ӨМІР – ГҮЛ, КӨҢІЛ – БҰЛБҰЛ…
25.11.2016
2175
0

(Алматыдағы ауылдастар аужары)

Жас болдық, тау құлатып, судай тастық,
Енді бүгін амалсыз қырдан астық.
Батқан күннің таудағы сәулесіндей
Ұзап кетіп қалыпсың, қайран жастық!
Жамбыл Жабаев.

– Мына сәйкестікті қарашы, – деді же­мі­сі төгіліп тұрған шап-шағын бақты аралап, қызықтап жүрген қонақтың бірі. – Бек­дәу­леттің туған жері Көктөбе тауының ет­е­­гі. Ал құт­ты қонысы да Алматы шаһары­ның қыр жел­кесіндегі Көктөбенің бауырында. Ой­пыр­­май деймін-ау. Бұл өзі Ал­ла Та­ғаланың сүй­­ген құлы ғой. Екі бірдей Көктөбеге кін­ді­гін байлап қойған…
Айтса-айтқандай, Бекдәулет шыр етіп дүниеге келген жер – қырғыз бен қазақ елін жал­ғап жатқан асқарлы Алатау құшағын­дағы Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты ұлы жырау атындағы атақты ауыл­дың шы­ғыс жағындағы Қызыләскер елді мекені – Көктөбе жайлауының кемері. Осы өңірде қа­тар аталатын көрнекті үш тау бар. Олар: Май­төбе, Суықтөбе, Көктөбе. Алматыдан ар­­лы-берлі Бішкек, Ташкентке ағыл­ған жұрт күре жолдың бойымен кетіп бара жатып ең алдымен осы Алатаудың үш жайлауын – Көктөбені, Майтөбені, Суықтөбені көз ұшынан көреді. Кәдімгі тарихи таулар бұл де­г­еніңіз. Арғы замандағы Наурызбай, Қа­ра­сай, Сұраншы, Саурық сияқты қазақ­тың ба­тырлары ұшар басына найза шаншы­ған, сырт жаулармен ат үстінде айқасқан бесенеден белгілі биіктер. Сүйінбай, Жамбыл, Ке­нен, Майкөт сынды адуын ақындар жыр тө­гіп, ел-жұртты сұлу сөзбен сусындат­қан ханжайлаулар, жерұйықтың төресі дерлік төрт түлік малдың өрісі…
Тереңдей берсе, бұл өзі таусылмайтын та­­рихи таулар сілемі ғой. Жаңағы сәйкестікті еске салған қонақтың таңданысы кәдімдідей әңгіме боларлық ұқсастықтың ұршығын иір­ді. Бекдәулет жаңағы аталмыш таудың бөктеріндегі ұядай ауылдың құшағында мал төлдеп жатқан Наурыз айының төртінде шыр етіп туып, Мәйко анасының омырауын жылытқан. Кәдімгі оқиғасы тарихқа енген 1941 жылдың көктемінде туған. Алда қыр­ғын со­ғыс күтіп тұрғанын кім біл­ген?!
– Расында, адам таңғаларлық нәрсе, –деп екінші бір қонақ манағы ойды іліп әкет­ті. – Ауылдың Көктөбесі мен қаланың Көк­төбесін еншілеген Бекеңнің өмір-ғұ­мыры да өзгеше. Баяғы кнәздіктер салтанат құрған Мәскеуде оқыды, Түркия, Англия, Шот­ландия, АҚШ, Арабия Эмираттары сияқ­ты шет елдерге шықты, біз көп ажырата бер­мей­тін телефон-телеграф байланыс­та­рының қан­тамыршысы, сымтемірдің сырласы…
Бекдәулет мырс етіп күліп жіберді де:
– Сендер осы мені мақтағанды қашан қоя­сыңдар. Басқа әңгіме айтсаңдаршы, – де­ді сол баяғы сабырлы қалпын сақтап.
– Әдейі тек туған ауылдың қалада тұратын азаматта­рын бас қостырып отырмын. Бәрі­міз де жа­лаңаяқ жар кешкен, қызылаяқ қар кешкен жұ­пыны ауылдың әздектеріміз ғой. Өткен-кет­кенді еске алайықшы…
– Түһ, тура менің көкейімді тескен ой­дың төбесінен түстің. Тіпті, бар ғой, қағазға жазып, ауылға хабарландыру ілуге дайындап қойған едім. Міне, міне, былай деп…
Анау дереу қалтасынан бір жапырақ қа­ғаз алды да оқи жөнелді.

«ЖЕТПІСТЕН АСҚАН ЖІГІТТЕР…»
(Жамбыл ақын ауылының Алматыда тұратын түлектерімен дидарласу)
Иә, кеше ғана олар жалт-жұлт еткен жа­лын жүрек жігіттер еді. Бір өңірде өскен, бір өзеннің суын ішкен туған ауыл перзент­тері арман қанатына мініп, алыс-алыс жерлерге аттанды. Бір-бір мамандық иелері атанып, Тәуелсіз Қазақ еліне қызмет етіп жүр…
Міне, бүгін солардың бір шоғыры туған ауыл тұрғындарымен қауышуға келді. Өздері ойнап өскен, балалық қызық-шы­жық­тарын өткізген, көздеріне оттай ыстық көрінетін Жамбыл ата мен муза мұзбалағы Нұрғиса мәңгілік мекен еткен ет-бауыр елге сәлем беруге баяғыдай балғын шақтарындай алып-ұшып жетті. Ықылым уақыт өтті. Кешегі қылыштың қырындай жас жігіттер енді жетпіс жастың желкенін керіп, сексенге қарай көш түзеді. Құдай оларға қуат берсін дегейсіздер! Жамбыл атасының жасын жасасын деп тілегейсіздер!
Иә, иә, кешегі күш-қуаты қайнаған боз­балалар, бүгінгі шау тартқан тарланбоздар туған ауыл тұрғындарымен армансыз сыр-сұхбат құруға арнайы ат басын бұрды. Осы дәстүр әрмен қарай жалғасын тапса игі!
Осы хабарландырудың соңына кездесуді өткізетін жерді ақылдасу ретінде: 1. Ауыл мәдениет сарайы; 2. Мектеп спорт залы;
3. Алма бақтың арасы; 4. Жамбыл музей-үйінің алды ұсынылды…».
– Па, шіркін, мынау табылған ақыл болды! – деп хабарландыруға ризашылығын білдірісті бәрі.
– Мұны, әрине, жаздың жаймашуақ күн­деріне жоспарлау керек. Өте дұрыс идея! – дегендер қонақжайлылық танытып отырған Бекдәулетке қайта ойысты.
– Жігіттер, – деді әлі де спорттық ба­бын­дағы көркем кісі алақанын шапақтап. – Қашанда басымызды қосуға асығып жүретін Бекеңе қатысты, яғни Туматаевтар әулетіне айналып соғатын бір-бір детальді ортаға салайықшы, ә. Өскен-өнген ата-бабалардың үрім-бұтақтары ғой бұлар ежелден.
– Мен таптым! – деп қолын дереу жоға­ры көтерді бірі елден бұрын айтайын дегендей асығып-аптығып.
– Туматай төл перзенті Үмбетқұл керемет ұста болған. Ол соққан келісті кездіктер әлі күнге талай үйлерде бар. Ал одан Кеңес­бек атты ұл болғанын, Кеңесбектен Қайрат­тың туғанын бәрің де білесің. Сол Кеңесбек бауырымыз МАИ қызметкері еді. Жатқан жері жайлы болғыр жампоз жігіт, қаншама жанға жақсылық жасап жүрді. Дөңгелек мінгендер Кеңесбекке қарай емпең қағып баратын. Дереу құжаттарын жөнге келтіріп беруге барын салатын.
– Туматайдың Мәмбетәлісінен Саудабай, ал одан Әбдібек, яғни Әукен тарайды емес пе. Өзіміз Әукен деп білетін ол енді керемет күш иесі еді. Сайысқа түскен, ке­ріліп-созылып көкпар тартқан алпауыт жігіт товарлы-сүт фермасында да тер төкті. Мектепке жанын салып жүрді. Артында өшпес ізі қалды…
– Жұмақтың Әбдіқаш, Әбдіқаштың Әбдіқайым – Қайым ұрпақтары күні кешеге дейін қара жұмыстың қақ ортасында бел шешпей еңбек етті, – деп енді бірі өзіне қанық жәйттің жай-жапсарына жұртты қаратты. – Қайым ағамыз қай істен де қайтпайтын, әңгіме тиегін ағызатын ақыл­ды адам-тұғын. Шаруашылықтың кез кел­ген буынынан табылды. Қол қаруы да, ақыл-ойы да ешкімнен кем соқпайтын Туматаевтар тұқымынан.
– Мен ендеше өзім жақсы білетін Саға­далы, Сәмүдінді айтайын, – деп желпіне түсті бірі. – Туматай бабаның Қосыбайынан ғой олар. Сағадиын былай қойып, Сағадалы, Сәмүдінді де өте жақын білетінімді несіне жасырайын. Сағадалы төрт түлік малдың төңірегінде көбірек күйбеңдеді. Қойшылық өмірді осы отырған ешқайсың да жақсы түсінбейсіңдер. Өйткені, мал шаруашылы­ғы­на араласқан жоқсыңдар. Менің әкем қы­рық жыл қой баққан атышулы шопан. Саға­далы жасы кіші болса да, тәжірибелі шопандармен иықтас есептеледі. Біз бала болсақ та, соның бәрін көріп-біліп өстік. Бір қызық жері, Сағадалының жұбайы ме­ні­мен бірге оқыған Бағила еді. Қыздар тез бой жетеді емес пе…
Ал Сәмүдінді осы отырған баршамыз да бір кісідей білеміз. Мектепте сабақ берді, сосын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетіне ауысып кетті. Ғалым атанды. Мықты математик болды. Жалпы, Туматаевтардың осалы жоқ-ау, тегінде.
– Бәріңнен де мына менің жөнім бөлек сияқты, – дегенді ежіктеп айтты кез келген ортада «Тәшкент» деген әйгілі әнді шырқап қоя беретін аққұба өңдісі. – Сол Туматайдан туған Бұлдықыздан Қали, Қалидан Серік, Ермек дүние есігін ашқан ғой… Қали – менің туған жездем. Төртбақ денелі, ша­ғын бойлы, шаруаға бейім кісіні «бала Қали» атайтын. Сол «бала Қалидың» Ермегі елге танымал Өмірбек Ермекбаевтармен құдан­далық жол ашып, барыс-келісті көбейтіп отыр. Өмірбек Дүйсепаев Әбді­камал ағай­дың құрдасы, сыйлас көршісі еді. Қазір сол ардақты Кәміл аға да, Өмірбек аға да жер қойнында жатыр…
– Ал Туматайдың бір түтіні – Дүйсеп­-
а­ның Бекдәулеті, міне, алдымызда ақ дас­тарханын жайып, Көктөбенің түбіндегі құтты шаңырағында ауылдастарын айна­лып-толғануда, – деп біреуі даусын кеней бергені сол еді:
–  Айтпақшы, жетпіс пен сексен жастың аралығын «ақсақал» деп атайды екен. Бас­па­сөзде үлкендер аузынан жазып алынған деректерді қазір бәріңе оқытамын, – деп бойшаңдау бірі және сөз қосты. – Ертеректе үй басына теледидар болмағанын өздерің де жақсы білесіңдер ғой. Әсіресе, футбол жарысын көруге қызықпайтын жан болмайтын. Біздер қара сирақ ауыл балалары футбол ойыны десе ертеңнен қара кешке дейін тамақ ішпейтінбіз. Сонда елден бұрын Дүйсепа атамның үйінде теледидар болды, кешке қарай ағылып сол шаңыраққа баратынбыз.
– Бәрекелді, бәрінен де сол үйдің қымы­зын айтсаңшы, – деп қосып қойды біреуі. – Сай-сайдан көкпеңбек шөптерді шауып алып, атына теңдеп әкелетін Дүйсепа қарт­тың қымызы-ай, десеңші! – Туматаев Дүйсе­па отбасылары тура айнадай жар­қыраған асфальт жолдың бойында тұрды емес пе. Алматыдан, Фрунзеден, Тәшкент, тіпті, жер жүзінен Жамбыл музей-үйіне ағылып жататын алуан-алуан мәшине маркаларын елден бұрын сол отбасы мүшелері көретін. Үбір-шүбір үрім-бұтақтары қолдарын бұлғап, мәз болысатын.
– Болды, болды, бауырларым, сол мақ­та­ғандарың да жетер, – деп Бекдәулет риясыз күлді. – Көне үнділердің ұғымында кешірілмейтін ұмытшақтар төртеу екен. Олар: ұстазын ұмытқан шәкірттері, үйленген соң ата-анасын ұмытқан ұлдар, мақсатына жеткен соң өзін емдеген дәрігерді ұмытқандар екен. Міне, осыларды есте сақтайықшы, ауылдастар.
Жаңа ақсақалдық туралы сөз айтылып қалды. Соны таратып көрсінші бауырымыз. Бірталай жасқа келіп қалдық біз-дағы…
– Мұны біле жүргеннің ешқандай ар­тық­шылығы жоқ расында. Міне, ол былайша тарқатылады екен тасқа басылған тарихи тұжырым бойынша. 1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте; 1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек; 2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін; 3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған; 6 жастан 7 жасқа дейін – сәби; 8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы; 13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала; 16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала; 20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт; 30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт; 40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі; 50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы; 70 пен 80 жас аралығы – ақ­сақал, – деген тұста бәрі де «охо, біз де ақса­қалдық жасқа жетіппіз» деп шу ете қалды.
– Жә, енді ең аяғына дейін тыңдаңдар, – деп «біле жүріңіз» деген тасқа басылған дерек көзін анау әрмен жалғады: – 70 пен 80 жас аралығы – АҚСАҚАЛ, – деп оқыдым ғой, ә, – деп шегелеп қайталады да, соңғы­сын селқос естіртті – 80 жастан жоғары – қарт, қария…
– Ой, көзің ашылғыр, құрдас, – деп бірі қуанышын жасыра алмады. – Кейде осыны ескере бермейміз. Бірімен-бірі дауласатындар да бар. Тіпті, атамзаманнан айтылып келе жатқан Мүшел жасты шатастырып түсіндіретіндер табылады.
– Ақыры айтулы кемел жасқа келген екенбіз. Оны да ойға түйіп қою үшін төс қалтама тұмардай тағып жүремін. Қажет пе? – деп жаңағы ауылдас қалтасынан тағы да бір тасқа басылған әппақ қағазды шығарды. – Жас болдық, мас болдық дегендей, біз ата-бабаларымыздан әулие емеспіз ғой. Солардың ізін басып ғұмыр кешіп келеміз. Солардан қалған мұра деп мұқият оқиын, мұқият тыңдаңдар. Қажет десеңдер, бір-бірден көшіріп беруге дайынмын:
Мінеки, оқиын: МҮШЕЛ ЖАС: Бірінші мүшел –13 жас /ер жете бастау/; Екінші мүшел – 25 жас /жігіттік жас/; Үшінші мүшел – 37 жас /ақыл тоқтату/; Төртінші мүшел – 49 жас /орта жас/; Бесінші мүшел – 61 жас /орта жас/; Алтыншы мүшел –
73 жас /қарттық/; Жетінші мүшел – 85 жас
/кәрілік/; Сегізінші мүшел – 97 жас
/қалжырау/; Тоғызыншы мүшел – 109 жас /шөпшек сүю/; Оныншы мүшел – 121 жас
/немене сүю/…
– Сенің кез келген нәрсені ыждахаттап жүретінің жақсы, – деп оған Бекдәулет ыразылығын жасырмады. – Біз болсақ, тұспалдап соға саламыз. Дәйектеп, дәлел­деп сөйлейтінің қызықтырады. Ұстаз деген атың бар, университетке дәріс берген басың бар, жетпістен асқан жасың бар дегендей…
Бәрі ду-ду қол шапалақтап, жамырай күлісті. Құдды баяғы бала кездеріндегідей сандарын соғып, бір-бірін иықтан қағып, иектерін көтерісті.
Дәл осындай бас қосу талай мәрте қайталанған. Бірде үйде, бірде дәмханада, енді бірде мейрамханада дегендей. Көңіл-күйлері жарасып баяғыда Қонаев атамыз айғақтап салдырған Шығыс моншасында да балықтай жүзіп, сом денелерін сыласқан, халықтың қажетін ашқан Димаш аталарына мың мәрте алғыстарын арнаған. Медеу сайының миуалы аңғарларында көкке аунап, көңіл де көтеріскен. Алатау аңғарын­дағы отау үйдің сәнін кіргізіп, сән-салта­натқа бөленген. Ауызашар дейсіз бе, Ораза айт, Құрбан айт дейсіз бе, Туматаевтар әулеті атаусыз қалдырған емес. Ата-бабадан қалған имандылық ишараттарына адал ұрпақтарының ұраны – елмен бірге болу, ағайын-туыстарға қол қайырымын аямау, жора-жолдастарынан алыстап кетпеу. Туысқандықтың Туын көтере жүріп, ағайын жұртты, айналадағы адамдарды ұмытпау, ұлықтау.
Осы бір ауылдастар думаны да сол үрдістің жалғасы. Кеше ғана ауыл көшелерін балаң дауыспен абыр-дабырға бөлейтін бұлар бүгінде армандай қала – Алматыға оқуға түсіп, білім алып, бір-бір маман­дықтың иелері атанды. Бұлар жай ауылдан емес, кәдімгі атағы жер жарған ұлы жырау Жамбыл атындағы киелі ауылдан. Ал Жамбыл кім болған деген сұраққа сан мыңдаған ұлы тұлғалар сан мыңдаған баға берген-ді. Мәселен, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Жамбыл – ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын, – деп баға берген болатын. – Ол – өзінен кейінгі әр ұрпақтың ат басын арнайы бұрып, шөліркегенде тұнық жырларынан сусындар тұма бұлағы».
Әнеки, атамызға деген Елбасының бағасы! Ал сонау Абай, Мұхтар елінің талантты түлегі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин болса: «Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние-жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл» болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл» /«Жамбыл» журналы, №1, 2004 жыл, қаңтар-наурыз/ деген пайымын алға тартты.
Ендеше, жамбылдықтар айтар әңгіме аз емес. Кешегі қып-қызыл жігіттер, мінеки, уақыт безбенімен ақсақалдық жасқа да иек артты. Көнсең де сол, көнбесең де сол – жетпістің желкені керілді, кейінгі буын уәлі сөз күтеді, құлақ түреді, ақыл-кеңес сұ­райды, бата беруді өтінеді. Ал осы жасқа кім қалай келді деген сауал етекке оралатыны ақиқат. Ауыздың дуасы бар ма, ден­саулығың мықты ма, қысқасы, әдемі қартайдың ба деген сауал алдан шығары сөзсіз.
Бірін-бірі іліп әкетіп әңгіме жәрмең­кесін қыздырғандар бір ауылдың түлектері – бүгінгі күні Алматының төрін ойып тұ­рып өмір-ғұмыр шырағын жағып отырған: Жарас Төлегенұлы, Алтынбек Халықұлы, Ізбасар Оразбақұлы, Нұрманбет Қизатов, Тілеуберді Мәмбетәліұлы Доспаев… Шаршы алаңда шалт қимылдаған, ауыр салмақ көтеріп, исі қазақ жастары арасында ең ауыр салмақта тұңғыш болып спорт ше­берлігіне қол жеткізген. Режиссерлік өнер­дің майын ішкен өз мамандықтарының майталман маңмаңгерлері қай қияға салсаң да суырылып тұрған жоқ па! Қара орманында іргелі шаңырақ құрып, бау-бақшаға бөленген Бекдәулет Дүйсепаұлы ұл-қыз­дарын өсірген, немерелерін өрбіткен құтты қоныстың қожасы екенін танытып ақ дас­тархан жайғаны жалғыз бұл емес.
– Бекдәулеттің манағы бір ескертпесі құлағымнан кетер емес, – деп Алтынбек ағынан жарылды. – Соның ішінде әлгі үндістер ұғымындағы «ұстазын ұмытқандар кешірілмейді» дегенді бажайлап қарасақ, қандай ұлағатты нәрсе. Біздің де қаншама ұстаздарымыз болды. Сонау Қызыләскер бөлімшесінен таяғын сүйретіп жететін майдангер Әбдіразақ Мәмиев, оның жары Тұрар апай, Мырзалы Кәрбозов, Айдар Оспанов, Әлімжан Темірбаев, Жанат Мұсақұлов, Сұлтанғали Садырбаев, Абдолла Мырзабаев, Әбдікамал Дүйсепаев, Ауғанбай Қалиев, соның жұбайы Гүлбаршын Нүсіпбекқызы тәрізді және де басқа мұғалімдер бізді білімге молықтырды, көзқарастарымызды қалыптастырды, көзімізді ашты. Солардың «Әтшу!» деген қолдауымен арман шіркіннің шылбырына жармастық. Ұмытылмас есімдер ғой.
– «Дертінен айрылған соң өзі емдеген дәрігерді ұмытқандар кешірілмейді» деген ұғымдарын айтсаңшы, – деп бір оқыс оқиғаны ортаға салғысы келді де, Бекдәулет кілт кідіріп қалды. «Айтсам ба, айтпасам ба сол жәйтті» деген ойын дереу басқа жаққа бұрып жіберді де:
– Әй, Тілеуберді, әртіс деген атың бар ғой. Бір ән басташы, – деп қолқа салды.
– Қайсысын айтсам да қосылып кететін әдетің бар сенің пәтшағар! Тіпті, асаба сайлап алып, артынан тізгінді өзің ұстап, дес бермейтінің бар еді-ау, – деп Тілеуберді домбыра тиегін арлы-берлі жылжытты.
Домбыра ішегі әлде бір әнді дірілдете бастағанда Бекдәулет әй-шәй жоқ:
Сырғалы жеңгей сыртыңнан,
Ғашық едім былтырдан.
Тамашаңа таң қалып-ей,
Талай жігіт ұмтылған, –
деп шырқап кетті дерсің.
– Ақыр өзің бастадың ғой әннің көшін, неде болса «Алтайдың аржағынан келген аруды» айтып таста, – деп Тілеуберді аталмыш әннің ұзын-ырғасын шанаққа түсірді.
Айналасын күйдіріп-жандырып жүретін дағдысына бағып, Бекең тікесінен-тік тұрып армансыз дауыс кенеді:
Қимайтын жан екенсің жат ұяға,
Қарғам-ау, кез келдің-ау қапияда,
шіркін!
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаз дидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай
қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе жан арманын,
Еріксіз қалқам саған ән арнадым! –
деп жүзі нұрланып, көзі күлімдеп бір рахат дүниеге енгендей болды. «Марқұм Тынышбай Рахимовтың аруағы разы болған шығар» десіп, ауылдастар қатты-қатты қол соқты. Қордаланып құт қонған әулеттің отбасында күн күлгендей, ай туғандай әдемі де әсерлі сәт нұрын шашты. Отағасының ән-күймен тербетілгісі келетін табиғи жаратылысына не дерсің?!
– Шіркін, Зүбайданың қолы берекелі ғой, – деп бірі осы үйдің шамшырағына сөзден шашу шашты.
– Ағайындар арасын жақындататын да, алыстататын да ержігіттің сыңары, – дегенді қосып қойды екіншісі.
– Қашан көрсең де қабағы ашық, жүзі жарқын жар қосағына не тең келсін, – деп тағы бірі шын ықыласын төкті.
– Енді Зүбайданы мақтауға көштіңдер ме, түге, – деуін десе де, Бекдәулет отанасына бағышталған ыстық ықыласын жасыра алмады. – Бауырлар, біліп айтасыңдар. Сонау Мәскеуде бірге оқыған осы Зү­байданың арқасы ұрпақ өсіріп, өрісті ұзартып отырғанымыз. Әйтпесе Жаратқан Ием сыйлаған боқмұрын немерелерді ба­ғып-қағу оңай-оспақ іс емес. Ұл-қыздарды құтты орындарына қондырып, үйлі-жайлы қып жаныққанда жанымда бозторғайдай шырылдап жүрген сыңарыма ризашылығым алабөтен. Бауырымыздан өрген балаларды қанаттандырып болған соң, немере бағып-қағу миссиясы басталды. Көлде жүзген аққудай көгілдірін соңына ертіп, көгершіндерімізді көгертіп, жапырақ жайдырып, өмірімізді жағдай жадырататын жұмсақ жүректі жан иесі тіл-көзден аман болсын деп күндіз-түні құдайдан тілек тілейміз…
– Міне, мынау нағыз ақсақалдық сөз, мұсылмандық, имандылық деген осы болады, бауырлар, – деп баршасы қомпаң­дасып қалды.
– Ән салса, аспандап кететін, әңгіме айтса, қан тамырына жететін телекоммуникация құрдасым-ай,– деп бірі Бекдәулетті бауырына қыса берді.
– Ағайынның ардақтысы, Туматаев­тардың салмақтысы сен аман бол! – десіп бәрі бірдей ұшып-ұшып тұрысты. – Ішкі жан-дүниеміз жасаңғырап, балапан құстай жеңілдеп қалдық емес пе! Ауылға деген сарытап сағыныш та ортаға салынды, туған жерге деген ақ тілек те судай ақты. Сонау ата-бабаңнан бері арылмай келе жатқан бауырмалдығыңа бас иеміз!
Көктөбенің түбіндегі көгалды еңселі үйге келе бергің келеді. Онда ақкөңіл, аңқылдаған ақадал адамдар тұрады.
…Сайдың тасындай осы бір ауыл түлек­терінің әрқайсысы да ел-жұрт мақтан тұтатын елеулі тұлғаларға айналды. Қызыл­әскер ауылы, Жамбыл ауылы, әсіресе, осы азаматтарды сұрастырып, сырттай тілектес болғаннан танған емес. Жұмыс бабы, қызмет саласы мүлде басқа арнада болса да Бекдәулет ауылдастарын екі елі есінен шығарған емес. «Біздің Жамбыл елінен анау шыққан, мынау шыққан» деп құдай қосқан құдаларына да, алыс-жақын таныс-білістеріне де жерлестерін лайым алға тартып сөйлейді. Сондағы айтатыны: «Жарас Төлегенов дене тәрбиесі институтын қызыл дипломмен бітіріп тұрып, өзінің ауылына жолдама алып кеткен. Бара салып оқушылардың спорттық әлемге қанат қағуын қадағалап, баулып бақты. Бақыт Қияқбаев, Көпшілбай Бекбасаров, Сәбитхан Дәуітбаев, Люда Степанова, Дәуітбай мен Дәуітқұл Нұрбеков, Мәлік Әбдібаев сияқты мектеп оқушыларын үлкен-үлкен жарыстарға қатысатын дә­режеге жеткізді. Өзі кезінде Бүкілодақтық спорт ойындарының үш дүркін жүлдегері атанған, «Буревестник» спорт қоғамының чемпионы болған. Дене тәрбиесі Академиясында проректорлық лауазымын да атқарған. Әлі күнге дәріс беретін ғалым» деп аспанға көтеріп жүреді. Ал Ізбасар Оразбақовтың да абырой-атағын биікке шығарып, дәріптейді. «Қазақ жастары арасында штангі көтеруден ауыр салмақтылар арасында тұңғыш спорт шебері атанған. Алматы қалалық спорт комитетінің төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бүгіндері Алматыдағы халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру-дене шынықтыру клубының директоры. Барселона/ Испания/, Атланта /АҚШ/, Сидней/ Австралия/, Афины/ Греция/ Олимпиадасының куәгері, бес құрлыққа барып қайтқан жиһангер» деп оның жеткен жетістіктерін тізбелеп отыратыны бар. Нұрманбет Қизатовты тіпті қызық-қызық оқиғаларға қатыстырып, қызықтырып әңгімелейді. «Нұрекең қарғадайынан «Зенит» деген фотоаппаратты мойнына асып жүретін. Ауыл-аймақтағы көзі шалып қалған кем-кетіктерді фельетон қылып, газеттерге шығаратын. Басшы-бағландар одан ығып жүретін. Ауданнан бастап бүкіл Республикаға аты жайылған фото-журналистке айналды. Қызыләскер ауылында туып-өскен оны әмбесі құрметтейді. Кешегі өмірден өтіп кеткен Сартжан, Олжабай, Зарық, Небиян, Тұрапбай, Малай, Төлек, Төлеп, Алпысбай сияқты ауыл азаматтарының фотобейнелері оның архивінде сақтаулы. Тіпті, үш дүркін Еңбек Ері атанған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атамыздың да қасында болып, суретін әспеттеп шығарған» деген секілді марапат айтып қоятыны тым жарасымды-ақ. Қатар жүрген, ықыласы ауған ержігіттерді ауызға алып, еске түсіріп, ел құлағына құйып отыру да адамшылық. Бекең бұл орайда да айналасына қадірлі, көз көргендерді ұмытпауға тырысады. Өнер адамдарына жақын жүруді ұнататын мінездері де кісі қызығарлық. Ерғалым Төкеұлы, Алтынбек Халықов, Тілеуберді Доспаев сыңды саңлақтарға құлақ түріп, дауыстарын тыңдауды жаны сүйеді. Тілеубердінің жадысына таңқалып, «тағы айтшы» деп ықыласын төгетіні айрықша. Тілеуберді небір марқасқалармен қызметтес болған көкейлі, көңіл көкжиегі кеңдер санатында саналады. Ауыл айтқыштарын, қала қалжыңбастарын көкейіне көп тоқып, өзінің таным-білігіне сай құлпыртып жіберетіні режиссерлік мамандықтың нәтижесі шығар. Сосын, айтулы ақын-жыраулардың жентек-жентек ой жүйелерін жатқа соғады. Мысалы, ұлы жырау Жамбыл ақынның: «Өсиет» деген өлеңін ылғи да жұрт құлағына құйып отыратыны ғажап енді. Мақамдап, маңызын арттырып алға тартқанда ол былайша өріледі:
Ой-хой, дүние серуен,
Адам бір көшкен керуен!
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз – шықса жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдай таралып,
Сөз нұсқасы келінген.
Дос-жаранға, кемтарға,
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?!
Дәулетіңнен не пайда,
Таусылмастай көрінген?!
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де,
Көмілмейді кебінмен…
Бекең бас шұлғып, терең ойға батып отырады да:
– Сен енді Жамбыл атаның «Үгай-айын» айтшы майын тамызып, – деп өтініш біл­діреді. Тілеуберді оны да келістіріп шыр­қай­ды. СССР-дің халық әртісі Күләш Бай­сейітоваға арнаған сырлы сөздерді қосып жіберіп, әнді құлпырта түседі.
– Болды, болды, батырекесі, екеуміз сүйіп орындайтын Ержан Белғозиевтің ән­дерін домбыра пернесіне түсірші, – деп мүл­де басқа ойдың сорабына бұрылып кете­ді. – Содан кейін «Қымыз құйғыш», «Ойлан, балам», «Ауыл қарттарын» қалықтатшы бір…
Қыза-қыза Алтынбекке де иек қағады.
– Саған «Бозторғайымды» дірілдеткен жарасады. Көзіңді тарс жұмып, сонау заңғар көкке көтерілгендей күй кешіп тербетілетінің өзінше бір әлем ғой.
Шіркін-ай десеңші, сырдесте жандармен бас қосқан керемет-ақ қой. Ішкі шерің тарқап, ойдағы-қырдағыларды ойға алып, кемел шаққа енесің. Осы бір отырыс та баға жетпес қымбат сәттердің парағына жазылып қалғандай болды. Ұстаздардың да, ауыл ақсақалдарының да, бүгінгі жас буындардың да құлағын шулатқан ауылдас­тар көкірегі күмбір-күмбір қоңыраулы күміс үнге толды.
…Өлең-өнер әлемінің Үркер жұлдызы, әйгілі Кенен атамыз:
Ай туса, ол да тартар жарығына,
Су ақса, ол да тартар арығына.
Аққан тер, адал еңбек жеміс беріп,
Адамды салады өз қалыбына, –
деп жырлағанындай, Алматыдағы ауыл­дас­­тары Бекдәулеттің отбасына тегіннен-тегін ат басын тіремейді. Кезінде Мәскеудің электро-техникалық байланыс институтында оқып, Ресей еліндегі әр түрлі жоғарғы оқу орындарындағы студенттер мен аспиранттардың «ЖАС ТҰЛПАР» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі болған Дүйсепаұлы танымал тұлғалар Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Советқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов қатарлы басқа да ұлтжанды қазақ жастарымен осынау Қазақия өлкесінде Тәуелсіздік Туы жел­біресе деген ақжолтай ниет үстінде жүргені бар, Республика байланыс жүйесінде – телекоммуникация басшы­ларының бірі болғандығы бар, қалай да әйтеуір төңірегін үйіріп алатын қасиетіне тәнтілер онымен араласуға құмбыл тұратыны анық. Әлбетте, телекоммуникация құрылымының Үздігі, Республикалық телеграф басшылығында болған, «Казтелефонстрой» тресі, «Қазақтелеком», «Қазтелеграф» буындарына қазақ ұлттық кадрларын тартуға күш салған, заманында Республика байланыс министрі лауазымын атқарған Әбдіразақ Алпысбайұлы Елібаев, Сәбит Мұқанұлы Байжановтар сирек мамандық иесі ретінде ерекше бағалаған Дүйсепаұлы Бекдәулеттің адамдарды өзіне магнитше тартатын қасиеті Сүйінбай жайлаған, Жамбыл сайран салған Алатау сілемдерінен жұғысты болғаны ғой тәрізі. Ақынжандылығы, әнқұмарлығы адамгершілік қасиетін үстей түсетінін айналасы ұдайы көріп те жүр, көздері жетіп те жүр.
– Біз оның «ЖАС ТҰЛПАРҒА» мүшелік билетін көріп жүрсек те, сол төңіректе толымды әңгіме толғауын тыңдамаппыз ғой, – деп отырғандардың егделеулі тағы сөз сабақтауы мұң екен, екіншісі дереу іліп әкетті.
– Иә, иә, «ЖАС ТҰЛПАРДЫҢ» жаң­ғы­ры­ғы әйгілі ЖЕЛТОҚСАН дүбірімен жал­ғасып жатқандығы ақиқат нәрсе енді…
– Жігіттер, бұл ұзаққа созылатын соқ­талы оқиға. Одан да осы біздің Жамбыл ата ауылынан қалада тағы кімдер бар дегенді қаузай түссек қайтеді? Атамыздың көзін көрген, өлеңін естіген ата-ана­ла­рының әздектері Алматыда біршама бар-ау, сірә!
Жамбыл даңқын жалғаған ақын атын­дағы ауылдың түлектерін періштелер қа­на­тымен қорғап жүрсе игі…

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір