АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА…
04.11.2016
1385
0

img-20161101-wa0022Баланы өмірдің жалғасы деп ұққан халқымыз оны анасының құрсағына біткен уақыттан бастап қорғауға ұмтылған. Жүкті әйелдің өлім-жітімге бармауын, қараңғы түнде далада жалғыз жүрмеуін жіті қадағалаған. Өйткені, жүкті әйел шошынып қалса жатырдағы балаға кері әсер ететінін жақсы білген. Ал келінінің бойына бала біткенін білген соң енелердің «Құрсақ шашар» тойын жасауы біріншіден, осындай қуанышқа өзгелер де бөленсін деген игі ниеттен туса, екіншіден, шарананы тіл-көзден сақтаудың амалы еді.

Қырқынан шыққанша сәбиді тұзды суға жиі шомылдырып, терісін әбден пісіріп ала­­ты­ны да халқымыздың бала денсау­лы­ғына о бастан мұқият қарағанын білдіреді. Жаңа ту­ған нәрестені ширату жолындағы қазақ хал­қына тән кейбір шарттар кейінгі уақытта ұмыт қалды. Заман ағымына сәй­кес ши­рату­­дың жаңа әдістері пайда болды. Қалай де­­генмен де ата-ананың бар үміті бауыр еті ба­ласы. Кез келген ата-ана бала­сы­ның дені сау, жақсы азамат болуын ті­лейді. Өзі өмір сү­ріп отырған қоғамның жыл­жу қар­қы­ны­нан қалмай ілгері жылжу үшін әр азаматтың ден­саулығы мықты болғаны абзал. Елі­міз­де 2016-2020 жыл­дарға арналған «Ден­сау­лық» мемлекеттік бағдарламасының қа­был­дан­ғаны белгілі. Мемлекеттің әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі бо­ла­тын аза­маттардың денсаулығын сақ­тау­дың тиім­ді және орнық­ты жүйесін дамытуды қам­та­масыз етуге бағытталған бұл бағ­дарлама мем­лекет басшысы Н.Назарбаев­тың 2014 жыл­ғы 11 қара­шадағы «Нұрлы жол – бо­ла­шақ­қа жол» атты Қазақстан халқына жолдауы «Бес инсти­туционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» атты Ұлттық жоспарды іске асыру мақсатында әзір­ленген, денсаулық сақтау саласын ре­фор­малау мен дамытудың 2005-2010 жыл­дар­ға арналған және 2011-2015 жылдарға ар­налған «Саламатты Қазақстан» бағдар­ла­маларының қисынды жалғасы. Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 бағдарламасына сәйкес республикада 500-ден астам жаңа денсаулық сақ­тау нысандары салынып, 75 миллиард тең­­геден астам сомаға заманауи құрал-жабдық сатып алынған. Ұлт саулығы ең ал­дымен ана мен бала денсаулығын жақ­сар­ту­дан басталады десек, ана мен бала ден­сау­лығын қорғауда да көп істер атқарылғанын көреміз. Оның бірі – жаңа туған нәрестелердің ми құрылы­мын ультрадыбыстық зерттеу са­ласының дамуы. Нейросонография – ба­ланың еңбегі арқылы ми құрылымын ультрадыбыстық зерттеуден өткізу. Бұл зерттеу көбіне бір жасқа дейінгі балаларға жасалады. Өйткені, баланың еңбегі қатпай тұрғанда ультрадыбыспен зерттеу тиімді. Біз бүгін ульт­ра­дыбыстық диагностика дәрігері, «StarMed Almaty» клиникалар желісінің ди­ректоры Ернар ЕРІКЖАНҰЛЫМЕН нә­рестелердің денсаулығы туралы әңгі­ме­лес­тік.

– Нейросонография жасау біздің елде қай жылдан бастап қолға алынды?

– Ульт­ра­дыбыстық диагностикалық тәсілдердің ішінде нейросонографиялық тәсіл ХХ ғасырдың 90-шы жылдары еліміз­дің емханаларында амбулаторлы түрде енгізіле бастады. Ол кезде ультрадыбыстық зерт­теудің бұл түрі денсаулығында белгілі бір кінәрат бар балаларға ғана жасалатын. Қазіргі таңда нейросонография жаппай бар­лық жаңа туылған нәрестелерге таға­йын­далады. Бұл диагностикалық тәсіл 1 жасқа дейінгі бала­лар­ға қолданылады. Еңбегі қатпай тұрған уа­қытта бұл зерттеу әлдеқайда нәтижелі болады.

– Мұндай ультрадыбыстық зерттеу бел­гі­лі бір диагноздарды ерте анықтауға көме­к­тесе ме? Және ондай балалар бар ма?

– Нейросонография жаңа туылған ба­ла­лардың бас миындағы туа біткен немесе қа­лыптасқан патологиялық ауытқулар бар-жоқ­тығын ерте анықтайды. Қазіргі таңда дә­рігерлік тәжірибеде жиі кездесетін пато­ло­гиялық өзгеріс ол – бас ми ішілік қысым­ның жоғарлауы, бас миына оттегінің жетіс­пеуі және басқа да ауытқулар. Бұл өз­ге­рістерді ертерек анықтамасақ, ол өсіп ке­ле жатқан ағзаның қалыпты дамуына кері ықпал етеді. Ал бас ми ішілік қысымның жо­ғарлауын алдын ала анықтап, үш жасқа дейін ем шара қабылдаса бала жазылады. Ба­ланың денсаулығын сәби шақтан қа­да­ғалау – оның болашағының жарқын болуына ке­піл болады.

– Кейінгі жылдары өмірге келген сә­би­лердің денсаулығы туралы не айтасыз?

– Кейінгі жылдары дүниеге келген ба­ла­лардың көпшілігінің иммунологиялық ста­тусы төмен, аурушаң. Тікелей өз маман­ды­ғыма байланысты айтар болсам, он ба­ла­ның екеуінің бас ми ішілік қысымы жо­ғары болады.

– Денсаулық саласындағы соңғы мәлі­мет­терде ана мен бала өлімінің азайғаны ай­ты­лады. Бұған медицина саласындағы же­тіс­тіктердің әсері қаншалықты?

– Медицина орындарының жоғары тех­но­логиялық құрылғылармен қамтамасыз етілуі мен фармацевтиканың жетістіктері ар­қасында денсаулық саласындағы статис­тика оң нәтижелерді көрсетіп жүр. Сонымен қатар, дәрігерлердің біліктілігін көтеру жо­лында қолға алынған бағдарламалар да өзі­нің оң нәтижесін беруде. Қазіргі таңда дә­рігерлердің шетелде оқу-тәжірибеден өтіп келетіні практикалық тұрғыдан өте тиім­ді. Дамыған мемлекеттердегі технологияларды елімізге әкелу арқылы отандық медицинаның әлдеқайда көркейгенін баса айту парыз.

– Ұлттың денсаулығы мықты болу үшін не істеуіміз керек?

– Салауатты өмір салты, дұрыс та­мақ­тану режимі, өз денсаулығын бағалайтын әр адам жылына бір рет диагностикалық тек­серілуден өтуге тиіс. «Ауырып ем ізде­ген­ше, ауырмайтын жол ізде» деген бабалар сөзі қай заманда болса да адам баласының жа­­дынан шықпағаны жөн. Зиянды заттарды тұтынбай, балалар арасындағы спорттың өріс алуы жолында спорт кешендері мен сек­циялардың санын көбейтсек мемлекеттің әр тұрғынының дені сау болады деген се­нім­де­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.


Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір