КӨРКЕМДІКТІҢ КӨКЕЙКЕСТІ КӨКЖИЕГІ
Әдетте идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі ең жоғары әдебиет үлгісін классикаға балап жатамыз. Қазақ халқының ақиық ақындары мен суреткер жазушылары жасаған көркемдік сапасы жоғары туындылар аз емес. Десек те, бір кездері өресі биік өнер туындысы санап келген кейбір шығармалардың уақыт өткен сайын халық жадынан көмескілене түсетіндері кездеседі.
«С.Көбеевтің «Қалың мал» романын оқудың енді қажеті не?» деген пікірлердің айтыла бастауы бұл сөзімізге дәлел. Осы орайда туындаған «Бізде осы күні көркемдік мұра қалай іріктеліп жатыр? Бұрынғымен салыстырғанда көркемдікке деген көзқарас қаншалықты өзгерді? Көрнекті деген жазушыларымыздың туындысының өзі кейде уақыт тезіне шыдай алмай, ескіріп қалатыны неліктен? Әуезовтің, орыс классикасының, дүниежүзіндегі классикалық шығармалардың ешқашан ескірмейтін кереметтігі неде? Өмірлік шығарма жазу үшін қаламгерге не керек?» деген сауалдарды қалам ұстаған қауымға жолдаған едік.
Қуандық ШОЛАҚ,
ақын
ӨТКЕНДІ БІЛМЕУДІҢ, БІЛГІСІ КЕЛМЕУДІҢ ЗИЯНЫ КӨП
Адамзат талғамы уақыт өткен сайын өзгеріп отыратыны шындық. Мысалы, мен де қазіргі кезеңмен салыстырғанда, ертерек туған шығармаларыма көңілім толмайды. Көзқарасымның өзгергені соншалықты, тіпті бұрынғы жазған дүниелерімнен ұяламын. Бұл – өнерге, өлеңге деген жауапкершілігімнің, талғамымның өзгергені.
Сол секілді, бір кездері классикаға баланған шығармаларға деген көзқарас та уақыт талабына қарай өзгеруі мүмкін. Бір кездері Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» оқудың қажеті не деген пікірлер айтылғаны рас. Өз басым бұлай айтуды көрегендік емес, пенделікке балар едім. Ол да кешегі өткен өмірдің көрінісі, шежіресі. Өткенді білмеудің, білсе дебілгісі келмеудің зияны көп. Қазақтың өмірін тануға, заман көшіне ілесіп үлгеруіне бұның да қажеті бар шығар.
Кейбір «көрнекті» деген жазушыларымыздың шығармалары уақыт тезіне шыдамауының себебі,күншілдік, рушылдық, тамыр-таныстық және құда-жегжаттық пен пендешіліктің әдебиетке араласуы деп ойлаймын. Маңдайы жарқырап тұрмаса да, кейбір ортаңқол шығармаларды көпіртіп мақтап, сафтардың тізіміне тықпалағанмен, уақыт деген ірі електен түсіп қалатыны сөзсіз. Оның есесіне Т.Әлімқұлов секілді туматаланттың нағыз классикалық шығармалары онша елеп-ескерілмей, тасада қалғаны көңілге мұң ұялататыны бар. Әрине, көркем де кесек, өшпейтін де өлмейтін ірі шығармалар лайықты өз орнында тұрғаны дұрыс. Бірақ оларсирек, қадау-қадау екені де даусыз. Әуезов шығармаларының өміршең болатынының бір себебі, көркемдік дәрежесінің биіктігінде, қазақы салт-сананы сыздықтатып, әр санаға сіңіруінде. Келбеттігі де, кереметтігі де, ескірмеуі де осыған байланысты. Менің бұл пікірім «Қилы заманға» және «Абай жолының» 1-інші, 2 томдарына байланысты.
Өмірлік шығарма жазу үшін қаламгерге Құдай берген аса қарымды қабілет, толымды талант, іздемпаздық, көп оқу, оқыған дүниелерін санасына сіңіре тоқу деген ізгі қасиеттермен қоса, жанқиярлық, денсаулық, жағдай және уақыт қажет. Өзгеге еліктемей өзінше тың тақырыпқа бару керек.
Бізде жақсы жазушылар мен ақындар баршылық. Бірақ солардың өзге елдерге танылуы нашар. Орыс тіліне аударылған қазақ жазушыларының шығармалары, одан ары қарай өзге шет тіліне аударылғанда алғашқы нәрінен, айшықты әсерінен ажырап қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазақ әдебиеті әлемдік әдебиет биігінен көрінсін десек, оны қазақы бояуы басым, тілі шұрайлы көркем сипатын сақтай отырып аудару мәселесін қолға алуымыз керек. Сондықтан арнайы аударма жұмысымен айналысатын жастарды дайындауды қолға алған жөн. Сонда ғана қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңіп, көсегесі көгереді деуге негіз болады.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТТІҢ ҚАНЫ ЖЕРГЕ ТАМБАЙ ТҰР
Бұл шынында да уақыттың өзі күн тәртібіне алып шыққан сұрақ қой.Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жалпы классикалық әдебиетке көзқарас өзгереді деген ұғым болмаған. Тіпті, күдік те жоқ еді. Сондықтан да ақын-жазушыларымыз классикалық үлгіде жазатын. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың екінші жартысында кино мен телевидение жазушылардың оқырмандарын көз алдарында тартып ала бастады.Ол аз болғандай, ХХІ ғасыр одан да сорақы жаңа технологияларды алға шығарды. Осылардың бәрі бір кездері қолында кітап жүретін халықты қолынан айфонын тастамайтын жұртқа айналдырып жіберді. Міне, сондықтан әдебиетке, оның ішінде классикалық әдебиетке деген көзқарас өзгерді.Бұлжақсы деп жүрген классикалық шығармалар бір демде жаман болып қалды деген сөз емес. Олар адамзат жасаған саф алтын ретінде сақтала берері сөзсіз. Бірақ қазір әдебиетке, кітапқа бөлінетін уақыт азайды. Бұл – бүгінгі заманның ақиқаты.
Негізі реалистік классикалық әдебиет – жалпы әдебиеттің жұлыны ғой. Ал қазір Батыста, Жапонияда, Ресейде коммерциялық әдебиеттің қаны жерге тамбай тұр. Біздің де болашақ қаламгерлер осылай ғарай ауыса ма депқорқамын. Бірақ бұған қарап біздің алтын ғасырымызда жасалған (ХХ ғасыр) классикалық шығармалар өз құнын жоғалтпайды деп сенемін. Ол – самородный сары алтын секілді. Қажет кезінде оқырманы айналып соғып, бетіне түскен топырақ шаңын сүртіп отырады деп сенемін.
Біз реалистік классикалық әдебиеттің майданынан шықтық. Және сол майданда адал болып қала береміз. Сол жанрда жасалынған шедеврлер енді қайтып қайталанбайтын да шығар. Әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырлар адамзат үшін қазыналы ғасыр болды ғой. Бірақ солардың бәрі бірдей уақыт тезіне шыдас бере алмады. Бір кездері күн тәртібінен түспеген коммунист жазушылардың шығармаларын енді оқырман қолына алуының өзі қиын. Ал Әуезов секілді алыптар жазған шығармалар адамзаттың мәңгілік мұрасы, қазақ әдебиетінің ең биік шыңы болып қала беретініне сенемін. Өйткені, Әуезовтің заманында классикалық реалистік әдебиеттің айдарынан жел есіп тұрды ғой. Өкінішке қарай, социалистікреализмде өзініңтеріс әсерін тигізбей қойған жоқ. Бірақ Әуезов ол заманнан ары кетіп ХІХ ғасырдың шындығын жазды емес пе. Ал енді бұдан кейінгі әдебиет Батыста да, бізде де ақша қуған әдебиет болады деп ойлаймын.
Бір нәрсе ақиқат. Жұртты төмпештеп, төбелеп бәлен кітапты оқы деп ешкім оқыта алмайды. Кімді, нені оқитыны оқырманның өзталғамына байланысты. Егер шығарма шынында да өмір шындығына зәредей жалған келтірмейтін шынайы болса, әрі аса талантты қаламнан туса, оны өшірейін десең де өшіре алмайсың, оқыма десең де жұрт іздеп жүріп оқып алады. Негізінен жазушы шығармасын көпсөздіктен, сылбырлықтан, оқырманды жалықтыратын шұбалаңқылықтан арылтып, тек эстетикалық ләззат беретін беттерді ғана қалдырып отырса, бұл шығарманың өмірі ұзақ болады деп ойлаймын.
Светқали НҰРЖАН,
ақын
ӘР КЕЗЕҢ ӨЗІНІҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІН ЖАСАЙДЫ
Көркемдік мұраны іріктейтін талғам. Ал талғам уақытқа және құндылықтардың өзгеруіне, қоғамдық құбылыстарға тікелей байланысты. Әр уақыт, әр кезең өзінің іріктеуін, өзіндік көркемдік әлемін жасайды. Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде біз де саналы түрде, бәлкім инстинк арқылы өзіміздің көркемдік әлемімізді жасадық. Оны енді ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан болашақ ұрпақтың санасында бұл кезеңнің де көркемдік әрлі туындылары қалатыны рас.
Жоғарыда айтқан көркемдік талғам тұрғысынан қарағанда, әрине, «Қалың мал» бүгінгі күннің талабына жауап бере алмайды. Ол біздің жазба әдебиет қалыптаспаған дәуірде топырағымызда пайда болған ілкі прозалық дүние. Сондықтан болар, балаңдығы байқалып тұрады. Оны әдебиет тарихына қызыққандар, әдебиетшілер, тілшілер зерттеу нысанына алуы, не болмаса мектеп оқушыларына қазақтың жүріп өткен рухани шежіресін айқындау үшін оқыту керек шығар. Себебі, біз әрбір қадамымызды, өткен рухани жолымызды өзіміз түйсініп, сезініп, біліп, өткеннен сабақ алып отырғанымыз абзал ғой. Бұл біздің көркемдік деңгейімізді айқындайтын дүние болмағанымен, тарихымыз үшін жүріп өткен жолымыз ретінде бағаланып, саралануы керек-ақ. Қалай болғанда да оны енді күресінге тастай алмайтынымыз анық.
Жалпы, әдебиеттің әлемдік тұрғыдан сараланатын өзіндік критерийлері, белгілі параметрлері болады. Мәселен, аймақтық деңгейдегі, жеке бір ұлттың өлшеміндегі шығармалар немесе адамзаттық шығармалар бар.
Қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу дәуірі бір ғасырға ұласты. Яғни жазба прозамыз жүз жылдың айналасында пісіп, жетілді. Бұнымен қоса, қоғамдағы формациялық ауысулар әдебиетке әсерін тигізбей қоймады. Кешегі социалистік реализмнің талабы мүлде басқа еді. Ол әдебиетті өз идеологиясы аясында қызмет етуге икемдеді. Тек Хрущевтің жылымығынан кейін сең бұзылып, мүлде басқа сападағы әдебиет өмірге келді. Сондықтан коммунистік режимге қызмет еткен әдебиет уақыт тезінен өтпей қалып жатқаны заңды. Ол да енді әдебиетшілер мен әдебиеттанушыларға ғана қажет құрал болып қала береді.
Ал М.Әуезов – терең білім алған, орыс, Еуропа әдебиетімен ерте танысқан, зерттеген, олар жеткен биіктерді бағындырған тұлға. Менің ұғымымда ХХ ғасыр әдебиетінде бүкіл әлемдік талаптарға жауап бере алатын Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, М.Мағауин секілді қадау-қадау, санаулы қаламгерлердің шығармалары уақыт тезіне әрқашан шыдас береді. Сондықтан қоғамдық формациялардың өзгеріске ұшырауына байланысты кешегі күннің шындығы, бізге артық, қажетсіз нәрсе болып көрінуі мүмкін. Біздің тағдырымызға күштеп, сырттан танылған нәрсе болғандықтан ол кездегі сұраныстарға жауап берген шығармалардың бүгінде уақыт керуенінің теңінен түсіп қалуы заңды нәрсе.
Өмірлік шығарма жазу үшін біріншіден, жазушының бойында Құдай берген таланты болуы керек. Екіншіден, ары мен иманы, үшіншіден, ұлтына деген шексіз махаббаты, адамзатқа деген шексіз құрметі болғаны шарт. Талантты адам бұдан өзге қажеттіліктерін, білімді өзі жинап алады. Әлемдік классиктер жеткен тәсілдерді меңгеру ол адамға әсте қиынға соқпайды.
Нұрлан ҚАЛҚА,
ақын
ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ ПІКІР АЙТҚАНДА
АБАЙ БОЛҒАНЫМЫЗ ЖӨН
Жалпы, әдебиет туралы пікір айтқанда өте абай болғанымыз жөн. Әдебиет – киелі ұғым. Біздің халқымыз бірауыз сөзге тоқтаған. Сондықтан да әрбір айтылған сөзге ерекше мән береді. Жаңылыс айтқан сөзің үшін оқырманыңды ренжітіп алуың әбден мүмкін. Әдебиет туралы айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр болатыны сол себептен деп ойлаймын. Кейбір жазушыларымыздың шығармаларының «көркемдік деңгейі төмен» деп бірден тон пішіп, кінәрат таққанша, сол шығарманың жазылу кезеңіне талдау жасап барып, «көркемдік деңгейінің не себепті төмендігін, неге бүгінгі күн талабына жауап бере алмайтынын» сараптап, оқырман көзін жеткізуге тырысу қаламгердің мәдениетін, сауаттылығы мен әдептілігін көрсетеді. Әйтпесе, «анау қаламгерді ешкім оқымайды, анау шығарманың қажеті шамалы» дейтін арзан сөз, жалаң пікір білдіру оңай-ақ. Бұл жайт ешкімге, тіпті, әдебиетімізге абырой әпермесін ойлауымыз керек.
Көркемдік мұра, сәтті шығарма – талғампаз оқырманның асыл қазынасы. Бұрынғымен салыстырғанда, бүгінгі күні көркем туындының тілі шұрайлы, мазмұны терең, оқиғасы нанымды, кейіпкерлер бейнесі шынайы сомдалған, төрт аяғын тең басқан тұлпар сынды, шоқтығы биік болғанын қалайтынымыз ақиқат. Қазіргі заманғы көркем әдебиетке деген көзқарасымыз осындай ойларға жетелейді. Мұндай биік талғамғажауап бере алатын туындылар бар ма? Жазылды ма? Әрине, бар. Мысалы, соңғы бір-екі жыл бедерінде талантты ақындар Қасымхан Бегмановтың «Күреңбелі», Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкені», т.б. жаңа туындылардың көркемдік деңгейі жоғары. Тұшынып оқисың.
Көрнекті жазушыларымыздың туындыларының уақыт үдерісінен тыс қалып жататыны менің ойымша, заман талабына, оқырманның талғамына байланысты болса керек. Мәселен, қазіргі жас толқын келмеске кеткен кеңестік кезеңдегі кейбір әдеби шығармаларды, онда да «ұлы көсем», «Октябрь жетістігі», партия, комсомол, т.б. тақырыптағы кезінде тапсырыспен жазылған туындыларды қызығып оқи қоймас. Ол үшін оларды кінәлаудан да аулақпын. Ал енді М.Әуезовтің «Абай жолын», С.Мұқановтың «Аққан жұлдызын», Ғ.Мүсіреповтің ана туралы новеллалары мен этнографиялық әңгімелерін «ескірді» деуімізге бола ма?! Бүкіл бір халықтың тағдырын, елдің мұңын, ұлттың тарихын көркем тілмен кестелеген шығармалар ешқашан ескірмейтіні хақ.
Өмірлік шығарма жазу үшін қаламгерге ең алдымен, Құдай берген талант, сосын жанкешті еңбек керек. Қаншама түн-күн еңбектеніп жазған шығармаңның шынайы бағасын алуы үшін періште-пейілді оқырман қауымның өзі іштей тілеулес, тілектес болуы керек-ау!Бұл орайда, тума талантының, еңбекқорлығының, ізденімпаздығы мен жаңашылдығының арқасында, қазіргі заман прозасына қосқан сүбелі үлесі ретінде көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлының жаңа романын айтқан болар едім.
Биылғы оқыған көркем туындылардың арасында Б.Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай!» атты жаңа романы зор әсерге бөледі. Оны «Жұлдыз» журналынан (№5, №6, 2015 жыл) бір деммен, үлкен құлшыныспен оқып шықтым. Жазушының шеберлігіне тәнті болдым. Қасымдағы азаматтарға да айтыпжүрдім.
Көркем шығарманың тақырыбы өте өзекті. Бір ғасыр бұрынғы ата-бабаларымыз бастан кешкен зұлматқа толы зобалаң заман жан-жақты суреттеледі. Шұрайлы тіл, образ жасау шеберлігі, нақты деректер, жер-су аттарының дәлдігі, кешегі өткен тарихи оқиғалардың әсерлі баяндалуы, кейіпкерлер характерлерінің шынайылықпен берілуі, композициялық құрылымы – бәрі де романның көркемдігін арттыра түскен.
Әз-тарихты қайта жаңғырту – жаңа романның басты құндылығы.
Бұл – бас кейіпкерлер Шәйі мен Тазабек арқылы бүкіл ұлттың мұң-зарын, қайғы-қасіретін, ұлт болып қалу-қалмау жолындағы бабаларымыздың жанкешті тірлігін көрсеткен көркем шығарма!
Бұл – азаматтардың ар-намысын ту етіп, елдікті сақтау, ұлтты қорғап қалу тұрғысындағы көзсіз ерліктерін көркем бейнелеген тарихи туынды!
Бұл – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһармандары мен құрбандарына қойылған, құнын мәңгіжоймайтын әдеби ескерткіш.
Қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейі, жазушының жанкешті еңбегі осындай тың әрі көркем туындылармен өлшенсе керек.
Дәурен БЕРІКҚАЖЫ,
ақын
ШЫНАЙЫ ӨНЕР ШЫНАЙЫ СУРЕТКЕР ҮШІН
Шынымды айтсам, көркемдік мұраны кім, қалай іріктеп жатқанынан еш хабарым жоқ. Жалпы оны іріктеп жатқан біреу бар ма өзі? Ал көркемдікке деген көзқарас десең, ол расымен өзгерді. Қазіргі жағдайды бұрынғымен салыстыруға келмейді тіпті. Қазір бәрі «данышпан», моральдық құқы бары да, жоғы да өз деңгейіндегі «көтерем көркемдікті» көкке көтеріп әуре. Жалғыз әдебиет қана емес, жалпы өнер атаулыдасондай бір хаос белең алып тұр. Ал оның пайдасынан зияны көп. Әлбетте, шынайы өнер шынайы суреткер үшін!
Өмірлік шығарма жазу үшін қалам иесіне тазалық керек. «Поэзия – это храм. Стихи – это молитва. Разве можно на этом делать деньги? На храм можно только жертвовать» (Ольга Муравьева) демекші, қалам иесі ең бастысы өзін алдамау керек. Бізде ақындығын алға тартып елге ақылгөйсу һәм періште позасын ұстану деген бір «ауру» бар. Бізді алға жібермейтінсол дерт.
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ,
жазушы
ОҚЫРМАННЫҢ КӨРКЕМДІК ТАЛАБЫ АСА ӨЗГЕРЕ ҚОЙМАДЫ
Көркемдік мұра дегенде биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, жоғары деңгейдегі марапатқа іліне алмай қалған «Бабалар сөзі» еске түседі. Осының өзі біраз нәрседен хабар береді. Яғни біз (мемлекет, қоғам) көркемдігі дау туғызбайтын бабалар мұрасын қалай бағаладық? Жауап белгілі – «Бабалар сөзі» ең жоғарғы мемлекеттік марапатқа лайықсыз деп танылды. Міне, біздің тарихымызға, әдебиетіміздің қайнар бұлағына деген көзқарасымыз, берген бағамыз… Ал көркем әдеби мұраның іріктелуіне келсек, әлі күнге ХХ ғасыр әдебиетін сүзгіден өткізіп, іріктейік деген бастаманы естіген жоқпын. Арагідік мұндай шаруаның қажеттілігі айтыла қалса, жаттанды жауап бар: уақыт өзі іріктейді. «Уақыт өзі іріктейді, уақыт өзі сүзгіден өткізеді, уақыт өз орнына қояды» деген сөздердің бәрі жалтарма жауаптар. Бұл – ұлт әдебиеті алдындағы, оқырман алдындағы жауапкершіліктен қашу. Иә, қазақ совет әдебиеті тұсындағы жазылған совет идеологиясын насихаттайын кейбір шығармалар жолшыбай сусып түсіп қалып жатыр. Алайда, бұл көркемдік мұра өзінен-өзі іріктеліп жатыр деген сөз емес. Сондықтан қалай болғанда да көркем әдебиет іріктеліп, сүзгіден өткізіліп, оның статусы берілу тиіс. Бұл әдебиеттің жас оқырманы үшін, болашақ оқырманы үшін жасалған жұмыс әрі бағдар болар еді.
Әр оқырманның көркемдікке деген көзқарасы өзінің ішкі мәдени-рухани деңгейімен өлшенеді. Бізге дейінгі жасалған көркемдік деңгейге оқырман есепті айтсам, көңілім толады. Өйткені, сол шығармалардың көркемдік биік деңгейі бірнеше буын ұрпақтың тілін қалыптастырып, ойлау жүйесіне көркемдік тұрғыдан ықпал ете отырып, ішкі қуатын өсірді. Менің ойымша, қазақ әдебиеті оқырманының көркемдік талабы соншалықты өзгеріске түскен жоқ. Оқырманның көркемдікке көзқарасы өзгерді, бұрынғыдай қуатты сөзді, кестелі тілді қажет етпейді деген пікірді тілдік қоры таяз, көркем ойлау дағдысы қалыптасып үлгермеген, өмірді өз қалауыңша көшіре салуды әдебиет деп біліп, солай шалажансар шығармалар жазып жүрген кейбір ақын-жазушылар оқырман атынан айтып жүргендей көрінеді. Бұл – әлсіз қаламгердің сауатсыз қорғанысы.
Орынды немесе орынсыз, қажетті я қажатсіз деп бір жақты баға беруге болмайды. «Қалың мал» романы өз заманындағы үлкен тұрмыс-әлеуметтік мәселені көтерген, адам таңдауы, қалауы мәселесін айтқан әрі ескі мен жаңаның айқасын, жаңа уақыт тынысын берген шығарма деп ойлаймын. Оны оқу, оқымау мәселесін оқырманның өз еркіне қалдырайық.
Өкінішке қарай, өмірлік шығарма жазу үшін қаламгерге не керек екеніне әлі күнге нақты жауап жоқ. Ал туындының уақыт өте келе кітап сөресінен түсіп немесе баспадан шыққан қалпы су жаңа күйінде тұрып қалуы, болмаса қолдан-қолға өтіп оқылуы – шығарманың көтерген жүгі тұғыр идеясына және жазушының алған тақырыпты қалай игеріп, қалай орындап шыққанына байланысты.Классикалық шығармалардың оқырман саны азаймай, әр заманда өзгеше, түрлене талқыланып жатуының негізгі себебі – адамды жырлауы, адамның ішкі күйін, оның айналамен қарым-қатынасындағы көзге көрінбейтін нәзік тұстарын аша отырып, адам болмыс-бітімінің толық ашылмаған құпиясын ашудағы жекелеген жетістіктерінде жатыр деп ойлаймын.