Ақ зергер
Зергерлік – қазақтың өзімен бірге жаратылған жұлын тұтасы іспетті. Ғасырлар бойы жер үстінде жинаған рухани нәрін бойына тынбай сіңірумен бүгінге жеткен жанды клеткасы, жұмбағын аша қоймайтын генетикалық коды сияқты. Ұсақ жасалып, жіңішке болып созылса да шаштай берік, нәзік те жүйке талшықтарындай аса сезімтал, өзіміз де, өзгелер де жалықпай көретін, түйсікпен танылуға тиіс бекзат та құдіретті өнер.
* * *
Сіз зергер Сержан Башировтың шеберханасында болдыңыз ба? Білек темірге күміс орап, соғып отырғандағы шың еткен дыбысын естідіңіз бе? Ер Төстіктің жолын тосып жүретін «Көлтауысар», «Саққұлақ», «Желаяқ» сынды достарындай, алдынан кездесіп, өмірлік серігіне айналып кеткен балғасын, мың рет ұрсаң да бір сызат түспейтін аса берік құрыштан жасалған төртбұрыш, ұзынша төсін, таптағышын, атауыз, сымсуырғыш, жанарғысын байқадыңыз ба?
Түрлі металл сынығы, қалайы мырыш, қорғасын, мыс, жез, күміс қиқымдары, қаңылтыр кесінділері, шумақталған мельхиор, ақық пен көгілдіртасы, құрал-саймандары шашылған үстелін көрдіңіз бе? Үскісі, ширатқысы, ысқышы, науысқы мен қайрағы көз шолаңызға түсті ме? Егеуі, ара-лобзик, металл кескіш қайшы, сым қырыққыш, бастырғы, безеуіш, тістеуік, ұсақ бүршіктерді бір-бірлеп жинар қысқаш-шымшуыры ше? Осынша шашылып, бей-берекет араласып, бейсауат жатқан мүкәмал заттардан өз керегін еш адаспай тауып, керегіне оңтайымен жаратып, көміліп жұмыс істеп отырған қарапайым да һас шеберді ше?
Жан-жағына, қабырғаға ілінген әсем бұйым, әшекейін бажайлап, сұрапыл еңбегінің ғажайып нәтижесіне назарыңыз құлады ма?
* * *
Сержан туралы «айтулы шебер» деп, мақтауын келістіріп сөйлей салу оңай-дағы, ол туралы тәптіштеп те байыптап, түпкірлеп жазу күрделі-ақ. Башировтың суретші ғана емес, зергер де мүсінші, инсталляция жасаушы да антиквариат жинаушы екенін ескерген кезде мақсат күрделене түседі. Бұл шеберге дейін кездескен, өзім еңбегіне үңілген темірші-зергерлердің жасаған заттары қазақтың әріден келе жатқан «өңіржиек», «жүзік», «сақина», «шолпы», «сырға», «шекелік», «құдағи жүзік», «құс тұмсық», «шашбау», «қапсырма» тектес әшекей бұйымдарымен туыстас, сарындас болып келсе, Сержан жасаған этно-авангард, әшекейлері ол атаулардың қалыбына, өріс-шеңберіне сыя қоймайды. Соны болғандықтан, қазақ тілінде түрен түспей, айтып-жазылмай келген соң, жасалу мәнері өзгеше болғандықтан және бұрын-соңды біздің ұғымда тарқатылып, талданбағандықтан, Сержан зергер тарапында қайтіп қана сөз тауып айтарсың? Стильдік ерекшелігін сөзбен қалай ғана жеткізерсің? Сөйтіп, бір сәт дағдарасың…
* * *
Сержан Башировтың шығармашылық сапары әкесі Мұрат пен зергерлікке алғаш баулыған Гораций Соловьев, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков, Дәркембай Шоқпаров секілді тумысы бөлек адамдармен, Дүйсен Сейдуалиев, Арыстанбек Хасенов, Аман Мұқажанов, Асылмардан Қадырбаев тұрпатты темірші-зергерлермен тығыз өрілген. Өнер кеңістігіне ұзап шықса, биік ұшса һәм терең бойласа, онысы – әуелі Жаратқан Иенің алқауы, өзіне берген таланттың кесімді өлшеуі, әрі осынау ғазиз жандармен кешкен ынтымақ ғұмырының, олардан алған ұшан-теңіз өнеге мен өзіне сіңірген мол тәжірибенің арқасы.
Ол – үгіліп кете жаздаған қазақтың ұста-зергерлік әлемінің тамырына жан бітіріп, қан айналымын күшейтіп, дамытып, керексе дүниежүзілік трендтке көтерген ұста-зергерлер легінен. Ол – арткеңістікке дәстүрлі өнерді сол қалпында көшірме салмай, заманауи өнер үрдісімен ұштастырып, күрделі де күрмеулі ой толғайтын ауқымды сериялық туындылармен, өзінің ерекше қолтаңбасымен жарқырап шыққан талант иесі, ұсақ сынап түйіршіктерін бір-бірлеп жинағандай бейнеттен рахат тапқан кісі. Оның дарыны – анау отырықшы халықтардай, әшекей оқа бұйымның қалыбын жасап алып, жұқалап басып, көбейтіп сатуға емес, әрбір тапсырыс берушінің үйіне барып, айлап жатып, жеке-дара қылып (өмірде бір-ақ рет киіп, ғұмырда жалғыз-ақ рет тағатынды жасайтын), ешкімді қайталамай және алтын-күмісін аямай, керексе салмақты да сом қылып жасап беретін қазақтың жомарт та дархан ұста-зергерлері секілді сипатқа ие. Жасағаны – жалғыз данадан.
Ол – далалық өрнек, сахаралық өнердің қалыбынан (технологиясынан) ұзап шықпай, бәз баяғы балға мен бағзы төсті тықылдатып, байырғы ата-баба, зергер-ұсталардың рухын арқалап отырып, көл-көсір дүние қолынан шығарған мехнаткеш. Қазақтың тұрмысында, ұста-зергерлік әлемінде кеңінен қолданылған ағаш, темір, қола, тас, күміс, сүйек, тері, жез секілді экологиялық таза материалдар қолданушы. Құрал-сайманның жаңасына, заманауи, мүмкіндігі аса зорына, жасаған жақсысын оп-оңай тираждап, көбейтіп алатын әбжілдігіне елікпейтін консерватор. Әрі заманауи авангард. Зергерлердің ішінде айтар ойын символика тәсілімен жеткізетін суреткер… Оның жасаған бұйымдары – ғарыш әлемімен байланысқан мәңгілік, шексіздік дейтін ұғымдармен шендесіп жатқан тұңғиық.
Көрік пен талқы басуды, тезге салуды, тері илеп, күміс балқытып, сым суыруды жетік меңгерген ұста-зергер. Қолынан шәкірт ұзатқан ұстаз. Көнені қастер тұтушы. Қазақ жерінің әрбір өңіріне тән өрнек, бояу үлгілерін зерттеп, үлгі ала отырып, өз соқпағын адаспай тапқан, жолы болған ісмер. Шығармасына спираль, шаршы, шеңбер, айқыш секілді фигураларды ұнатып қолданатын бәдізші һәм мүсінші1.
Қазағының құнды да мол жәдігерлерін жинаушы. Тынбай іздеуші һәм ізденуші. Сержанның бал арадайын қазақ өлкесін шарлап та шиырлап тапқан бұйым мен мүлік әлемі осы күнгі қазақтардың айту аясынан шығып кеткен «тұскиіз», «сырмақ», «кілем», «басқұр», «алаша», «текемет», «асадал», «сандық», «ашамай» «кемер белдік», «кісе», «кебеже», «келісап», «сықырлауық», «қайрауық» дейтін көне сөздердің қадірлі аторайы секілді. Сүйікті мекені іспетті. Қанша жатса мәні де міні де құрымайтын жәдігерлер Баширов әлемінде құрт түспейтін, күйе жемейтін, лас аяқ баспайтын бекзат күйде, әлеумет келіп айнала көретін өзгеше өмір сүруде.
Біздің суретшілік тілімізде сурет салудың іс-әрекетіне бейімделген «сызып», «салып», «көшіріп», «жақтау жасап», «кенеп керіп», «бейнелеп», «жазып» деп келетін азын-аулақ сөздер болса, Сержан – қазақ зергерлердің сөздік қорындағы «оймыштап, ширатып, нақыштап, бедерлеп, түртпе салып, кертіп, егеп, кесіп, қусырып, қаусырып, оюластырып, өрнектеп, орайластырып, кіріктіріп, күмістеп, термелеп, тесеп, өріп, бұрап, тоқымалап, үзбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп, безеп, қақтап, қырнап, зеріп, ызып, лажылап, қобылап, иіп-бүгіп, бүктеп, жапсырмалап, созып, саптығарлап, сомдап, шауып, тесіп, бұрап, шұбарлап, пісіріп, дәнекерлеп, шыңдап, қақтап, суғарып, қайрап, жанып» деп келетін қазақтың ұшан-теңіз тірі сөздерін іске асырушы. Бұл сөздер – Абай атам айтпақшы, «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дейтіні ғана емес, интеллектуалдық сана биігінің де көрінісі. Сөз бен істің көркем келісімі. Өнердің таусылмас байлық, жұтамас азық екенінің айғағы.
Сержанды ұсталар пірі қолдады ма? Бабалар рухы алқаған болар? Шығармашылық жолда Кеңдік пен кеңістіктің қадірін қанына сіңіріп, бір дөңнен бір дөңге, бір жотадан бір жотаға, бір қырдан бір кезеңге, бір қиырдан екінші қиырға ұзағанына, шыңға қарай көтеріліп кете барғанына куә болып, тап солай екеніне күмән келтірмедік.
Сержан ылғи шығай маңып, шыған кезіп, қазақ өнерін насихаттап, көрмелер жасап, халқының жоғын түгендеп, шет ел кезіп, Еуропа барды. Ресей, Германия, Франция, Испания, Италия елдерін аралады. Англия, Америка асты. Мажарстанға неше айналып соғып, ата-баба, түркілер қалдырған мәдениет тамырынан нәр іздеді. Қытай жерлерін шарлап, Моңғолия экспедициясына да қатысып, Тоныкөк тасын өз көзімен көрді.
Әне, жасаған әшекей бұйымдары Штудгардтың «Линден» музейінде, Варшаваның «Тынық мұхиты музейінде», Мәскеудің «Шығыс халықтары музейінде» тұр.
Міне, әлемнің айтулы модель бикештері Лондон қаласында Сержан жасаған әшекей оқалармен сән подиумына шығыпты. Жер шарының атышулы дизайнер, ювелирлері Сержанның жасаған бұйымдарымен өз коллекциясының шеңберін кеңейтіпті. Юнеско өзінің «Сапа белгісі» дипломын беріпті.
* * *
Сержан зергер көрген-білгенінен дайындамайды екен, ішінен, жан дүниесімен жасап шығады екен. Баяғыда ұсталардың іс бастарда: «Я сәт, менің қолым емес, Дәуіт бабамның қолы», – дейтініндей, өткен шақтың ісмерлерімен сырласып отырып, болашақ үшін бұйымдар жасайтын көрінеді, бойына өз сыры мен өз құпиясын жасырып.
Бірде тегіс, бірде бұдыр ішінен пішіндік үйлесіміне нұқсан келмей, шикізаттың тініне жан бітіретіні, тұтастықты бұзбай, дәлдікпен жұмыс істеуі тәнті етеді. Теміршінің шығармалар аясындағы заттар ынтымақтастығы да қайран қалдырады. Олардың өзара туыстығы, тамырластығы мен жақындығы, шикізаттың шығармамен толық бірлік-тандем құрайтыны ғажап ойға қалдырады. Жез бенен ағаш, күміс пенен мүйіз, тас пенен тұяқ дәнекерленіп, созыла жымдасып, оқыс түйінделіп, әдемі композиция құрай отырып, әсем үйлесіп, көз арбайды. Қатайса жасытып, асыл балғамен соғып, шумақтап, құстаңдайлатып жасағаны өзіне магниттей тартады. Жанарғының отын жіптей жіңішкертіп, дәнекерлеп бекітіп, тұтас етіп жасағанынан айналып кете алмайсың. Магма секілді қайнап барып, божып, бұжыр-бұжыр қалыпқа келіп, тоқтап суыған қай бір металл бөлшегін апарып сәтті жеріне қондыра қойғаны қандай? «Мың ырғақ» та, «безеу өрнек» те осында… «Асқан шеберлікпен, зор талғаммен» дейтін жауһар сөзді кім көрінгенге емес, шақтап, Сержан секілді қолы қарықтыға ғана арнап айтса – мақұл.
Металл бетіндегі із, рельефті, шым-шытырық шеку шимайды, ойма суреттерді көріп шапқы балғасымен соқты ма, шұбар балғасымен ұрды ма дерсіз. Қашады ма, қырнады ма, кертті ме? Жонғымен жасады ма, қадаубаспен істеді ме? Жұмбақ.
Сүйек пайдаланыпты. Қандай сүйек еді? Жауырын ба, қабырға ма екен? Кәдімгі кемігінен ажыратылған ірі қара жілігі ме? Түйеқұстың қатты сүйегі шығар? Пілдің азу тісі болар?
Ағаш қолданыпты. Емен бе екен, қайың ба, сонау Африкадан әкелінген (суға батар) қара эбен шығар? Жаңғақ па, қызылағаш түрлері ме? Ыстықта өсетін берік ағаш па, ылғалды жерде өскен жасық қарағай ма? Үйеңкі ме, жиде, емен, тобылғы.., ырғай ма қарағаш па? Қатты жеміс ағаштары болар? (Олардан шашылып қалған жұқа жаңқа түрлерін де кәдеге асыратынын айтсаңызшы? Жаңғақтың бұдырсыз домалақ қоңыр қабығын да іске жарататынын айтсаңызшы?)
Өзге зергерлер дәнекерленбейді деп, пайдаланғысы келмейтін алюминийді кәдеге асырғанын көрсеңіз? Осы бір -ақ металдың бетіне «Графика» деп аталатын (триптих) абстракт суретті қышқылмен, гравюра тәсілімен күйдіріп түсіріпті. Оны қайың ағаш тақтайшаларына бекіткенде графиканың өзгеше варианты дүниеге келіпті. Міне, тапқырлық!
Ағашты акриль бояқпен сырлап та көрді. Алтын жалатты, күміс шаптырды. Ешкінің жұқа терісімен де қаптады. Астананың жүйесіз архитектурасын да бір әдемі юмормен металл мен ағашқа «бейнелеп» көрді. Қазақтың ауласындағы қиқы-жиқы шарбақты да, оның есігін де жезбенен мысты қосып жасады. Қызыл қоңыр мысқа сары жез шегелеп, батырмамен өрнегін түсіріп, шетін шашақтап, күлтеленген тұскиіз бен аяққаптың кіп-кішкентай көшірмесін де көрдік. Кей жері көз тартып, құбыла жалтыраса, кейі құмыға күреңітеді. Өлшеуіне ой жетпейді. Барқыт түндегі жұлдыздардай жымыңдайды. Қиял жетпес қиянға шырқайды, күміс тозаң құс жолына әкетеді.
Өнерге баға бергіштер «ансамбляж» деп айдар таққан инсталяциялар тізбегін қараңызшы? Ағаш қабығы мен діңінің ортасын жеген ағаш құрттың іздері қалай табиғи болса, Сержанның ағаш бетіне түсірген «өрнегі» де – сондай қиыр-шиыр, табиғи. Кейде күміс жіптерді таптап, (кеспедей қылып) біріне-бірі ерсілі-қарсылы киліктіріп, жымдастырып, бекітіп, жанына орайымен тас қондырып, сүйекпен қоңсы қылып, бір тұсын қаралап, бір тұсын тазалап, апарып ағашқа шегелейді; Кейде, сүйектің бір бөлшегін кесіп алады да, екі ағаш жаңқасына қатарлап тікесінен қойып, көлденең күміс белдік «тағады». Күміс белдік үстіне шиыр түседі, спираль қонады. Бірде көк, бірде қызғылт тас бекиді. Контраст, бірі үлкен, бірі шағын болады; Алақандай ағаш тақтай бетіне қызған металмен күйдіріп іздер салады. Бір тұсына бармақтай қылып алтын жалатады, бір жеріне тырнақтай қылып күміс жағады. Шаршы жез шегелеп, шаршы ортасына ақық тас желімдейді. Осы қолданған шикізаттың бәрі жайшылықта, шашылып жатқан бір хаос. Ал зергердің сыйқыршыдай қолына түскенде, орайымен жымдасып, бекіп, кірігіп, тәртіпке көніп, үйлесе кеткенінде, жаның жай табатын, қайталанбас өнер туындысына айналады.
Жаратқан Ие адамзатқа берген өнеріне өзінің құпиясын қоса сіңіреді. Сондықтан эссемізге қанша жерден сөз тауып, орнымен суреттесек те Сержан шығармашылығының келбет-болмысын толық ашып беру мүмкін емес. Оның өнері туралы жазбаны оқумен бірге, түптұсқаны маңдай көзіне көкірек көзін қосып көрсе – рауа. Түйсіне қабылдап, түсіне-сезінген сауап.
Бееу, аса бағалы дейтін бұйымды кіл алтыннан аптамай-ақ, алмасты қайрамай-ақ, жез бен сүйектен-ақ жасауға болады екен ғой! Үйлесімі келісіп, орайы табылса, бояуы оңып, қадірі мысқал кемімес, құнды дүние шығады екен; Келісті көркемдігі, лайықты жарастығы, үйлесімді үндестігі табылған көркем дүниеге багет кигізіп, пастарту тағып, әйнек тұтып, галереяның жарық залына алып шыққанында, жайнап та нұрланып сала береді екен.
Жасаған жұмыстарына «Керулен», «Төрт белгі», «Мойынтұмар», «Танамоншақ», «Күн белгісі» деп ат қояды. «Сарышаян», «Үш белгі», «Жібек жолы», «Әуен», «Күн, жұлдыз бен жер», «Қайықты» қарап, «қалай жасады, ә?» деп таңырқап тұрғаның. «Әуен» «Шаршы», «Тікбұрыш», «Қазақ тоқымасы», «Қала» топтамаларына тамсанып тұрғаның һәм қыз-қырқын «шіркін, ана әшекейін тағынсам, шіркін, мына бір оқасын кисем, ұстап көрсем» деп, арман қылып әрі сұқтанып тұрғаны. Кім-кімнің де «Керемет» деуге қимай, «Ғажап» деуге азырқанып, оның жасаған аналогы жоқ бұйымдарын қалай марапаттауға тілдері келмей тұрары сөзсіз.
* * *
Шебердің қолы ортақ. Сержан Мұратұлының жасаған бұйымдарын күллі адамзат тұтынып, оның шеберлігі мен адамгершілігі кемел шақта, ол бір үлкен асқар таудай алыпқа айналады екен. Пенде біткен айнала көріп. Шама-шарқынша көз салып, ой жүгіртіп, портретіне штрих тастайды екен.
Оның үзеңгі жолдасы айтар: «Екі сөйлемейтін, өзгеше кішіпейіл, көпшіл, достыққа өте берік, адал да ұлтжанды азамат», – деп;
Оның шапағатын көрген кісі айтар: «Көл-көсір жомарт, қиналанға қол созар, мәрт адам», – деп;
Оның әріптесі айтар: «Сержанның қолынан өрген бұйымдар – буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы келіскен өлеңдей. Оның жасаған бұйымдарына сөз жетпейді», – деп;
Оның шын бағасын білген айтар: «Қазақтың арғы-бергі тарихын жылнама уақыт мезгілімен қолмен қойғандай ұзақсонар сыр шертетін жан. Этнографиялық аңыз-әңгімелерді, жырларды көп біледі. Түркі халықтарының тарихын терең білетіні әр кез көрініп тұрады. Жұмыстарында Көк түрік, көшпенділердің мифтік, символикалық белгілері көптеп кездеседі. Білгені мен көргені, түсінігі мен ұғымы кең», – деп;
Оның жанында жүрген айтар: «Жұмыста шөгел, кәсібін шын сүйетін азамат. Қазақ өнерінің нағыз жанашыры», – деп;
Оның фанаты айтар: «Зергерліктің мистикалық құпия кодын білетін адам. Айтатынының бәрі әшкере емес, ылғи жұмбақ, әмсе құпия. Шешуін таптырмас жұмбақ. Кісі бойлатпас тұңғиық. Сонысымен өзіне сіміре тартып, ынтық қылады. Ғашық қылып және қояды», – деп;
Оның сырын білетін айтар: «Қолы қалт етсе, Пинк-Флойд пен Наутилус Помпилиусті тыңдап, Эрнест Хемингуэй мен Халед Хоссейниді оқыса, таңғалмаңыз», – деп;
Оның ұстазы айтар: «Интеллигенттер отбасында дүниеге келген, көп білетін зият адам», – деп;
Оның суретші танысы айтар: «Сержан – орта ғасырлық феодалдық қазақ заманынан күні бүгінге дейін қолданыста өзгермей келе жатқан дәстүрлі зергерлікке архаикалық дем берген кәсіптің үлкен шебері», – деп. Және қосар: «Қазақ халқының зергерліктің экваторын есепсіз кеңейтіп, мәртебесін соншалық өсіріп, замана деңгейіне көтерген біртуар», – деп.
С.Шкляева дейтін өнертанушы: «Вобрав опыт создания арт-объектов мирового современного и постсовременного искусства, С. Баширов вносит в свое творчество contemporaryart этнические смыслы, обращая наше внимание и восприятие на национальную историю, мифологию, этнологию и современность народа. Художник трансформирует образы окружающего мира своими концептуальными способами, используя эстетику ассоциативного мышления не иллюзорными формами реальности, но их подобиями, применяя в композициях визуальных пространств арт-объектов унаследованное ювелирное мастерство», – деп және қосар.
* * *
Сіз зергер Сержан Башировтың дүкенінде болдыңыз ба?
Оның жасаған бұйымдарын көруге құмнан су іздеген құландайын шөліркеп жетесіз. Ақыры шөліңіз басылмай шығасыз. Қайталап, мың айналып соғарға…
———————————-
1мүсін саласын да игеріп, оның бүге-шігесін меңгергені зергерлік өнерге айрықша көмек болды. Жасаған бұйымдарын айнала көретіндей (3D), елестетіп жасай алатын мүмкіндік туды. Интерьерге арналған бұйымдары офис, қонақ үй, музей, пәтерлерге ілініп, экстерьерге деп жасаған шағын формалары, парк, скверлерге шақтап істеген жұмыстары бір төбе
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші