Жүрекке жететін әндер
Аманкелді СҰЛТАНҒАЛИ
Аманкелді СҰЛТАНҒАЛИ – өмірдің жеті белесін бағындырған қария. Алыстағы Атыраудан ел ордасы Астанаға жиі келіп тұрады. Себебі, Астана – күллі қазақ үшін қадірлі, ұзақ көрмесең сағынышқа бөлейтін қала деп санайды…
– Елордамызға жиі келесіз. Астана сіз үшін несімен ерекше?
– Астана – жалғыз маған ғана емес, иісі қазаққа, барлық қазақстандыққа әрі ыстық, әрі қадірлі, әрі қымбат қала ғой. Қазір әлем жұртшылығы да қызығып, Елордамызды көбірек біле бастады десем, артық айтқаным емес. Өзім Атырауда тұрсам да, елорданың мәртебесі өскеніне елмен бірге қуанып отыратын жанның бірімін.
Астананың жыл сайынғы өсу, өркендеу тарихымен таныспыз. Баспасөзден оқып, теледидардан көріп жүрміз. Барлық жетістігіне, бой көтерген әрбір сәулетті ғимаратына көз салсақ, Елбасымыз Нұрекеңнің қолтаңбасы көрініп тұрады. Соған қуанған халық алдағы табыстарына да тілекші болып отырады. Қазақстанның астанасы осылай көркейе берсе екен, сонымен бірге еліміздің қалалары мен ауыл-аудандары да өркендеп, халқымыздың жағдайы жақсара берсін деген тілегіміз бар.
– Бұл қаланы бірінші рет қашан көріп едіңіз?
– Алғаш рет 1973 жылы Целиноград кезінде іссапармен келіп едім. Сол кезде бүкілодақтық геология симпозимумы өтті. Геология мамандары, ғалымдар бас қосқан жиын болды. Кеңестер одағына қарасты Балтық жағалауы, Кавказ бойындағы республикалардан делегаттар келді. Атыраудан Серік Айталиев екеуміз келіп қатыстық. Ол кезде геофизика мекемесінде бас экономист-бухгалтер болып қызмет істейтінмін. Сонда қала орталығындағы бір қонақ үйде тұрғанбыз. Ал енді 2005 жылы келгенімде қала мүлдем өзгеріп кетіпті. Бұрынғы өзіміз тұрған қонақ үйді таба алмай қалдым. Өйткені, бұрынғы ғимараттардың барлығы жаңартылған, неше түрлі жаңа үйлер салынған екен. Целиноград кезінде кәдімгі облыс орталықтарының бірі болатын. Ол кезде әуежайы да шағын еді.
Бүгінгі таңда Астана әлемге танылды. Дүниежүзіндегі 30 қаланың бірі болып аталды. Бейбітшілік қаласы деген жүлдеге ие болды.
Өнер әлемінде Астанаға арналған шығармалар жыл сайын көбейіп келеді. Небір тамаша әндерді естіп жүрміз.
– Білуімізше, халықтық өлең-жырға кенде емес жансыз. Бүгінгі қазақ әні мен күйі туралы не айтасыз?
– Қазақтың ән мен күйі қарқынды даму үстінде. Халық композиторларының күйлері мен әндері оркестрлерде жоғары деңгейде орындалып жүр. Жаңа әндер жазуға талпынып жүрген жастар да аз емес. Біз бұған қуанамыз. Бірақ бізге керегі – халықтық дәстүрдің сақталғаны, ұлттық өнердің өз бояуын жоймағаны. Өнер иесінің жан-дүниесінен туындап, қазақ халқының жүрегіне жететін әндер мәңгілік шығарма болатыны сөзсіз. Біз халықтық дәстүрлі әндерге бас иеміз.
– Бірақ бүгінгі күні «жылтырақ» әндер де сахнаға шығып жүр ғой?
– Оған ештеңе істей алмайсың. Ол да заманның бір ағымы шығар. Сөзі жұтаң, тек билеуге арналған әндерді естіп жүрміз. Халық түптің түбінде ақ пен қараны айырады. Ондай әндер халық көңілінде қалмайды. Өтпелі кезеңнің уақытша «әлаулайлары» ғой. Бәріне уақыт – сыншы.
– Аздап ән жазатын да өнеріңіз бар екен. Өнерге бала кезден әуес пе едіңіз?
– Туған жерім Тайсойған, Қызылқоға ауданы. Өнерлі жандар көп шыққан өңір. Жас кезімде Құлсары аудандық оркестрде өнер көрсеттім. Сол оркестрдің құрамында бүгінде ел білетін өнер иесі Айтқали Жайымов та болды. Жас кезінен-ақ үлкен дарын иесі болатыны байқалып тұратын. Ел тілегі қабыл болғаны ғой, бүгінде ол Алла берген дарынның арқасында танымал композитор атанды, шығармалары Қазақстанда да, шетелде де орындалып жүр. Еліміздегі ең үздік дирижердің бірі.
Өзімнің шығармашылығыма келсем, үлкен дүниелерді тындырып тастадым деп айта алмаймын. Біраз әндерімді жинақтап кітап етіп шығардым. Бірінші кітабыма 20 әнім, екінші жинағыма 30 әнім енді. Қазір үшінші кітапқа 15 ән дайындап қойдым.
Соңғы кезде екі ән шығардым, оның бірі Әбіш Кекілбайұлына арналған «Кемеңгер» әні. Өлеңді «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым, сонда алғашқы шумақтағы:
«Бұлақ еді бір кезде бастау алған,
Маңғыстаудың
қатпарлы қыратынан…», –
деген сөздер мені тебірентіп жіберді. Қай адам да сондай киелі жерден бастау алмаса, ұлы болып шықпайды ғой. Әннің сөзі Әбішке жарасымды келісті болып тұрғанын байқадым.
Екінші ән «Мейірімді жан еді» деп аталады, ол Фариза Оңғарсыноваға арналған. Жас кезімізде Әбішпен де, Фаризамен де дәмдес, пікірлес болғанбыз. Еліміздің ең қадірлі азаматы, қаламгерлері болды. Енді олардың мәңгілік шығармашылық жолы басталды. Осы екі әннің де нотасын жас композитор Нұрлан Бекенов оркестрге түсірді. Астана мемлекеттік филармониясының қазақ ұлт-аспаптар оркестріне лайықтап, дайындау үстінде.
– Көпті көрген қариясыз ғой. Бүгінгінің жастарына не айтар едіңіз?
– Бүгінгі жастарға қарап қызығамын, жетістіктеріне қуанамын. Осындай сәулетті, берекелі заманда өмір сүру – баянды бақыт. Сол бақытты қадірлей білсе екен деймін. Өзінің қазақ екенін мақтан тұтып, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыра түсуге үлестерін қосса, аға ұрпақ та оларға дән риза.
Елге, халыққа қызмет жасайтын азамат болу – әрбір адамның ел алдындағы перзенттік парызы. Ал білім мен ғылым жолында өзін шыңдай берсе, өнер жолында үлес қосып жатса, тіптен ғанибет! Алладан тілейтінім – жастардың бойларына намыс, жүректеріне жылылық берсін. Қазақ елінің өркендеу жолында аянбай еңбек етсе, ондай жастарымызбен бәріміз де мақтана аламыз.
– Айтқаныңыз келсін, әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен А.Бәймен.
АСТАНА.