Жаңашылдық пен инновацияның арасы
Адам баласының «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дейтін жан құмарын кейде «ішсем, жесем, ұйқтасам» деп тұратын тән құмары жеңіп кететіні рас. Ғылым мен технология дәуірі делінген ХХІ ғасыр осы – жан құмары басымдардың ғасыры болса керек. Жаратылысынан жаңашылдыққа жақын адамзат табиғаты жыл өткен сайын өмір сүруді жеңілдету жолында түрлі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ал тәуелсіз мемлекет ретінде қазақ ғылымы қандай жаңалыққа жете алды? Біздегі білім жүйесінің реформалары қандай нәтиже беріп жатыр? Соңғы кездері көп қолданылатын жаңа инновация терминін біз қалай түсініп жүрміз? Және оның игіліктері қандай? Бүгінгі «Дөңгелек үстел» қонақтары осы сауалдарға жауап іздеп көрмек.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
ҚазҰАУ-дың шетелдермен байланыс және инвестиция бойынша проректоры
АТА-БАБАМЫЗДАН ҚАЛҒАН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Білім жүйесінің әр түрлі деңгейлерден тұратынын еске алсақ, әр деңгейдің өз ерекшеліктері, соған сай кемшіліктері мен жетістіктері бар. Жалпы, білім беру жүйесінде ақпараттандыру құралдарының жеткілікті болуы, Internet, яғни ғаламдық тор жүйесі білім іздеген адамға үлкен жол ашып отыр. Сонымен бірге, білім беру саласында жаңа технологиялар мен әдістемелерді қолдану, соған сәйкес ұстаздардың біліктілігін жүйелі түрде арттырып отыру оңды шаруалар дер едім. Білікті ұстаз – білімді шәкірт, бұл аксиома. Бұл салада ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз де жоқ емес. Егер ұстаздардың жалақысын халықаралық стандарттарға сай қылсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ он екі жылдық білім беру жүйесі де заман талабынан туып отырған іс. Оның бір себебі одан кейін жоғары білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді жеңілдетеді. Алайда, бүкіл мектептерде міндетті жалпы үш тұғырлы білім жүйесін енгізуді мен қабылдай алмаймын. Себебі, тіл үйрену әр адамның өмір қажеттілігінен тууы керек. Оның қабілеті де ескерілуі тиіс. Әрине, дарынды балаларды іріктеп алып, арнаулы дайындығы бар мектептерде үш тілде оқыту басқа да, бүкіл мектеп жүйесін соған мәжбүрлеу басқа. Нәтижесі дұрыс болмайтынын айту үшін аса көреген болудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, баланың білім деңгейін жалпы тест арқылы бақылауды түсінбеймін және қолдамаймын. Орын алып жатқан олқылықтар осының салдары сияқты. Тестке дағдыланған бала мәселенің мазмұнын түсініп, талқылауға, ауызша айтуға шорқақтанып, тек механикалық жаттаумен ғана шектеледі.
Білім беру ісінде оқушыға немесе студентке білімді тықпалай бермей, сол оқығанын іс жүзінде қалай қолдану керек, одан қандай нәтиже шығаруға болады деп ойлануға үйрету маңызды мәселе, соған баса назар аударған дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда елімізде дуалды білім беру жүйесі жақсы дамып келеді. Шет елдік «Learn by douing», «Case study» деген терминдер ұстаздарға таныс болып, оқыту жүйесінің бір элементіне айналып отыр. Оны одан әрі жетілдіріп, өндіріс ошақтарымен тығыз қарым-қатынастар орнату керек.
Өзім айналысып жүрген жоғары білім беру және ғылыми кадрлар дайындау туралы әңгімені тереңірек өрбітейін. Бұл салада жетістіктермен қатар көптеген кемшіліктер де бар. Бұл салада басты кемшіліктердің бірі – оқуға түсетін талапкер құжат толтырып жатқанда бірнеше мамандықты таңдайтыны дер едім. Көп жағдайда ол өзі қалап, бірінші немесе екінші етіп белгілеген мамандығы бойынша грант ала алмаса, әйтеуір толтыру керек деп белгілеген мамандық бойынша грантты иеленіп жатады. Бұл – жастардың мамандыққа кездейсоқ келуін жиілетеді. Кездейсоқ келгенінің салдарынан оқуға деген ынтасы да төмендеп, әйтеуір диплом алсам деген мақсатпен жүре береді. Нәтижесінде қаншама қаржы, уақыт бостан-босқа жоғалып жатады. Бұрын ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алатын ұлдар басым болатын, ал қазір 70-80 пайыздан астамы қыздар. Олардың басым көпшілігі алған мамандықтары бойынша ауылға барып жұмыс істемейтіні белгілі. Соның нәтижесінде кадр тапшылығы мәселесі туындайды. Келесі мәселе, Болон жүйесіне көшеміз деп көп нәрсені бұзып алдық. Ол жүйені асықпай, басқа елдер секілді ескі жүйені сақтай отырып, біртіндеп енгізу керек еді. Ал біз өкінішке қарай, бұрын қалыптасқан жүйеден де айырылдық, жаңа жүйені де жарытпадық. Әсіресе, ғылыми мекемелер үшін кадр дайындау қиындап кетті. 2010 жылға дейін дайын диссертацияларын қорғап үлгермеген жастар қазір көрші Ресей, Қырғыз елдеріне барып қорғауға мәжбүр. Жыл сайын магистратура мен докторантураға орын бөліп, конкурс жарияланады. Алдымен талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсырып, одан өткендер мамандық бойынша емтихан тапсырады. Ашығын айтқанда, бұл жүйе әбден жемқорлыққа батып отыр. Себебі, ағылшын тілінің иісі мұрнына бармайтындар белгіленген «сыйақысын» беріп, бірінші сатыдан оңай өтіп жатқаны көпшілікке белгілі.
Үстіміздегі жылдың 28-30 қараша күндері Астана қаласында Қазақстан-Германия диалогі ұйымдастырған Жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердегі менеджмент мәселесі бойынша семинарға қатыстық. ГДР-дің капиталистік жүйеге трансформациялануы туралы тәжірибесімен таныстырған сол семинарда Германияның жетістіктерінің сырын ұқтым. Кез келген істі алдымен жан-жақты жоспарлап алып, соны тұрақты түрде жүзеге асырады. Өкінішке қарай, бізде министр ауысқан сайын жаңа реформа басталып жататыны жасырын емес.
Инновация дегеніміз – ата-бабамыз баяғыдан қолданып келе жатқан жаңашылдық деген сөз. Тек заманға сәйкес жаңа терминмен атап жүрміз. Кез келген істі жүзеге асырарда жаңа, ұтқыр жолдарын іздемеп пе еді ата-бабаларымыз. Мәселен, көшіп-қонып жүрген заманда жайылымды тиімді пайдалану жолы, малдан алынатын сан түрлі өнімдер сол инновацияның нәтижесі болатын. Сондықтан қазақ халқы инновацияның игілігін көріп, осыншама ұлан-ғайыр жердің құнарлығын жоғалтпай сақтай білді. Ал енді осы заманғы жаңа инновацияға келетін болсақ, ол ғылыми-техникалық прогрестің жемісі. Ол адамнан үлкен теориялық дайындықпен бірге практикалық тәжірибені қажет етеді. Бұл жағынан біздің қоғам әлі жетіле түсуі тиіс. Табиғи ресурстары жоқ Жапония, Оңтүстік Корея, Голландия секілді бірқатар елдер осы инновацияның жемісін көріп отыр. Бізге бұл жолда тұрақты, жоспарлы түрде жұмыстар істеу қажет. Алдымен инновацияны қажет ететін өндіріс ошақтары болуы керек. Сұраныс болған жерде ұсыныс та пайда болады. Осы орайда мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында бірқатар шаруалар атқарылып жатыр деп айтуға болады.
ХХІ ғасыр – белгілі бір істі терең меңгерген қас шеберлердің заманы. Сондықтан нақты ғылымға көңіл бөлу заман талабы деуге болады. Әр нәрсенің бетін қалқып, терең бойлай алмайтын мамандардың заманы өтіп келеді. Және олар қоғамда қауіп қылатындай біржақтылыққа алып келетін басымдылыққа ие де бола алмайды. Себебі, әр адамның табиғаты әр түрлі. Біреулер дәлдікті, нақтылықты сүйеді, яғни нақты ғылымға бейім болады. Енді бірі образды түрде ойлап әр нәрсені бірден қамтуға бейіл. Сондықтан адам баласының табиғаты біржақтылыққа ұрындыруға жол бере қоймас.
Өмір сүру салты әр халықтың рухани дүние ерекшеліктерін қалыптастырады. Көшпенділер заманында қазіргідей отырықшылыққа негізделген қоғам болмаған кезде ата-бабаларымыз табиғат-анамен етене жақын болатын, содан көп нәрсені үйренетін, соған бейімделетін. Адам табиғатпен үйлесе отырып қалыптасатын, дамитын. Сол замандағы аузы дуалы билер мен шешендердің ұрпақтары қазір мүлдем басқа заманда өмір сүруде. Қазір жаһандану кезеңі, ақпараттар тасқындаған заман. Оның үстіне техникалық прогресс нәтижесінде пайда болған әр түрлі қондырғылар адамның көп уақытын алып, назарын өзіне аударып алды. Соның әсерінен адам тұйықталып, «компьютер басты» жанға айналып келе жатыр. Осы мәселенің алдын алу аса қажет. Әсіресе, жас балалар әр түрлі гаджеттердің құлына айнала бастады. Осыған байланысты жас балалардың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, оларды жағымсыз ақпараттардан алшақ ұстап, өз жасына сәйкес білім, тәрбие беру маңызды іс. Педагогтар бала тәрбиесін ақпарат тасқыны заманында қалай жүргізу керектігінің методикалық негіздерін қалыптастырулары керек. Бұл жұмыс педагог-тәрбиешілер мен ата-аналар бірге атқаратын жұмыс.
Жарас СЕЙІТНҰР,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология
кафедрасының доценті, психология ғылымының кандидаты
«ИННОВАЦИЯ» СӨЗІ БАСТАПҚЫ МАҒЫНАЛЫҚ АЯСЫНАН ШЫҒЫП,
МЕТАКАТЕГОРИЯ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРІЛІП КЕТТІ
Дүниежүзінде және елімізде болып жатқан өзгерістерді сипаттау үшін зерттеушілер «революция», «реформа», «модернизация», «модификация», «трансформация», «инновация», «эволюция» және т.б. ғылыми терминдерді қолданады. Мысалы, Кеңес заманында революция мен реформаның арақатынасын зерттеу аса бір маңызды теориялық және практикалық проблема болып табылды. Ал бүгінгі таңда кең таралған сәнді сөз «реформа» болып отыр.
Реформа – (лат. reformo — өзгертемін) қоғамдық өмірдің қайсыбір жағын қайта құру, өзгерту, түрлендіру, кез келген мазмұндағы жаңалық енгізу деген мағынаны білдіреді. Әдетте революция (лат. revolutіc — бетбұрыс, төңкеріс) стихиялы түрде «төменнен» басталса, реформа әрдайым «жоғарыдан», яғни билік тарапынан қолға алынады. Сондықтан олар халыққа өздерінің бағдарламаларын дұрыс түсіндіре білуі керек. Өйткені, реформа – бұл басқарушы элита жоспарлаған және бақылап қадағалайтын өзгерістер. Реформаның басты белгілеріне персонификация (яғни бастамашы, жетекші тұлғаның болуы, тарихи жауапты реформатордың, «қаһармандардың» есімін ел біліп отыруы керек), зорлық-зомбылық, күштеу әдістерінің болмауы (халықты сендіру, нандыру арқылы көз жеткізу әдісі), бірте-бірте жүзеге асырылуы, шектеулі мерзімі және легитмділігі, яғни заңдық негізі болуы жатады. Реформаны қолға алған адамның айқын бағдарламасы болмаса ол «қайта құруды» бастаған М.С.Горбачев сияқты оның салдарын алдын ала болжай алмай қалуы мүмкін. Кез келген реформаның мақсаты неде? Реформа халықтың, қоғамның өмірін жақсартып, прогрессивті өзгерістерге әкелуі тиіс. Реформа тек реформа үшін, сырт көзге үлкен іс тындырғандай болып көріну үшін жасалмауы қажет. Ел бюджетінің орасан зор қаржысы құмға құйған судай боп текке желге ұшып жатпаса игі. Реформаның нәтижесі қандай: ұлтты дағдарысқа, орынсыз апатқа, ауыр зардаптарға әкеп соқтыра ма, әлде жаңа сапалық деңгейге көтере ме? Басқарушы топтар өздерін алдыңғы қатарлы озық, ал халықты еш нәрсенің байыбына бармайтын, консервативтік көңіл күйдегі тобырға санамауы қажет. Қалың жұртшылықтың оңды пікірлері болса оған неге құлақ аспасқа? Билік пен халық алдағы болашақ көрінісі туралы мүмкіндігінше ортақ көзқараста, бір пікірде болса келіспеушіліктер де аз болар еді. Түсініктердегі тым алшақтық келісілмей істелген жұмыс сияқты мүдделер бірлігіне әкелмейді.
Жалпы білім беру жүйесіндегі реформалар Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өте табысты болды. Өйткені, олар ешқашан өз елінің менталитетіне, мәдениетіне сәйкес келмейтін бөтен тәжірибені механикалық түрде көшірмейді. Жергілікті жағдайға бейімдейді, сүзгіден өткізеді. Мәдениеттанулық сараптамадан өтпеген дүниеге сақтықпен қарайды. Мәселен, Жапония үшін білім беру жүйесі жапон мәдениетінің құрамдас бір бөлігі боп табылады. Олар білім саласына батыстық («вестернизация) ықпалдың оң және теріс жақтарын мұқият талдап барып қана модернизация жасайды. Психолог ғалымдар бұл мәселені дұрыс шешуде «экологиялық валидтілік» (ағыл. ecological validity) ұғымын қолданамыз. Бұл ұғым жасанды жағдайда зерттелінген дүниенің шынайы болмысқа сәйкес келу дәрежесі, яғни психологиялық эксперименттің нәтижелерін қаншалықты шынайы өмірге көшіруге болатынын көрсетеді. Зерттеу нәтижесі зертханадан, сынақ алаңынан тыс жағдайға жарай ма? Күнделікті өмірге сай келмейтін эксперименттік зерттеулердің, оған сүйенген реформалардың бізге қандай пайдасы бар?
Осы проблема туралы өзге ғылым салалары да ой толғайды. Мәселен, қазіргі жаратылыстану ғылымдары мамандарының өзара коммуникациясында жиі қолданатын «ин ситу» деген сөз тіркесі бар, яғни in situ (лат. — «сол жерде», «болған орында») сөзі құбылысты арнайы ортада емес, нақ орын алған жерде қарастыруды білдіреді. Медициналық ғылымдарда экспериментті орындау технологиясында әдетте үш сөз жиі қолданылады: in vitro (шыны түтікте), in vivo (жанды ағзада) және табиғи ортаға қайта аутотрансплантация жасауды білдіретін in situ сөзі (фразасы). Ал авиация мен космонавтика саласында «ин ситу» құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс жасайтынына көз жеткізу үшін нақ сол жерде, яғни ғарыш жағдайында тестілеуді талап етеді. Аквариум немесе жылыжайда өскен тіршілік иесінің табиғи жағдайда қалай өмір сүріп кететіні үлкен бір мәселе. Сол сияқты жоғары кабинеттерде қабылданған шешімдердің күнделікті өмірде жүзеге асуы да екі түрлі дүние болуы мүмкін. Мәселен, үш тұғырлы тіл жобасының қазақ ұлтының тағдырына қатысты қандай нәтижеге әкелетінін тек шынайы өмір ғана көрсетеді. Ойлаған нәрсенің күткен нәтиже бермеуі жасанды мен табиғи жағдайдың ерекшеліктерін ескермеуден туындайды. Ғылымда да жорамалдың, болжамның шықпай жатуы лабораториялық жағдай мен өмірлік жағдайдың айырмашылығы барына мән бермеуден болады.
Қысқасы, реформаның табысты болуы қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық, саяси құрылымына негізделген ұлттық салт-дәстүрлер, ерекшеліктерді ескерген кезде ғана жүзеге асады. Бұл тұрғыда Алаш қайраткерлерінің даналығына қайран қаласың. Олар ұлтына шын жаны ашыған тұлғалар екен ғой. Тарихтан білетініміздей, 1920 жылы қазанда Қазақ АСР-інің Оқу халық комиссариаты құрылды. Оның төрағасы болып қазақтың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынов тағайындалды (бүгінгі түсінік бойынша қазақтың тұңғыш білім министрі). Ол Халық ағарту комиссариатының жанынан Оқу-әдістемелік кеңес құрады, оны Академиялық орталық деп те атайды. Осы Академиялық орталық еліміздегі барлық оқу орындарына арналған оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, әдістемелік оқу құралдарын жасау ісін өз мойнына алды. Оның төрағасы болған А.Байтұрсынов маңайына талантты қазақ зиялыларын топтастыра отырып ұлт үшін үлкен істер атқарды. Мұнда білім саласы үшін қаншама оқулықтар, бағдарламалар, әдістемелік еңбектер әзірленді. Және сапасы мен мазмұны да өз заманынан еш кем емес. Мысалы,
Ж.Аймауытовтың төл тілімізде түркі халықтардың ішінде тұңғыш рет «Психология» оқулығын шығаруының өзі неге тұрады?! Алаш қайраткерлері қазақ тілін ғылым тіліне айналуға өлшеусіз үлес қосты. Ал бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынатын ғылыми баспалар тізбесінде психология ғылымына қатысты небәрі төрт-ақ журнал бар екен. Ал тек таза қазақ тілінде ғана мақала жариялайтын бірде-бір психологиялық журнал жоқ екен. Қазақ ретінде Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс: егер ҚР ҒБМ БҒСБ Комитеті «Индигендік және мәдени психология журналы» («Indigenous and Cultural Psychology Journal») деген атпен журнал шығаратын болса, тегін жұмыс істеуге дайынмын. Бұл қазақ тілінің болашағынан үмітін үзген адамдарға психологиялық қолдау болар еді.
Реформа – қоғамдық процестің эволюциялық өзгерісі үшін қажетті элементтің бірі. Мен үшін білім мен ғылым саласындағы реформаның нәтижесі қазақтілді жастардың өмірден өз орындарын табу мүмкіндігі, жұмыссыздық мәселесінің шешілуі, үмітсіздіктен бөгде діни ағымдарға, экстремизм мен терроризмге кетпеуінен көрінеді. Білім мен ғылым әр қазаққа қолжетімді болуы керек. Ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров жазғандай жағдай болмаса болғаны:
«А, құдай, жасты жасқа
пар қылғаның,
Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.
Біреуге алтын, гауһар тахыт беріп,
Астана жұрт билеген хан қылғаның.
Біреуге мал мен бақты үйіп беріп,
Ақылсыз екі аяқты мал қылғаның.
Біреуге Аплатондай білім беріп,
Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның.
Расында, «инновация» деген сөз өзі латын тілінен тікелей аударғанда «жаңару, өзгеру, жаңашылдық енгізу» деген мағынаны бiлдiредi. Бұл термин біздің елімізде соңғы он жылдықтары ғылыми жұртшылық арасында кең қолданысқа ие болды. Оны жиі қолданудың сәнге айналғаны соншалықты, оның астарына үңілуден, мән-мағынасын ажыратудан қалдық. Ол өзінің бастапқы мағыналық аясынан шығып метакатегория деңгейіне көтеріліп кетті. Кейінгі кезде инновация деп кез келген жаңалықты енгізуді емес, тек қолданыстағы жүйенің тиімділігін айтарлықтай арттыратын, қосымша жаңа табыс әкелетін өзгерістерді айтып жүр. Ол дамудың құнды ресурсы делінеді.
Кейде өзгеріс қарқынының жоғарылығы сондай, алынған тәжірибе нәтижесін ғылыми рефлексиялауға, қорытуға еш мүмкіндік жоқ. Асығыс, мағынасыз инновациялардан да адамдар шаршайды. Бірін-бірі жоққа шығаратын, еш қисынға келмейтін, қайшылыққа толы шешімдер төмендегі орындаушылардың күңкілін, ішкі наразылықтарын тудырады. Ал бірақ иннновация әлеуметтік мәнді міндеттерді шешуге көмектесетін болса адамдар оны қуана қабыл алады. Инновациялардың ішінде ең маңыздысы – әлеуметтік инновациялар. Халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыратын әлеуметтік инновацияны ойлап тапқаны үшін Бангладеш елінің өкілі, банкир әрі экономика профессоры Мухаммад Юнус 2006 жылы Нобель сыйлығының лауреаты болды. Бүгінде ол кісінің атындағы Юнус Орталығы жаңа әлеуметтік жобаларды дамытуда. Халықтың кедей бөлігінің мүддесін көздейтін идеялары оны бүкіл әлемге танымал етті. Адамзаттың өмір сапасын жоғарылататын инновациялар тез қолдау табады. Алайда, ол тек жоғарыдағы шағын топтың мүддесін ғана қамтитын локальды инновация болса, оның игілігін халық көре алмайды.
Кез келген инновацияны игілік деп есептеуіміз керек пе? Олай десек, онда жастарымыздың бір бөлігінің хиджаб киюін неге айыптаймыз. Ол да анықтама бойынша мәдени инновация ғой. Батыстың инновациясын қабылдап, Шығыстың инновациясынан басымызды ала қашуымыз қаншалықты дұрыс? Сондықтан халықтың тарихына, этномәдениетіне сүйену керек. Инновация мен дәстүр диалектикалық бірліктегі дүние.
Кез келген біржақтылықтың теріс жағы бар. Білім беру саласында қызмет ететін мамандар жаһандану үдерісінің жағымды жағымен қатар жағымсыз салдары барын әсте ұмытпауымыз керек. Мәселен, еліміздің жастары санасында дәстүрлі құндылықтардың девальвацияға ұшырауы орын алуда. Трансұлттық компаниялар үшін төл ұлтынан алшақтаған, отаншылдық сезімі төмендеу трансұлтты, трансэтносты тұлға типтерінің көбеюі жақсы, бұл олардың мүдделеріне сәйкес келеді. Ұлтшыл тұлғадан гөрі космополит тұлға қолайлы.
Біз мына жайтты ешқашан естен шығармауымыз керек: білім беру – мәдени-тарихи тәжірибені жеткізудің әмбебап тәсілі, алдыңғы толқынның кейінгі ұрпаққа қалдыратын сыйы, белгілі бір ұлттық құндылықтар мен нормаларды сақтау мен берудің жолы. Сондықтан кәсіби маманнан бұрын адамгершілігі жоғары тұлға тәрбиелеудің маңызы үлкен.
Біздің шенеуніктер жаратылыстану мен әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың өзіне тән ерекшеліктері барын ескере бермейді. Ең алдымен олар зерттейтін объектілердің өзі әр түрлі. Мысалы, физик екі атомды, биолог екі ағашты, инженер екі машинаны, ал психолог пен педагог екі адамды алып зерттеді делік. Қай ғылымның объектілері арасында айырмашылық күшті? Айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың объектісі табиғат пен техника объектілеріне қарағанда анағұрлым күрделі болып келеді. Зерттелетін объектінің қайталанбас бірегейлігі әлеуметтік-гуманитарлық пәндерде жеке дара тұрғыдан келудің маңыздылығын көрсетеді. Ал жаратылыстық ғылымдарда объектілер негізінен бір типті боп келетіндіктен олардың ерекшеліктеріне назар аудармауға да болады. Болмашы айырмашылыққа мән бермей-ақ оңай абстракция жасай аласың. Ал заңгер, педагог, психолог адамдар арасындағы айырмашылықтарды ескермей жұмыс істей алмайды. Бес саусақ бірдей емес. Орташа статистикалық адамның күн көріс деңгей көрсеткіші нақты бір жеке адамның табысына сәйкес келмеуі мүмкін. Екіншіден, жаратылыстану ғылымы объектісі қарекетсіз, бейтарап «зат» болып келсе, әлеуметтік- гуманитарлық ғылымдардың объектісі – өзіндік көзқарасы, ұстанымы, үні бар «белсенді» тұлға. Үнемі өзгеріп, не дамып отыратын объектінің мінез- құлқын, реакциясын болжау да оңай емес. Олардың құндылығы мен тұлғалық мағынасы, мақсаттары мен руханиятымен есептесуге тура келеді. Үнсіз, енжар «заттарды» зерттегенде қатаң себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға болады. Жаратылыс ғылымдарында детерминизм принципі әрдайым орындалады. Ал рухани еркіндігі бар, жағдайға бағына бермейтін тұлғаны зерттегенде қай принципке сүйенеміз?
Адамдар әлемінің күрделігін ұққан маман ғана рақымсыз, ізгіліктен жұрдай, адам баласына жаны ашымайтын, зұлымдық иесі болмауы әбден мүмкін. Зұлым данышпанға адамзаттың тағдырын қалай сеніп тапсыруға болады. «Соғыстың тағдырын ешқашан әскерилерге сеніп беруге» болмайды деген сөз орамы бар екен. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, ұлттың тағдырын тек технократтартың қолына беруге болмайды. Бүгінде білімдегі гуманитаризация деген қағида жай ұран ғана болып қалды. Тіпті, философияны қажетсіз пәндер қатарына жатқызу қаупі бар. Жалпы кез келген салада, моральдық-этикалық, мәдениаралық коммуникативтік және этномәдени құзыреттілікке ие мамандар болса адамдарда үрей азаяр еді. Әлемде мәдени эмпатия жетпегендіктен қақтығыстар жиі орын алуда. Сондықтан рухани-адамгершілік тәрбие беретін гуманитарлық ғылымдар басшылар тарапынан назардан тыс қалмауы керек.
Акбар Қажы Аюби,
экономист, Дания қазағы
ӨСУ ДЕ, ӨШУ ДЕ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Инновация дегеніміз – бір жаңа идеяны іс жүзінде енгізу және одан пайда көру. Инновацияны инновация деп санау үшін күнделікті жасап жүрген нәрсені тоқтатып, жаңашылдық арқылы жаңа нәтижеге жету керек.
Инновацияның дүниеге келуі мен таралу ауқымы әр түрлі. Бір инновациялар халықаралық деңгейде топ жарса, біреулері мемлекет немесе қала деңгейінде қалып қояды. Бұл жерде кез келген жаңашылдықты емес, өзгеріс дамуға, ал даму табысқа жеткізген жобаны ғана нағыз инновация деп атауға болатынын айта кеткен жөн.
Жақсы да табысты инновация жасау үшін адам креативті болуы керек. Алайда, креативті адамды жұмысқа алу арқылы инновацияға қол жеткіземіз деу қате пікір. Адам бойындағы креативтік қасиетті өсіруге де, өшіруге де болады. Сол себептен, өзгенің жаңашылдығының соңынан жүгіре бермей, өз тарихымызға үңіліп, бабаларымыз жүріп өткен жолды тереңірек зерттесек, қазіргі біз аузымыздың суы құрып айтып жүрген шетелден келген жаңа инновациялар көмескі тартқан бабалар дәстүрінен де қылаң беретінін көруге болады.
Маман бойындағы креативті қасиетті дамытып, инновацияға айналдыру үшін әрбір жұмыс беруші мекемеде төменгі 10 тармақ сақталуы керек деп ойлаймын:
• Әр қызметкер өзі қызмет атқаратын мекемедегі жұмысқа қызығушылықпен қарап, еңбек өнімділігін ары қарай жақсартуға күш салса және ұйымның келешегі туралы шешімдерге араласса;
• Жұмысшыларға өз жұмысын атқару үшін еркіндік пен дербестік берілсе, яғни өзіне керекті ақпарат пен білімді іздеп қорытынды жасап, шешім жасауға дағдылану;
• Жұмыс беруші мекеме жаңа ой-пікірлерді жақсы қарсы алып, оларға мән беріп отырса;
• Әр жұмысшы өз ойын ашық айта алатын сенімді ұжым қалыптастыруға күш салу;
• Жұмысшы күнделікті жұмыстың жетегінде кетпей, өз идеясын жүзеге асыра алатындай оған қосымша уақыт беру керек;
• Жұмыс орнының атмосферасы жақсы болуы керек;
• Жұмыс барысында айтыс-тартыс кәсіби деңгейде болуы керек;
• Жұмысшы өз идеясын айтқанда өзгелер тарапынан қолдау көретініне сенімді болуы керек;
• Ұйымда талқылау мәдениеті болу керек. Яғни түрлі көзқарастар ортаға салынып, қарама-қайшылықтар зерттелуі шарт;
• Идеядан шешімге және шешімнен жұмысқа көшетіндей жұмысшыларда тәуекел болуы керек.
Шынын айтқанда, Қазақстанда ауыз толтырып айтарлықтай кәсіби деңгейде инновация болып жатқанын естіген жоқпын. Бес миллион ғана халқы бар Данияда сырт елге тауар экспорттайтын 40.000-ға жуық компания бар. Бұл ел Mærsk, LEGO, ECCO, Danfoss, Grundfos, Vestas, Tulip, Carlsberg, Tuborg, Stimorol, Danish Crown, Jysk деген бір-неше компанияларымен әлемге танымал. Ал Қазақстанның атын шетелге танымал еткен бір компания шықты ма? Бұл да еліміздегі білімді, креативті азаматтарды дұрыс пайдалана алмағандығымыздың салдары болар мүмкін?..
Қазақта да бірді-екілі жеке адамдар жасап жатқан жаңашылдықтар бар, бірақ олардың бастамасын ары қарай дамытып, өндірісте пайдалануға кім қызығушылық танытып отыр?
Жоғарғы айтып кеткен 10 тармақ тікелей басқару жүйесіне байланысты. Демократиялық жүйе креативтікті өсіріп, инновацияға жол ашса, директорлық жүйе креативтікті өшіріп, инновацияның жолын байлады. Ойланып қарасақ, нағыз инновация демократиялық мемлекеттерден шығып жатыр. 1,5 миллиард халқы бар экономикасы дамыған Қытай әлі күнге дейін әр елдің жобасынан көшірме жасап, қайта жасап шығарумен күн көріп келеді.
Ұйымдастырған Айнара АШАН.