Пенде Құдай болған шақ
13.01.2017
2438
0

Ол кезде КСРО уақыты, біз мектепте, шамамен бастауышта оқитын кезіміз-ау деймін. Осындай қаңтар айында, дәлірек айтсам 21-інде бір топ кластастар үзілісте алысып-жұлысып күліп, шуылдап жүргенбіз. Сол кезде есік алдына тәрбие ісі жөніндегі орынбасар апайымыз шыға келіп: «өңшең ұятсыздар! Бүгін ұлы көсеміміз Лениннің қайтыс болған күні. Ал сендер мәз болып, күліп, алысып жүрсіңдер. Өй, өңкей санасыз», – деп айғай салғаны бар емес пе. Әрине, «Ленин – ата, біз – ұланды» жаттап алып, тақылдағанда таңдайымыздан шаң шығатын кезіміз. Алайда, ол жарықтықтың дәл сол 21-і күні тырапай асқанын біз қайдан білейік. Білгеннің өзінде өз атаңа жоқтау айтып жатса да ойнап кете беретін бала емеспіз бе? Ол үшін, әрине, ұстазымызды кінәлап отырған жоқпыз. Қалтасында коммунистік билеті бар Кеңестік идеологияға бар жан-тәнімен берілген болар. Алыстағы бір ауылдың қарапайым мұғалімі тұрғай, атағынан ат үркетін орталықтағы дәулердің өзі Ленинге шәк келтіргенше у ішіп өле салғанды артық санайтын кезең еді ғой. Пенде Құдай болған кез еді.

Қазіргі ұрпақ біздің сол хә­лі­міз­ді түсінбейтін шығар. Бірақ біз­дің бала кезіміз сол Ленин «ата­мыз­ды» аспанға көтерумен өтті.
Өзіне 200 миллиондай халық­ты Құдайдай табындырып қойған Вла­димир Ильич Ленин кім еді? Вла­димир Ильич Ленин (нағыз те­гі Ульянов, 22.04.1870 ж. — 21.01.1924 ж.) — көрнекті ресейлік төң­керісші, пәлсапашы, «ленинизм» идеясы мен КСРО-ның не­гізін қалаушы, Кеңестер Үкі­ме­ті­нің басқарушысы.
Лениннің адамзат тарихын­да­ғы ірі һәм қайшылықты тұл­ға­лар­дың бірі екеніне ешбір дауымыз жоқ. Ол құрған, негізін қалаған мем­лекет және саяси ағым
70 жыл­­дай уақыт өмір сүріп, әлемдік дең­гейдегі державалардың бірі бо­лып қана қоймай, әлемдік саясат жасауға да белсене араласты. Ол державаның құрамында Қазақ елі де болды. Ал сол дер­жа­ваның, Ле­ниннің елімізге қандай пайдасы мен зияны болды, соны қыс­қа­ша айтып көрейік.
Біздің ойымызша, Лениннің қа­зақ халқына тигізген бір пайдасы – 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­те­рі­лістен кейін, тоз-тозы шығып, тіп­ті, құруға бет алған қазақ хал­қын патшаның қанды қылыштары – казак баскесерлерінен аман алып қалуы. Ол айдаладағы қа­зақ­ты аман алып қалайын деп ой­ламаған шығар, алайда, ол ұйым­дастырған Ақпан төңке­рі­сі­нің нәтижесінде қазақ және Орта Азия халықтарын қанды қасапқа салу­ға дайын тұрған қанды қыр­ғын болмай қалды.
Екіншіден – Алтайдан бері ен­телеп келе жатқан Ақ патшаның қол­дауындағы орыс православия шір­кеуі миссионерлерінің қазақ да­ласына біз тұмсықтары қадалып үлгермеді. Патша үкіметі енді бір ши­рек ғасыр тұрғанда бүгіндері мой­нымызға айқыш тағып жүруі­міз де мүмкін еді.
Үшіншіден – халық жаппай сауат ашып, елімізде сауатсыздық жойылды. Мемлекет қаржысынан жал­пылай оқу, денсаулыққа ке­піл­дік жасап, халқымыздың са­па­лық өрлеуіне мүмкіндік жасады.
Және ең басты жетістік – Қа­зақ елі автономия болса да өз ше­ка­ра шегінің межесін белгілеп ал­ды. Әрине, ол жолда А.Бай­тұр­сынұлы, Ә.Бөкейхан мен Ә.Ермеков сынды алаш азаматтары Ленин мен Сталиннің алдына сан рет кіре жүріп, сан түрлі бұлтартпас дә­лелдерін ұсына жүріп, талай тартыспен тырп еткізбей ұстағаны рас. 1920 жылы тамыз айының 24 жұл­дызында Қазақстанның (Қыр­ғыз автономиялы респуб­л­и­ка­сы­ның) ұлттық-мемлекеттік тер­­­ри­ториясы бекітіліп, оған Ленин мен Сталин қол қойды. Алайда, көп ұзамай ол аумақтың аз де­генде 15 пайызынан айрылдық. Солардың ішіндегі Қарақал­пақ­стан мен Шыршықтың – Өзбек­стан­ға, Алтайдың арғы беті – Ресейге кеткенін айтсақ та жетеді.
Осылайша, 1920 жылы тамыз­дың 26-сы күні «Қазақ автономия­сын құру және оның жер көлемін бел­гілеу жөніндегі декрет» дү­ние­ге кел­ді. Сол кезде Кремльдегі өң­­шең мық­тылардың алдында Қазақ жері­нің шекарасы жайында баяндама жасаған Әлімхан Ермеков бар болғаны 29-ақ жаста екен! Сол баян­дамадасында ол Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сыр­дария, Закаспий, Самар­қан, Фер­ғана облысы мен губер­ния­ларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ Республикасының құра­мы­на беруді сұраған екен. Себебі, ол жерлердің 81 пайызын 5,5 мил­лион­ға жетеқабыл қазақтар мекен­дейтін еді. Ә. Ермеков сол баянда­ма­сын кейінірек Лениннің ал­дын­да да қорғап шықты. Алайда, Сібір ревкомына жататын қа­зіргі Солтүстік Қазақстандағы об­лыстарды біраз уақытқа дейін, дә­лірек айтсақ, 1922 жылға дейін біз­ге қоспауға барынша тырысты. Алай­да, бастаған істі ақырына дейін жеткізген қазақ азаматтары бәрі­бір Қазақ жерінің шекарасын рес­ми түрде бекіттіріп алды. Әри­не, елімізден бөлініп кете жаздаған жер­лерді Қазақ АКСР-на басы бүтін беру туралы бұйрыққа қол қойға­ны үшін Ленинге алғыс ай­туымыз­ға әбден болады. 1924 жы­лы 27-28 қыр­күйекте РК(б)П Қазақ облысы комитетінің (Қазобком) II пленумында Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожа­нов­тың «Орта Азия­дағы ұлттық межелеу туралы» баяндамалары тың­далып, тал­­қыланды. 1924 жылы 27 қазан­да қабылданған КСРО Консти­туция­сына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясында Түркістан АКСР-інің құра­мын­дағы қазақтар мекендеген жер­лер­дің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қау­лысы бекітілді. Межелеу нә­ти­жесінде Орта Азия аума­ғының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км² жері Қазақ АКСР-іне қосылды (оның ішін­де 112 мың км² Қара­қалпақ автономиялық округі бар, ол 1930 жы­лы шілдеде РКСФР-ге беріл­ген­ге дейін Қазақстанның құра­мын­да болды).
Әрине, мұның бәрін де Ле­нин­нің «бұратана» халықтарға жаны ашығандықтан істеген жақсылығы деуге келе қоймас. Оны көбіне сол кездегі Орта Азия мұсылмандары ара­сындағы саны ең көп болып отырған қазақ ұлтының саяси сал­ма­ғы мен қазақ интеллиген­ция­сы­ның саяси сауаттылығының арқа­сы дегеніміз анағұрлым дұрыс болар.
Ал енді Лениннің кемшіліктері мен оның қазақ халқына тигізген зардабы қандай?
Лениннің ұстанған бағыты – яғни елді тапқа бөлуі қазақ хал­қы­ның туыстық, бауырмалдық қа­сиеттеріне керемет соққы жасады. Бірге туған бауырлар, ағайын­дар бір-біріне жау болып, бір-біріне қару кезеуге шімірікпейтін бол­ды. Ұлттық құндылықтар аяқ асты етілді. Ол қанша жерден ха­лық үкіметін құрамын, әр ұлтқа өз көсемі, ұлттар теңдігі деп ұран­дат­қанмен, тонын айналдырып ки­ген орыс шовинизмінің мұра­гері болды. Және ол ұраншыл, по­пул­листік бағыттағы мемлекет­тің негізін қалады. Мойындауымыз керек, ол керемет шешен, елді соңына ерте білетін сұңғыла тұлға еді. Сол үшін де күллі кеңес халқы социализмді құруда есепсіз тер төк­ті, қисапсыз құрбандық берді. Алай­да, сан түрлі ұлттарды бір ор­тақ идеяға жұмылдыру үшін «кеңес­тік ұлт» деген жалған идея ой­лап шығарылды, оның ар жа­ғын­да «аға ұлт» деген атаумен орыс ұлтының басымдығы сақ­та­лып, түбі КСРО-дағы халықтардың бә­рін де орысқа айналдырып жі­беру жоспары тұрды. Осыдан ке­ліп «егер біз Ресейге қосылмасақ ел ретінде жоқ болар едік», – деген сана қалыптасып кетті.
Ленин негізін салған «ұлттар тең­дігі» әншейін айтуға жақсы жыл­тыр сөз еді. Шын мәнінде КСРО басшыларына ұлттың өзін-өзі басқарып, өзін-өзі дамытуы емес, тобыр боп жүруі ғана керек еді. Сондықтан да коммунистік жүйе біздің болмысымызды, ұлт­тық қасиетімізді жойып, отар­лан­ған халықтың психологиясын са­намызға шегелеп тастады. Ол қан­дай қасиеттер? Ол – жалтақ­тық, екіжүзділік, сатқындық.Ондай адамдар тек қана өмір сүру­ді ойлап қана қоймайды, сол үшін бар­лық құндылықтарды сатуға да дайын тұрады.
Содан келіп бізде ұлттық мә­де­ниетімізге шекеден қарау етек алды. Өзімізді қор, өзгені зор санау психологиясы сіңді. Ол шын мә­нінде құлдың психологиясы ғой.
Ол құрған мемлекет халық­тар­ды жаншып-езіп ұстап, дінді, тілді, ұлттық құн­ды­лықты мансұқ­тауға бағыт­тал­ған, патшалық Ресей отаршылдығын, империа­лизмін жаңаша атпен жал­­ғас­тырушы жүйеде өмір сүр­ді.

Досым ЗІКІРИЯ,
«Есік»мемлекеттік тарихи-мәдени  
қорық-мұражайының ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір