«ІШІНДЕ КӨП ЖҰЛДЫЗДЫҢ ШОЛПАНЫМЫЗ»
(генерал Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысхан туралы архив деректері)
Қазан төңкерісіне дейін мұсылман, түркі-моңғол (қалмақ), Орта Азия халықтары ішінен әскери қызмет жағынан өскендер қатарында белгілі бір тұлға дәрежесіне көтеріліп, есімі Кремльдің Георгиев залына алтын әріппен жазылған генералдық әскери атақты әкімшілік қызметімен емес, әскери еңбегі үшін алған тұңғыш қазақ – Жәңгір ханның төртінші ұлы – кавалерия генералы Сұлтан қажы Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысханға жетер адам болмаған.
Қазақ-башқұрт-татарға бірдей белгілі ақын Ақмолла Ғұбайдулланы (Ғұбаш) «Ішінде көп жұлдыздың шолпанымыз» деп ерекше мақтанышпен дәріптеуі де содан.
Осындай айтулы тұлғаның өмірі мен қызметі әлі күнге дейін арнайы зерттелген емес. Қазірге дейін біздің білетініміз энциклопедияларда, оқулықтарда берілетін қысқаша анықтамалар ғана. Осы тұрғыдан алғанда өзінің саяси элитасы мен дворяндардың, әскери қызметкерлердің еңбегін зерттеген, архив, музей қойнауларынан том-том кітаптар шығарып жатқан орыс тарихшыларына риза боласың. Әрине, Ресей тарихшыларының бізден артықшылығы – архив, кітапханалары жанында, зерттеуге қолайлы. Ішінде Ғұбайдулла Шыңғысханның есімі көзге түскенде жүрегің лүпілдеп, көкірегіңе қуаныш сезімі ұялайды.
Соңғы кезде табылып жатқан деректерге зер салатын болсақ, даңқты қолбасшының екі қасиеті анық байқалады, біріншіден, елінен іздеп келген адамдарға қол ұшын берген жомарттығы. Оған дәлел Мәмеков Қожа-Алидің өз қолымен жазған өмірбаяны. Екіншіден, Ресей империясының ең жоғарғы иерархиясында жүріп қажылыққа барғандығы. Ол қажылыққа құр барып қана қоймай, Ресей мұсылмандарының мүддесін қорғап патшаның өзінен бастап, көптеген лауазымды орындарға жазған хаттары. (Сергей Волков Генералитет Российской империи, энциклопедический словарь генералов и адмиралов от Петра до Николая II, том I и II, Москва: Центро-Полиграф 2009, 757-бет.)
Орал тұрғыны Мәмеков Қожа-Әли естелігінде былай дейді: «…1901 жылы август айында Исаевтың шақыртуымен мен Кронштадтқа баратын болып аттанып, жолда Хан ставкасына (Орда) аялдап, дәрігер Шомбалов Мәжиттің немере інісі Батырқайырға жолығып, Петербургке қалай баруды сұрадым. Батырқайыр маған Петербургте отставкаға шығып тұрып жатқан біздің ханымыз Жәңгірдің кіші ұлы кавалерия генералы Ғұбайдулла Шыңғысханның атына хат жазып берді. Батырқайыр мен дәрігер Мәжит Шомбалдың арғы аталары Хан Жәңгірдің кезінде Ноғай руының биі болып ханға жақын болған еді. Сол дәстүрді сақтап Батырқайыр Петербургта университетте оқып жүргенде Ғұбайдулламен араласып тұрады екен. Мен Кронштадқа аман-есен барып емтиханды ойдағыдай тапсырып, медициналық мектепке оқуға түстім. Бір ай өткен соң Петербургке барып Ғұбекеңнің үйін тауып алып, Батырқайырдың хатын табыс еттім. Ол кісі хатты оқып маған 25 рубль ақша беріп жатып үнемі үйге келіп тұруымды өтінді. Орыс әйеліне үйленіпті, баласы жоқ болатын. Мен уақыттың тарлығына байланысты оған сирек барып жүрдім. Барған сайын кем дегенде үнемі он рубль ақша беріп тұрды, бірақ өзім де ақшадан қысылған емеспін, себебі мен қазына есебінен оқытылатын едім…».
«…1902 жылы Кавказдың мұсылман студеттері Таврия сарайында вечер өткізді. Вечерге Петербургтің бүкіл алдыңғы қатарлы мұсылман өкілдері келді. Олардың ішінен Шоқанның інісі, отставкадағы генерал Валихановты (Уалиханов А.Т.), Башқұрт генералы Шейх-Әлиді және басқаларды көрдім. Шейх- Әли біздің ханымыз Жәңгірдің Гүлайым атты немересіне үйленген…».
«…1905 жылы 9 январьда мен оқуды бітіріп үйге қайтарда Петербургке тоқтап генерал Ғұбайдулламен (Ғұбаш деп те аталады) қоштасып, Кронштадта оқып жүргенде маған көрсеткен материалдық көмегі үшін алғыс айттым. Ғұбаш 1907 жылы әйелі екеуі Қырымдағы Бақшасарайда тұратын інісі отставкадағы гвардия полковнигі Ахметкерей Шыңғысханға барып, сонда біраз жыл тұрып қайтыс болды…» (Мәмеков Қожа-Али Өмірбаян – Орда музейінің қоры – Бөкей ордасы).
Бөкей Ордасы таратылғаннан кейін Жәңгірдің балаларына Самар губерниясына қарасты Жаңа өзен болысынан 40 мың десятина жер бөлініп, өздері Паж корпусына оқуға жіберілді. (Список чинов Министерства Внутренних дел. СПб. 1894. Ч.1.с. 118).
Империяның ең жоғарғы элиталық (ақсүйектік) оқу орнында Еуропалық білім алған және «Хан ордасынан» тыс бір-бірімен жалғасып жатқан үзіліссіз түрде жүргізілген әскери қызмет хан балаларын өздерінің шыққан тегінен, ата-баба салты мен тұрмысынан біржолата айырды . Бірақ та өзі ақылды әрі еуропалық білім алған қазақтар дәстүр мен сенімнің мемлекет өмірінде алатын маңызын жақсы білді. Шыңғысхан Сұлтан діни бірігу идеясынан алшақ болды және ХХ ғасырдың басында күш ала бастаған мұсылман либерализмін жақтамады. Өзі суннит дінін ұстаған генерал өз бабаларының діни сеніміне құрметпен қарады және Александр ІІ патшаның «мәртебелі рұқсатымен» 1880 жылдың қараша айында Мекке мен Мединеге барып қажылық парызын орындап қайтты. (Мукатаев Г.К. Хан Джангир – великий преобразователь степи. СПб. 2001. с.86).
Петров Табелі рангалы ІІ класты жоғары шені бар қажы Ғұбайдулла Жәңгірұлы империяның ішкі саяси және конфессионалды тыныштығына шын ниетпен ықыласты болады. Оның бұл ісін 1885 жылы жарияланған «Қырғыздардың (қазақтардың – Д. А.) діни істерін Далалық облыстарындағы генерал-губернаторларға беру туралы Жобаға» деген үзілді-кесілді қарсылығынан көруге болады. (АВПРИ.Ф.161/4.Оп.729/2.Ед.хр.275.Л.3-4).
Бұл құжат бойынша Далалық өлкедегі мұсылмандардың діни ұстанымдарына қырғыздар ғана таңдап алынды, олардың арасындағы басқа татарлар секілді мұсылман диаспораларына кедергі жасалды, олар діни және басқа да құқықтарынан шеттетілді, басқа жатжұрттықтармен бірдей алым-салық төлеуге міндеттелді. (Епископ Андрей и доктрина Министерства внутренних дел (публикация Е.И.Лариной) //Сб.РИО.М.2003.Т.7 (155). С.220).
Бұл Жобадағы дінге деген мұндай қаталдық генерал Шыңғысханның ашу-ызасын тудырып, дәлелді сынына ұшырады. (Ислам в Российской империи (законадательные акты, описания, статистика). Сост. Д.Ю.Арапов. М.2001. с.184, 279-280).
Қажы Ғұбайдолла Жәңгірұлы 1909 жылы денсаулығын қалпына келтіру үшін емделуге Петербургтан Ялтаға келіп сонда қайтыс болды және Ялтаға жақын Қырымның Дерико аталатын шағын ауылындағы мұсылмандар зиратына жерленді. (Хак.А.Памяти Султана Чингисхана //Исторический вестник. 1909. декабрь. С. 1024-1028; Генерал от кавалерии Чингис-хан // Русский инвалид. 1909. № 50. с.3).
Ғұбайдолланың әкесі Жәңгірханнан қалған нәрселердің бірі, хан сарайындағы қару-жарақ бөлмесі болатын. Қару-жарақ бөлмесінің қалай жасалғанын академик С.З.Зиманов былай деп атап айтады «…қару-жарақ бөлмесін жасау ханға 1827 жылы Петербургқа барып, ондағы музейлерді көргеннен кейін ойына келеді. Осы сапардан соң ол өзінің туыстарына хат жазып, сирек кездесетін заттары, әсіресе отбасылық-әулеттік, тарихи маңызы бар қару-жарақтар болса, өзіне беруді сұрайды. Бүкіл әулетінің басы, Жәңгірдің әкесі Бөкей ханның өзі сақтап келген отбасылық реликвиялар мен мылтықтар, Хан ставкасындағы қару-жарақ бөлмесінің негізін қалады». (Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. Алматы. Наука. 1982, 151-бет).
Қару-жарақ «мұражайы» құрылып болған кезде ханмен кездескен және ол қайтыс болғаннан кейін де сол коллекцияны көреген саяхатшы Л.Терещенко былай деп жазады: «өте сирек заттарды ол әсіресе қаруларды жинастырушы еді…». Бөлмеде шығыс пистолеттері, мылтықтар, семсерлер, қылыштар, атаған – балталар, шоқпарлар, қалқандар, сауыттар бар еді. Қарулар алтынмен апталып, күміспен күптелген. Асыл тастар орнатылған, араби куфалық жазулармен әшекейленген, қылыштардың ішінде Анна, Елизабета және Екатерина екінші сияқты, қатын патшалардың, Павел және Александр патшалардың сыйлықтары ерекше көз тартады (З.С.Зиманов, 15-153-беттер). Жәңгір хан өлгеннен кейін, баға жетпес бұл заттар қолды болып жоғалады. Солардың ішінде бірнешеуі Ғұбайдолланың қолында қалған екен. Ол жөнінде кейінгі зерттеулерімізде айтармыз (А.Тоқтабай). Біздің көзімізге Орал облыстық өлкетану музейінде тұрған жыланның бейнесі салынып, ирек-ирек соғылған қылыш көзімізге түсті. Музей қызметкерлерінен «жылан қылыштың» мән-жайын сұрағанымызда нақтылы дерек жоқ, бірақ бұрынғы директор марқұм Ұрқия Ершуриева Жәңгір ханның коллекциясынан қалған деп айтқанын естігенбіз деп жауап берді.
Төменде біз генерал Шыңғысханның жеке басына қатысты мұрасы саналатын әскери қызметі туралы анықтамаларды, Далалық комиссияның Жобасына қарсылығы және «мұсылмандардың рұқсат етілмеген» съезі туралы қызықты деген құжаттарын жариялаймыз.
1. Генерал-лейтенант Сұлтан Шыңғысханның кавалерия армиясында запаста тіркелуі және Ішкі істер министрлігінде атқарған қызметі жайлы анықтама.
Генерал Сұлтан Шыңғысхан 54 жаста. Қырғыз Ордасын билеуші Бөкей ханның ұлы, діни сенімі суннит (Мұхамед). 1840 жылы 6 мамырда дүниеге келген.
Камер-Пажейдегі Ұлы Мәртебелі Императордың Паж корпусы ғылымының толық курсын бітірді, үздік оқығаны, ғылымдағы табысы және үлгілі тәртібі үшін есімі алтын кітапқа жазылды.
Қызметі мен офицерлік шені. 16 маусым 1856 жылдан, қазіргі генерал-лейтенант шенінде 30 тамыз 1888 жылдан Ішкі Істер министрлігі құрамынан шығып запасқа кеткені 30 тамыз 1888 жылдан.
Аталған генерал өзінің қызметі жылдарында мынадай тапсырмаларды орындады:
Л.Г.В. Қазақ полкінде Корнет шенімен тіркеліп, 1856 жылы жоғарғы жақтың тапсырмасымен бұл полкті тастап, Орынбор корпусындағы Командирлер бөліміне іссапарға жіберілді.
Шетелге кетуді мақсат еткен өз еркімен көшіп-қонып жүрген қырғыз көшпелілерін елден шығару үшін 1860 жылы Қырғыз Даласы Орынбор өлкесіне Бас Басқарма Бастығы ретінде жіберілді.
1862 жылы Орынбордың Бас Басқарма бастығымен бірге Орал әскери тұрағын, Ішкі Бөкей ордасы қырғыздарының далалық жерін, Каспий өңірін және Александров портындағы әскери жазалаушы Атаман болып тағайындалды.
1868 жылы полковник шенінде Вилен әскери округінің әскери Командирі болып тағайындалды.
1871 жылы Жоғарғы мәртебелінің бұйрығымен Ұлы мәртебелі Императордың Фильгель-Адъютанты болып тағайындалды.
1875 жылы жоғарғы мәртебелінің ұйғаруымен Ішкі Істер министрлігімен Қырғыз істері жөніндегі жұмыспен айналысуға жіберілді.
1876 жылы 20 ақпаннан бастап ұлы Мәртебелінің ұйғаруымен Ішкі Істер министрлігі Қырғыз істері жұмысымен қоса Телеграф департаменті жұмысымен айналысу тапсырылды.
1877 жылдың 30 тамызында Плевно маңында түркиялықтармен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» деген жазуы бар алтын қылышпен (қарумен) марапатталды.
1877 жылдың 15 желтоқсанында қолданыстағы Армия бұйрығымен армияның бүкіл телеграф нүктелері бағынатын соғыс жағдайындағы және армия тылындағы ақпарат-телеграф қызметінің Бастығы болып тағайындалды.
1878 жылдың 1 қаңтарында жоғарғы бұйрықпен үздік әскери қызметі Аса Мәртебелі Императордың нөкерлер Свитасына тағайындалды және Генерал-майор шенін берумен аталып өтті.
1881 жылы Телеграф бөліміндегі Қырғыз бөлімшесі Басқармасының көмекшісі жұмысымен қоса, Ішкі Істер министрлігінің тапсырмасымен Жер бөлімі жұмысымен айналысу міндеттелді.
1883 жылы 15 шілдеде Ішкі Істер министрлігінің ұсынысымен Москвада Аса Мәртебелі Императордың Коронациясына (ұлықтауына) қатысатын бүкілазиялық депутаттарды басқаруға тағайындалды.
1884 жылы Ішкі Істер министрлігінің ұсынысымен Түркістан өлкесін басқару туралы Жарғының Жобасын дайындайтын кеңеске мүшелікке тағайындалды.
1885 жылы Жоғарғы Мәртебелінің ұйғарымы бойынша Қырымдағы вакуфтар туралы Жоғарғы Айрықша комиссияның Губерния Төрағасы болып тағайындалды.
1888 жылы Жоғарғы Әскери Ведомствоның бұйрығымен Ішкі Істер министрлігіндегі қызметінен босатылып, Армия Кавалериясының запастағы Генерал-лейтенанты әскери атағы берілді.
Ордендері: Әулие Анна 1 және 2 дәрежелі, Әулие Станислав 1 және 2 дәрежелі, Әулие Владимир 3 және 4 дәрежелі, мұндай марапаттар мұсылмандар үшін де берілген, «Ерлігі үшін» деген жазуы бар алтын қылыш.
Медальдары: 1877-1878 жылдардағы соғысты және Аса Мәртебелінің Әулие Тәжін еске алу медалы, 1877-1878 жылдардағы император Александр 2-нің Түркия соғысына арнаған белгісі, Қызыл Крест (мұсылмандардың) белгісі.
Шетелдік ордендері: Сербияның офицерлік үлкен Такова жұлдызды Крестісі, Румынияның Темір Крестісі және Черногордың «Батырлығы үшін» алтын медалі.
Бойдақ. Жеке басына қатысты қозғалмайтын мүлігі әскери қызметі тізімінде тіркелмеген.
Генерал-лейтенант Сұлтан Шыңғысхан.
Растаушы: Полковник Сватиков. 11 сәуір, 1894 ж.
РГВИА. (Российский государственный военно – исторический архив) Ф. 400 (Бас штаб). Оп. 17. Ед. хр. 8031. Л. 5-7 об.
2. Белгісіз адамға жазған хат 6 наурыз 1885 ж. С.-Петербург.
Аса Мәртебелім жіберген хатыңызды құрметпен еске ала отырып, Далалық облыстардағы Қырғыздардың діни істерін басқару жөніндегі қазіргі құрылған Далалық комиссияның Жобасына сіздің назарыңызды аударғым келеді. Бұл қандай Жоба, оны өзіңіз білесіз. Біздің далалық өлкелердің діни жақтарын қозғауымыз, меніңше, саяси қателік болар еді. Егер біздің аймақтарда күні бүгінге дейін тыныштық пен сенімділік орнап тұрған болса, бұл біріншіден, осы уақытқа дейін біздің Үкіметіміздің далалықтардың бостандығына, олардың діни көзқарастары мен тұрмыстық салтына тиіспей отырғандығы себеп болуда.
Далалықтардың діни сенімін және дәстүрін қорғауды үкімет қашанда мемлекетіміздің бірінші кезектегі маңызды мәселесі ретінде қарастырып отыруға күш салса, онда біздің өлкелер Отанға шын берілген әрі дұрыс жолды таңдаған болып табылмақ.
Егер далалықтар өздерін діни және тұрмыс-салты жағынан қысымға ұшырататын аздаған өзгерісті (реформаны) байқаса болды, онда біздің ісіміз жеңіліске ұшырайды және ондаған мың мылтықтың біздегі тұрақтылықты қалпына келтіре алмайды және үкімет түземдіктердің ішкі жағдайынан айырылады.
Сіз бұған сеніңіз, әрине, өзіңіз де білесіз, Орта Азия халқы Россия бостандығын қабылдағанда сіздің қолдауыңызға сүйенді және өзіңіз жазғандай үкімет саясатын жүргізетін реформаторлар өздерінің таусылмайтын Жобалары арқылы осы тұрақтылықты бұзғысы келеді. Бұл «біздің Бисмарктар» түземдіктердің діни сеніміне, олардың салт-дәстүрі мен өмір сүру қаракетіне тиісуге болмайтынын түсінгілері келмейді. Біздің түземдіктерді басқарудағы бүгінгі саясатымыз олардың жанына жақын және оны түземдіктердің да жақсы түсінетінін үкімет біледі. Сондықтан біздің Орта Азиядағы миссиямыз әлі аяқталған жоқ, оған қоса меніңше, көршілес әсіресе, тәуелсіз халықтарды басқарып отырған ұсақ хандықтар (қожалықтар) алдында картаны ашу әлі ертерек. Егер көршілес тайпалар Россия бостандығындағы өздерінің бұрынғы қандастарының жақсы өмір сүріп отырғанда, біздің үкіметіміздің олардың діні мен дәстүрін шектемейтініне көз жеткізсе, онда біздің көзқарасымызға түсінікпен қараған басқа халықтардың өздері-ақ монархияға өтіп, бодандықты қабылдайтын болады. Бұған олардың көзін жеткізу аса қиын емес, ол үшін олардың діні мен тұрмысын құрметтеп, салт-дәстүріне қысым жасалмаса болды.
Сіздің Аса Мәртебеліңізге Мұхамед қағидаларының негіздері мәлім, оның самодержавия билігін қабылдауының өзі діни ықпалдың кең ауқымын түсінгенінен көруге болады. Осыдан барып, меніңше, адамдардың діни көзқарасын қайтадан қалыптастыруға болмайды. Бұл бағытта жүргізілген шаралар діни ұйымдардың жағдайын ушықтырады, орыс саясатына дұшпандықты қоздырады және үкімет саясаты мен мақсатына қарсы бағытталған құпия насихат жұмыстарын жүргізу өршиді.
Діншілдік, өзімшілдік пиғылға негізделеді және жеке басқа табынады. Сондықтан олардың осы құқықтарын өздеріне қалдыра отырып, біз діншілдікті ұстанған сенімді өкілдерге ие боламыз.
Осылай дей отырып мен діншілдікті өтірік қолпаштағым келмейді. Керісінше. Діншілдікті ешқандай күшпен тоқтату мүмкін емес, Жобада ұсынылғандай оны кеме сыртына лақтырып тастау емес, керісінше оны белгілі бір уақытқа дейін сақтау керек.
Негізінен бұл мәселе бойынша талқылау жүргізбей-ақ берілген қажетті нұсқау бойынша шара қабылдап, әркім ерікті түрде әрекет етсе болғаны. Жобаның барлық тұсына халық арасында өршіген діншілдіктің маңызы мен әсерін жою саясаты алға мақсат етіп қойылған. Меніңше, Жобада ұсынылған мұндай шара қарсылыққа апарады. Діншілдік ешқашан жойылмайды, қайта керісінше жылдам күш алады. Бұған қоса халықтың өзі мұндай шараға сенімсіздікпен қарайтын болады, қай жерде сенімсіздік болса, сол жерде қолдау болмайды. Сол сияқты халықты сөзсіз берілген деп сенуге де болмайды және түрлі көзқарасты насихаттайтын қолайлы жағдайға жол ашылатын болады.
Бұл ашық айтылған ойларыма кешірім өтінемін.
Сіздің қызметшіңіз Шыңғыс-хан.
АВПРИ. (Архив внешней политики Российской империй)
Ф. 161/4 (Азия департаменті). Оп. 729/2. Ед. хр. 275. Л. 1-2 об.
3. Кавалерия генералы Шыңғысханның хатынан көшірме (выписка).
С.-Петербург 24 қараша 1906ж. Москва.
Аса мәртебелі Г.П.Ермоловқа.
Москвада онға тарта адам жиналған мұсылмандардың рұқсат етілмеген съезі өтті. Бұл мен үшін өте ынғайсыз жағдай. Татарлардың беделіне нұқсан келтіретін мұндай далбаса жиынға Череванский қандай да бір саяси астар бергісі келеді. Россия мұсылмандарының барлығы бұған наразы және олардың сыртынан қайдағы бір оншақты ұлттық шапан киген сілімтіктердің саясатпен айналысқаны жөнінде ештеңе білмейді.
ГАРФ. (Государственный архив Российской федераций) Ф.102. (Полиция департаменті). 1906 ж. Оп. 265. Ед. хр. 127. Л.80.
Сөз соңында айтарымыз, патша үкіметінің пошта-телеграф, байланыс ісін басқарған даңқты жерлесіміздің есімін Қазақстан қарулы күштерінің байланыс институтына беріліп, алдына мүсіні орнатылса дейміз. Сонау Шыңғысхан дәуірінде, XIX ғасырда, қазіргі заманда байланыс қызметі мүлтіксіз жетілдірілген армия ең күшті деп есептелінеді. Егеменді еліміздің заманауи әскери оқу орнына мұндай тарихи қайраткердің есемінің берілуі, біріншіден, болашақ жас офицерлерге үлгі-өнеге, екіншіден, жат жұрттық курсанттар мен қонақтарға қазақтан осындай әскер басы болған екен ғой деп таңдай қақтырып, ой салар еді.
Қолбасшының өмірі мен қызметі түбегейлі зерттелуі қажет, қазіргі таңда біз Ғұбайдулланың өмірі мен ісіне байланысты қай жерде, нендей құжат жатқанын білеміз, қаржы мәселесі шешілсе зерттеуге дайынбыз.

Жәңгір ханның қару-жарақ палатасынан алынған «Жылан қылыш»
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымының докторы, профессор