ВЕНГРИЯ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Әдебиет орталығының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов, Сечени атындағы Венгрияның Ұлттық кітапханасының директоры Ласло Туске, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қызметтерінің басшылары Күляш Оразова, Майра Ермекбаева, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты. Қазақстандық әдебиеттер орталығының ашылуы – бұл Венгрия оқырмандарына Қазақ елінің сан алуан саладағы жетістіктерін көркем әдебиет арқылы жеткізудің ұтымды тәсілі.
Орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кітаптарымен қатар, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев және белгілі түркітанушы-ғалым Александр Гаркавецтің шығармалары қойылған. Барлығы – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 30-дан аса кітап. Қазақстандық әдебиеттер мен мәдениет орталығын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Республикасындағы Венгрия Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының әкімшілігі ашып отыр.
Орталықтың ашылуы барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес кітапханатану, кітаптану салаларында бірлесіп зерттеулер жүргізу, ақпараттық технологиялар мен кітапхана қорларын реставрациялау және консервациялау, кітаптар, әсіресе, құнды энциклопедиялар, анықтамалықтар, монографиялар мен сөздіктер алмасу, цифрлы топтамалар алмасу; көрмелер, конференциялар, семинарлар, фестивальдерді бірлесіп өткізу, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы өкілдерінің қатысуымен өткізілген іс-шараларды оnline-трансляциялауды ұйымдастыру; кітапханашылардың біліктілігін арттыруға арналған іс-шаралар жүргізу жоспарланған. Орталықтың ашылуы қазақ пен мажар жұртының рухани һәм әдеби байланысының нығаюына жол аша отыра, бір-бірімізді жақын тануға мүмкіндік берді.