Алаш мұраты
Халқымызда «Өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Кешегісін кемеріне жеткізе алмаған халық, бүгінін бағдарлай алмайды. Қазіргі азат күн үшін бар ғұмырын арнаған тұлғаларымыздың келбетін кейінгіге өз деңгейінде таныта алсақ, бейбіт заманда жеткен жетістігіміз сол болар. Осы ретте ұлт болашағы жолында аянбай күрес жүргізген Алашорда үкіметі мен Әлихан Бөкейханның есімін аттап өте алмаспыз. Ұлт көсемінің өз заманындағы саяси бейнесін аша алдық па? Алашорда үкіметінің қоғамдағы рөлі қаншалықты мығым болды? Бейбіт күннің балалары Әлихан Бөкейхан мен алашшылдарды біле ме? Осы сауалдардың ізімен белгілі зерттеуші Берік Әбдіғалимен сұхбат жүргізіп көрген едік.
– Өткен уақыт тек қазаққа ғана салқынын тигізген жоқ. Аумалы-төкпелі заманда қаншама халық бірі келіп, бірі көшіп жатты. Тіпті, керемет империя болған Пруссия, Англия елдерінің өзі құлдырау деңгейіне дейін жеткені тарихтан мәлім. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары шекарамызды шегендеп, мемлекеттілігімізді орнату мақсатын көздеді. Егер осы қозғалыс болмаса, сол уақыттағы геосаяси жағдай қалай шешілер еді?! Тарихи толқыныстар «алашшылдардың» халық тағдыры жолында шешуші роль иесі атануына әсер ете алды ма? Әлде өздерінің ұлт алдындағы тағдыр берген миссиясы деп қабылдады ма? Осы құбылысты көпшілікке кеңінен таратып, түсіндіру қажет сияқты.
– ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ басын аман алып қалу үшін балаларын оқытуға көп көңіл бөле бастады. Өз қаражатына екі жылдық мектепте болсын білім алуға ұмтылды. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Орынбор қалаларында оқуға тырысып бақты. Дәл осы кезеңде жергілікті жерлерде көптеген мұғалімдік интернаттар ашыла бастауы да септігін тигізген болар. 1905 жылы қазақтың зиялылары бірігіп, қазақ руханиятын ойлап, тіл мен жер мәселесін, сот мәселесін шешу үшін орыс патшасының алдына бірінші рет Қоянды петиция бағдарламасын дайындап, қазақта да саяси көзқарастың бар екенін дәлелдеген болатын. Бірақ оған патша үкіметі келісе қойған жоқ. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемге үлкен әсерін тигізді. Сіз айтқан Пруссия, Англия, Франция, Осман империясының құлдырауына алып келген болатын. Үндістанда Англияға қарсы, Түркияда Францияға қарсы ұлт-азаттық көтерілістер басталды. Соның ішінде тек 1916 жылы тыл жұмысына қабылдау басталған кезде Ресейдің өзінде ішінаралық бүліктер шықты. Ресейдің сол соғыста ұтыла бастауы өз ішінен қайшылықтарды туғызып, революцияға алып келді. Осы революция саяси процестерді барынша жеделдетті. Былайша айтқанда, үдеріс тез басталып кетті. Ең алдымен бүкіл Ресейде мұсылмандар біркті. Оны татарлар бастады. Қазанда, Мәскеуде кавказ елдері мұсылман әскерін құрамыз деген ниетте болды. Кейін бұл дәстүр башқұрттар мен қазақтарда да көрінді. Патша құлағанына бәрі қуанып жатты.
Зиялы қауым уақытша үкімет құрылғанша өз жеке автономиямызды жариялауды, елімізге өзіміз ие болуды осы сәтте ойлай бастады. Тек біз емес, Украина, Белорусия, Финляндия халықтары да осыны көздеген болатын. Бұдан кейін қазақ зиялылары «Алашорда» партиясын құрып, сайлауға дайындалады. Қазақстандағы сайлаудан жеңіп шығып, Ресейдегі жиынға бармақшы болады. Бар мақсаттары жеке автономия болу ғана еді. Ол уақытта ешкімде Ресейден бөлініп шығу деген ой болмаған. Кейіннен саяси жағдайға байланысты Қазан төңкерісінің әсерінен сайлау болмай қалады. Осы оқиғадан кейін қазақ зиялылары да не істерлерін білмей, аңтарылып қалған еді. Содан соң ғана барып, бүткіл «алашшылдар» большевиктерге қарсы шығып, антибольшевиктік топқа енеді. Міне, осыдан тура 99 жыл бұрын 1917 жылы «Алашорда» үкіметі құрылған болатын. Ол кезде тәуелсіздік туралы сөз қозғалған жоқ. Тек өз шекарамызды белгілеп алайық деген талап қана болды. Бұл қозғалыс бір елдің басын біріктіріп, мұңын қағазға түсіріп, мүддесін көздейтін арнайы саяси платформамен бірінші қызылдармен, ақтармен келіссөз кім жүргізер еді.Бірінші болып, қызылдар мойындайды. Сондықтан бірқатар Алаш көсемдері 1919 жылдары қызылдар жаққа ауыса бастаған. Ал ақтарға «ұлттық автономия» деген ұғым аса ұнаған жоқ. Әсіресе, Колчак үкіметі «Бізге ешқандай ұлттық сеператизм керегі жоқ. Бәрімізге бір Ресей, болды. Сендер соның бір өкілі боласыңдар. Ешқайдан автономияны қабылдамаймыз» деп башқұрттарды, Алаш үкіметін ығыстырып тастады да, кейін ұтыла бастады. Башқұрттар әскерімен қызыл жаққа ауысып кеткен соң, екі ойлы болып қалады. Осы оқиғадан кейін Алаш үкіметін қабылдауға, мойындауға мәжбүр болады. «Алашшылдардың» алға қарай ұмтылуына, қозғалуына жоғарыда айтқан тарихи оқиғалардың бәрі әсер етті.
– Келер жылы елімізді атаулы мереке күтіп тұр. Қазақтың тұңғыш саяси үкіметі «Алашорда» автономиясының құрылғанына 100 жыл толмақ. Бұл атаулы мерекеге дайындығымыз қай деңгейде жүріп жатыр? Өткенімізді ұлықтау үшін нендей шаралар ұйымдастыруымыз керек?
– Өкінішке қарай, әлі үкімет тарапынан ешқандай арнайы қаулы шығарылғанын естімедім. Тарихшылар қауымы бұл тақырыпты көтеруде, әрине. Тек ғылыми конференциямен шектеліп қана қоймай, «алашшылдарға» бірқатар аймақтарда көше, мектеп атаулары берілсе дейміз. Әлихан Бөкейханға университет атауы да берілмеген. «Алаш» үкіметіне арнап, ескерткіш орнатса дейміз. Бұл мәселе «Алашорда» үкіметінің 90 жылдығында көтерілген болатын. Міне, 100 жылдыққа дайындалып жатырмыз, сол діттелген мақсат, шаралар өз шешімін таппай келеді. 1917-1920 жылдар арасындағы қазақ зиялыларының бастан кешкен оқиғаларын неге кино қылып түсірмеске?! «Мұстафа Шоқай» фильмі түсірілді, бірақ ол жеткіліксіз.
– Арада жыл емес, ғасыр өтіпті. Осы уақыт ішінде тұңғыш үкіметтің саяси көзқарасын тани алдық па? «Алашорданың» алға қойған мақсат-мұраттары мен ұлт жолындағы ұлы идеяларын кейінгі ұрпақ қаншалықты түсінді?
– Алаштың көптеген мақсат-мұраттары осы тәуелсіз Қазақстанмен іске аса бастады. Толық жүзеге аспаса да, әлі күнге дейін Алашорданың ұрандары көп. Әсіресе, жер, тіл, рухани мәселеге келгенде бүгінгі күні де қоғамда өзекті. Ол кез бен бүгінді салыстыруға келмес. Алаш зиялыларының алдында республиканы құрып, қалай дамытамыз деген сауал тұрды. Олар Алаш жүріп өтер жолды таңдау үшін Жапонияның даму жолын қарап, Еуропаның саяси тәжірибелерін іздеді. Жалпы, Алаш азаматтарының көбі батысшыл болды ғой. Қандай саяси жүйе ұлтымызды алға жетелейді, дамытады? Ұлтымызға, экономикасына тиімдісі қайсысы деген мәселелерді сол кезде көтерген еді. Бірақ оның өзі ұзаққа созылмады. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының түгелге жуығы қудаланды. Большевиктер бастапқыда оларды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, күш-қуатын пайдаланып болған соң, тұқым-тұқиянына дейін жойып жіберді. Алаш зиялыларының алғашқы буынынан кейін осы жолдың бағыт-бағдарын түсініп қалған Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезовтердің өздері де Алаш ұранын жалғады. Советтік ұранды ту еткен Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтардың таңдауы басқа болғанымен, олар Алашорда ұстанымының ақ-адал екенін, большевизмнің, коммунистік саяси системаның, оның ішінде Голощекин саясатының біздің дәстүрімізге қаншалықты қауіпті екенін түсінген сияқты. Қазіргі таңда қазақ идеясын айтып жүрген бәріміз де өзімізді Алашорданың мұрагері деп санаймыз. Өйткені, олар айтқан идеялар күні бүгінге дейін моральдық құндылықтарымыз жолында қызмет етіп келеді. Әрқашан да адал болу, әділ болу, халқына еңбек ету әр заманда да өзекті тақырып болып қала бермек.
– Әлихан Бөкейханды қазақ жеріндегі алғаш саяси партия құрып, парламентаризмнің басында тұрған тұлға деп танимыз. Осындай бірқатар анықтамалармен Әлихан Бөкейханның тарихтағы ролін белгіленгендей болдық. Бірақ ұлт көсемінің саяси келбеті, тек «Алашордамен» шектеліп қалмайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Ол кісіні мықты саясаткер немесе басқа қырынан көре аламыз ба?
– Біріншіден, ол тек қана жәй бір саясаткер басшы болған жоқ. Ол шынайы сайлаудан жеңіп, көпшілік дауысқа ие болып, Алашорда үкіметін басқарды. Оған дейін де ол ағарту жұмысымен көсем бола білді. Ол саяси тұрғыдан да көшбасшы еді: елдің сол кездегі тізгінұстар бірден-бір тұлғасына айналды. Басқа да қазақ азаматтары Әлихан Бөкейханның төңірегіне бірікті. Әлихан өзін алдымен ғалым ретінде көрсетті: ел арасындағы экспедицияларға қатысып, көптеген зерттеу еңбегін жазды. Оның экономистік қыры да байқаусыз қалған жоқ. Аудармашылық еңбегі де нәтижелі болып, қазаққа қажет деген еңбектерді тәржімалады. Сонымен қатар, публицист ретінде танылып, «Қазақ» газетіне тұрақты түрде мақалаларын жариялап тұрды. Әсіресе, 1916 жылғы «Маусым жарлығы» бойынша қара жұмысқа алынған қазақтардың жай-күйімен, мұң-мұқтажымен арнайы барып танысып, газет бетіне мақала қылып басты. Бірінші дүниежүзілік соғыста басым түскен елдер мен соғыс зардабын да талдап, арнайы материалдар дайындады. Әлихан Бөкейханның мұсылмандардың құқығын қорғаймын деп қудалауға да ұшырағаны белгілі. Сондықтан Әлихан есімі тек Алашордамен ғана байланысты емес. Ол адамзаттық мәселелерді де көтере білген көрегендігімен ерекшеленді. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы болсын, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы болсын, бәрі де Әлиханды ерекше құрметтеп, мойындаған-тұғын. Егер де оның өз ортасында беделі болмаса, бар қазақ бір партияның төңірегіне бірікпес еді. Бұл уақытта қоғамда басқа да саяси ұйымдар болды, мысалы. Бірақ көпшілігі осы Әлихан Бөкейханның жанына жиналған. Ұлт көсемінің абырой, беделінің арқасында.
– Әлихан Бөкейханның кейінгіге қалдырған мұрасы қазіргі шыққан 7 томдықпен өлшенбейтіні хақ. Оның бір саладағы еткен еңбегінің өзі біраз томдықтарды қаузап жатыр. Осыдан келе көкірегі ояу әр қазақта мынандай сауал туады: Әлихан Бөкейханның жан-жақтылығын толық аша алмай жатқан секілдіміз бе, қалай? Ғалымның мол мұрасын кімнен сұраймыз? Қайдан іздейміз?
– Қазір 7 томнан да көп еңбек шығып жатыр. Кітаптардың шығуы басқа мәселе. Бірақ осы еңбектерді зерттейтін ғалымдар керек. Ол кісінің өмірбаяны мен мақалаларын ғана оқымай, сол кезеңде не сезінді, ол кісінің саяси көзқарасы мен қалыптасуын танытатын қандай еңбектер керек – оны талдап-таразылау бүгінгі күннің еншісіндегі шаруа. Сондықтан тұлғаны тек тарихшылар ғана емес, филологтар және әрбір сала мамандары – экономист, географ, биолог болсын, өз ғылымы тұрғысынан зерттеуі керек-ау. Бұл кісінің келбетін ашуға қазіргі таңда жан-жақтылық керек. Ә.Бөкейханның еңбегі арқылы сол замандағы ахуалды танып-білеміз. Ол айналасы аз ғана уақытта қаншама еңбек жазып қалдырды?! Бұрын жазған, кейін жазғандардың бәрін саралайтын, тереңінен зертейтін ғалымдар тапшылығы байқалады. Әлихан Бөкейханның еңбегін және тұлғаны танытатын танымдық еңбектердің жазылғаны жөн деп білемін. Оның өмірбаяны мен мақалаларын ғана жинап, онымен шектелуге болмас. Әрине, насихаттап, жас ғалымдарды да осы бастамаға атсалысуға шақыру керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін тіл мамандары жақсы зерттеп жүр. Міржақып Дулатұлын да біршама зерттедік. Тек қана өмірбаянын тізбелеу емес, ол кісінің қалдырған мұрасында айтылған мәселелердің өзектілігі де талданса деген тілек бар. Кез келген зерттеу еңбегі арқылы біз сол уақыттағы қазақы болмысты тани түсеміз. Сол замандағы қазақтың басынан өткерген тауқыметін түсінеміз. Мысалы, ХІХ ғасырды Абайдың немесе зар заман ақындарының болсын, басқа да қаншама мықты ақын-жыраулардың өлең-жырлары арқылы көзге елестетеміз ғой. Демек, ХІХ ғасыр түрлі сала мамандары тарапынан өз деңгейінде зерттелген. Ал ХХ ғасырдың басында Алаш арыстарының еңбегін жан-жақты зерттесек, дәл сол уақыттағы бұлыңғыр, аумалы-төкпелі кезеңдегі қазақтың, соның ішінде Алаш зиялыларының ролін анық көрсете алар едік. Ал ХХ ғасырдың басы осы күнге дейін, өкінішке қарай, толық зерттелмеген. ХХ ғасыр тұрмақ, тіпті, археологтар ХІІ-ХІІІ ғасырды қазбалап, мықты зерттеу еңбектерін шығаруда. Оларға мемлекет тарапынан арнайы қаражат та бөлініп жатыр. Ал дәл «иек астындағы», тарих үшін тым жақын кезең – 1905 жылдан 1935 жылға дейінгі уақыт жеткіліксіз зерттелген. Бұған ешкімді айыптай алмаймыз. Басқа да саяси-экономикалық себептер болуы мүмкін. Егер әрбір маман іздененетін болса, қаражатсыз-ақ, тапсырмасыз да зерттер еді. Зерттелмей жатыр демеймін. Бірақ тым аз.
– Күллі қазақтың ұлттық мүддесін қорғаған Әлихан Бөкейханды әлемдегі өз халқының рухани қорғаушысына айналған қандай тұлғалармен салыстыра аламыз?
– Жалпы, ХХ ғасырда біртұтас елдің лидері бола алды. Мысалы, ХІХ ғасырда елдің бостандығы үшін күрескен деп бәріміз ең бірінші Кенесары ханды атаймыз. Мұндай тұлғалар әр елде бар. Найзаның ұшымен, білектің күшімен елдің намысын қорғап, егемендігі үшін күрескен қаншама арда азаматтар тарихтың қойнауында қалды. Әлихан Бөкейхан да әскер құрып, азаттық жолында күрескісі келгенімен, оған мүмкіндігі болмады. Сол себепті де Алаш азаматтары негізінен рухани бекемдікке мән беріп, елдің көзін ашып, ағарту жұмыстарымен айналысты. Өкінішке қарай, Алаш мұраты – Алаш арманы дер кезінде бағаланбады. Егер Алаш үкіметінің дегені болса, кезіндегі Ататүрік сияқты ғажап үкімет құруға болар еді.
– Әлихан Бөкейханның биылғы 150 жылдық мерейтойын өз деңгейінде тойлағандай болдық. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілген мерекеге айналды. Кім қаншалықты үлес қосты? Алашшыл азаматтың ұрпағы ұлы тұлға алдындағы ұлттық парызымызды өтей алдық па?
– Әрине, өтеген жоқпыз. Оған арнап Астананың төрінен ескерткіш орнатсақ, ол кісіге арналған мұражайлар ашылса, жоғары оқу орындарына есімі берілсе, сонымен бірге, аймақтардағы көшелер мен мекемелерге қойылса, нұр үстіне нұр емес пе еді?! Әлекең туралы көркем фильм, театрландырылған қойылымдар қойылса, барлық мектептерде оның портреті ілініп тұрғанда және бар бала «Әлихан Бөкейхан» деген есімді жатқа білсе, еңбектері толық жарияланып, ауыл-аймақтағы кітапханаларға жеткізілсе, өзі айтып кеткен өсиеттердің бәрін түсініп, орындай алсақ… Бұл бір жылда жасалынатын шаруа емес. Астана қаласында бір емес, екі үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылды. Еуразия Ұлттық университетінде де Әлихан Бөкейханның мерейтойына арналған шаралар өтті. Алматы қаласында да түрлі конференциялар, арнайы шаралар болғаны белгілі. Қарағанды, Қостанай қалалары мен басқа да шет аймақтар да сырт қалған жоқ. Барша ғалым, университет ұжымы, әкімшілікке шын жүректен разымын. Дегенмен, бұл мерейтойға ғалымдардың өздері де дайын болмай қалған секілді. Неге десеңіз, барлық конференцияда – бір баяндама. Жаңа, жас ғалымдар келіп, болашақта Алаш тарихын тереңірек зерттер. Өткен конференциялардың бәрі де өзінше пайдасын тигізер. Жаңа зерттеулер көбейер деген үміт басым.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан Әбіш
ПІКІРЛЕР2