Бұйығы тартқан бұйрат құмдардан…
18.11.2016
2067
0

Еділбек Дүйсенов

***
Ай арылттым… Жыл жеңілттім… Жол қарап,
Тұнжырайды төбемдегі Ай қорғалап.
Қара тасқа тамып жатыр тағдырым,
Жапырақтың жанарынан сорғалап.

Жапырақтай жүрегің бар гүл-еркем,
Өзіңді ойла! (мені қойшы… күнелтем…).
Балпаң басып, балағына сүрініп,
Күз келеді күні ертең…

Мұңды тыным.
Түн – күпінің ілгегі шешілмепті.
Ашылмапты бүрлері.
Жұлдызы жоқ не бір буаз айы жоқ,
Сонша соқыр түн бе еді?!

Сарсылтты ғой… Қашан атпақ таң сығыр?
…Қырық бір тас санап отыр балшы қыр.
Тылсым тұнған таңдайына түнектің,
Тамып кетті тамшы нұр…
Тұршы, таң атты!..

ТҮН. МЕЛАНХОЛИЯ
(Диптих)
І
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын.
Көкке қарап көк-сұр ернім кеберіп,
Мен отырам жындысүрей жандайын.
Есімді алып он бесінен толған ай,
(Жұлдыз біткен: бөтелкенің сынығы).
Уға айналған Үмітсің деп қойғаны-ай,
Құлақтағы Періштенің күбірі.

«Айырмаң жоқ. Сен де мендей ғаріпсің!», – дейді
Ессіз түн құшағына бойласам.
Басынан бұлт домалаған алып шың
Ол да бір күн шөгетінін ойласам…

Зарым төксем, тыңдайтындай мені ұйып,
Сабыр ғана ұстап тұрған сан асқар.
Маңдайына Ай ілген түн мөлиіп,
Айға қарай ұмсынады ағаштар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір