Ұлт көсемі ұлықталды
02.12.2016
648
0

Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың үлкен залында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жыл­дық мерейтойы аталып өтті.

Биыл ол Қазақ географиялық қо­ғамы экспедициясы құра­мын­да Әлихан Бөкейхан жүрген жерлерді аралап келген еді. Ұлт кө­семінің туған жері Ақтоғайдан бас­талған бұл жолсапар алаш қа­ла­сы Семейде жалғасты. Бір кез­дері Әлихан отырған ескі түрме әлі күнге дейін сақталған. Одан әрі баба ізі сайраған Омбы, Самара, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Пе­тер­бург қалаларындағы тарихи орын­дар мен архив құжаттары дөң­гелек үстел барысында тағы­лымды әңгімеленді.
– Әлбетте, Әлиханды бұл күнде бар қазақ іздегені абзал еді. Қазақ топырағында парламен­та­ризмнің басында тұрған, қазақтан шыққан алғашқы депутаттың бірі болған оны бүгінгі Парламент жоқтаса игі еді. Қазақтың тұңғыш саяси партиясы «Алашты» құрған оны сай­лау кезінде ғана оянатын бүгінгі көп партия қолдаса дұрыс еді. ХХ ғасыр басында қазақ шекарасын айқындап кеткен қазақ­тың тұң­ғыш ұлттық үкіметі «Алаш­ор­да­ның» төрағасы болған Әлиханды бү­гінгі мемлекеттік билік кешенді зерт­тесе жөн еді. Қазақ ғылымына өл­шеусіз үлес қосқан, қазақтың кәсіби ғылы­мының қалыптасуына зор ықпал жасаған Әлихан Бө­кей­ханды Ұлттық ғылым академиясы әр қы­рынан таныса дұрыс болар еді. Қазақтың тұңғыш журна­лис­терінің бірі, көсемсөзшісі болған Әлиханды бүгінгі газет-журнал, теле-радиода істейтін, әлеуметтік желідегі журналистердің бәрі на­си­хаттаса орынды болар еді. Көр­некті мемлекет, қоғам қайрат­кері, қарымды қаламгер, энциклопедист ғалым, қазақ ұлтының саяси-эко­номикалық, мәдени-әлеумет­тік болашақ даму жолын меңзеген, сол үшін жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейханды бүгінгі таңда әр қазақ оқып білсе, таныса, одан біздің тәуелсіздігіміз нығая түседі, ұлт­тық сана-сезіміміз артып, ру­ха­ни жағынан кемелдене алар едік, – деді елордалық ғалым Қайыр­бек Кемеңгер өзінің дөң­ге­лек үстел басындағы әңгі­ме­сінде.
Қайырбек Кемеңгер Омбы, Са­мара, Орынбор, Петербург қа­ла­ларындағы алған әсерлерімен де бөлісті. Минскідегі Әлихан Бө­кей­ханның сонау 1916 жылғы қай­ғылы оқиға кезінде қара жұ­мыс­қа барған қазақ жігіттерінің ха­лін білуге барған сапарынан да де­ректер ұсынды.
Мәскеу сапары да жүректі те­бірентер көріністерге толы болды. Ғалым былай деп толғанады: «Біз ең алдымен Әлихан Бөкейханның тұрған үйін, жиырмасыншы жылдары қызмет істеген академия ғи­маратын, тұтқында отырған Бу­тыр­ка түрмесін және тыныс тап­қан Дон зиратына баруды ой­лас­тырдық.
Мәскеу қаласында қазақ хал­қының өзге де біртуар ұлдары жер­ленгені аян еді. Соның ішінде Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жү­сіпбек Аймауытұлы, Ахметсафа Юсупұлы, Дінше Әділұлдары, т.б. бар болатын. Сапар барысында жалғыз Әлиханды ғана емес, содай-ақ, онымен үзеңгілес болған ниеттестері алаштың өзге азаматтарына қатысты ақпарат жинап жүр­ген болатынбыз. 2012 жылы Мәс­кеудің «Комунарка» деген же­рінде болып, сонда Тұрар Рыс­құлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы атылғанын, ор­ман ішінде күлі жерленгенін кө­ріп едік. Бұл жолы Жүсіпбек, Ахметсафа, Діншенің басына барып, аруақтарға дұға оқыдық. 1930 жылдың 4 сәуірінде ату жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауыт­ұлы, Дінше Әділұлы, Ахметсафа Юсупұлы Ленин туған күнінен бір күн бұрын 21 сәуірде оққа ұшқан екен. Жерленген орындарында «Реп­рессия құрбандарына» деген белгі тас қойылыпты.
Әлихан Бөкейханның қызы Елизаветаның күлі сақталған Но­водевичье зиратына барып, белгі таста суретін көргенде ерекше көңіл-күйде болдық. «Профессор Садвокасова Елизавета Алихановна» деген жазуды оқығанда тыл­сым сезімді бастан кешіп, кө­мейге өксік, көзге жас толды. Асыл­­дың сынығы жер бетінде өмір сүрген уақыты: 8.V.1903 – 23.VI.1971. Қан­шалықты қасіретті күнді басынан кешсе де, серігі Смағұлдың тегін сақтапты. Кейін тұрмыс құрған жолдасы Клейман Макс Натанович деген азамат екен (10.ХІІ.1891 – 26.ІІ.1996). Белгі тас­ты Макс Натанович ұрпағы орнатыпты.
Қазақ үшін өмірін сарп еткен Қош­ке Кемеңгерұлы: «Үкiметтiң қа­ра қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы бол­ды. Бұл топты баулыған – Әли­хан», – депті.
Әлиханның Алаш идеясын кө­теруі тегін емес. Руға бөлініп, жік-жікке жарылған ұлтын бір­тұтас ел ретінде ортақ мүддеге топ­тастыру мақсаты еді.
Біздің Әлихан жайлы айтарымыз мұнымен аяқталмақ емес. Ал­дағы жылы Алашорда үкіме­тінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл оқиға да тасада қалмайды деп ойлаймыз.

Бақыт Смағұл.
Ақмола облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір