Басқаша ғаламның өзгеше суреті
«Ұлылардың жүрген жолымен жүрме, бірақ іздегенін ізде» дейтін тәмсіл бар көкейімізде. Сол тәмсілдің нәтін ұққан суретші-кестеші жүр қазақтың бейнелеу әлемінде. Ол – Зейнелхан Мұхамеджан әріптесіміз десек, шығармасы қолданбалы сәндік өнердің шеңберінен шығып, дәстүрлі бейнелеу өнерімен тұтасып, сіңісіп кеткенімен ерекше. «Біз кесте» – халқымыздың өмірімен біте қайнасқан (небір маталарға, сәукеле жиектеріне, бала киімдеріне, көйлек-бешпенттердің жаға жеңіне, арқасына һәм өңір-омырауына, кимешек жағаға, мұрақ, ақ қалпақ, айыр қалпақ, тақия, кәмшат бөріктен тартып, дөдеге, жел-бау, басқұр, киім жапқыш, шымылдық, көрпе жастық, орамал, сүлгі, дастарқан, тұскиіз, белдемше деп тізімі бітпей, шұбатылып кете беретін халықтың өмір бойына тұтынған бай дүние мүлкіне орайын тауып, өз орнымен түскен) төл өнері еді. Біздің дәуірге дейінгі 25-23 ғасырлардан өз алдына бөлініп шығып, одан бергі бесінші ғасырының қойнауынан жеткен Пазырық, Ноин Ула қорғандарынан табылған кесте өнері мата мен тері, киіз бетіне жіп арқылы «сурет» болып түсіп, қауырт дамып, күрт басылып, көбінше бірін-бірі қайталап-көшірмей, замандардың өн бойына ілесіп бүгінге дейін жан созыпты.
Уақыт жылжып, өзге құндылықтар тұрмысымызға дендеп еніп, кесте тігу өнерінің жасалу, қолдану һәм тұтыну аясы тарыла бастағанда, бейнелеу сахнасына суретші Зейнелхан шықты, «біз кесте» өнерін жаңа бір қырға көтеріп. Бақсақ – мәнін байытыпты, жасалу техникасының көкжиегін кеңітіпті. Кеңітумен қатар (осы күнге қазақтың «мен» дейтін мықты суретшілерінің барлығы дерлік еуропалық салу мәнерімен өз биігіне жетсе), Зәкең қазақтың байырғы қолөнерін сырттан келген бейнелеу әлемінің құндылықтарымен синтездеу арқылы өзгеше түрге ендіріп, түпнұсқаға залал келтірместен, зау биікке бір-ақ шығарыпты.
Біз кесте әу баста жалпының, әлеуметтің меншігі болса, заман аунап түсіп, ұлттық құндылықтар сұрақтардың тезіне түскен шақта, жалқының, Зейнелхан секілді қазақтың қол өнерінің қадіріне жеткен сирек те болса БАР жанкештілердің меншігіне, авторлық меншікке айналып келе ме? «Қалпын бұзба, әдісін сетінетпе, бояуын құрғатпа, әсерін кемітпе» дейтін өткеннің үнсіз айтылған бұйрық райын болмысынан өткеріп.
Мақта жіп, зер, жібек жіптерін сайлап алған соң, тамбурлы кесте, албыр кесте, кенебе, қабырға кесте әдісін білген соң, оң қолына ілмек (қармақ) бізін алған екен, көкірегінде тізбек тігіс, шыраш тігіс, тышқан із, шынжыр, шым кесте, қойқусақ пен қиғаш кесте бар екен, жадында жөрмеу, батырып тігу, бұзау тіс, бүрме тігіс, жапсырма, қабырға, қайып тігіс сайрап тұр екен, қайып тігеді екен, тепшу-таңдай тігісті меңгерген екен, асыл тасты, ақық, зүбәржатты кесте шіркінге орынымен пайдаланады екен, матасын кергішке тартқан екен, енді не тұрыс десек, алдымыздан көлбеп – дарын мен талғам шығады екен. Зейнелхан суретшіні осы бір бейнетті жолда (жаңа ғасырдың басында) ерекшелеп, даралап тұрған нәрсе – ең әуелі, осы дарыны мен талғамы болса керек. Сонан соң «кесте тігумен тек әйелдер ғана айналысады» дейтін стереотипті бұзғанында болса керек. (Оның тағдырына кестешілікпен қоса, әйел-аналардың пешенесіне жазылатын сұрапыл шыдамдылықты қоса сіңіруге тура келіпті).
Біз салған картинамызға бір тер төгіп жетсек, Зекең бес төгіп жететін көрінеді. Кескіндеме өкілдері жалпақ флейцпен бояуды бірер тартып, шашып-төгіп, әрі-бері ысқылай салып, суретін көрмеге апыл-ғұпыл әкеліп ілсе, бұл суретші талантпен қабат ептілік, іскерлік, икемділік, шеберлік, шыдамдылықпен «қаруланып» алып, біз кестемен шұқшиып, сарыла отырып, әуен-ырғақтан бір жаңылмай жете ме көрме атаулыға? Тілімізден кетіп, архаикаға айнала бастаған «кестелеп, жиектеп, өрнектеп, зерлеп, оқалап, өріп, қайып, шалып, күрмеп, шілтерлеп, жиегіне су жүргізіп» дейтін сөздердің орнын істе, өз шығармашылығында қолдана алады екен, жүрдім-бардым, кенеп үстінен ойқастай шауып, жеңіл-желпі өте алмасы анық. Қақысы да жоқ. О баста осы бір тірмізік жолды таңдап алған да білген мехнат сапарын. Әлімсақтан келе жатқан көне өнерді мәңгілікке жалғай ма, сүйріктей біз кестемен сүмбілдей жіп суырып?
Шығармасына ойыссақ, ым-ишараны да осыннан табасыз. Нәзік лирика, сағыныш дейсіз бе, бүркеулі жатқан шиеленіс, стилистикасымен қабыса кетер жұмбақ сыр да осында. Жүзі нұрлы адамгершілік, жақсыдан ғана нәр сорған бақыттың кішкене әлемі дерсіз.
Катализатор іспетті, көзге көрінбей, сезінту арқылы ғана картинаны тас түйін қылып көрерменге жеткізіп тұратын (кез келген суретшінің пешенесіне жазыла бермейтін) композицияны жетік меңгерген. Оның бірде тап ортадан, бірде қиялай көлбеп, кейде биіктей жасалған құрылымы, омыртқа қаңқасы – қашан да дәл табылып, қылпыта қайралған қомағай кездіктің жүзінен шыққан сәнді бұйымдай сәтімен тәмамдалады. Қазақтың қолөнер дәстүрінде бар бұл әдіс-тәсіл қанмен-генмен келіп Зейнелхан суретшінің шығармасынан сыңарын қапысыз табады.
Қараңызшы, Зейнелханның кесте ырғағы соңына бітпес ою секілді өрнек қалдыра зырқырап, кеңістікте шыр айналып әу басқа, иесіне оралатын, шірене лақтырған бумеранг секілді ә? Сол бітпес өрнектің ішінде қияли түсте кез болатын кейіпкер де, қобыз шалған бақсы, малдас құрған Күлтегін, бақыттан басы айналған қыз-жігіт, салт аттылар, әлди көтерген әйелдер, құлыншақпен қосыла жарысқан балақайлар, төрт түлік те өз биін, өз ырғағын тауып, өз мәніне ие болып бір тұтас жан иесіне айналып кете ме, әлемнің біртұтас екенін қайта-қайта еске салып?
Зейнелхан суретшінің шығармашылығы әдетте екі кеңістіктен тұрар еді. Әуелгісі – әріден жеткен көне кесте. Өрнек. Әлдебір аты белгісіз ғажап шебердің жасағаны (Жаратқан Иеден «талант» деп аталып, пенденің жұлын тұтасына түсіп, жүйкемен жүгіріп, қолынан ағып барып кесте болып төгілген. Өзінікіндей біз кесте ме, жоқ баспа кесте, шекпе кесте ме, ашамай, ойма, сырма, бастырма, қапсырма, ілме кесте ме, әйтеуір зәумен аман қалып, Зекеңнің назарына ілігіп, қан тамыры лүпи соғып, ғұмыры ұзарып сала берген). Көбінше жасалуы, сюжеті, шынжыр текті тігісі ұқсас болып келетін, бірақ назар салып үңіліп қарағанға бірін-бірі қайталамайтын тұтас тұскиіздер немесе бір фрагменті. Соңғысы жаңағы жәдігердің жығасын қисайтпаған күйі сол кестенің үстіне түзілген кеңістіктегі адамдар тұлғаcы, жануарлар нақысы. Көбінше контур сызықтар болып, әуелгі жазықтықтың ашық кеңістігін «зейнелхан тәсілмен» толтырып, сәл бері, бірер милиметр шығыңқы беделкесте (рельефтене) әдісімен түзілген-тігілген сол екінші кеңістік – Салт аттылар ма екен, Көк бөрі шығар, Ту ұстаушы болар? Әйтеуір дөңгеленіп, қазақтың түу көне дәстүрін темірқазық етіп, айнала кезіп, адаспай шыр айналады-ай.
