БАЛАЛАРДЫҢ  БАҒБАНЫ
11.11.2016
2108
0

kazak-ade«Тау баурайындағы жасыл баққа бөленген менің ауылымды Талдыбұлақ дейтін. Ауылдың ортасынан қақ жарып өтетін мөлдір бұлақтың екі жиегі саусақтың саласындай самсаған көк өрім тал болатын. Жер аты осыдан шыққан шығар, сірә! Ауылда тұма көп еді. Солардың ішіндегі ең киелісі Қаратұма. Суы мөлдір әрі суық. Тұрғындардың дені ауыз суды осы тұмадан ішеді. Шалғай кеткендері аңсап жүреді. Аптасына бір рет өз еркімен Қаратұманың көзін ашып, жолын аршып, жағалай көк тастармен көмкеріп жөнге келтіріп жүретін Торымқан апай. Ауылымның сарқылмас сабасындай сол қайнарды қазір мен де сағынамын», – дейді ағамыз көңілді бір шағында берген сұхбатында.

Қастек ағамыз ұлы бабасы Баянбай мен бәйбішесі Үмітқанның бауырында ержетіпті. Атасы мінезі қиындау, жек­көргенін жасырмайтын, жақсы көргенін сездірмейтін тұйық адам екен. Үлкен-кіші ығатын, әжесіне қа­­таң қабақпен қарап, ызғар шашып отыратын көрінеді. Тіпті, Қастек ағамызды да басынан жиі-жиі сипамай, тек жолаушылап келгенде ғана маңдайынан иіскейді екен. Дегенмен де, ақсақалдың тағылым аларлық қырлары да бар еді. Ағаш шауып, темір соғыпты. Маңайын­дағылары ата­сының бастаған ісін бір бұйым­ға айнал­ғанша асыға күтісіпті. Атасы жонған ожау, қа­сық, саптаяқ, ас­тау­ды қай үйден көрсе де жас бала-ағамыз, тіпті елдің дені кімдікі екенін бірден таныпты.

– Ағаш шабу, темір соғудың да өз поэ­зия­сы бар екенін мен бала жүрегімен тү­сін­гем едім, сонда, – дейді ағамыз.

Атасының шеберлігінің әсері болар, қалай дегенде жас бала үлкендерге ұқ­са­ғысы келеді, ағамыз сурет салумен көп әуес­теніпті. Оқулықтағы ақын-жазу­шы­лар­­дың портреттерін салып, үйдін қабыр­ғаларына жабыстырып, авторлық фо­токөрме жасапты. Таңнан тұрып ертеден қара кешке дейін тыным таппайтын әжесі әлгі суреттерді көргенде: –Мыналар­дың көз­дері қандай жаман еді, – деп аузы күбір­леп, теріс айналып кетеді екен. Бұл автор­лық фотокөрмеге «мастанған» аға­мыз ауыл­дағы Екпінді орта мектебінің сегі­­зін­ші сыныбын бітіргеннен соң, Ал­маты­дағы көр­кемсурет училищесіне сынақ тапсыра­ды. Ауылдағы мектептен шығып, маман ұстаз­дың алдын көрмеген баланың талабы іске аспайтыны белгілі. Көңілі қалған «жас суретші» енді жазу­шы­лыққа бет бұра­ды.

«Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы бір кезде белгілі ақын Ысмайлов Төлеу­жан кез­десіп, үйірмеге қатыстырып, көзін ашып, көкірегін оятқан еді. Әдебиет деген ға­жап әлемде ол  алғашқыда әңгіме жазып біраз еңбектенеді. Тіпті, Алматы облыстық газеті жариялаған бәйгеде «Алдауға түскен қыз» атты әңгімесі үшін жүл­де де алады. Алай­да, ағамыз поэзияға бұрылады…

Сол кездегі «Қазақстан пионері», «Пио­нер» басылымдарында, кейінірек «Бал­дырған» журналында өлеңдері жиі басылады. Алматыға бір келгенде Қабді­кәрім Ыдырысов ағасы: «Қолжазбаңды алып келсеңші, сенің жинақ шығаратын уа­қытың болды ғой» деген соң «Балдыр­ған» журналында істейтін Қадыр Мырза-Әлі екеуі бір дәптер өлеңінің ішінен бір бас­па табақ өлеңдерін топтастырып, пы­шақтың қырындай «Арғымақ» атты кітап жарық көреді, ағамыздың… Сөйтіп, қазақ балалар әдебиеті әлемінің алғашқы бас­пал­дағына ағамыз аяқ басыпты.

Міне, содан бері ағамыздың көркем де танымдық өлеңдері бастауыш сынып оқу­лықтарына кіріп, радиодан оқылды. Үл­кенді-кішілі  сахналарда ойналды, ән­-
де­р­ге, мультфильмдерге өзек болды. Бір­сыпыра шығармалары ұлттар тіліне аударылды. Мәс­кеудегі «Детская литература» баспасы­нан «Богатыри под дождем», «Жалын» ба­с­пасынан «Зайчик в очках» орыс тілінде шығып, Одақ оқыр­ман­да­ры­на таралды. Жал­пы, шығармалары оннан астам тілдерге аударылды. «Тәтті сабақ» атты кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. «Дарабоз» әдеби сыйлы­ғының бас бәйге­сінің ие­гері. 1965 жылдың «Жетісу» газе­ті­нде, 1971-1995 жылдары «Жазушы», «Жа­лын» баспаларында басшылық қыз­меттерінде істеді. 30-ға жуық кітаптардың авторы.

Бүгінде қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі – Қастек Баянбаев ағамыз 80 жасқа толып отыр. Өзінің бір сұхба­тын­да: «Көптеген замандастарым сияқты ауыл­да туып-өсіп, кейін қалаға сіңгені­мен ­де балалық шағымды бір шалғайда қал­дырып кеткен сияқтымын. Бірақ мен одан біржола қол үзген жоқпын, қайта жа­сым ұлғайған сайын, сол бір қимас дәу­ренге қарай жақындай түскен сияқ­ты­мын. Жазу үстінде өмірде де сол жала­ңаяқ қара бала­ның өзі болып ойланамын. Менің басты тақырыбым – балалық ша­ғым. Әрбір шы­ғармаға желі құрғанда, жағрапиясын жасағанда, кейіпкерлерін тұлғалағанда, өз ауылымның табиғат көрінісін, өзім біле­тін балалар бейнелерін, әдет-қылық­тарын еске түсіремін, соларды пайдаланамын», – дейді.

Інілері, әрі әріптестері атынан мінезі, әре­кеті, шеберлігі, ұлы бабасына тартқан, ең­бекқорлығы асыл әжесіне бейім, кешегі бала, бүгінгі сол балалардың рухани бағ­ба­ны аталған Қастек ағамызға зор ден­сау­лық, еңбегіне жеміс, жас өскін ба­ла­ларға көр­кем шығармалар жаза беруіне тілек­тес­піз.

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,
жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір