Зергер өмірінен бір үзік сыр
«Біздің отбасымызда қолынан түк келмейді деген адамның өзі қамшы өреді». Бүгінгі кейіпкеріміздің осы бір сөзі ерекше есімде қалыпты. Әлқисса… Қазақтың қолөнері – сан ғасырлар қойнауында халықпен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан ұлттық мұра. Ұлттық мәдениетіміздегі дәстүрлі өнер халқымыздың тарихымен, болмыс-бітімімен тікелей үндес. Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде салт-дәстүрімізді танытып, дала өнерін үйретуде ата кәсіптің берер тағылымы мол. Қазақы нақыштың көркемдік негізін сақтай отырып, мирас ретінде жалғасып келген зергерлік өнердің тарихы тереңде жатыр. Кешегі Дәркембай Шоқпарұлы, Тұрсынбай Шаянов сынды ескілікті жаңартып, әсемдікті тудырған зергерлік ісінің ақтангерлерінің мұрасы әлі күнге дейін тозбас, құнды жәдігер. Осындай асылдардың жалғасы, халық шығармашылығының сарқылмас көзі зергерлік кәсіпті меңгеріп, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген шеберлердің қатары молаюда. Солардың бірі, әрі бірегейі, дәстүрлі өнерді насихаттап, кәсібін дөңгелетіп отырған жас шебер Абзал Молдабековтен сұхбат алып көрген едік.
– Абзал, өмірде мамандық түрі көп. Мұғалімдікке де, дәрігерлікке де, инженерлікке де мойын бұрмай, қиындығымен қоса асқан төзімділікті, ыждахаттылықты талап ететін кәсіп түрін таңдауға не түрткі болды?
– Жалпы, отбасымызбен өнерге жақынбыз. Үлкен ағам зергер, тағы бір ағам кастоправ (машинаның майысқан жерлерін жасайды). Анамның да қолына тыныштық жоқ. Тоқыма тоқиды, шұлық, кеудешелердің неше түрі табылады. Біздің отбасыда қолынан түк келмейді деген адамның өзі қамшы өреді. Кішкентай күнімнен қолдан бір нәрсе жасауға, құрастыруға, сурет салуға жақын болдым. Үлкен ағам сурет, қолөнер жағына бейім болды. Марқұм Дәркенбай ағадан дәріс алып, тәжірибе алмасқан. Оқушы кезімнен ағамның жанына еріп жүріп, қызығушылығым арта бастады. Журналист немесе ақын боламын деп талпынғанмын. Тоғызыншыны оқып жүргенімде нақты дизайнер, әрі зергер боламын деген шешімге тоқтадым. Зергерлік өнерге бет бұруыма бірден-бір себепкер – өз ағам, Серік.
– «Журналист немесе ақын боламын деп талпынғанмын» дегеніңізге қарағанда кезінде өлең жазғанға ұқсайсыз? Зергер болмасаңыз ақын болып кетуіңіз мүмкін бе еді?
– Иә, көп өлең жазатынмын. Өлең жаттағанды жаным сүйетін. Абайдың жүз жиырмаға жуық өлеңін, Мұқағалидың,
І.Жансүгіровтің біраз поэма, өлеңдерін жаттағанмын. Бертін келе қайталап тұрмағандықтан біршамасы есімнен шығып қалды. Зергер болмасам, архитектор немесе ұстаздық етуім мүмкін еді. Тек қана ақындықпен жүру ұнамайды.
– Қарапайым металдан қарасаң, көздің жауын аларлық бұйым жасау екінің бірінің қолынан келмесі анық. Алтын мен күмістің ебін тауып, құнды дүние жасап шығаруыңыздың сыры неде?
Жасап отырған бұйымды жүрекпен, шын ниетпен істеуге тырысамын. Сондықтан болар, жасаған әшекейлерім көпшілікке ұнап жатады. Асқан төзімділікті талап етерлік іске бар ыждағатымды салып, байыппен жасағандықтан әдемі шығады деп ойлаймын. Бар сыры – осы ғана.
– Зергер бойына қандай қасиеттер тән?
– Зергердің бойында барлық жақсы қасиеттер болуы керек. Соның негізгісі – шыдам мен үлкен сабыр. Бірден көз тартар дүние жасау мүмкін емес. Күні-түні алтын уақытыңды сарп етіп, бір затты бірнеше қайтара жасауың мүмкін. Міне, осындай сәттер үлкен сабырлықты талап етеді. Жұмысқа тиянақтылық, тазалық, қайтпас жігер және ешкімнің ақысын жемейтін адалдық керек. Зергерлік – шаңның тозаңындай салмаққа дейін мән беруді талап етеді.
– Сіз жасаған әшекейлердің дені ою-өрнектермен көмкерілген. Қазақы нақышта бұйым жасаудағы мақсатыңыз?
– Ұлттық нақышта бұйым жасауымның себебі, қазақтың зергерлік өнерін әлемдік
брендке айналдыру. Тек қана қазақтар ғана емес, шетелдіктерге де сұраныс туғызатын дүние жасау. Өзім жасаған бұйымдар арқылы әлем елдеріне осындай текті ұлттың бай мұрасын насихаттау – басты мақсатым.
– Бүгінде сізді осы қабілетіңізбен көп жұрт таниды. Тапсырыстарды орындауға қанша адам жұмылдырылған?
– Негізі шеберханамызда үш адам болып жұмыс жасаймыз. Әркім өзінің тапсырысын жасайды. Күрделі жұмыс барысында бір-бірімізге үнемі ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Көбінесе жалғыз өзім жасап бітіремін.
– Дөңгелетіп отырған кәсібіңізге тек бизнес көзі ретінде қарайсыз ба?
– Кәсібімді жанымның қалауы, әрі рақаты деп білемін. Бірақ материалдық қиындықтар ол нәрсені ұмыттырады екен. Талай рет басқа салаға кетіп қала жаздағанмын…
– Талай рет басқа салаға кетіп қала жаздағаныңыз материалдық жағдайға келіп тірелді ме?
– Иә, материалдық қиыншылықтан. Оқуды жаңа бітіріп, жас отбасы болған шақта зергерлікпен айналысқан табысым аз болатын. Қосымша жұмыс іздеп, мектептерге жұмысқа кірмекші де болдым. Сол уақытта қара жұмыс істеуге де дайын едім.
– Тапсырыс берушілердің арасында қазақы бұйымдарға қызығушылық танытатын өзге ұлт өкілдері кездесе ме?
– Тапсырыс берушілердің дені отандастарымыз болғанымен, арасында шетелдегі қандастарымызбен қатар шетел азаматтары да бар. Түрік, неміс, орыс өкілдерімен бірге американдықтарға да тапсырыспен бұйымдар жасағанымыз есімде.
– Ұлттық өнерімізді әлемдік брендке айналдыру ниетіңізді айтып қалдыңыз. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?
– Бұл бастамаға жеңді түріп қойып кірісе кеткенім жоқ. Бірақ ойда жүрген бірнеше идеялар бар. Бұйымдарымды статусы жоғары сауда орындарына сатылымға қоюдан бастамақпын. Сондай-ақ, әлемдік интернет дүкендеріне жарнама жасап сату ойда бар.
– Зергер адам кітап оқуға уақыт таба ала ма?
– Зергер адамның көп нәрсеге уақыты бола бермейді. Мүмкін мен ғана солай шығармын. Бірақ кітап оқуға уақыт табамын. Көбіне діни кітаптарды оқығанды құп көремін. Міндетті түрде мамандығыма қатысты еңбектерді оқып шығамын. Поэзия да назардан тыс қалмайды. Прозаны көп оқи бермеймін, әңгіме, повестерді бітіре алмай әлектенемін.
– Осы кәсібіңіз қоғамға қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Кәсібім арқылы қоғамға қажеттілік тудыра аламын. Жұмыстарымды көрген, бағалайтын адамдар басқа қаладан болса да келіп тапсырыс беріп кетеді. Бұйымдарымның стилін заманауи әрі сапалы жасау арқылы қоғамда өз орнымды алатыныма сенемін.
– Келешек жоспарларыңыз туралы бөлісе отырсаңыз. Алдағы уақытта кәсібіңізді кеңейту ойда болар?
– Келешек жоспарымның ең негізгісі – баспана салу. Баспанасыз бизнесің бизнес емес, тапқаныңды далаға шашу. Онсыз жұмысқа толық берілу қиын екендігін ұқтым.
Кәсібімдегі басты мақсатым – үйренгеніммен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеу. Алдағы жылы магистратураға оқуға түсіп, оқу орындарында ұстаздық ету ойымда бар. Сонымен бірге, шеберхананы үлкейтіп, зергерлік салонымен бірге ашқым келеді. Мүмкіндігім болса, зергерлік өнердің қыр-сырын үйретуге арналған оқулық шығару. Қазір заманауи зергерлік өнердің технологиясын түсіндіретін қазақша оқулық жоқ, барлығы ағылшын немесе орыс тіліндегі кітаптар. Жалпы, осы бағытта жемісті еңбек етсем деген арманым бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан ӘБІШ.