АЙ АСТЫНДА АРМАНДАР АЛДАМАЙДЫ
«Екі ұзын сөздің ең қысқасын таңда» депті француз ақыны Поль Валери. Біз бұрын ұйысқақ шаш, ұйысқақ жал, ұйысқақ жүн, ұйысқақ жел туралы жиі еститінбіз. Ал ұйысқақ кеш туралы естімеген де шығармыз. Бір кездері дарынды ақын Айбергенов ағамыз: «Сенбісің көгілдір махаббатым» дегенде, дарынсыз сыншылар өре түрегелгенде, академик Қабдолов қана: «Образбен ойлау шіркіндердің түсіне де кірмейді ғой» деп тыйып тастап еді.
Ұйысқақ кеш толтырып-ап уысын,
Маған берген сезім қалай суысын.
Сонан бері кештер менің жақыным,
Сонан бері түндер менің туысым.
Иә, образбен ойлау, кештің образын жасау керек қой, кештің үстіне немесе бұрыннан бар киімдерді іле салуға болар еді, бірақ пейзаж – образ сырын ашады, Ал образ – адам! (З.Қабдолов) Бәрінен бұрын неге ұйысқақ кеш деп сұрауыңыз да мүмкін-ау, ал бұл Айбергеновтен «неге көгілдір махаббат» деп сұраумен пара-пар ғой, сонымен кеш ұйыса ма, неге ұйыспасын, кеш дегеніміз – қараңғылық, қоюлық, күн мен түннің ұйысуы екі кештің арасында өтеді. Сүт ұйып айранға айналса, кеш ұйып қараңғыға айналады, яғни түнге айналады. Ұйысқақ кеш – образ, образ емес-ау, адамға айналған табиғат. Абайдың қысы басқан жері сықырлап келіп қалмай ма? Сол сияқты, адам, адам болмаса уысын толтырып ала ала ма, адам емес-ау, сезім. Адамның салқар сезімі уысын толтырып бергеннің бәсекелесі бола ма?! Ол оның үстіне сеңдей соғылысқан сезім болса, жаттың өзін жақындастырмай, тастың өзін туыстастырмай қоя ма?!
Немесе:
Сол қара күз түріп алып балағын,
Кешіп өтіп келе жатыр өзеннен.
Жаздың жалғасы балағын түріп алып, түнеріп келе жатыр, қара суды қара тастай етіп суытыпты. Қара күз бен қара суда үндестік бар ма? Неге болмасын, күздің қимыл-әрекетінің қауырттығын көрсетіп тұрған жоқ па, қазақтың халық әні «Сәулем-айдағы» «Жақсы болсаң – келерсің судан өтіп, жаман болсаң кетерсің суға кетіп» деген жолдарды бәріміз де білеміз. Олай болса, қара мұздай суды қара күзден басқа кім кеше алады, олай болса қара күз де, қара су да – қажетті детальдар. Неміс жазушысы Эдуард Бернштейннің болжауы бойынша, «Қауырт қимылдың қасында мақсат мағынасыз көрінеді». Қайықпен, кемемен жүзіп келе жатқан жоқ, қара суды қасқайып кешіп келе жатыр. Сөйтпесе қара күз бола ма?! Образ ба, образ, ойнақы образ, тоғайдан өтіп, таудан түсіп келе жатқан жоқ, «Өмір-өзенді» (Мұқағали) кешіп өтіп келе жатыр, өмір ме, өмір мен, сен, олар сүріп жатқан өмір, мен, сен, олар кешіп өтіп жатқан өзен, бұл жолы біз емес, күз кешіп өтіп келе жатыр.
Маңайыма назарымды салғанда,
Үлгі көрем өскен шөптен, талдан да.
Тұр ғой олар кеңістікке таласпай,
Біздер неге сыйыспаймыз жалғанға.
Міне, мәңгіліктің мұраты кешенің де, бүгіннің де, ертеңнің де еншісі – табиғатқа табыну ғана емес, табиғатыңа бағыну. Адам да – табиғат, табиғат та – адам, бір-бірінен айырмасы – ақылы мен айласында. Адамзат баласының ықылым заманнан бергі мәйекті мәселесі де сол баяғы:
Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын. (Қадыр).
Екеуі де шындық. Шөптен, талдан үлгі көру – өмірдің мағынасын өзіңше түсіну, тұшыну ғой. Ақын жырларының арқауы – табиғат, табиғат болғанда да түнгі табиғат, әсіресе, ай, айлы түн, айлы аспан. Әлбетте, Абайдың «Желсіз түнде жарық айынан» бастап, Сәкеннің «Тау ішінде түнделетіп» келе жатуы да айлы түнгі ән болып саналды. Ал қазіргі қазақ ақындарының, әсіресе, жас ақындардың екеуінің бірінде Ай туралы жырлар жетерлік.
Тұман болып қарадай гүл кірпігін сулаймын,
Түн, аспанда жаралы ай, сандықтағы тудаймын.
Немесе:
Сен келмедің көңілсіз ымырт маған,
Ай туады аздан соң мұң ұрттаған.
Әйтпесе:
Өзіңді ойлап отырмын мен тұр көкте,
Жарты ай ұқсап жалғыз тілім қауынға.
Мұратханның айлары бастан кешкен жайларымен үзеңгілес, үндес. Әркімнің қиялынан құйып алған өз Айы бар, мың адам болса, мың түрлі айы бар. Бір кездері ағылшын драматургі Джордж Бернард Шоу «Егер әрбір адамға 978, 307, 246, 569, 967 жұлдыз бар десеңіз, түк түйір де иланбас еді. Ал жаңа ғана сырланған деген жарнаманы жапсырып қойсаңыз, міндетті түрде қолымен ұстап көрер еді» депті. Сол сықылды, әркімнің қиялындағы айының қанша екенін есептей алмас та еді, әрі-беріден кейін, «Геометрияға да шабыт керек» деп Пушкин айтпақшы, ақынның айлағы – шабыт, ал шабыт болса жарты айды да, толықсыған айды да, толған айды да жасап алу қиындық келтірмейді. Жаралы ай да, мұң ұрттаған ай да, бозарған ерін сықылды ай да, жалғыз тілім қауын секілді. Ай да ақын қиялының көріністері, көңіл-күйінің көшірмелері, көшірмелері көңілсіз бе, көнтері ме оған көңілдің қандай да кінәсі жоқ, барлық пәлі түпнұсқада, ал түпнұсқаға жүгіну – біздің борышымыз. Түпнұсқа – әрине адам, адам болғанда аяулы адам. Таудан түсіп келе жатқан Диогеннен жұрт: «Халық көп пе деп сұраса, халық көп те, адамдар аз» деп жауап берген екен. Сол сықылды: Айдың ақынның көңіл-күйіне сәйкес құбылып отыруы психологиялық параллелизмнің кәдуілгі көріністері. Бір кездері ақын Әбділда Тәжібаев:
Маған жарты керек емес уақыт та,
Маған жарты керек емес бақыт та.
Мен жартылай ала алмаймын Айды да,
Маған жарты керек емес қайғы да, – деп жазып еді. Сол сықылды «Жарты ай ұқсап жалғыз тілім қауынға» депті Мұратхан. Жалғыз тілім қауынның ар жағында жүрегі тілім-тілім лирикалық кейіпкер тұрған жоқ па, болмаса ақын «Ай туады аздан соң мұң ұрттаған» деп айтпас та еді ғой.
Бұл – Мұратхан шындығы. Мұратхан шындығы емес-ау, айдай әлем ақиқаты, сенбесеңіз ағылшын философы Герберт Спенсерді тыңдап көріңіз: «Бүкіл адамзат баласы азат болмайынша, ешкім ерікті бола алмайды, барлық адам баласы бір-біріне сүйіспеншілікпен қарамайынша ешкім де толыққанды сүйікті бола алмайды. Жер бетінде бақытсыздар байрағы желбіреп тұрғанда ешкім де ерекше бақытты бола алмады». Олай болса, Мұратхан Шоқанның «Ай жоқ қазір жалғыз өзім отырмына» сенгің келеді. «Әй, өмір-ай, өтіп жатқан тайғанап» депті оның үстіне, өйткені өмір ортақ қой, ақын қара басының қамын күйттеп отырған жоқ, керсініше, Спенсердің байламына бас ұрып отырғандай. Суретші Жеңіс Кәкенұлы құйрық-жалы сәйгүліктерді салады, ал ақын Мұратхан Шоқан ай астындағы аруларды әпсанаға айналдырады екен. Ал енді осы екеуінде ұқсастық бар ма, әлбетте ұйқасу бар, үндесу бар, келісім бар, жарасым бар. Олай болса, ай астындағы арғымақтар мен ай астындағы арулар арасында да біз білмейтін, бізге білінбейтін байланыс бар. Ол өрмекшінің өрмегіндегі көзге көрінбейтін құпия келісім, жанды жарасым. Жеңіс Кәкенұлының ай астындағы арғымақтар мен сүліктей сәйгүліктері Мұратханның мұнтаздай таза, мінсіз, тілсіз, албырт аруларының келісім кестесін төгіп тұр. Сенбесеңіз әр алуан арғымақтар мен айдай арулардың айға қарай ұшып бара жатқандағы қимыл-қозғалысына көз салып қараңызшы:
Жұлдыздардан тамады сап-сары ніл,
Өзіңдей сағынбаппын мүлде ешкімді.
Поэзияның міндеті де, мақсаты да – жан біткенді жалт қарату ғана емес, жан біткеннің жанын тебіренту, толқыту, толғандыру, тіпті тас емшектен сап-сары ніл тамызу дер едім. Көрдіңіз бе, жұлдыздардың жанарынан сап-сары ніл ағызу анау-мынау ақынның қолынан келе бермейді.
Мөлдір көлден мөлтек-мөлтек сыр аулап,
Менімен бір мұңға батып тұр аумақ.
Иә, ол үшін сезімің де, көзің де, өзің де мөп-мөлдір болуың қажет, сонда деймін-ау, сонда, мұңның өзі мөп-мөлдір, таза, тіпті шыныдай таза болуы ықтимал.
Мұратхан Шоқан – өзі көзімен көріп, қолымен ұстаған тақырыптарды ғана тілге тиек етеді. Оның жырларында саясаттың сойылына жығылу, қиянаттың қолтығына тығылу, шындықтан ауытқу атымен жоқ. Не сезінсе соны жазады, нені сезінбесе, соны жазбайды. Әсердің ақыны, әсершіл ақын, әсер ете алатын ақын, көзбен көргенін көңіліне тоқып, көңіліне тоқығанын өлең етіп оқып бере алатын ақын.
Бақыт жайлы бөлектеу түсінгенім,
Бақыттымын, жанып тұр ішімде күн.
Ішінде күн жанып тұрған ақынның жырларының қызуы жоқ, қызығы жоқ деп қалай айтасыз, ең бастысы, ақын ойындағысын ойнақтатпай, көңілдегісін қипақтатпай қаз-қалпында қағазға түсіріп, қиялымен қиялатады, арманымен әуелетеді де, мінсіз, тілсіз мұңға батырады, сырға батырады, шымға батырады. Себебі, поэзия – шыңырау, шыңыраудың түбіне үңілгенмен түкті де көре алмайсың.
Мені әлі таңғалдырған жоқ ешкім,
Таңғалмаса айыптама көк өскін.
Бәрін биік көретін тау белестің,
Біреулердің қатарынан емеспін.
Таңғалмағанын таңдамайды, таңдағанын құр қызықтау, қысыр қылымсу емес, құныға қызықтау, қызыға құнығу, құнығу болғанда да қызылға құнығу емес, қиялға құнығу, қиялдың қызығын қызықтау ғана емес, қиялдың құрығын ұлықтау. Сондықтан да ақын жырларындағы қарапайым қағидаларға иланасыз, имандай ұйисыз. Вольфган Гете: «Поэзия дегеніміз – өзіңді де, өмірді де ұйыту немесе ұлық ұйытқы» деген екен. Мұратхан Шоқан – өзін ұйытқан жайлардың ғана ұйытқысы.
Гүлдің бәрі шөпке қонған көбелек,
Көбелектер ұшып жүрген гүл сынды.
Рахманның аппақ нұры себелеп,
Оятып тұр кеудемдегі тылсымды.
Расында да тылсым тілін түсінбеген ақынның кеудесіндегі көбелектер, көңіл-күй көбелектері кенеттен ұшып-қонған гүлге айналып, ал гүлдерге де қанат бітіп ақ қанатты көбелектерге айналар ма еді, әрине айналмас еді?!
Осының бәрі ақын кеудесіндегі жасырынып жатқан тылсымның өмірге өріс ашуы ғана емес, өз өрісін тынымсыз іздеуі, тиянақ таппауы. Себебі нағыз поэзия тиянақ таптырмайды. Кеудеңізде күн болып күркірейді, жасын болып жарқырайды, сарқырама болып сарқырайды, Нағыз поэзия – ояну ғана емес, ояту, оянған ой, оқыс ой ғана ақынды асқақтатады.
М.Мұнар.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.