылым ретінде аталып, театр өнері тарихында таңғажайып құбылыс болып жазылып қалды. Міне, Әшекеңнің талғампаз, озық ойлы көрегендігі! Жаңалықты жатырқай қарайтын, әділетсіз пікірлер басым болып мәдениет Министрлігінен Әшірбек Сығай барып көрмегенде, кезекті «айқай-шу» тудырған спектальдердің бірі болып, театр репертуарына да ілінбей қалар ма еді, кім біледі. Әшірбек Сығайдың сондай шыңырау түбінен алып шығатын мәрт қасиетінің шапағатын мен де көрдім.
2010 жылы театрда директор әрі көркемдік жетекші болып қызмет істеп жүрген кезімде қоюшы режиссердің жоқтығының қияметін көп көрдім. Талантты бас режиссеріміз Ә.Оразбеков Астанаға ауысып кетті де орнына ешкім келмеді. Актер-режиссер Р.Баймағанбетов өмірден озды. Алақан жайып отырмай актерлардың ішінен режиссерлікке адам іздей бастадым. Талантты актерлер көп, бірақ қиялы озық, актерлермен жұмыс жасай алатын, режиссерлік ойлау қабілеті басым, тапқан шешіміне актерлерді икемдеп, бағындыра алатын жандарды іздедім. Ақыры, көптеген қоюшы режиссерларға ассистент болған талантты артистер республикалық фестивалдерде сыншылардан жақсы баға алған С.Жұмағали мен Б.Киікбаевқа тоқтадым. Алдын ала Әшекеңмен сөйлесіп, ақылдасып алдым. Әшекең не қойғысы келетіндерін сұрады. Сламбек С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдерін», ал Бек Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы бойынша мәңгүрттер сахнасын ойып алып сахналағысы келетінін айттым. Бектің режисссерлық тұжырымдамасы (концепциясы) қатты ұнағанын жасырмадым. «Сламбектікі белгілі, Жеңістің 65 жылдығына қойсын, ал Бегің жүрек жұтқан екен, режиссерлік тұжырымдамасы ұнап тұрса, солай пластикамен астастырып алып шықса… бер, көрелік. Премьерасына шақырарсың, міндетті түрде келемін», – деді. Үмітім алдамапты, екеуі де жап-жақсы жұдырықтай түйілген жинақы спектакль қойып шықты. Әшекең келіп, екеуіне де жақсы баға берді. Алғашқы жұмыстары болған соң түзеуге болатын ескертпелерін айтып, қанаттандырып қойды. Әсіресе,
Б.Киікбаевтың «Мәңгу… мәңгі» спектаклінің өзіндік шешімі, актерлердің пластикалық іс-әрекеттері автор ойының бүгінгі күнмен үндестігін режиссер өте дұрыс тапқанын қуанышпен атап өтті.
Әшекеңнен үйренетін, үлгі алатын істер өте көп, ішкі жан сарайы өте бай, көргені көп, ұққаны ұшаң-теңіз. Әңгіме айтқанда, әсіресе, әлем театр тарихымен қазақ театрын астастыра сөйлегенде, ұлы актерлер туралы сыр шерткенде көмейі бүлкілдеп, мөп-мөлдір көз жанары өзіңді баурап алып, шешен тілімен шежірешідей сөйлей жөнелгенде ұйып тыңдай бергің келеді. Арасында хас шеберлердің өмірдегі күлкілі сәттерін айтып тыңдаушысының ішінен соған ұқсас оғаш қылықтары барларын іліп әкетіп, әңгіменің көрігін қыздырып отырушы еді.
2009 жылы Қарағанды облыстық драма театры ұжымымен Түркияның Трабзон қаласында өткен «Қара теңіз жағалауы 2009» Халықаралық фестиваліне бірге бардық. Ол сапар жөнінде де кітабында толық жазылған. Жазылмай қалған тұстары өзі жайлы. Астанадан ұшып Стамбулға түскен соң Трабзонға ұшатын ұшақты сегіз сағаттай күтетін болып Халықаралық әуежайдан жергілікті әуежайға келіп орналастық. Ол кезде шет елдерге жиі шығып жүрген жоқпыз, үрпиісіп әр нәрсеге таңдана қарап, орнымыздан орынсыз ешқайда қозғалмай «тәртіп» сақтап «үлгілі қазақстандықтар» болып отырмыз. Тағы бір «ренішіміз» бізден басқа ешкім қазақша сөйлемейді, бізді түсінбейді. «Ерегісіп» біз де тымсырайып үндемей отырмыз. Сол қолайсыздықты Әшекең бұзды: «Әй, Қайрат ал домбыраны, бас Ақан серінің әуеніне» демесі бар ма? «Тәртіпті қазақтар» көзіміз бадырайып, «шет елде қазақтың домбырасымен әуежайда ән салу деген масқара емес пе?» дегендей шошып қалдық. Талай шетелдерге шығып, көпті көрген Әшекең: «Кәне, кәне ал домбыраны, бас әнге. Қазақтың сұлу әндерін естіп қалсын, мына шетелдік жүргіншілер» деп бастырмалата жөнелді. Әшекең нығыздай айтқан соң Қайрат та еркінсіп, тамылжыта Ақан серінің «Маңмаңгерін» әуелете жөнелді. Әуежайдың ішіндегі қара, сары, ақ, сұр, қоңырқай нәсілдегі жолаушылар мойындарын бұрып әсем әнге деген сүйіспеншіліктерін жасырмады. Тіпті кейбірі қазақ әніне қызығушылық танытып жанымызға жақын келіп қолпаштап, қол шапалақтап, құрмет көрсетіп жатты. Қошеметке қанаттанған біздің әнші жігіттер домбыраны кезекпен алып әндете бастады. Боранбектің әуелете салған әніне, Батырханның лирикалық әуездеріне, бәріміздің қосылып хормен айтқан қазақтың халық әндерінің сөзіне түсінбесе де әуезіне еліккен тыңдаушылар жан-жақтан топтасып жиналып қалды. Біздің қай елден екенімізді білген соң «Қазақстан, Қазақстан» деп қолдарын көкіректеріне қойып, бастарын изеп, ризашылықпен тарасып жатты. Сол сапарда бір байқағаным, қолынан қойын дәптері мен қаламы түспейді екен. Күндегі кездесулер, көрген спектакльдер әр мемлекеттің өнер қайраткерлерінің аты-жөнін, еңбектерін жазып алып, қойылымға деген өз пікірін тізбектеп жазып жүретін. Аудармашылар арқылы фестивальға қатысушы елдердің атақты режиссерлері мен актерларын, жазушы-драматургтарын сұрастырып өздерін көрмесе де оқыған еңбектерінің ерекшеліктерін, ұтымды ойларын, ерекше табыстарын білетіндігімен таңқалдыратын.
Ал ТМД елдерінің жас өнер қайраткерлерімен сөйлескенде Грузия, Әзірбайжан, Эстония, Украина елдерінің Одақты дүркіреткен Думбадзе, Дударев, Айтматовтар драматургияларының құндылықтары мен өміршеңдігін, белгілі режиссерлар Струя, Мильтенс, Захаров, Ефремов, Мамбетовтардың шығармашылық қолтаңбаларының өзіндік ұтқыр жақтарын, актерлер Қуанышбаев, Айманов, Закариядзе, Ярвет, Ульянов, Лавров, Раневскаялардың сахнада сомдаған кейіпкерлерінің табиғи ойындарын талдай отырып, шеберліктің биік деңгейге жеткендігін, олар сомдаған образдар классикалық дәрежеде эталон болып театр тарихында қалғанын айтатын.
Бұрынғы Одақ көлемінен фестивалге қатысқан журналистердің көбі спектакльден соң Әшекеңнің қасына шоғырланып пікірін білуге тырысатын. Әсіресе, театр сыншылары мен әдебиет жөніндегі редакторлар. Көбі Әшекеңнің сахна өнері туралы әлемдік деңгейдегі білімпаздығына бастарын шайқап, көтерген ұтымды ұсыныстарын қолдап, ризашылықтарын білдіріп жататын.
«Ешкімді сағынбайтын адамдарда мейірім болмайды» дейді дәрігер-психологтар. Рас та шығар. Қазіргі адамдар бойынан сағыныш сезімі азайып бара жатқан мына заманда Әшірбек Төребайұлының «Таңғажайып театр» кітабы шалқыған сағыныш сезіміне толы. Дүниеден өтіп кеткен асыл жандарды сағынышпен еске алып, жақсылықтарын аңсап, бүгінгі адамдар бойынан табыла бермейтін керемет қасиеттерін үлгі ете, тебірене еске алады. Әсіресе, Ө.Жәнібеков, М.И.Есеналиев, белгілі ғалым Қарабек Әкімбековтер туралы жүрегі елжірей жазған естеліктерінде бүгінгі заманда «халыққа жатырқап қарайтын» кейбір басшыларға ой салатын адами қасиеттер аз емес. Ал қазақ өнерінің алғашқы көшбасшылары туралы естеліктері саф алтындай құдіретті өнердің алауын әлемдік биікке көтерген артистердің шеберліктерін тамсана отырып еске алса, сол үрдісті төмендетпей бүгінгі таңда әлем сахна өнерінің көгіне алып шыққан хас шеберлерді тебірене әңгімелейді.
Әшекеңнің қаншама қыруар жұмыстар тыңдырып жүрсе де, кішіпейіл қарапайым мінезінен айнымайтын. Қай жерде, қандай лауазымды қызмет атқарса да, қоластындағыларды көз қиығынан қалдырған емес. Мәдениет Министрлігінде бірінші орынбасары болып қызмет істеп жүргеннің өзінде алыстан келген артистерді мекемесінде көріп қалса қандай жағдаймен келгенін, облыстағы актерлердің хал-жағдайларын сұрап бәйек болып жататын. Өмірде денсаулығына байланысты сахнада «тұсалып» қалған таланттарға жаны қатты күйзелуші еді. Қазақстаннның халық артисі марқұм Ә.Боранбаев төсек тартып жатып қалғанда «нағыз талант сахнаға шықпай қалады-ау» деп өкінгені, Қазақстан еңбек сіңірген артисі Т.Қуанышев екі құлағы бірдей естімей қалса да сахнада жасындай жарқыраған сәттерін көргендегі қуанышы. Қарағандылық талантты актер М.Қисықов көзі көрмей қалса да сахнадан түспей жүргеніне риза болып, әлі күнге дейін марапат алмағанына реніш білдіретін. Талантты «облыстық», «академиялық» деп бөлуге болмайтынын алғаш көтерген де Әшекең. Облыстық театрларда жүрген Р.Баймағанбетов, А.Смағұлов, Ж.Чайкина,
Т.Қуанышев, Г.Жақыпова, Д.Жанботаев, Қ.Кемалов сынды таланттар Академиялық театрдың сахнасын көркейтетін шеберлер екенін айтудан шаршамайтын.
1986 жылы біздің С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ театрының Алматыдағы сәтті гастрольдік сапарынан кейін: «мемлекеттік сыйлықты неге тек Алматы ғана ала беру керек. Облыста да қандай ғажап туындылар бар, міне соның дәлелі Қарағанды театры», – деп С.Жүнісовтың «Өліара» драмасын гастрольден соң да қосымша күн бергізіп, қайталатып қойғызып еді. Әшекеңнің арқасында облыстық өнер майталмандары бірінші рет (өкінішке орай әзірше соңғы) автормен қоса режиссер Е.Тапенов, суретші М.Мақсұтов, актерлар К.Жұмабеков, С.Қажымұратовтар Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанды.
Қол жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімей ұлттық руханиятқа керекті дүниелердің шешімін табуда қандай қиындықты да жеңетін. Ректор болып тұрған кезінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан тұңғыш рет өнертану мамандығын дайындайтын факультет ашты. Оған дейін театр және кино сыншыларын Москва, Ленинград, Ташкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында дайындайтын. Оның өзінде қазақ театр тарихынан мағлұмат жоқтың қасы. Өйткені, әр мемлекет өз өнерінің ғана тарихын оқытады. Сол олқылықтың орнын Әшекең толтырды.
Әшірбек Төребайұлының ірі адами қасиеттірінің бірі өз ұстамына беріктігі. Әділдік үшін ешнәрседен қаймықпайтын, адалдық жолында алған бетінен қайтпаушы еді. Бір жылдары Мемлекеттік сыйлық беру комиссиясының мүшесі болып жүргенде, кезекті отырыста дауыс беріліп, шешім шығарылып, комиссия мүшелері қол қойып тарасқан соң өтпей қалғандардың бір-екеуі жебеуші сүйеніштерінің ұсынысымен қайта дауысқа салуға шақырғанда «мен шешуші дауысты бергенмін, өздерінің дегендерін істейді екен, несіне комиссия құрады?» деп бармай қойған.
Әшекеңнің сырлас досы, жазушы, драматург Баққожа Мұқаи: «Біздің Қазақстанымыз ұлы мұхиттың тоғыз балдық толқынында мұнартып көрінген алыс жағалауды бетке алып, жүзіп келеді. Сол алып кеменің жел кернеген желкенін тік ұстаған азаматтардың арасында Әшірбек Сығайдың тұлғасы анық көрінеді» деп жазып еді көзі тірісінде.
Иә, Әшекеңнің алып кемесі мұхит төрінде тылсым табиғаттың дүлей күшінен қаймықпай жүзіп барады…
Кеңес Жұмабеков,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.