«Ту ұстаушы» дегеннен шығады, Тамғалы тастарында тап осындай екі заман диалогы бар. Әріде ықылым заманғы садақ тартқан адамдар, тау теке, аңшылық суреті бедерленсе, беріде оған қарама-қарсы, тұмар мойын ат мінген, бес қаруы сай түркі, ту ұстаушы бәдізделген. Әуелгі суретке еш залал келтірмей, қуатын еш кемітпей асқан жауапкершілікпен тас қашаған әріптесіміз замандар бейнесін қиыннан қиыстырған. Тап сондай үйлесім Зейнелханның да шығармасынан көрініс береді. (Дәстүр жалғанды. Өнеге ұшталды). Сол үйлесім арқылы Зейнелхан суретші әріні беріге жалғап қана емес, «соларға жүріңдер, соның құпиясын бірге табалық» дей ме? Осылайша өткеннің бағын ашалық дей ме? Беу, баяғы кестешілердің өз тілі болған, кесте тігушінің көңіл күйін, тұрмыс тіршілігіндегі алған орнын кестесінен білген екен. Сол, жоғалып, таптырмай кеткен үрдісті іздеп те жүрелік дей ме?
Зейнелхан аппликацияның да қиынынан қисын тапқыш екені көзге түседі. Ескі кестенің бүлінген тұсын кәнігі хирург секілді жөнімен «сылып» тастап, өңін бермеген әлдебір тұсын сәтімен қиып әкеледі де өзінікімен тұтастырады. Жетпей қалған тұсын шебер имитация жасап, жалғастырып барып межесіне жеткізе тежейді. Қазіргі жіптің түсін байырғыша «қартайту» қалай іске асады, бізге жұмбақ.
Тұскиізбен де туыстыра тігеді.
Зейнелхан суретшінің шығармашылық аясында қос заман түйіседі. Түйісіп отырып, сырласады. Мұнда алқам да салқам, бейпіл ашық әңгіме жоқ, «былш еткізіп жарып айту» және жоқ. Алдыңыздан үнсіз жеткен, «бір қалыппен желпіп соққан әдемі қоңыр желдей», «көз алмай, тоя алмай үнсіз телмірткен»1, сыршыл кеңістік, ажырамастай тұтас, кінәратсыз үйлесім кеңістігі ашылады. Қоя берсін салғырттығы жоқ, көңіл күйі шалқыған, жұмбағы тұнып, мұңын тереңге әкеткен бір өңкей бекзат бұйымдар («сурет» десең олқы, «картина» десең қисынсыз, қазағыңның қол өнеріне теңеу таба алмай қиналасың осындайда) шығады.
Тұтас, нұрлы. Үйлесімді.
«Арқасын кеңге салып» дейтін қазақтың жақсы сөзі бар. Бәлкім, «кең» дейтін осы шығар, Зейнелханның кестесі, қазақтың тұскиізі тұрпатты төрге, керегеге ілінген. Содан болар, қазақтың, соған ғана сүйеніп, арқасын кеңге салып, мұрты көкке шаншылып, бұрында сөйлейтіні.
Халқымыздың ендігі бейнелу әлемі осы Зейнелхан замандасымыздың шығармалары секілді терең дүниелермен өлшенуі керек-ау…
Қазағының тұрмысында кең қолданылған өнері екен біз кесте. Зекеңнің «ұлылардың жүрген жолымен жүрмей, бірақ іздегенін іздей» жүріп тапқанына көздің сұғы тимесін, қара күйе түспесін деңіз.
1Осындайда Зейнелханның шығармаларын ұлы Мұхаңның сөз сарынымен үндестіре айтқың келеді.
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ.