Бүр жарады армандар сүт түндерде…
14.06.2024
449
1

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

Ақ түн

Ғажайыптың қарашы түрленуін,
Сапырылған ойлармен бүрле, жырым.
Көңілімнің кеңейткен көкжиегін,
Сүт­тей аппақ, жап-жарық түн де бүгін.

Бір бақыт­ты жүр ме екен күтуменен,
Дүниеге Айды қойылған үтір көрем.
Шабытымды маздатып жымыңдайды,
Жалт-жұлт етіп, жұлдыздар шүпірлеген.

Ғашық жанға суытпай от-құшағын,
Жарқыратып аспан бар жақты шамын.
Түсіп алып шаңытқан құс жолына,
Қиялыммен жеті қат көкке ұшамын.

Жеткізердей самғатып бақ түбіне,
Қасиет­ті пырағым ақты, міне.
Бет­тестірген қаншама кереметпен,
Құдірет­тің жетер не ақ түніне?!

Тіршілікті саралап ырғақ тұнған,
Қуат алып, жайнадым түнгі ақ нұрдан.
Тылсымы мол ғаламға шын таңырқап,
Ұлы күшке бас идім жырлат­тырған.

Ғаламатын сол күштің ұқтым мен де,
Қалың ойдан сытылып, шықтым белге,
Нұрланады бұл әлем ізгілікпен,
Бүр жарады армандар сүт түндерде.

Оқу залы

Журфактың оқу залы жатқан аңыз,
Сол жақты үзілісте бетке аламыз.
Ақпарат оқығансып ары-бері,
Су жаңа газет бетін ақтарамыз.

Жетелеп жастық шақтың желігі шын,
Сенделткен ғашықтық па, не жүрісім?!
Алдына таудай қылып кітап үйген,
Барамын сол аруды көру үшін.

Білетін Есенғали, Аманханды,
Сүйетін Сайын менен Оралханды,
Томпақ қыз отырады кітап оқып,
Жұмбақтау елестетіп жанартауды.

Озат – ол, тәртіпті – өзі, үлгілі де,
Нұр жүзін сипат­тамас қыр гүлі де.
Сүйініп тіл қата алмай тұрған сәтім,
Ғажайып татитындай мың күніме.

Қызарып бар ұяты тұр бетінде,
Сыр ашып келмесе де мүлде тілге,
Тұңғиық жанарына шомып кетіп,
Қайтамын сол қызды оқып, күнде-күнде.

Көзінде жанының тұр бар өрнегі,
Сөзінде меруерт бар тереңдегі.
Қайталап оқи берер жалғыз кітап,
Сен болдың, сүйкімдім-ау әлемдегі!

Тау

Оспан көкеме

Асқақ таулар ойлантар бар әлемді,
Хақтан хабар беретін дара белгі.
Он есе үлкен астында «тамыры» бар,
Ұстап тұрған теңселтпей қара жерді?!

Құдірет пе назарды аудармаса,
Онсыз мына жайқалмас баулар да аса.
Алып пішін жай көркем картина емес,
Тіршілік те болмайды, тау болмаса.

Бұлт түзеді қатпарлы теңбіл шыңың,
Нәр беріп тұр ғаламға мөлдір суың.
Түгендейсің бауырыңда түз тағысын,
Жүгендейсің не дауыл, жел қырсығын.

Солай, солай, бәріне ық, панасың,
Ықылымнан талайға құтханасың.
Ғасырларды көнерткен тарихың бар,
Қадіріңнің бере алман нық бағасын.

Көз тұндырар сұлулық көркің түгел,
Баурайыңда демалған еркін жүрер…
Шабыт құсын биікке шарықтатып,
Саф ауасы жаныңды желпіндірер.

Паң жотасы көңіліңді жасқатпайды,
Сырласқан жан одан зор дос таппайды.
Жаңбыр жауып… батпан қар басса да үстін,
Аласармай маңғаз тау асқақтайды.

Қарыз саған әлемнің кең алабы,
Қатпарыңда дәуірдің көне мәні.
Шөккен түйе секілді – алапат тау,
Түрегелсе орнынан не болады?!

…Зәузатынан болғасын күшті атаның,
Жайылуда ел-жұртқа ныспы, атағың.
Жан-жағына төгілген шапағаты,
Көке, сені сол тауға ұқсатамын!

Тау баурайында

Бұл мекеннің аршалы бал ма ауасы,
Найзақара етегі жан дауасы!
Алма менен Алатау емес пе еді,
Ару қала – Алматы жарнамасы!

Қойнауынан бал шақты іздеп тұнық,
Көктем болып шығасың, күз боп кіріп.
Құшағында сергисің, саялайсың,
Күншуаққа қайтасың сызды өптіріп.

Аймалайды бетіңнен ақ самалы,
Көңіл лезде пәс тартқан жақсарады.
Сала берер ашылып жансарайың,
Әуелейді жүректің асқақ әні.

Сұлулықтың көз тоймай көркіне бір,
Іште қозды өлеңнің өрті небір…
Теңбіл шыңдар қол бұлғап шақырғандай,
«Өлеңің жаз, кел, демал, серпіле біл!».

Ақбас таумен көк сүйген еңселісің,
Табиғат­тың түйсінсең, бөлшегісің.
Ғажайып жер осындай табылар ма,
Айтар болсақ, мысалы, өлшем үшін?!

Ауыл және ақындар

Қаламымнан «Ауыл!» деп жыр борасын,
Жеткізе алман тілменен гүл даласын.
Ақындары жалғаған ғасырларды,
Мекендеген қауым бар Сыр жағасын.

Айтар уақыт жырына төрелігін,
«Қыз салығын» тоқтатқан өрелі кім?!
Қоқан ханын теңселткен өлеңдері,
Батырлығын біледі ел Мәделінің.

Қордасы еді өнері бай нақылдың,
Термелері жол саған Айға дүркін.
Дәуірінің жасаған шежіресін,
Жыры терең, қатпарлы Майлы ақынның.

Ел аузынан ерінбей жиса тектің,
Көңілінен шығады қисса көптің.
Сейфолланың дос болған Сәкенімен,
Мөлдір еді өлеңі Исабектің.

Жырларында – көркемдік тағылымы,
Сындарында безбендер әр іріні.
Жүрек сырын қозғаған лирикасы,
Жырдария – Аманхан Әлімұлы.

Сүйікті елді сүйсінтіп әр қырымен,
Мақамдатып өзінің даңғылымен, –
Алты Алаштың даласын бұл күндері,
Жәкен Омар тербеуде ән-жырымен.

Туған ел деп – төгетін әр ғазалын,
Жиып бойға өлкенің бар ғажабын.
Келеді өсіп жас буын қиялы ұшқыр,
Жырын оқып Бауыржан Әліқожаның.

Қазыналы Қаратау атырабы,
Жақұт тығып қойнына жатыр әлі…
Тағы қанша ақынды туар екен,
Қасиет­ті Қожатоғай топырағы?!

Aлматы

Алмалы тау, шынында, ғаламат-ау,
Оған теңеу табылмас, балама атау.
Алматының ажарын ашып тұрған,
Ақбас шыңын бұлт сүйген паң Алатау.

Ой тербесе, самалың үн қосатын,
Жұлдыздармен жымыңдар жымдаса түн.
Көз тоймайды таң қылған сұлулыққа,
Келбетіңді, тоқтар ма, жырласа ақын?!

Өсіп шыққан төсіңде гүл де аяулы,
Кешіп жүрген сендегі күн де аяулы.
Көкіректі бір нұрға толтырасың,
Көркемдікке сүйсінтіп мың бояулы.

Ару қала куә ғып сәтке керім,
Анау аспан мөп-мөлдір төкті өлеңін.
…Ғалам сыйып кетердей құшағыңа,
Биігінен қарасаң Көктөбенің.

Тауға барсаң қалайша сазарасың,
Ауыр ойлар неліктен мазаласын.
Шымбұлақ пен Медеуде серуендесең,
Бар мұңыңнан бойдағы тазарасың.

Сүйгенінен бақ болар қашықтар кім?
Мен де талай сезімді тасытқанмын.
Үндестірген жүректі махаббатпен,
Бұл Алматы – мекені ғашықтардың!

Шежірелі қарт таулар құрдас оған,
Әр белесі сыр шертер тыңдаса адам.
Қанша тарих бұғулы қойнауында,
Сірә, көне шаһардың мың жасаған.

Сан азаптан ап өткен салтын аман,
Шақтарға да куәсің жарқыраған.
Түкпірінде не тылсым жатыр екен,
«Есігінен» табылған «Алтын адам».

Ұл-қыздың қанат сыйлап қиялына,
Жол аштың талант­тардың тұяғына.
Баурыңда қанша буын тәлім алып,
Айналды елге тұтқа зиялыға.

Алматы – азат­тықтың ақ бесігі,
Алматы – ғажап жұрт­тың бақ, несібі.
Алуан тағдырларды тоғыстырған,
Жұмбақ оның әлі де көпке сыры.

Ақ жауыны сезіммен балқыт­тырған,
Табиғаты шабыт­ты шалқыт­тырған.
Магнит сынды Алматы, бар қазақты
Құшағына жатсынбай тартып тұрған!

Нева жағасында

Жаз…маусымның тұнық кеші,
Біз келеміз көше бойлап.
-Арманымнан үрікпеші,
Мұң татып жүр неше бойдақ.

Көріп тұрсың кеме келсе,
Көпірлер де ашылуда.
Сезім – жебе, терең енсе,
Болмас оны жасыруға.

Кезіміз жоқ қиыс келген,
Мекендедің көңіл төрін.
Көзіме көз түйіскеннен,
Тартып алды ерінді ерін.

Нева өзені жағасында,
Балқыды бой күйге керім.
Егіз жүрек жарасуда.
Жалынынан күйген ерін.

Фин шығанағында

Көз салып келбетіне көк теңіздің,
Мұң-нала, бірі қалмай өкпеміздің, —
Толқыған толқындармен тазардық-ау,
Қолынан ұстап тұрып, көктем-қыздың.

Елжіреп егіз жүрек сыр жаяды,
Жанарда батпан бақтың тұр баяны.
…Арақкеш шөлмек терген өзін емес,
Сұлудың қолындағы гүлді аяды.

Теңізбен көз демалды, жан нұрланды,
Әуелеп көк аспанда ән-жыр қалды.
Ал, ару солатұғын гүлін емес,
Аяды солғын тартқан тағдырларды.

Еседі майдақоңыр шығанақта,
Әсерлі кешкен сезім бұла шақта.
Көктен күн, жанымда Ай қыз нұр себеді,
Осындай сәт­тен тұрар сірә, бақ та!

Питердің ақ түні

Маусымның ортасы еді,
Ай тұрды дараланып.
Шақырдым қалқа, сені,
Сүйсінтіп дала жарық.

Неваның жағасында,
Қыдырдық еркемменен.
Сезімге жанасың да,
Не қалды өртенбеген?!

Питердің ақ түнінде,
Махаббат алаулады.
Аялап бақты бірге,
Екі жас манаурады.

Ғашықтың сүйенері –
Күтері мол бақыт­тың.
Түсіме жиі енеді,
Сол бір сәт, сол жарық түн…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.06.2024 | 00:38

Керемет!Жазарың көп болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір