Жауын жауғанда жолығайықшы
26.05.2025
163
1

Айдар СЕЙДӘЗІМ

Меңді қыз

Жылытып кеткен лебіздей мені,
Алаңдап көңіл нені іздей берді?
Күлкісі көркем кекілді қыздың,
Есімде қапты мейіздей меңі.

Есімде қапты мейірімді көзі,
Қасы тым сұлу, иілген кезі.
Ұялып шіркін, қараған шақта,
Шарасыз қалды мейірдің де өзі.

Кекілі төгілген, жасырма қабақ,
Жанарын үлгердім жасынға балап.
Есеңгіредім де мен қала бергем,
Ғажайып сәтті ғасырға балап.

Көңілсіз еткен кешімді керім,
Кербез сұлуды кешірген едім.
Кекілді қыз көрсем, алаңдай берем,
Өйткені меңің — есімде менің.

Таңғы шық

Бұл фәнидің у мен зәрін мәңгі ішіп,
Қайғы-мұңның запыранын сан құсып,
Тазармастай былғанғанда жан дүнием —
Мөлдірлікті сенен көрем, таңғы шық.

Ар мен ұят қинағанда жан қысып,
Жүрегімде пайда болса зәрлі ұшық.
Тек өзіңмен ұшықтағым келеді —
Тазалыққа тұнып тұрған таңғы шық.

Бар маңайым жатқан шақта тартысып,
Тізелеймін тіршілікте талықсып.
Өлгім келген кездерде мен ар құшып,
Саған тартқым келеді —
Күн көзіне күмістенген таңғы шық.

Жалыққанда, зарыққанда жалғаннан,
Бас тартамын талғамнан һәм арманнан.
Таңсәріде қойды өріске айдарда,
Күмістейін күлімдейсің бар маңнан.

Ей, таңғы шық, таңғы шық!
Өз мұңымның у мен зәрін таңда ішіп.
Саған еріп, масаң күйлі қалыппен
Кетсем бе екен ғарыш жаққа — мәңгі ұшып…
Таңғы шық.

Кездесу СМС-і

Атқанымен таң нұрлы,
Кешкі қала — жаңбырлы.
Қолшатырлар барады,
Бүркеп қанша тағдырды.

Қашырғанмен шырайды,
Жауын көпке ұнайды.
Басылар деп күтпегін,
Тоқтамайтын сыңайлы.

Күз — көңілдің пейіші,
Мұңлықтардың кейісі.
Танау жарып барады,
Мына жауын иісі.

Болмасыншы күйініш,
Келу болмас — қиын іс.
Бізді асыға күтеді,
Сол баяғы қиылыс.
Қала кеші — ғаламат,
Көңіл сені қаламақ.
Елітейік кофенің
Иісіне аромат.

Қоңыр кештің түсі өңіп,
Тұрған да жоқ іс оңып.
Шықшы ертерек үйіңнен,
Келші, кофе ішейік.

Жауын жауғанда жолығайықшы

Ләйлі-Мәжнүн боп зарығайықшы,
Қозы-Баян боп сағынайықшы.
Жасымды саған көрсете алмаймын,
Жауын жауғанда жолығайықшы.

Жылы лебізге құлақ тұнғанда,
Шешімді естіп жылап тынғанда.
Басыңды менің кеудеме қоймашы,
Жүрегім өксіп жылап тұрғанда.

Көзіңе жастың моншағы тұнды,
Неге үзесің сонша үмітімді?
Жауын жауғанда жылап алайын,
Алып шықпашы қолшатырыңды…

Кешір

Кешір, кешіре гөр,
Қабылдап қойған болсаң шешім егер,
Мен саған ешқашанда өкпе айтпаймын,
Санаңнан түпкілікті өшіре бер!

Ұмыт, ұмыта сал!
Үмітіңнің кесегін үгіте сал.
Жан дүниеңмен сен-дағы берілмедің,
Кілтің бола алмадым құлып ашар.

Үміт үзбе,
Саған бақыт сыйлайтын жігіт ізде,
Сараң тағдыр сарсаңға салып алып,
Бір болуды қимапты түбі бізге.

Есіңе алма,
Мейлі сен кешіре алма,
Суретімді отқа жақ кесіп ал да,
Өксіген жүрегіңнің өші барда.

Қарғамағын,
Қалмаса да басқаша айла-амалың,
Бір болуды жазбапты тәңір бізге,
Өз бағыңды, ендеше, байламағын.

Алаңдама,
Жүрек шешім айтады шамаң бар ма?
Есерсоқтау еді деп есіркеме,
Ұрынып қалар деме жамандарға.

Ақталмағай,
Достар күткен еш үміт ақталмады-ай,
Бақта түскен сүгірет соңғы екен ғой,
Ол да, әйтеуір, еш жерде сақталмады-ай.

Осымен ұмыта сал,
Күдік басым болды ғой үміт осал.
Мендік қолдан келмеген дүниені,
Өзге бір жігіт жасар.

Күзді сүйем

Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем.
Ғашықтықтың бойдағы ізгісімен.
Жапырақтай үмітім үзіледі,
Түңілгендей кейіпте жүз кісіден.

Күзді ұнатам,
Жо, жо, жоқ, сізді ұнатам,
«Көңіл, – деме, – үмітін үзді, Ботам»
Жақсы көрем жанымнан сенесің бе?
Сенің кейпің – әдемі, күз, құла таң,

Күзді күттім,
Жо, жо, жоқ, сізді күттім,
Ынтығыппын, соншалық үздігіппін.
Жаңбырлы кеште біздер
жолығайық,
Иісіне елітіп ізгіліктің.
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем…

Керегі жоқ

Керегі жоқ ешкімнің,
Жалғыз жүріп, кештім мұң.
Жаңалықтай жалт етіп,
Естеліктей ескірдім.
Мына жалған бес күннің,
Мағынасыз екенін,
Бірақ, әттең, кеш білдім.

Керегі жоқ достың да,
Дос дегенің бос тұлға!
Жат атанып қоғамға,
Ұқсап кеттім босқынға.

Керегі жоқ қастың да,
Кәрі емеспін жаспын да.
Шахтёрлардай шыға алмай,
Қалдым мұңның астында.

Керегі жоқ ештеңе,
Ілесе алмадым көшке де.
Жанымдағы жандарға,
Тіл бармайды «Қош!» деуге.

Керегі емес аяудың,
Құмырсқадан баяумын.
Жапырақтай талдағы,
Таусылуға таяумын.

Керегі емес ештеңең,
Болған емес еш дәмем.
Артымызда қалса екен,
Ел сүйетін есті өлең.

Әй, жалған-ай

Жалғандыққа алданып жан бағасың,
Жалап жаза алмайсың жан жарасын.
Жаныңды ұғар жан таппай айналаңнан,
Жалғыз қалып жылауға да арланасың.

Ұятыңның шын тіреп арға басын,
Аралайсың қара ойдың тар қапасын.
Тірі жан керек болмай күндер зулап,
Жар саласың тигенде жарға басың.

Жалғыз қалып отырасың жан жүдетіп,
Лезде атады мұндайда таң «зыр» етіп.
Шытырманға тым толы тағдырыңды,
Айға айтып бересің таңсық етіп.

Сырт көзге секілдісің қайсар ағай,
Ішкі үніңді бүркейсің жар сала алмай.
Жан жарың да жаныңа үңіле алмай,
Сырласыңа түбінде Ай жарамай.
Сен де өтерсің түсінбей әй, жалған-ай…

САҒЫНЫШ – ҒҰМЫР
Елеске есің кетіп елту керек,
Өлеңге берген менің сертім де ерек.
Балгер мен тәуібің де емдей алмас,
Мендегі сағыныштың дерті бөлек.

Айта алман ерте кеткен еліме дау,
Демегей: «Ерте кеткен ерім еді-ау».
Дерттенген дімкәс көңіл жан шығармын,
Мендегі сағыныштың емі жоқ-ау…

Көкесіне кезігіп жай ұқпастың,
Қадамымды демеймін лайық бастым.
Тас қаладан жабысқан жүрегіме,
Әй, осы дерттен мүлде айықпаспын.

Атанғам жастайымнан тәуір бала,
Кеудесін баспаған еш ауыр нала.
Жадырап жазылуым екі талай,
Дертімнің дәруіші ауыл ғана.

Жүрегімді кеткендей дендеп ұшық,
Жүйрік мініп шапсам ғой белден түсіп.
Дертімнен мәңгі айғып қайтсам ба екен,
Дермененің дәндерін демдеп ішіп.

Кеудеме тау секілді жарылыс тән,
Дөп келсе деп ойлаймын тағы нұсқам.
Күйік-нала, тіл-көзден, сөзден емес,
Ажалым болса деймін сағыныштан.

Туыспыз

Бүгiнiм – тарих, ертеңiм – елес,
Күн өткен сайын өртенiп өңеш.
Анадан алтау, мұныммен жалғыз,
Тырбаңдап келем ертелі де кеш.

Зiлаяқ емес уақыт – зымыран,
Мұңға толы екен бақыт – құмырам.
Тайтұяқ сынды төзiмдi eдiм,
Шыныдай етiп уатты күмән.

Жұбатты – үмiт, жылатты – күдік,
Бәріне тәйірі бiр-ақ түкiрiп.
Кетiп қалсам ба әлемдi кезiп,
Қоғамнан алыс, жырақ құтылып.

Уыстап шашар ырысты кiм бар?
Түбінде сезем ұлысты күн бар.
Кiмде-кiм егер жалғызсыраса,
Сол жанға менің туыстығым бар.

Мұң және мен

Қалай ғана емдейін жан жарасын?
Жазылмады, жасадым жөн-жобасын.
Дейді ме әлде «Ақын ғой, қан жаласын»,
Аңғал-саңғал жанымды аямаған,
Тағдырыңа тасбауыр таңғаласың.

Таңғаласың тасбауыр тағдырыңа,
Ем таппай сенделесің жан мұңыңа.
Шаршағанда шарпысып, арпалысып,
Қолды сілтеп қоясың барлығына.

Жан жарасын жазайын қалай ғана?
Күңіреніп күн кешкен бар айнала.
Мұң үйірген кеудеге тек мен емес,
Мен секілді күй кешкен талай бар, ә?..

Мұңды бірақ бақыттан кем көрмегем,
Жүрек дерті еш жолмен емделмеген.
Мұң менімен бармайды ана өмірге,
Ажал келіп, мен бейбақ өлгенменен.

Қалай ғана жазайын жан жарасын,
Мұңнан қашан арылар арқа-басым?
Мыңмен емес бір мұңмен арпалысып,
Емі жоғын түбінде аңғарасың.

Кеуде ұйытып қайғының солғын демі,
Тұйықталып барады жолдың көбі.
Мен де оған қалғам-ау бауыр басып,
Ақын етіп жіберді-ау сол мұң мені. 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.06.2025 | 17:08

Қожанасыр құсап жаңбыр жаңбырдың арасымен су болмай жолығайықшы дейсің ау, ә

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір