Жеке таным – шектеулі әлем
Әдеби үрдіс туралы айтсаң, әдебиеттің айналасына соқпай кету мүмкін еместей. Жеке таным мен базалық білімнің, талғам мен теорияның тепе-теңдігін сақтай алмаудың, шекарасын білмеудің кесірі аз тиіп отырған жоқ. Өткенге көз салып, бүгінді бағамдағың келгенімен, келер ұрпақ та тарихты таразыларын сезіп, іштей қылпылдайсың. Кімнің сөзі ертеңгі күнге жарарын бір Жаратқан біледі. Сөйтсе де, тарихтан дәмелі қаламгерлердің көбі – тым сенімді-ау…
Өткенге салауат! Бүгінгі таным хәлін, талғам деңгейін сөз етіп көрелік…
– Соғыстан оралған Әбдіжәміл Нұрпейісов дәптерге жазған романын Сәбит Мұқановқа әкеп, одан Ғабиден Мұстафиннің қолына түсіп – «жазушы болатын жігіт екен» деген бір ауыз бағасын алғанда бүгінгі қарт жазушы қандай сезімде болды екен. Консерваторияда оқитын күйші жігіттің Алматы туралы өлеңін тыңдағаннан кейін баспадан шыққалы тұрған жастардың жинағына өлеңдерін қостырып, «Ақын болады» деп батасын берген жарықтық Әбу Сәрсенбаев Жұмекен талантын қалай дөп таныған. Жылт еткеннің бәрі алтын емес. Жылтырақ пен саф дүниені алғаш көргенде-ақ қапысыз тану – бүгін сирек кездесетін қасиет емес пе екен? Бір жастың тұсауын кесу, бәлкім, сол кезде дәстүрге айналған дерсіз. Бірақ қазір де ол жолдан кенде қалып отырған жоқпыз. Қанша жас ақынның, жазушының кітабына алғы сөз жазылды. Солардың бәрі аға үмітін ақтады деп айта аламыз ба?
Есенин мен Блоктың кездесуін аңыз ғып айтатын әдебиетші қауым талант пен таланттың кездесуін ғана қызықтайтын сияқты. Ал олар бірін-бірін несіне қарай бағалады, не үшін үлкені кішісінен үміт күтті екен деп ойлайсың. Бәрі Құнанбайдың Ысқағының пысықтығын алдыға тартып, содан үміт күту керектігін айта бастағанда: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші» деген әке болжамының да құпиясы кісі танитын қасиеттің өзінде ғана сақталғандай. Абайдың жас Бесбайды жауапты адам етіп бекіткенін алғаш естігенде іштей наразы болған Мамай батырдың соңында ақынның кісі танығыштығын тамсана айтқан барымта оқиғасы да адам танудың үлкен қасиет екенін тағы еске салады. Әйтпесе, Қиясбайға байланысты аңыз-әңгімелерді-ақ есіңізге алыңыз. Осы сияқты қаламгер жастардың талантын танудың өлшемдері қандай екен?
Несіпбек Дәутайұлы:
– Шығармашылық адамды танудың алдында өзіңді-өзің тану мәселесі туады ғой. Ерді кебенек ішінде тани алатындай. Ондай қабілеті барлар таланттың өзіне оқып тұрған тұсын тани алады. Бар әңгіме осы. Бар әңгіме соған қуанып жар салуда. Жас талантқа қалатыны көркемдік ізденіс, көркемдік консепция және көркем шындық.
Ұлан Еркінбай:
– Негізі мұнда алдымен уақыт пен жүйе мәселесін айқындап алуымыз керек. Қазіргі әдеби кеңістікті осыдан 30 не 50 жыл бұрынғы әдеби үдеріспен салыстыра аламыз ба? Онымыз қаншалықты шынайы, дәйекті болады? Мүлде басқа орта, басқа менеджмент, басқа көзқарас емес пе?! Ол кездегі аға буын азулы қаламгердің әрбірі бір тұлға, әрбірі бір әдеби агент еді. Ол кісілердің пікірінде салмақ болатын. Себебі, айтылатын сөздің уақыты, жүйесі, алаңы, өлшемдері – бәрі шамамен белгілі болатын. Тіпті, оқырманына дейін. Тек дұрыс индивид таңдалса болды. Ал таңдау кімге түседі? Әлбетте, алабөтен дарын бірінші өлшем. Алайда, оны әлгі уақыт пен жүйенің оң жамбасына келтіре білуің керек. Оның өзі өз алдына өнер «туындысы». Бүгінде бізге беймәлім қаншама асыл қаламгерлеріміз сол уақыт пен жүйенің құрбанына айналды. Керісінше, уақыттың оң жамбасына келген қаншама қаламгерлер оқулықтардан түспей қойды.
Нұрбол Құдайберген:
– Бұл – үзілмейтін үдеріс. Иә, шынында да, мысал көп. Оның әдемі үлгісін Алаш арыстары көрсетіп кетті. Кейіннен Мұхтар Әуезов те, Әлкей Марғұлан да, Қаныш Сәтбаев та талай бұлақтың көзін ашты. Бертінгі кезеңдегі Әбділда ақынның, қария қаламгер Шерхан Мұртазаның дәл осы тұрғыдағы істерін ерлікке теңеуге болады. Өйткені, бүтін бір ұлт әдебиетінің қоржынын толтырып, қазынасын байытқан сөз шеберлерін сахнаға шығарды. «Талантты талант қана таниды» деген рас. Кешегі Фариза Оңғарсынованың, Дидахмет Әшімханұлының ерекше сенім артқан жас дарындары бүгінде айрықша көрініп те жүр, мысалы. Сөз құдіретінің, төл әдебиетіміздің алдындағы үлкен жауапкершілікті терең сезінгендіктен болар, «өлімнің жартысы – немқұрайдылыққа» (Х.Джебран) салынбады олар… Бір жағынан, мойындау деген де бар. Мұхаммеджан Тазабеков туралы ғой деймін, Тұманбай Молдағалиев: «Дүниеге менен мықты ақын келді», – деп айтыпты ғой кезінде. Бұл – үлкен іс, өнегелі іс. Батылдық. Бұдан кішірейіп қалған жоқ. Жас өркенді ғана емес, өзінің кісілігін де таныта білген.
Өмірде көріп-білмеген Оралхан Бөкейді Шерхан Мұртаза оның жазғанынан таныды. Жазуындағы мінезінен таныды. Әйтпесе, ол кезде мың-сан автор бар емес пе? Жүзден жүйрік екенін Оралхан өзінің «шектен шыққан» материалдарымен көрсете алды. Қалыпқа сыя бермейтін дүниелер еді… «Әдебиетке кіру үшін шектен шығу керек» деген тәмсіл ақиқатқа жанасады, асылы. Мінездің ішінде шеберлік те, шындық та, шырғалаң да бар. Ал енді жас талап қандай өлшемдерге сай болу керек дегенде, игеруге, үйренуге тиісті қасиеттермен бірге, жуымауға, алшақтауға, арылуға тиісті ғадеттер туралы да айту керек деп ойлаймын.
Ең әуелі, замана алға тосқан құбылыстарды дұрыс сараптай отырып, өзінің бағытын білгені жөн. Мысалы, қазіргі постиндустриалды қоғамның өз ерекшеліктері бар. Сегіз қырлы, бір сырлының нақ өзі болуға міндеттісің. Бірнеше тіл біліп, бірнеше саладан хабардар болмасаң, сөйте тұра өз ісіңнің хас шебері бола алмасаң, бүгінгі талап-тілекке де, аға буынның «тануына» да лайық болмай шығасың. Совет заманында қазіргідей үйде отырып-ақ жарты әлемді шарлап кететін мүмкіндік болмады. Әбден жауыр болған тақырыптар мен тәсілдерге жаны құмар жас жазушының аға буынға «танымағаны» үшін өкпе айтуға қақысы жоқ. Әдебиетімізге жаңалық болуға жарайтын дүние көп, өте көп. Алайда, әлі күнге дейін өмірге социалистік реализмнің терезесінен қарағысы келетін қаламгерлеріміздің бар екенін несіне жасырамыз. Өмірді бүгінгі шындық аясында көре алмайтын қаламгер соғыс жылдарында Мәлік Ғабдуллинге поэма арнап, оны қазақтың бұрынғы батырлық жырларындағыдай тым әсірелеп суреттеген ақынға ұқсайды. Қоғам қабылдай алмайды. Әдебиет қайтсін!.. Яғни жаңалыққа құштар болуға, тынымсыз ізденуге, жүйелі түрде еңбектенуге міндетті. Әркім-ақ қарайды, бірақ көретіндер некен-саяқ. Сол некен-саяқ жазушылар болуға тиіс. Аптасына 120-130 сағат жазу үстелінде отыратын Джек Лондонға не болмаса бүгін жалпақ әлем жар салып жүрген «Тесланың» төлиесі Илон Маскке ұқсап аптада 100 сағат еңбектенетін шығар, бәлкім. Бірақ бағыты дұрыс болмаса, Алматыға шыққан көліктің Шымкентке қарай жүйткуінен пайда жоқ… Екіншіден, жүйелілік керек дер едім. Әуезовті айтпағанда, кешегі Қадыр ақынның жүйелі түрде еңбектенуі көпке үлгі бола алады. «Тасты тесетін – судың күші емес, оның тұрақтылығы», – дейді. Рас сөз. Алайда, жастардың бір кемшілігі, аға буынның жылы лебізін естіген кезде өзін де, жүйелі түрде еңбектенуін де жоғалтып алады… Яғни арылуға тиісті ғадеттің бірі осы болса керек-ті… Жалпы, бұл өте кең тақырып.
– Кітабы шықпай тұрып, жазушылар одағына мүшелікке қабылданған Тахауи Ахтановтың алғашқы қадамы өте сәтті болғанына сенесің. Әуезов атап айтқан санаулы жастардың алдыңғы қатарында болған Тахауи Ахтановтың шығармашылық әлеуеті осындай шешім шығаруға мүмкіндік бергендей. Ал бүгінгі замандастардың шығармашылық қажыры қай деңгейде екенін анық басып айта алмайтын жағдайдамыз. Әрине, қу шөппен ауыз сүрте берген де болмайды. Бұның бәрі бізде жас талант жоқ деген сөз емес. Мықтылар одан әрі мықты, талғам таразысы одан сайын әділетті, биік болса екен деген арман-арыз ғана. Әдебиетпен тұрақты шұғылдану мен бір-екі әңгіме жазып, тізімге еніп, жастардың қатарында жүру екі басқа. Әдетте «тізімге еніп алғандар» деп кей үлкендерді сөгетін жастардың ішінде де тізімге кіріп, еңбек етпей жүргендері қаншама.
Несіпбек Дәутайұлы:
– Кітабы шықпай тұрып, одаққа өкен мысалдар біраз бар. Қазіргі кезде болайын деп тұрған осы деп атын атап, түсін түстеу қиын. Себебі, прозамыз маңди алмай жатқан сияқты. «Измдерді» айналсоқтап, формаға үйірсектеп кеттік… бізге керек те шығар. Бірақ сол тәселдеді жаңалаш қалдыруға болмайды ғой. Шерағаң айтар еді: «Әңгіме дегеніміз – деталь», осыны айналып өтетіндіктен жастар прозасында ненің де әлеуметтік астарына тереңдеп бара алмаушылық оңды-солды ойнап, шыға береді.
Әдебиет – өмір, адам, қоғам тануымыз көркем үдеріс деп қарайтын болсақ, олардың көркем шындығына жету үшін түгел дүниенің жете алатын түйсікке келіп тірел. Талант деген ұғымның тану табиғаты да осы болар.
Ұлан Еркінбай:
– Сонда дәл сол кездегі танылу мен қазіргі танылуды қалай салыстырамыз. Қазір кімнің кітабына кім пікір білдірмей жатыр?! Бірақ үлкен есеппен алғанда, қазіргі уақыт үшін ондайдың ешбір қажеттілігі жоқ. Еркін бәсекелестік уақытында сіздің кітабыңызға бақандай
10 азулы жазушы алғысөз жазса да одан ештеңе өзгермейді. Тек сіздің жеке менеджментіңіз уақытша өркендейтін шығар. Бірақ ол қазіргі уақыттың менеджментіне шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Сосын жеке таным мен көркемдік танымды бір деңгейге қоя алмаймыз. Бұл Маркестің Колумбиядан кетіп жазғаны тәрізді. Гоголь де өзінің алғашқы дүниелеріне берілген пафостық биік бағалардан жазушы ретінде өзін жоғалтқанын айтады. Көркемдік танымды бір әдеби ортаның жеке танымдар жиынтығымен салыстыра алмаймыз. Жеке танымдар шектеулі өлшем. Ал көркемдік таным өлшемдері өнердің мәңгілік алаңына жетелейді. Ондайдың қай кезде қандай қасиетімен танылатынын да болжау қиын. Ақиқат бір бола тұра, әр уақыттың өз шындығы бар. Көркемдік танымның санғасырлық тәжірибесі болғандықтан соның барлығын есепке алады.
Нұрбол Құдайберген:
– Классиктер ғана әдебиеттің тұрақты өкілі бола алады. Ал сіз айтып отырған «тізімге ену» дейтіннің бәрі – уақытша құбылыс. Алайда, соны місе тұтатындар да аз емес, бір қызығы. Шынайы тізімді уақыт ағзам жасайды. Ол, бәлкім, бәріміз айтып жүрген 2050 жылы жасалар, бәлкім, келер ХХІІ ғасырда… Оны біз білмейміз. Бүгін әдебиеттің белортасында жүрген адамды бірнеше ғасыр демей-ақ, тіпті келесі ұрпақтың өзі ауызға алмай қоюы мүмкін. Бұған саяси, әлеуметтік һәм психологиялық факторлар әсер етеді. Әсіресе, қоғамдық формация ауысқан кезде қаламгерлер есімдері де еленіп қалатыны бар. Тек ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды шығармаларының Темірқазығына айналдыра білгендер ғана тұрақты өкілі боп қалады деп ойлаймын. Мысалы, бүгінде Максим Горькийдің мәңгілік тақырыпты қаузаған «Анасынан» басқа шығармалары көп оқылмайды. Пушкин заманында көсем болған сарай ақындарының есім-сойын тек тарих қана біледі, бүгінгі ұрпаққа қажет емес олар. Тіпті, Ғабиден Мұстафин мен Сәбит Мұқановтың кей туындыларын тәуелсіздік ұрпақтары қолына алғысы келмейді. «Асыл сөзді, адам жанына қажетті сөзді айта білген» (Ахмет Байтұрсынұлы) қаламгерді ғана әдебиеттің тұрақты өкілдері десек болатын шығар. Екіншіден, тек атын тізіп айтып шығатыны, аға буынның өзі кейінгі толқынның шығармашылық әлеміне дендеп енбейді, дұрыс білмейді. Сондықтан олар тек аттарын атаумен шектеледі. Оқыған күннің өзінде жастардың психологиясын, дүниетанымын толық қабылдай алмайды.
– Сын есту – сабақ. Жасқа да, жасамысқа да. Үлкендер сын айтса, жастар тулайды. Онысын рухани тәжірбиесіздікке жорып, жылы жауып қоятындар да, даудың үстіне дау айтып, бет жыртысып жататындар да бар. Ал бірақ жастардың көзқарасын, сынын көтере алмайтын үлкендердің әрекетін қайда қоямыз? Сын көтеру туралы көп айтамыз ғой. Осы жалпы сынды емес, үлкендердің жастардың сөзін көтеруі, көтере алмауы туралы не ойлайсыз? Олар жасы кішіден сөз естідік деп намыстанатын сияқты…
Несіпбек Дәутайұлы:
– Біз көп білетін сияқтанамыз. Біздің өзіміз айтып жүргендей көрінеміз. Ал шындығы бабаларымыздың бабаларының бабалары айтып кеткен. Солар бірі «ақыл жаста» өсіп келе жатқан өрелі жастан бәрі шығады… олар өз дәуірінің өзгеше болмысына қарай ой жүйе жағына озып туады. Солай болуы тиіс. Солай болуын көксеуіміз керек. Қазақ Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге қанша жасынан төрелік айтқызды. Басар таулары белгілі болып, қалғандар кезегімен келіп қалған ұрпақ әділдігін айтып, әттеген-айын білдірсе, Құдайға тәубе демей ме? Ең жаман нәрсе жастың жағасынан алған.
Ұлан Еркінбай:
– Қазір сын айту, сын көтеру, сын жоқ деген пікірлерді жиі естиміз. Сөйте тұра, сын мен әдеби үдеріс ұғымының орнын жиі алмастырамыз. Пікір, рецензия, естелік сөз, құттықтау сөз, марапат сөз, дөңгелек үстелдер, жоспарлы-жоспарсыз мақалалар – бұлар сынның емес, әдеби үдерістің құрамдас элементтері. Өз басым, сын деп – ғылыми этиканы негізге алған, нақтылы бір шығарманың шығу тарихы мен теориялық табиғатын, мазмұндық, пішіндік әлеуетін, тілдік, көркемдік бүтіндігін, жанрлық ерекшелігін, жалпыадамзаттық, ұлттық белгілерін, ең бастысы, оқырман қабылдауын, келешегін кәсіби маман һәм дәуір көзімен талқылап, соның негізінде жасалған тұжырымды түсінем. Ал осындай талаппен жастар тарапынан аға буынға сындар жазылып жатса, несі айып екен. Оны көтере алмау былай тұрсын, шын суреткер малақайын аспанға атып қуану керек тәрізді.
Жалпы, бүгінгі уақыт үшін: тізім, мадақ, марапат, екіұшты пікір, пікір қалыптастыру, Одақ, Одаққа өту, шығу, кіру, танылу, танылмай қалу, мойындалу деген ұғымдардың ешбір құны жоқ. Бұл өз еркіндігіңізді өзіңіз тұсаулаумен бірдей. Қазіргі жазармандар осыны түсінсе ұзаққа шабады. Қай дәуірде болсын ақын-жазушылар өнерде авторлық тізім арқылы қалып жатқан жоқ. Керісінше, аты-жөніңізді білмесе де, әдебиетте қалу сіздің бір туындыңыздың оқырман көңілінде тұрақтап қалуы арқылы жүзеге аспақ.
Нұрбол Құдайберген:
– Бұл – жалпылама сипаты бар дерт. Өйткені, тек жастардың ғана емес, аға буын өкілдерінің өз замандастарының да сынын көтере алмайтынын баспасөз беттерінен көріп жүрміз. Сын қабылдау мәдениеті төмен болғандықтан, бұрын сыни мақалаларды өндіртіп жазатын аға-апаларымыздың өзі бұл ауылға жуымай кетті. Жау арттырғысы жоқ. Тіпті, әдеби киллер деген ұғымның шыққанына да аз болмады. Мысалы, марқұм Таласбек Әсемқұлов соның құрбаны болып, бірнеше жыл бойы қызметке орналаса алмай жүрген екен. Осыдан келіп, қазіргі қазақ әдеби сынында асыра мақтау мен асыра қаралау «дәстүрі» етек алды. Сын жанрлары бар болғанымен, олардың көбі белгілі бір шаблондық үлгіден әрі аса алмай қалғаны да шындық.
Жастардың ғана емес, кәсіби сыншылардың да дәйекті сынын көтере алмайтындар аз емес. Неге? Оған кінәлі жазушының өзі емес, біз – қоғам кінәлі. Өйткені, қаламгердің шығармашылық әлемінен кішкентай ғана жақсылықтың ұшқынын байқасақ болды, жасымыз да, жасамысымыз да қалмай мақтаймыз. Бір мерейтой иесінің көзінше «Сіз – әдебиетіміздің пайғамбарысыз!» дегенді де естідік. Бірақ соның көбі өтірік… Адамның ой-түйсігі қызық қой. Достоевскийдің ғой деймін, «егер қанден күшікке «Сен – бульдогсың» деп айта берсең, біраздан кейін ол да өзін бульдог санай бастайды» деген сөзі бар. Соның кері. Сөйтіп, біз болашағынан үлкен үміт күттірген жастарымыздың өзін осылай құрбан етіп жатырмыз. Өйткені, мақтауға семірген дарындарымыз еңбектенуді қояды.
Ұйымдастырған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.