ЗЕРДЕЛІ ҒАЛЫМ, ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА
18.11.2016
2593
1

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА Вице-президенті, академик


Адамның адамгершілігі мен ізгі қадір-қасиеттері оның жан дүниесінің тазалығында, бекзат болмысында, адалдығы мен қайраткерлігінде. Қандай істе болсын, ел үшін қызметін аянып қалмайтын, білімі мен парасатын, сүбелі сөзі мен зерделі ойын, күш-жігері мен ерен еңбегін ел игілігі үшін жұмсайтын жандар қашан да сый-құрметке лайық. Шығыстың ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде», – деген екен. Өзінің барлық саналы ғұмырын туған халқының болашағына арнап, осы жолда талмай қызмет еткен қайраткерлеріміз аз емес.  Солардың бірі әрі бірегейі – ғалымдық пен қайраткерлікті ұштастырған, елінің ардақты азаматы, зерделі ғалым, зиялы тұлға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов. Қашан да «халқыма не бердім» деп атқарған еңбектерін бағамдап, өткенді талғам таразысына салып, саралай білетін академиктің егемен еліміздің ғылым саласында атқарып келе жатқан қалтқысыз қызметі мен еңбегі орасан.

Қазақстан ғылымының қара­шаңырағы – Ұлттық Ғылым академиясында Мұрат Жұрынұлымен ғылым жолында қанаттаса, қатарласа, тығыз қарым-қатынаста бірге қыз­мет етіп  келе жатқан­дық­тан ұстаз-академик аға­мызды тек өнегесі мол ғалым ретінде ғана емес, кең жүректі, ықыласы ауған адам­ға жан сарайын жайып салатын, айналасына жанашыр, қадірлі аға, сенімді дос, айнымас бауыр бо­ла алатын ерекше қабілет-қары­мы арқылы етене тани түстім. Қа­шан­да ақыл-кеңесін, қам­қорлық-көмегін аямайтын ағамыз – ойы салмақты, сөзі – құнарлы, мінезі – сырбаз, ақкөңіл, жаны жомарт аза­мат. Өз басым өмір өткелдері мен ғылым жолында Мұрат Жұ­рын­­ұлы сынды, көрген-білгені мен кө­кірегіне түйгені мол, кеңпейіл азаматтың  қолдауын үнемі сезініп ке­лемін.
Әрдайым айналасына шапаға­тын тигізіп жүретін өнегелі ғалым бүгінгідей биік белеске өзіне тән ізденімпаздықтың, табандылық пен айрықша ерік-жігердің арқа­сын­да жетті. Ол өз бойындағы тек­тілікті ата-анадан алған тамырлы тәрбиемен, туған жерден дары­ған қасиеттермен нәрлендіре түсіп, өмір мектебінде шыңдалып, хал­қына шынайы берілген тұлғалы аза­матқа айналып, ғылымның үл­кен тұғырына көтерілді. Мұрат Жұрынұлы интеллектуал тұлға ретінде, еліміздің білім-ғылым са­ла­сының заманға сай дамуына ықпал етіп, біліктілігінің арқа­сын­да бірнеше буын шәкірт тәр­бие­леп, тәжірибелі ғалымдар мек­те­бін қалыптастырды. Отандық ғылымның жаңа бағытта өркен­де­уіне өлшеусіз үлес қосып жүрген академиктің еңбектері Тәуелсіз мемлекетіміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдердің ғылыми ортасында да мойындалып, жоғары бағасын алып, әр жылдары мем­ле­кет­тік, халықаралық деңгейдегі бе­делді де құрметті  атақтар мен ма­рапаттарға лайық деп танылуда.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдарынан бері Ұлттық Ғы­лым академиясы көптеген қиын­дық­тарды бастан өткерді. Заман ағымы өзгерген сайын ғылымға қойылатын талаптар да күшейіп, академия қызметі нарық заңды­лық­тарына тәуелді бола бастады. Осындай алмағайып кезеңде Мұрат Жұрынұлы өз табандылы­ғы­ның арқасында қазақ ғылымы­ның қара­шаңырағын сақтап қала алды. Жаңа заманның жаңа талаптарына сай академия жұмысына тың серпін берген Мұрат Жұрын­ұлы 2004 жылы еліміздегі ірі ұлттық университеттердің негізінде академия жанынан жаңа жасақталған Ғылым бөлімшелерін ұйымдас­тыр­ды. Солардың ішіндегі өзім же­тек­шілік ететін Аграрлық ғы­лым­­дар бөлімшесі – Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті негізінде құрылды. Қазіргі  кезде университе­тіміздегі барлық ғылым, білім бағытындағы іс-шаралар ең алдымен аталған бөлімшеде талқыла­нып, одан кейін академияның ғылыми кеңесінде қаралып, содан кейін ғана университет аясында атқарылып келеді. Мұрат Жұрын­ұлы­ның ауылшаруа­шы­лығы білімі мен ғылымына деген ықыласы ерекше. Тұлғалы ғалымның ұйыт­қы болуымен бүгінгі күні академия жанынан шығатын «Ұлттық  Ғы­лым академиясы хабаршысы» деп аталатын үлкен ғылыми басылымда «Аграрлық ғылым» сериясы бойынша ғылыми материалдар жарияланып келеді. Бұл ретте біздің әр бастамамызға, әрбір ұсы­ныс­та­рымыз бен ғылыми жобала­рымызға Мұрат Жұрынұлы тікелей қолдау көр­сете­тіндігін, ғылыми басқосу­лар мен маңызды  жиын­дарымызға қатысып отыра­тынды­ғын ерекше айтқым келеді.
Академия тарапынан үнемі қол­дау тауып келе жатқан Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті бүгінгі күні 85 жылдық терең тарихы бар, экономиканың аграрлық секторы үшін мамандар дайындайтын, Қазақстан мен Орталық Азия­дағы жетекші жоғары оқу орны болып табылады. 2001 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық статус иеленген оқу орнымыз бүгінгі күні Ұлттық зерттеу уни­верситетіне трансформациялануда. 2010 жылдан бастап университет инновацияға бағытталған аграрлық жоғары оқу орны статусын алды. Қазіргі таңда ауыл ша­-
р­уа­шылығын дамытудағы әлемдік озық үлгілерді зерттеуде, оны насихаттап, Қазақстан жағдайына сәйкестендіруде университет ға­лым­­дары Мұрат Жұрынұлы бас­қара­тын Ұлттық Ғылым академиясымен тығыз қарым-қатынаста, әріптестік жағдайында аянбай еңбек етіп, нәтижелі жетістіктерге жетуде.
Қарапайым ауыл балалары білім алатын университетіміздің ба­засында  биылғы  жылы «Агро­тех­но­логиялық хаб» өз жұмысын бастады. Ол мемлекеттің және жеке меншік сектордың қорларын бір арнаға шоғырландырып, оны ел үшін пайдалы, перспективасы жо­ғары, бәсекеге қабілетті жоба­ларға бағыттауға жаңа жол ашуда. Бұл бірегей хаб еліміздегі агроөн­діріс­тік технологиялар трансферті мен  ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландырудың алаңы болып табылады. Ұлттық Ғылым ака­демиясымен тығыз байланыс орнатқан Агротехнологиялық хаб құрылымына: университет жанын­дағы ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу қоры, технопарк, ғылыми-зерттеу орталықтары мен зерт­­ха­налар, бизнес-инкубатор кіреді. Біздің студенттеріміз, магис­транттар мен докторанттар осы үрдіске тікелей қатысып,  аг­рар­лық секторда өз ғылыми жұ­мыстарын дамытуда. Агро­тех­нологиялық хаб жобасын жасау ба­рысында академик Мұрат Жұрын­­ұлы еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне арнайы ұсыныс жасап, хаб негізін қалаушы зерттеу орталықтарын құру әлем талабы екенін айтып, осы арқылы отандық агроөндірістік кешенді инновациялық бағытта дамыту қажеттігіне зор сенім біл­дір­ген болатын. Бүгінде осындай бірегей материалдық-техникалық база университеттің жаһандық дең­гейде зерттеулер жүргізуіне мүм­кіндік береді. Бұны  шетелдік жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының сарапшылары растап, оң бағасын берді. Біздің әрбір ісімізді әрдайым қолдап жүретін Мұрат Жұрынұлы оқу орнымыздың Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісі бойынша оқу-тә­жіри­белік, өндірістік-техникалық ке­шен­ді жаңғыртуға қатысты бағ­дар­­ламаларымызға да ұтымды ұсыныстарын енгізіп, тікелей көмек көрсетіп келеді.
2014 жылдың қараша айында Елбасының жеке қабылдауында болар алдында Ұлттық академия­ның  Аграрлық  ғылымдар бөлім­ше­сі мүшелерімен бас қосып, айтар ұсыныстарымызды талқылап, академия басшысы Мұрат Жұрынұлын университетімізге арнайы шақы­рып, ақылдасып, ұжыммен пікір­лес­­кен едік. Осындай маңызды кез­десу алдында тұлғалы академиктен үлкен қолдау таптық. Елбасы кездесуінен кейін ауыл ша­-
р­уа­­шылығы саласында ғылым, бі­лім және өндіріс интеграциясын дамыту туралы нақты тапсырма алғаннан соң да Мұрат Жұрынұлы­мен алдағы атқарар іс-шаралары­мыз­ды, жүзеге асыратын бағдарла­ма­ларымызды жоспарлап, ке­ңес­тік. Нәтижесінде 2015 жылы Елбасы­ның шешімімен, Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің жанынан «Ұлттық аграрлық ғылым-білім ор­талығы» ашылды. Аталған орта­лық аграрлық университеттер мен ғылыми-зерттеу инс­титут­тар­дың, шаруашы­лық­тар мен  өндіріс­ші­­лердің, ғылым мен бизнес құры­лым­дарының өзара ық­­­пал­дас­тығын күшейтуге сер­пі­ліс беруде.Бұл бағыт­тағы жұ­мыстарымызға да Мұрат Жұрын­ұлы ерекше көмегін көрсетті. Ұлттық Ғылым академиясымен бір­лескен жүйелі жұмыстың нәти­жесінде аталған орталық  құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік станциясы, коммерцияландыру мен білім беру және білім тарату орталықтары және 3 аграрлық жоғары оқу орындары кірді. Бүгінде еліміздегі 3 жетекші аграрлық  жоғары  оқу орындары­ның  базасында  аг­роин­дустриал­дық кластерлер құрылды. Қазақ Ұлттық Аграрлық уни­верситеті базасында «Оңтүстік және оңтүс­тік-шығыс» кластері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық универси­теті база­­сында «Солтүстік» және Жәңгір хан атындағы Батыс Қа­зақс­тан агротехникалық универ­ситеті базасында «Батыс» кластері құрылды. Бұл агрокластердің мақсаты – ауыл шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерді шешу.
Зерттеу орталықтары мен аг­рок­ластерлерді құру арқылы біз Ұлттық Ғылым академиясының Ауыл шаруашылығы бөлімшесінің академиктерінің, аграрлық сала­дағы ғылыми-зерттеу институттары мамандарының, көрнекті ға­лым­­дардың мүмкіндіктерін бір орталыққа шоғырландырып, заманауи міндеттерді бірлесіп шешуге жол аштық. Ең бастысы, аграр­лық бағыттағы университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары ав­тономиялық бағыттарын жетіл­діріп, заман талаптарына сай өзін-өзі басқару және  өзін-өзі қар­­жы­лан­дыру мүмкіндігіне  ие болып, ака­демия­лық еркіндікке қол жеткізді.
Әлемдік қауымдастық мойын­да­ған академиктің ғылыми қы­зығу­шылығының ауқымы өте кең, өндіріске енгізген жаңалықтары да мол. Қайраткер  ағамыздың ғылы­ми  қызметінен  бөлек, азаматты­ғын, қоғам жанашыры ретіндегі қызме­тін де айрықша атап өтуге лайық. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы құрамына  Қазақстанның ең ал­дың­ғы  қатарлы  ғалымдары – Ака­демияның толық мүшелері (ака­демик­тер) және коррес­пондент-мүшелері  кіретін  рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестік болып табылады. Академия құ­ра­­мында: 140 академик және 110 корреспондент-мүшелері, 17 шетелдік және 78 құрметті мүше бар. Академияның Аграрлық ғы­лымдар бөлімшесінің өзінде 44 академик бар.
Қазіргі кезде Ұлттық Ғылым академиясының академиктері отандық, халықаралық ғылыми жобалар мен бағдарламаларға, ғы­лыми жаңалықтарға  арнайы сараптама жүргізуге мүмкіндік алды. Бұл  да  академия басшысы­ның еңбегі. Мұрат Жұрынұлы әр уақытта Ака­демияның әр мү­ше­сіне, ғылыми-зерттеу институттары мен шаруа­шылықтардың мерейтойларына ерекше кұр­­мет-көңілмен қарап, олардың ғылыми ізденістеріне дем беріп, игі іс-шараларын атап өтуге, кітап­тарын шығаруға, ғылыми атақ-дәреже алуына үнемі қолдау білді­ріп жүреді. Академия мүшелері қандай да бір жағдайға душар болып, науқастанып қалса да маған хабарласып: «–Тілектес бауырым, қадірлі ағамыздың шаңырағына барып, хал-жағдайын біліп, көңілін сұрап қайтайық», – деп ниет біл­діріп отыруының өзі Мұрат Жұрын­ұлының ізгілігі мен кең­пейіл­дігін көрсетеді.
Еліміздің ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымына айрықша еңбек сіңірген, бүгінде дүниеден өткен Хайдар Арыстанбеков, Зейнолла Қожабеков, Қасым Асанов, Қилыбай Медеубеков, Ғазиз Тә­шенов, Серік Мұхамеджанов, Виктор Вернигор, Лесбек Сейітбе­ков, Иса Қыпшақбаев, Мұхтар Алшынбаев, Рашид Қуатов  сынды көр­некті ғалымдарымызды ақтық са­парға шығарып салу, қырық күндігі мен жылдық асын беру, артында қалған ғылыми мұраларын жинақ етіп шығару сияқты сауапты іс­терде Мұрат Жұрынұлы адал жү­рек, шын ниетімен кірісіп, марқұм­дар­дың отбасыларына барынша демеу болып, көмек қолын аянып қалған емес. Мұндай иманды қа­сиеттер кез келген адамның бойынан табыла бермейді.
Өткен жылдың ақпан айында еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақ­с­тан» басылымында  ауыл­дың әлеуметтік-рухани мәселелерін қозғаған «Ауыл – алтын тамыр» атты көлемді мақалам жарық көр­генде алғашқылардың бірі болып үн қатып, ойыма ой қосып, пікі­рімді қолдаған Мұрат ағамыз: «Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау – ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көр­сет­кен дана жолы деп қабыл­дауы­мыз керек. Ауыл шаруашы­лығы­ның қайнар көзі – қарапайым ауылда. Ауыл зиялыларын қалып­тас­тыру ісі – ел іргесінің тірегін нығайту  үшін жасалып келе жат­қан қадам», – деген өнегелі сөзін айтқан болатын. Шынында да «туған жер, ауыл, ел» десе Мұрат ағамыздың ықылас, пейілі тіпті ерекше.  Дана  халқымыз: «Әркім­нің туған жері – Мысыр шаһары» деген.  Бұл, әрине, туған жердің қа­дір-қасиетін көрсетуден, дәріп­теуден туған теңеу. Ордалы Оң­­түстіктің Арыс қаласында дү­ниеге келген академик Мұрат Жұрыновтың өмірге, оқу-білімге, терең ғылымға, ең­бек­ке деген көз­қарасының қалып­тасуы осы туған жерден бастау алады.
Мұрат Жұрынұлының, әсіресе, ізденіс жолында  жүрген жас ғалым­дарға деген ықылас-пейілі ерекше.Ел ертеңі білімді жастардың қо­лын­да. Болашағымыз жарқын, ұрпа­ғымыз білімді, салиқалы болсын деген мақсатпен ғылымды тиімді басқарып, ұтқыр ұйым­дас­тыру­шылық қабілетімен өзіндік үлесін қосып келе жатқан академик Мұрат Жұрынұлы қоғамдық өмірге белсене араласып, отаншыл рухы биік, зиялы азамат ретінде де үлкен мінберлер мен ақпарат құ­­-
р­ал­­дарында ұлттық, елдік мәселе­лер турасында адал пікірін айтып, ел­дің сөзін сөйлеп, қайраткерлік бол­мысынан тайған емес. Іскер азамат ретінде  қаншама басшылық  қызмет атқарса да,  әрдайым адам­гер­шілік, қарапайымдылық, кіші­лік  сияқты айрықша қасиеттерді бірінші орынға қойған тұлға.
Жас кезінен ғылым-білімге құш­тар болып, зерек  қасиеттерімен өз ортасынан озып, қатарының алды болған Мұрат Жұрынов небары 39 жасында профессор атанған адам! Отандық ғылымды өрге сүйреп жүрген ғалым бүгінде беделді академик, еліміздегі ең алғашқы  халықаралық  мемлекет­тік университеттің негізін қалау­шы, хи­мия өндірісі бойынша әлемді мойын­датқан әдістің авторы, соңынан ерген талай шәкірттің на­ғыз ұстазы бола білген тұлға, от­басы мен үлкен бір әулеттің тірегі.
Ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Қазақ Ұлттық Аграрлық универ­сите­тінің профессор-оқытушы­лары мен білім алушы жастары жаңашыл, білгір, отаншыл, еліміз­дің әлемдік қауымдастық  алдында беделін көтеруге айрықша үлес қосып жүрген осындай терең ойлы ғалым, қайраткер  азаматты мақтан етеді. Академиктің отандық  ғылы­мының өркендеуіне қосқан үлесі мен мол тәжірибесі, біліктілігі мен талапшылдығы, азаматтығы мен парасаты кейінгі буынның жас ғалымдарына, ізбасар-шәкірт­тері­не үлкен үлгі-өнеге.
Бүгінгі күні мерейлі 75 жастың биік белесіне көтерілген Мұрат Жұ­рынұлын елге  адал қызмет етіп жүрген ұлтымыздың ұлағатты ұлы, әлі де тың күш-жігермен ғылымға берері көп зерделі ғалым, зиялы тұлға деп білемін.  Бұл белесті ба­ғындыру – үлкен бақыт. Сон­дық­тан университет ұжымының, елі­міздің  агроөнідірістік кешенін­де қызмет атқарып жүрген барша ға­лымдардың, қарапайым еңбек адамдары мен ауыл шаруашылығы мамандығын игеріп жүрген жас­тар­дың атынан қазақ ғылымын өрге сүйреп жүрген қадірменді тұлғаға ұзақ ғұмыр тілейміз.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.01.2020 | 16:39

Овлвладк

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір