«АҚ ЖАУЫН» – ЖАҺАН ТАЗАЛЫҒЫ
Әсем ән мен тәтті күйдің «құлақтан кіріп бойды алар» тылсым табиғатын бар болмысымен сезіне білген хакім Абай «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар», – деп күй құдіретінің эстетикалық мәні мен қуатын терең пайымдаған. Мұның басты себебі, оның айналысына «Ақынмын атым Әсет арындаған, Арындап сөз айта ма дарымаған» деп әуелеген асқақ әуенімен аспан мен жерді тілдестірген Әсет пен Кемпірбай сияқты атақты әнші-ақындар, небір ділмар-шешендер, Қаз дауысты Қазыбек бидің шөбересі Алшынбай би ауылының күйші-композиторлары Абай ауылының қадірменді қонағы болған. Өйткені, Алшынбай ауылы – Абайдың бәйбішесі Ділдәнің ауылы. Әсіресе, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы Құнанбаймен құдандалы елдің адамы ретінде тығыз қарым-қатынас жасаған. Абайдың өнер туындысына «Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» дүние есебінде қарауы, күйді «ақылдының сөзіне» теңеуі ақын айналасына тоғысқан осындай өнер майталмандарының әсері екені айдан анық.
Шебер туған өнер туындысы кез келген ет жүректі пендені елең еткізері хақ. Сонау 1980 жылдардың жуан ортасында кеңінен таныла бастаған күйші-композитор Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» жай адам түгіл еңкейген кәрі таяғын тастап, еңбектеген бала ойынын тоқтатып құлақ түріп тыңдай қалатын күйге айналған еді. Бұдан кейін іле-шала туған «Боздақ», «Өкініш», «Бесік күйі» (Балауса), «Аруана», «Ақ жауын» сияқты күйлерінің әсері «Көңіл толқынынан» бірде-бір кем соққан жоқ. 1986 жылдан бастап іргесі сөгіле бастаған кеңес өкіметінің кетеуі кетіп, тоқыраған тұсына тұспа-тұс келген бұл күйлер халықтың жүрегіне ем, жанына желеу болды. Сондықтан қай базарға барсаң да, қай абтобуста отырсаң да, тіпті таксиге мінсең де жұрттың қол телефонынан осы күйлердің үнін құлағың бір шалмай қалмайтын. Ал қазір ше? Қазір де тап солай, бір тал өзгерген жоқ. Бұдан Секен күйлерінің Абай айтқан «Ақылдының сөзінен» де асып түскенін көруге болады. Өйткені, Секен шығармашылығы ет жүректі пенденің алпыс екі тамырын иітіп, денеге жан бітіреді, қаныңды қыздырып, жүрегіңді тербейді, демалдырады. Бұл нені көрсетеді? Бұл – қанша тұмсаласа да, шынайы өнер туындысының мәңгілік өлмейтін, өшпейтін мұра екендігін айғақтайды. Қазіргі уақытта Секен шығармашылығы жеке орындаушылықтан асып, әуелі 1990 жылдардан бастап өзі қолға алған «Секеннің саз отауынан» «Ақ жауын» ансамбліне ұласты. Мұның бәрі оп-оңай қаз-қалпында көктен өзі түсе қалған жоқ. Бұл – талмай еңбек етудің, ұзақ жылғы ізденістің, қабілетті жастарды жан-жағына жинап, ерінбей үйретудің нәтижесінде жүзеге асқан абыройлы іс.
Десе де, бұған Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың да бейжай қарамауы, барынша қолдау көрсетуі, «Ақ жауын» оркестрінің құрылуына мұрындық болуы Секен шығармашылығының өрістеуіне жол ашты. Бұл дара жол, сара саясат ұстап отырған Елбасына деген қаламгер қауымның бойына қуат, жанына шуақ сеуіп, көңілдің шын мейірленуінен туған жыр жолдарына ұласты. Оны мынадан көруге болады. 1991 жылы Секенге арнап «Араша» деген өлең жазған белгілі ақын, сатирик, сазгер Қажытай Ілиясұлы 1994 жылы тағы Секенге арнаған «Тамаша» деген өлеңінде:
Қыдырдай дарып,
қиырдан танып дегдарын,
Танытса патша,
ойлатқаны ғой ер қамын.
Қайшылығы көп,
таршылығы дөп кезеңде,
Ұсынған екен жомарт
көңілінің төр жағын.
…Жігіттің пірін ежелден
шаршы топ сынар,
Бәйтерек болмас,
күтімін көрмей көк шынар?..
Жер бетінде сені
мұндай ұғынған,
Сегіз қырлы сері патша
жоқ шығар?! –
деп жазған екен.
Бұл ұзақ жыл тығырыққа тірелген елінің жаңадан тәй-тәй басып, еңсесін енді тіктей бастаған кезінде ұлттық топырақта туындаған әлемдік көркемдік таным эволюциясына тыңнан қосылған рухани-мәдени құбылысты Елбасының дәл танығанының айғағы. Өйткені, «Секен саз отауы» алғаш құрылған кезде Елбасы Cекенді өз қасына арнайы шақырады. Бұл Ел Президентінің қылт еткен жақсы дүниені қалт жібермей қадағалап отыратын тамаша ғибратының бір көрінісі болса керек. Араға бірнеше жыл салып, отыз шақты адамды жеңінен жетектеген Секен Алматыдан Астанаға біржола ауысып, әуелі «Еуразия» университетінің жанында болып, кейіннен Президенттің мәдениет орталығына ауысады. Қашан мемлекеттік статус алғанша үйсіз-күйсіз, айлықсыз жүрген қызметкерлерді сегіз ай ұстау Секенге оңайға соқты ғой дейсіз бе? «Мүліктей мінсіз, күліктей күйсіз, күнқақты, Мамықтай ұлға тамұқтан ауыр мұң батты» (Қажытай). Осылайша «Құрманғазы», «Отырар сазы» сияқты академиялық оркестрлерден кейін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық (шағын) оркестрінің негізі қаланды.
«Ақ жауын» оркестрі алғаш құрылған кезден бастап он төрт облысты аралап, Қытай, Жапония, Франция, Германия, Моңғолия, Қытайдағы ішкі Моңғолия және жақын шетелдерге концерт қойған Секен Тұрысбектің Токио мен Үрімжіге барған сапары бүгінгі күні аңызға айналған. Әр күйді ойнар алдында шығу тарихын айтып отыратын Секен «Көңіл толқынына» келгенде сәл бөгеліп, дағдарып қалғанда, сол тұстағы Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, топ жетекшісі Жұматай Әлиұлы дереу микрофонды жұлып алып, «Семей-Невада» – «Хиросимо-Нагасаки» деп хабарлап жіберіпті. Ешқандай аудармасыз жеткізілген осы сөзден кейін «Көңіл толқынына» тебіренген жапондар жылап отырып, күйді екінші рет орындатқан екен. Бұл – көкірегінің көзі, құлағының саңылауы бар адамға аударманы қажет етпейтін күйдің ғажайып құдіреті. Қазаққа ғана тән күй өнерінің Жапония астанасында рухы аспандап, мәртебесі көтерілген қайталанбас осындай сәттер ұлт үшін мақтаныш емес пе?!
Ал Үрімжіге барғанда қытайлардың өзі «Сакң, Сакң» деп айғайлап, орындарынан тұрып қошемет көрсеткені сонша, әрбір күйді қайталап ойнауға тура келіпті. Мұны сол өлкедегі қандас бауырларымыз әлі күнге жыр ғып айтады. Сол тұста Бейжің газеттерінде «Орындықта отырып жотасымен дирижерлік жасаған, қимылы мен ымды үндестіріп, оркестрдің реңкін келтірген мұндай музыкантты бұрын-соңды көрмеппіз» деп жазылды.
Қазіргі уақытта Үрімжідегі қытайша-қазақша берілетін ауа райы мәліметінде экраннан тыс (фонында) Секеннің «Ақ жауын» күйі орындалып тұрады екен. Таза қытайлар домбыра көрсе, «Ауа райын» орындап берші деп сұрайтын көрінеді. Тіпті, домбыраны телесериалдарына да енгізе бастапты.
Шыңжаң аймағына белгілі айтыскер, халық ақыны Жамалхан Қарабатырқызы:
…Өзіңдей сері Секенге,
Тебіренбеймін ғой бекерге.
Өмір мен көңіл кірбеңі,
Ақ жауын жаумай кетер ме? – деген арнау өлеңінде «Ақ жауынның» мән-мағынасын ашып тұрған жоқ па?
Аспан тұтастай бір ғана қоңырқай түске еніп, арасында күн шуағы жылтырап жылт еткенімен, сілбіленіп тоқтамай жауып тұрып алатын ақ жауын мен адам көңілінің үндесуі, қу тіршіліктің күнделікті күйбеңінен шайылу, көңілдің ағаруы, жанның тазаруы, аспан мен жердің, рухтың тілдесуі, кеңістіктің тұйықтығы – міне, бұл Секен әкелген жаңалық, бұл – құлақпен есту арқылы ғана түйсінетін күйдегі психологиялық параллелизм.
Ибрагим Исаев, Өтеген Күмісбаев, Жәркен Бөдешов, Шөмішбай Сариев, Есенқұл Жақыпбеков, Исрайыл Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Дәулетбек Байтұрсын, Дәулеткерей Кәпұлы, Бақыт Беделхан, т.б. көрнекті ақындардың арнау өлеңдері – оның тума талантына бас иіп, халықтық тұлғаға айналғанының жанды кепілі.
Нұрғиса Тілендиев: «Секен тыңға түрен салған дарын» десе, «Секен асу» деген күй жазған Асқар Сүлейменов «Ұлылыққа дауа жоқ, сол дарыған Секенге» деген қолтаңба қалдырған. «Секен асуды» жеке орындауда Жанғали Жүзбаев, оркестрде «Ақ жауын» орындайды. 1989 жылдары Жұматай Жақыпбаев «Сенің «Көңіл толқыны» атты алақандай күйтабағыңды тыңдау үшін сандықтай проигрыватель (пластинка ойнатқыш) сатып алдым» дегенінен Секен талантына тәңірдей табынуды аңғарамыз. Ал Секен сияқты күй жазуға ұмтылған жастар қаншама?
Секен шығармаларының тақырыбы сан қырлы әрі оның бітім мәнеріне эпикалық суреттеу тән. 1986 жылғы «Желтоқсан төңкерісіне» арналған «Боздақ» деген күйі туралы 1994 жылы шыққан «Көңіл толқыны» жинағында: «Сол күндері менің көз алдымда бұл ғана емес, үнемі құрбандықтан тұратын бүкіл қазақ тарихы, адамның қанымен салық төлеп өзіне тіршілік-тыныс алып отырған кезең оқиғалары, әр заманда ел үшін, жер үшін шейіт болған қазақтың қисапсыз ұл-қыздары елестеді», – дейді автор. Бірақ бұған негізгі түрткі 1986 жылғы көзімен көрген, өзі де бел ортасында жүрген «Желтоқсандағы қанды қырғын». Бұл жерде «Боздақ» сөзінің астарында ел мен жер үшін қасық қанын қиып, құрбандық болу, «шейіт кету» деген мағына тұр. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деп жар салған Алаш алыптарының халықтық сипат алған «Алаш баласы – Қазақ баласы» деген ел бостандығы жолындағы «Алашорда қозғалысына» бүгінгі тәуелсіз ел ұрпақтарының бәрі де қарыздар. Міне, Секен күйіндегі айтылатын ой да, ұлттық ояну да осы кезеңмен үндес. Шығарманың танымдық, тәрбиелік мәні де, эстетикалық әсері де, сыршылдық сипаты да осында жатыр.
«Аруана» күйінде де сары даланы желмаясымен қақ тіліп, белден бел, қырдан қыр асып, бірі ботасын аңсаған, бірі «тірі шейітке» айналған мәңгүрт ұлын іздеген шерлі көкіректегі зар тұнып тұр. Бұл өткен күннің елесі емес, мұнда халық тағдырының нақты сорабы бар. Мұның астарында желмаясымен Асанқайғының жерұйықты іздегені сияқты келмеске кеткен көшпенділер өмірі мен ел болашағы бой көрсетеді. Бұған Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы қаһарман ананың көзсіз ерлігі әсер еткені хақ. Ал «Ақжүністе» батырлар жырындағы жар сүю мотиві сақталынған. Бұл күйден жайнамазын қыбыладан түсірмей, ешкімге таптатпаған қазақ әйелінің тектілігі, адалдығы, естілігі, көрегенділігі желдей есіп тұрады. Ат бауырынан қан кешкен жойқын соғысқа аттанған сүйген жарының жолына мінәжат айтып, екі көзі төрт болып телміріп тосуы, аман-есен оралуына тәуап етуі, ауыл-аймақтың қамқоршысы, жарылқаушысы, отбасының пірі болған әжелеріміздің асыл бейнесіне табыну – адамның жандүниесін тебірентеді.
«Төлегетай» күйі – ата-баба рухына тағзым.
«Көк бөрі» күйі – бөрілі байрақ көтеріп, көк бөрі киесімен күн кешкен қадым заманнан бергі ержүректіктің символы. Бұл күй халық арасына «Одинокий волк» деген атпен тараған.
«Бесік күйі» (Балауса) балалық шақпен қоштасу іспетті. Мұнда ойын баласының ақ қағаздың бетіндей кір шалмаған көңілі, аңғалдығы, жан шуағымен қатар жігіттік кезеңге аяқ басу, өмір табалдырығын аттау сияқты сана ағымы көрініс береді. Осы күйдің әсерінен «Саф» деген өлең жазған Ұлықбек Есдәулетовтің:
Бесіктегі әкесі бір жасында
ары өткен,
Бесіктегі баласы бір
жасында бері өткен…
Не ұғындың, қарашы,
қарапайым деректен:
Шекараның наласы –
қан мен қайғы, шер еккен.
Бір ғасырда екі өткен
шекараны жол қыла,
Бергі бетке топ еткен –
құндақтағы домбыра,
Құндақтағы сәбиге
қасиеті қонды ма?
Жүрмейтұғын жетекпен асау
басы оңды ма?
Сол сәбидің сарайы –
сыңғырлаған алтыннан,
Алтын таңның арайы,
жаратылған жарқылдан.
Саф сұлулық, саф алтын,
дарындының бағы алтын,
Саф алтынның қашан да
өзегінде зар тұнған…
Кедеймісің баймысың,
жұлдызбысың, аймысың?
Түсінетін қай кісің – саф
алтынның қайғысын?
Көңілдегі олқыны
толтыратын толқыны,
Асыл жүрек жолынан
қалай ғана айнысын?
Кедеймісің баймысың,
жұлдызбысың, аймысың?
Саф алтынның қайғысын –
түсінетін қай кісің?.. –
деген өлеңінде терең философиялық астар бар.
Осыдан тура бір ғасыр бұрын «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген Ахмет Байтұрсынұлы: «Оған оқырмандары түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқырмандары шаңына ере алмағанын көрсетеді», – деп жазған еді. Бүгінгі күні халықтың көзайымына айналған «Ақ жауын» оркестрінің тағдырын ойлағанда Мұқағали Мақатаевтың «Ойлы жас, түсініпсіз рахмет, Адамды адам түсінбеу – сол ақырет» деген сөзі ойға еріксіз оралады. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген данышпан Абай:
Мұңмен тәтті оралған
сазды күйге,
Жылы жүрек қайда
бар қозғаларлық? –
демей ме…
Төбемізде көк ту желбіреген тәуелсіздік құнын екшегенде, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ жерімізді бірден бірге жалғасып келе жатқан батырлар шоғырының аққан тер, төккен қанымен өлшеуіміз керек. Халқымызда «Ер туса, ел үшін» деген дана сөзі бар. Бес қаруын асынып, тұлпар мініп ту ұстаған сол даңқты тұлғалардың ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге қалдырған ең негізгі мұрасы – осыншама кең көлемдегі қасиетті қара жер. Бұл тұрғыдан бағалағанда, «Ұлы дала» күйінен құнды, «Ұлы дала» күйінен киелі ештеңе жоқ.
Секен күйлерінің біршамасы арнау жанрының даму фазасын көрсетеді. Мәселен, «Күлтегін» күйінде «Елім бар халық елім, елім қайда? Қағаны бар халық едім, қағаным қайда?» деген сөз тіріліп, ата-баба еншісі, белгісі, ырысы, қасиеті, білігі, таңбасы, киесі, рухы, мақтанышы, арысы тарих қойнауынан сыр шертетіндей. Мұнда тарихын тасқа қашаған көне заманның қасиетті мұрасы Күлтегін ескерткішінің Қазақстанға көшірілуіне орай күйші эмоциясын білдіретін асқақ пафос бар. Сондай-ақ, «Күлтегін» сияқты «Дарабоз» күйі де Ш.Уәлиханов «қаһармандық дәуір» деп атаған Абылай ғасырының бас сардары Қабанбай образы арқылы көрінеді. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түбегейлі зерттеле бастаған Қабанбай батыр сияқты идеал-қаһарманның бейнесін ашатын тұңғыш музыкалық кесек туынды екендігімен ерекшеленеді. «Өкініш» атты күйінде жұрттан бұрын талантына бас иіп, бар ықыласын төгіп, бата берген қоғам қайраткері Екейбай Қашағановтың образы сомдалса, Мәлгеждар Әубәкіровке арналған «Мәлгеждар» атты күйінде ұстаздың сом тұлғасы шебер сипатталады. Осы күйлердің қай-қайсысын тыңдасаңыз да, «мен осындай адам болғанмын» деп тылсым дүниеге жан бітіп, пейіштен тіл қатқандай әсер етеді. Міне, жақсы музыканы тыңдағанда ет жүректі пенденің елжіреуі, біртүрлі түсініксіз күйге енуі, сиқырлы үнді тыңдай бергісі келуі, жағымды дыбыстан жалықпауы осындай өнер туындыларының әсем де тылсым әсеріне байланысты.
Секеннің рухани ағасы болған, марқұм Қажытай Ілиясұлы «Араша» деген өлеңінде:
…Мектепке сіңген
күзетші-күйші атанып,
Балықтай үнсіз, батырдай
құнсыз кім жатты?.. –
дей келе:
Күйге айналдырар көңілге
түскен қырбақты,
Шабытты шағын түсіне
көрме біржақты.
Танысаң егер Тәттімбет
тірі ағайын,
Қымбаттылардың ішіндегі
ең қымбатты, –
деген екен.
Мақаланың басында айтылған Тәттімбет Қазанғапұлының «Саржайлау» күйін білмейтін бүгінде қазақ жоқ. Сондай-ақ, «Ұлыма өсиет» деген өлеңінде тағы да Қажекең:
«Қоңыр» мен
«Қосбасарды» түсінбесең,
Сәудегер боп
шығарсың сусылдаған», –
деп, Әбікеннің «Қоңыры» мен Сүгір, Тәттімбеттердің «Қосбасар» күйлерін айтып отыр. Ақынның Секенді Тәттімбетке теңеуі оның жанымен жаны үндестігінде жатыр. Ал түптеп келгенде, Секен – Тәттімбет мектебін жалғастырушы ғана емес, ХХІ ғасырдағы қазақ музыкасына, дәлірек айтқанда, күй жанрына түрен салған бірегей тұлға. Оның күйлерінде халықтық өнердің сілемі сақталғанымен, ол шертпе күй мен төкпе күйдің арасын жымдастыра отырып, шертпе күй де болмаған үлкен сағаны қосты. Бұл – күй әлеміндегі ұлы жаңалық. Секен күйлері ешкімге ұқсамайтын өзіндік қағыс ерекшеліктерімен, оң қол басбармақтың беретін дыбыс бояуларымен, заманауи үн ұйқасымен, әр ғасырдың, әр заманның өзіне тән саз иірімдерімен айшықталады. Сондықтан да ол елдің «қымбаттыларының ішіндегі ең қымбаттысына» айналды. Міне, сол себепті «Ақ жауын» оркестрі жаһандық құбылыстардың шаңына көміліп қалмай, ұлттық өнердегі ортақ тенденцияларды рухани өркендету үшін ауадай қажет.
«Ақ жауын» оркестрі қазақтың атақты күйші-композиторларының шығармаларын да шебер орындауымен ерекшеленеді. Мысалы, Құрманғазы, Дина, Тәттімбеттен бастап, Нұрғиса, Төлеген, Кенжебек, Мағауия, Мәлгеждар сияқты өнер тарландарының шығармаларын тыңдаудың өзі бір ғанибет. Төлеген аға көзі тірісінде ақ батасын беріп, Секенге былай депті: «Салтанатты» сахнаға сен алып шықсаңшы! Сен тартқан күй тіріліп кететіндей. Сенің қағысың, ойнау әдісің күйге өзгеше әсер, тың бояу береді. Күйімді өзгертіп тартам десең, саған ғана құқық берер едім. «Салтанатты» шерткен домбырашылардың, амал жоқ, арқасынан қағып жүрмін…». 1997 жылы Т.Момбеков 79 жасында дүниеден озған күні Таразда Мәдина Ералиевамен бірге екі бөлімнен тұратын концерт беріп жатқан Секен топырақ сала алмағанына өкініп, көзіне лықсып келген жасын тия алмай, күйді ерекше сезіммен сахнада тұңғыш рет орындайды. Содан бастап Секеннің орындауындағы «Салтанат» ерекше сыр-сипатқа ие болды.
Құрманғазы атындағы консерваторияның Мирас, Нұржан, Бекболат сияқты ұлт аспаптар мамандығының 4 курс студенттері Секен күйлеріне еліктеп, жаңадан күй шығармақ болады. Үшеуі де – өсіп келе жатқан болашақ күйші-композиторлар. Бірақ қанша тырысса да, Секен күйлерінің жетегінен шыға алмай, соны сүрлеуге түсе алмағандықтан «Секен – шедевр» депті өздеріне-өзі. Десе де, балалар ұмтылысы қолдауға да, айтуға да тұрарлық емес пе? Міне, аузынан ана сүті кеппеген осы жасөспірімдердің күйші-композиторға деген ыстық ықыласы, шексіз құрметі Секен салған сара жолдың мәңгілік мазмұн көрсеткіші.
Секен әндерінің өзі бір төбе. Айталық, «Отаным – Қазақ-
станым», «Асыл ана», «Ерке құсым», «Қоңыр жел», «Шағала», «Тарбағатай», «Өсиет», «Бауырым, сонау күн қайда», «Аяулы арман, дүние», «Айхай, заман», «Қос жұлдызым» (бұл әндердің өлеңін жазған Н.Айтұлы), «Аққу сазы», «Қарлығашым», «Қоңырқаз» (әні де, өлеңі де өзінікі), «Көктемім менің көктемім» (өлеңі Иран-Ғайыптікі) әндері мен «Мен бір жұмбақ адаммын» (Абай) романсы, «Аяқталады бәрі де» (өлеңі Ұ.Есдәулеттікі), «Жанымнан тәтті өмір» (өлеңі Б.Беделхандікі) сияқты толғаулары жұртшылыққа кеңінен таныс. Секен әндерінде де өзіне тән стиль бар, қай әнін алсаңыз да, өлең бен әннің үндестігі әдемі қабысып отырады.
Секенге арналған арнау өлеңдер бірінен-бірі өтеді. Мысалы қарт ақын Жәркен Бөдешев:
Қара домбыра төккенде
күйдің селін,
Жібереді тарқатып
мидың шерін…
Сондай мұңлық күйшіні
Алаш туған,
Құрбан шалып жолына,
бал аштырған.
Оны көрсем
көктемді көргендеймін,
Бәйшешегі оянған қар астынан, – дейді.
Жеке адамды рухани-психологиялық феномен биігінен көріп, күйшіге деген мейлінше құрмет көрсеткен мұндай өлеңдерді көптеп келтіруге болады.
2008 жылы жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбеков Қорқыт заманынан бері келе жатқан күй тарландарын санамалай отырып, «ХІХ ғасырда– Құрманғазы, ХХ ғасырда – Нұрғиса, ХХІ ғасырда – Секен» дей келе: «Рас, ұлы дәстүрдің үзіліп қалмауын тәңірден тәуап етіп тілейтініміз де жасырын емес. Күйдің шежіре көкірек тілін жорып-түсіне алмайтын, қасаң нотаның ізінен жаңылмауды ғана мұрат тұтатын пенде-дирижер пультіне шыққанын жүрек шіркін қаламайды-ақ! Әзірше ұлы дәстүрдің жығасын қисайтпай, туын төмендетпей келе жатқан бірден-бір өнерпазымыз Секен Тұрысбек екеніне, ол жетекшілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі екеніне шүкіршілік етеміз», – деп жазған екен. Бұдан күй жанрын арнайы зерттеген қарымды қаламгердің ыстық ықыласы мен шын пейілін анық аңғарамыз.
Ұлттық музыка арнасында Секен салған алтын сарай уақыт жылжыған сайын биіктеп, жарқырай түсетіндігінде шәк жоқ.
Руда Зайкенова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры, филология ғылымының докторы.
ПІКІРЛЕР2