ДОМБЫРА
Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН
Домбыра, қос ішекті ішің қуыс,
Қос ішек – бірі ағайын, бірің туыс.
Талдырып дүниенің қос иығын,
Қомданып көкірегіме қонды бір құс.
Домбыра, іші қуыс қу ағаш-ты,
Қос ішек – бірі ағайын, бір Алашты.
Кіндігі кесілместен кері самал,
Кірді де керегеден ала қашты.
Домбыра, сазың – саумал, үнің балдай,
Қос ішек – бірің аққу, бірің қаздай.
Шанағы мамырлаған айдын десем,
Қағады қанаттарын жұбын жазбай.
Сүгір – күй, сұңқылдайды қоңыр көлде,
Сылатып сұңқар төсін қоңыр желге.
Тартылған Тәңірінің елшісіндей,
Қос ішек – бірі жерге, бірі көкке.
Қос ішек, қоңыр белде тайпалғанын,
Қоңыр үн қауызында шайқалғанын.
Өмірге өлең керек дегенменен,
Жеткізіп соның бірін айталмадым.
Сазына сырлы әлемнің салар ирек,
Мен де бір күй боп ұшқан «Көкала үйрек».
Аңсарын асыл сөздің аңқыта алмай,
Отырмын маңдайымды саған сүйеп.
ЖӘЙІР МЕН ЖӘРКЕН
Жәйір, Жәйір дегені,
Жайпаң ғана тау екен.
Жәркен, Жәркен дегені,
Жайсаң жүзді жан екен.
Жәйір дейтін сол таудың,
Сай-саласы кен еді.
Жәркен дейтін бұл таудың,
Қойны-қоншы жыр еді.
Жәйір таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
Бір-бірінен аумаған.
Жәркен тауды бұлт шалса,
Алатауға сүйенген.
Жәйірді жау құрсанса,
Дұспанға дес бермеген.
Желкілдесе інгендей,
Жәйір таудың шудасы.
Жырға толып кетердей,
Жәркен таудың жылғасы.
Жәйір дейтін қарлы тау,
Қарауыл боп шетте тұр.
Жәркен дейтін жарлы тау,
Жасауыл боп шепте жүр.
Жәйір-Жәркен егіз тау,
«Қарашығым…» дегізген.
Телқоңырың мен едім,
Қос емшегін емізген.
Жәйір, Жәркен қашаннан,
Ер Тұранның ордасы.
Жыр мен тастан қашалған,
Тәңір ғана жолдасы.
Жәйір, Жәркен көлбеген,
Сағыныштай сарқылмас.
Қанша бауыр дегенмен,
Тау менен тау қосылмас.
Жәйір таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
Бір-бірінен аумаған.
***
Қаға-қаға қаралы күй қанатын,
Мұздай суық маңдайыма қонатын.
Менің жаным аспанындай Арқаның,
Сәл бұлттаса Алтай жаққа жауатын.
Аспаным-ай, аспаным-ай жылауық,
Уансаңшы, жұбансаңшы бір ауық.
Кеттіңдер ме ей, жер аңсаған атандай,
Шуда-шуда, шуда бұлт.
Сиретіп бір жанған жұлдыз қатарын,
Менде бір күн құбылама батармын.
Сонда мені бауырыңа баса көр,
Шуда бұлттар күпісіндей атамның.
Шуда бұлттар, Өр Алтайға төгіңдер,
Әрбір тасын мына мен боп өбіңдер.
Тас молаға мына мен боп тіл қатып,
Кірпігімді сәл құрғатып келіңдер.
Торқа-торқа, торқа-торқа торқа мұң,–
асылып ап арқасына жотаның.
Сендер жақтан шығар күнге шошына,
Біздер жаққа батар күннен қорқамын.
ПІКІРЛЕР1