ЖҮРЕКТІҢ ҚЫЛЫН ТЕРБЕГЕН

Қашан да қабырғалы қаламгерлердің творчестволық талғамына зер салып, даралық сипатын саралағанда, ол бейнелеген өмірдің қат-қабат сырына үңіліп, оны философиялық тұжырымына ден қойып, олардың өмірлік мақсатын, шеберлік шырайын анықтауға ұмтыласың.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ
Әрбір жазушының жүрегіне жақын, өзі жақсы біліп, тамылжыта суреттейтін творчестволық әлемі бар, сол арқылы айтар ойын өмірмен өзектесе өріп, адамдардың жан дүниесінің құпиясын ашып, тиянақты тұжырым жасайды. Қаламгер творчествосының қыры сан салалы. Эпикалық, лирикалық, драмалық сарынды бір адамның туындыларынан іздестіру әбестік. Әрине, ізденістің нәтижесіндегі жанрлық барлаулар, оны нышандардың қылаң беруі кез келген өнер иесінің парасатты парызы. Дегенмен де, шынайы шығармалар дарын табиғатымен астасып, қамшының өріміндей сабақтасып, жүректің қылын тербейді.
Көркем шығарманың басты тұлғасы – адам. Мейлі ол қалада тұрсын, ауылдың тұнық ауасымен тыныстасын, кейіпкер міндеті географиялық жағдаймен сараланбайды, қаһарман дара интеллектуалды қасиетке ие тұлға ма, қарапайым, тіршілік кешкен қатардағы қоғам мүшесі ме, бәрібір, әдеби туындының өзегіне желі ретінде тартылады. Тек жазушы өзінің суреттеуінің нәтижесінде әлеуметтік астар беріп, не лирикалық толғанысқа құрып, парасатта дүние дәрежесіне жеткізіп, тағылымдық нысананы меже тұтуы тиіс. Бұл орайда қазақ жазушыларының арасында өзіндік өрнегімен, қоңыр әуенімен, нәзік нақышымен, жеңіл психологиялық толғамымен дараланатын Сайын Мұратбековтің творчестволық лабораториясы ерекше назар аудартады. Он тоғыз жасында жарық көріп, жұртшылықтың ықыласына бөленген «Таңғы шық» атты әңгімесінен бастап ауыл өмірін көркем шығармаларының алтын арқауы етті.
Тақырып – қаламгердің өскен, өзі етене араласқан ортасына тікелей қатысты. Суреттелетін өмір көрінісін жете зерттеп, тыныс-тіршілігін бойына толық сіңіргенде ғана көркем шығарманың алдына қойған мақсаты орындалады. Көкей-кесті тақырыптың атын жамылып, қаламын әр қияға сілтеп, өзін де, оқырманды да жаңылдырып, із тастап жүрген қаламгерлер аз емес. Сайын Мұратбековтің бір ерекшелігі де осы бір тақырып тұрақтылығында. Оның кейіпкерлері де өз замандастарымыз. Күнделікті қарым-қатынаста көріп, әңгімелесіп, сыр шертісіп, әзілдесіп жүрген жандар. Әсіреқызыл сөзге, жасанды желіге әуес емес. Оның қаламынан шыққан әр оқиға өмірдің өзінен алынып, көзқанық, сыралғы жайлардың негізінде өрбіп, лирикалық жылы леппен баяндалып, тазалығымен, жеңіл мұңымен жүрегіңді шымырлатып, сезім тұнығына батырады. Әсем әлемге жетелейді. Жазушының ұшқыр қиялы нәзік суреттеумен қабыса өрнектеліп, өзіне баурап алады.
Бір қызығы, Сайын Мұратбековтің туындыларының дені – әңгімелер. Әрине, әдебиеттің қай жанры да дара тамырлас. Бейімбет Майлиннің бір әңгімесінде кейбір бүйірі қалың повесть, романдарда кезіге бермейтін типтік бейнелер, кесек оқиғалар, салмақты әлеуметтік астарлар бар. Сондықтан да жазушының қысқа жанрды іш тартып, аз сөзбен көп мағына беруге ұмтылуы талант иесінің талғампаздығын, жауапкершілігін танытады. Мөлдіреген таңғы шықтай таза сезімге құрылған «Райгүл», «Қылау», «Алғашқы қар», «Менің қарындасым» атты әңгімелердегі жас жеткіншектердің пәк махаббаты, сырлы жан-дүниесі, арманшыл қиялы қоңыр әуенмен, лирикалық толғаныспен тамылжыта баяндалады. Онда бозала таңдағы бозторғайдың әнін тыңдап, жарқын болашақты аңсайтын бозбала мен жанарына нұр тұнған қарақат көз қыздың көктемдегі бүр ашқан гүлдей ояна бастаған махаббаты нанымды да шырайлы суреттеледі. Олардың көкірегіндегі ықыласты ойларын, тәтті армандарын сыртқа шығармайды, іштей егіліп, елжіреп, қиялдың тұнық та терең тұңғиығына батырады. Бір-біріне ұласып, шытырманға жетелейтін күрделі оқиға да жоқ. Бүкіл шығарманың желісі психология мен сезім иіріміне негізделген. Шағын да шымыр шығарма оқырманның жүрегін дірілдетіп, толқытады. Әңгіме аяқталса да сен сол кейіпкердің болашағын көз алдыңа елестетіп, ұзақ уақыт сол әсерден айыға алмайсың.
Психологиялық лиризм қазақ прозасында 1960 жылдардың басында нышан танытқан еді. Тың тынысты лептің алғашқы көрінісі Сайын Мұратбековтің творчествосында қылаң берді. Қаламгердің осы бағыттағы ізденістері әр шығармасынан анық байқалды. Автор адамның ішкі сырына үңіліп, жан тебіренісі арқылы кейіпкерінің іс-әрекетін, мүдде-мақсатын, сағыныш-өкінішін ашады. Әрбір қаһарманның өз тілі, өз ұғымы, өз пікірі бар. Қаншама ұқсас тақырыпты жазса да кейіпкерлердің бейнесі мен тұжырымдалған ой-пікір бір-біріне ұқсамайды. Оқшау, жеке дара қалып танытып, соны қырынан көрінеді. Жазушы болмашы оқиғаның өзін әсерлі, айшықты тілмен өрнектеп, жүрекке жеткізеді. Мұның басты сыры – психологиялық лиризмнің күші. Сайын Мұратбеков шығарманың бояуын қоюлатпай, артық дыбыс қоспай, таза, поэтикалық дүние жазуды өзінің творчестволық мақсаты ретінде тұтынады. Сонымен қатар, философиялық терең тұжырым мен пайымды пікір де туындының салмағын арттырып, салауатты көркем шығарма дәрежесіне көтерген.
Қарапайымдылық – қарабайырлық емес. Жазушының барлық кейіпкерлері ауыл адамдары. Сырт көзге қарағанда бір өңірдің тұрғындарының тағдырын роман-новелла ретінде алып, олардың әрқайсысына жеке дара тоқталған тәрізді. Осы орайда Г.Матвеянның «Буйволы» мен «Тарғыл табыны» оралады. Бірақ әр әңгіменің айтар ойы мен көркемдік шешіміне көз жүгіртсең, автордың жеке адамның ғана бір өтпелі шағын емес, сол дәуреннің жиынтық бейнесін жасағанын, соған саналы түрде творчестволық ізденіспен, зор дайындықпен, келгенін аңғарасың. Ол өмір толқынында екшелудің нәтижесінде жүрекке тұнған сезімнің бір сәтін, яғни адамның қуанышын, өкінішін, сағынышын қаз-қалпында көркем тілмен қағазға түсірген. Қаламгер адамның ғұмырындағы шешуші кезеңді ғана алып, қамырдан қыл суырғандай ептілікпен, дәлдікпен баяндап, оқырманға үлкен философиялық тұжырым ұсынады. Әсерлі әңгімені оқып шыққан соң бейжай күйде қалмайсыз. Қуанасыз, тебіренесіз, ренжисіз.
Адам өміріндегі қимас сәттердің, жаныңда жас сұлудың бейнесі жатталып қалатын мерейлі мезеттердегі сонау бір балдәурен балалық шақты аңсаған сағыныш, жеткіншек жүрегіне түскен алғашқы жара – «Жусан иісі», «Ананың арманы», «Қылау» атты әңгімелердің деніне алтын арқау болған «Үш айдындының» кейіпкері де бала. Оқиға да таныс. Бірақ автор үш шығармада бір дәуреннің үш түрлі қырын суреттеп, үш түрлі көркемдік шешім тауып, философиялық тұжырым жасайды. Қаламгер сол арқылы әр жеткіншектің өміртану түсінігінен қоршаған ортаға көзқарасын, психологиялық толғанысын тілге тиек етіп, поэтикалық қуаты мол, лирикалық сазы сан үнді шығарма жазған.
«Жусан иісі» – Сайын Мұратбековтің творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан-дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдың шаңын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», – деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді. Ғажайып қиялдарға беріліп, қызық-қызық ертегілерді ойдан шығарып, сонау майдандағы көкесін сағынған кезде оның күрткесін иіскеуі, күндіз ойнауға мұршасы келмей, түнде басқа баланың шанасымен сырғанақ тебуі тәрізді детальдық көріністер өзінің шынайылығымен жүрегіңді шымырлатып, Аянның әрбір қимылына зер салып, елжірейсің. Аян ертегіші. Оның өзі ақыл-парасатына сай шағын әлемі бар. Рухани серігі – қиялы. Сол ұшқыр ойының жетегіне ілесіп, адамдармен, дүниеден ерте кеткен анасымен, майдандағы әкесімен сөйлеседі. Өзге құрбыларынан кішкене, бірақ өмір оны ерте есейткен. Тіпті, оны жұбатуға келген балалардың өзін қайсарлығымен таңдандырады. Әңгіме соңында Аян қаладағы балалар үйіне аттанады. Өзі кетсе де ауылдағы достарының көп нәрсеге деген түсінігін өзгертіп, өшпес әсер қалдырды. Сондықтан да лирикалық қаһарманның «…Тіпті, күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қарқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын бала қайда екен деймін сол сәт… Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса жусанды төбеге бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой?» деп түйіндеп, оқырманның өзіне сауал қойып, Аянның қалған өмірінің қалай сабақталатынын қиялдауға, көз алдыңа елестетуге меңзейді. Жусан иісі – баланың майдандағы әкесінің тері күртесінің иісі. Жусан иісі туған даласының иісі. Автор осы концепциямен Аянның адамгершілік рухының өрелігін, парасатты байсалдылығын, оның қиялы балалық қызығушылықтан туған ұшқыр ой емес, асқаралы мақсатпен астасқан арналы арман екендігін анықтайды. Онда игі сезім балдәурен шақта жүрекке ізін салатындығын аңғартып, моральдық тазалықты оқиға арқылы жырлайды. Иә, қара сөзбен жырлайды. «Жусан иісі» әңгімесінің композициялық құрылымы, поэтикалық суреттелуі, лирикалық қоңыр әуені, кестелі тілі аталмыш туындының поэзиялық қасиеттерімен ұштастырып, жақындастырып тұр.
Ал дүниенің, жеткіншектік дүниенің есігін жаңа ашқан жеңістің өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды: жақсы мен жаман қасиеттің алмасып жатуын, ең аяулы адамыңның ренішін, күнделікті тіршіліктегі күрделілікті, әрбір нәрсенің психологиялық шешуі мен түйінін ұғуға ұмтылған бір талқымалы шағын суреттеуге арналған әңгіме – «Ана арманы». Бәрі де бұрын-соңды көркем шығармаларда суреттеліп жүрген етене таныс жандар. Әже, ұл, немере, келін. Олардың арасындағы қарым-қатынастар да, қайшылықтар да, шағын көріністік тартыстар да таңсық емес. Бірақ бұл әңгіме өзінің логикалық құрылымымен, оқиғаны құру әдісімен, характерлік қалтарыстарды ашуымен, философиялық астарымен өзге туындылардан оқшауланып тұрады. Сырт көзге әже бақытты жан. Балалары беделді. Ал іште үлкен күйзеліс бар. Оны немересі кеш аңғарады. Әже өз ұлдарының арасындағы алауыздықты, әрқайсысы өз қамын ойлайтынына, ынтымақтың, шынайы ықыластың жоқтығына налиды. Тек немересі Жеңіспен сырласады. Бітеу жара асқынған дертке айналады. Дерттен гөрі ана жанына өзегін жарған төлдерінің, қызы мен келіндерінің қырғи қылықтары жанына тікендей қадалады. Ашық айтпайды. Автор олардың мінездерін баяндап жатпай, бірақ штрихпен аңғартады. Сол штрихтің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Ана әл үстінде. Барлық ұл келіні жанында. Үзіліп барады. Ұлдары көрші бөлмеде көңіл көтеріп, бас жазып, «Ана жырын» айтып отыр. Келіндері әжелерінің қасында. Бәрі жылап, көзіне жас алады. Әсіресе: «оң қолының білегінен ұстап алдырған Әсембайдың әйелі: Әкетайым-ау! – деп булығып еңіреп жіберді. Еңіреп отырып қайта-қайта еңкейіп қолынан сүйгендей болды. Сөйтіп отырғанда оның аржағындағы Мәржәпия (Әженің кенже қызы – Т.Ж.) кенет аяғын біреу басып кеткендей баж ете түсті.
– Аулақ әрі, әкел, шешемнің жүзігін, өзім алам, – деді.
– Ей-й, қыз-ау, жәй-іңә от-тыр-саң-шау, – деп жылай сөйлеген күйінде Әсембайдың әйелі әжемнің қолына тағы еңкейген. Мәржәпия оны қағып жіберді. Ұмтылып кеп әжемнің қолына өзі жармасты. Бұл тағы да еңкейіп, әжемнің саусағын тілімен жалап, жүзікті ары тартты, бері тартты, бірақ шығара алмады».
Осы көріністі оқығанда қайран ананың көңілі неге мұңлы екендігін, неге көңілі толмағандығын түсінесің. Автор ешқандай түсініктеме бермейді, қызы келінін қараламайды да. Тіпті, таңсәріде, қаралы қаза үстінде немересі Жеңіс сыртқа лақтырып жіберген алтын сақинаны қызы мен келіні іздеп жүргенде де қалалық өз кейіпкеріне деген бейтараптық пен салқынқанды арақатынасын жоғалтпайды. Пікір айтумен тұжырымды талғамды, олардың іс-әрекеттеріне деген бағаны оқырманның өз еркіне қалдырады. Тек оң жақта жатқан әжесін көргенде бала: «Әжем, шынында да әппақ боп созылып, ұйықтаған адамша жатыр. Ұрты суалған, қабағындажалғыз мен ғана танитын кейістік бар», – дейді. Әңгіме осымен бітті. Ал одан туындайтын философиялық ой, көркемдік шешім қандай. Бұл оқиғаның барлығын автор неге баланың көзқарасы арқылы баяндайды. Себебі, Жеңіс әлі тіршіліктің қилы-қилы тартысына түскен жоқ. Оны дүние-мүлік, атақ-даңқ қызықтырмайды. Демек, жан дүниесі таза, адамгершілік сезімі мол. Автор Жеңіске өз әке-шешесінің, аға-әпкелерінің қатыгездігі мен дүниеқоңыздылығын әшкерелеп, өмірдегі қалтарысы мол құбылыстардың себебін түсіндіруге ұмтылады. Оқырманды да соған меңзейді. Жаман мінез жаттан ғана жұқпайды, жақыныңнан да табылады. Өз ортаңның, семьяңның кері әсері де тиеді. Бұл текке Жеңіске айтылмаған. Не соның басындағы оқиға емес, кейіпкердің жеткіншек жасындағы өмір есігін жаңа ашқан жастардың типтік үлгісі. Адамгершілік өз аулаңнан басталады. Қандай да болсын қатыгездікті, бейтараптықты, немкеттілікті, дүниеқорлықты дер кезінде дұрыс бағалауға нұсқайды.
«Қылау» – табиғаттың түлеуін, жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Сайын Мұратбековтің «Қылау» атты шағын да шырайлы, нәзік сезімге құрылған туындысы осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни табиғаттың жаңаруымен кішкентай Сатайдың ояна бастаған махаббатын, пән тілегін сыр ғып шертеді. Жарыстырмалы психологизм, табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу – әдебиетте ірге тепкен тәсіл. Дегенмен де, «Қылаудағы» шендестірудің ерекшелігі өзгеше. Психологиялық параллелизмді қаламгерлер үлкен оқиғаны шегіне жеткізе отырып, оның күйреуімен не түлеуімен сабақтастыратын. Ал Сайын Мұратбеков домбыраның құлақ күйін қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді. Өйткені, Сатайдың оянған сезімі оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіндегі алғашқы із қалдырушы.
Тіршіліктің ыстық көктемі, атты жазы, найзағай-бораны, сүйініш-күйініші алда. Бұл қылаулаған қордай ғана пәк те кіршіксіз сезімі. Сатай мен Рабиғаның тіл қатулары, елегізулері, ашық та бүкпесіз сұхбаты, ізгілік ілтипаты табиғаттың сол бір қылаулаған шағынан аумайды. Көңілдерінде тыныштық та жоқ, бірақ аласұрған сапырылыста байқалмайды. Алгебра оқулығын Сатайға сыйлап тұрып: «Сөйтіп, ендігі жылы бірге оқимыз ба… Байқа, класта қалып қойып жүрме», – деп Рабиғаның күліп тұрып ескертуі арқылы автор олардың өмір жолында әлі талай тоғысарын, табысарын, шынайы ыстық сезімге бөленерін меңзейді. Ол кезде бұл шақ қос жеткіншектің ең қызық дәуренін кешер, не осы арман күйінде қалар, ол белгісіз. Сондықтан да табиғат та аяздатпай, борандатпай, қылаулаған қалпынан айнымайды.
Міне, үш әңгіме, үш тағдыр. Үш туынды да балалық шақтың бір сәтін қамтыған. Көркемдік шешімі, меңзер ойы, орындалу мәнері, лирикалық толғанысы мен жеке дара. Автордың тектес тақырыпқа баруының және оны үш қырынан көрсетуінің мәнін ұғынып, парасатты ой түйгенін мойындайсың. Қаламгердің басты мақсаты да көркемдік шешімнің оқырманды ойға қалдырып, толқыта білуінде болса керек-ті.
Мелодрамалық оқиғалардың әдебиетте кеңінен қанат жайып, көркемдік сипаттың санатына қосылғанына ұзақ уақыт өткен жоқ. ХХ ғасырда үстемдік алып, тамырын тереңге жайған тәсіл. Мопассан Моэм із-таңбасын салған соқпақ. Күрделі жайларды қамтитын Стендальдың, Мерименнің, Э.Поның шығармаларының көлемі қазіргі орта буын повестің өлшемінен алып кетіп жүр. Қазақ әдебиетіндегі Бейімбеттің дәстүрі. Сайын Мұратбековтің «Көкорай», «Жабайы алма» атты повестері де басқа шығармаларының композициясына негізделген. Мәселе көлемде емес, көбігінде емес – көрігінде. Шамасында емес – шырайында, шындықта, оның ішінде көркем шындықта.
Өмірдің сан саласын, қат-қабатын қамтыған, адам сезімінің құпиясын ашып, жүрегінің түбіне терең бойлаған, сан үнді әңгімелер соның айшықты айғағы. Елеулі оқиғадан өрелі ой туғызу, аз айтып, көп мағынаны білдіру, сараң баяндап, сыралғы мән таныту – Сайын Мұратбековтің творчестволық мақсаты. Өзара тұтасып жатқан, алайда мінез-құлық, психология, көзқарас тұрғысынан мүлдем басқаша өрнектелген «Үскірік», «Алғашқы қар», «Басында Үшқараның», «Күлен-Күлеке», «Кәмен тоғайдың бұтақтары» атты туындыларды оқығанда осы пікірге зейін қойып, пайымды пікір, байсалды ой түйесің.
Аталмыш шығармалардың арасындағы мелодрамалық сипаты басым, ақыл – оқиғамен тосын тұжырымға жетелейтін туынды – «Үскірік». Мұнда қаламгердің көркем дүниелерінде кездесе бермейтін шиеленіс, іштей психологилық тартыс, ашық арбасу бар. Дәнеш – Қайрақ арасындағы психологиялық тартыстың түп тамыры тереңде. Екеуі құрдас. Әзілдерінің астарында да зіл, ащы запыран аңғарылады. Күле сөйлессе де, іштерінен күңіреніп тұрады. Үндерінде кіжіліс бар. Оның себебі де сонау әріден басталады. «Бір-біріне өмір бойы жинаумен келеді. Далалы жерде, жусанның арасында бір тұтам қара шұбар жылан бір рет қана шағатын уын бүкіл жаз бойы жинайды екен. Бұл екеуі де сол сияқты, құрдастық қақында әзілдескенмен, шым-шымдап жиналып жатқан бар улары ішінде. Ол үшін екеуі де кінәлі емес. Кінәлі әкелері… Әкелер арасында болған жауығу ана сүтімен бұлардың бойларына да тарады». Айдалада екі адам. Қыс. Аяз. Ойыннан от шығып , Қайрақ Дәнештің малақайын құздан лақтырып жібереді. Басына суық тиген Дәнеш ауруханада дүние салады. Оқиғадағы қақтығыс жан дүниенің, көзқарастың қақтығысы. Натуралистік сарын аңғарылғанмен, өмірлік дерекке топшыланған шынайы реалистік туынды. Екі адам бір-бірін жек көруі, бақталастық, бәсекелестік қылықтары ақыры асқынып тынды. Бұл шығарманың тұтқасы логикалық желімен тартылған сана мен сезімнің тартысы. Жас қабірдің топырағын көрген Қайрақтың өкініші, өзін-өзі лағнеттеуі, ар алдындағы қылмысы, көкірегін жегі құртша кеміріп, онан сайын удай ашытып, ит бұралқы күйге түсіреді. Демек, оның рухани күйрегендігі. Автор психологиялық қақтығыс арқылы кейіпкердің ішкі сырын суреттей отырып мерез дерттің себебін ашады.
Жастық шақтың өтпелі көпірінен асып, отызға іліккенде әр адамның жүрегінде өзінің бозбалалық дәуреніне деген сағыныш пен қимастық сезімнің тууы сөзсіз. Дәл осы шақтағы толқу мен толғану «Басында Үшқараның» атты көлемді шығармада қамтылады. Лирикалық жылы лепті, шырайлы шығарма. Автор Әсеттің ойы арқылы көп нәрседен мағлұмат береді. Он сегіз жастағы махаббатты, әнші келіншек, жас сұлу жүйелері арқылы қаһарманның мінез-құлқы ашылады. Әсет жеңілген емес, бірақ айналадағы құбылысқа енжар да қарамайды. Оның ауылға оралуы – түлеу жастан асқандағы мезеті. Өткенге есеп беріп, жаңа байсалды өмір бастауы тиіс. Кейбір сағынған көріністері көзге қораш көрінсе, ойламаған жерден соны бір құбылысқа тап болады. Ол өмірден біраз нәрсе жоғалтқан, табатыны да мол. Шығарманың философиялық бағыты да соны меңзейді.
Диалог көркем шығарманың басты бір қажетті шарты. Ұқсатқан адам ұтады. Оның оқиғаны шиеленістірудегі, шешімін табудағы, кейіпкердің характерін сомдаудағы орны зор. Сайын Мұратбековтің «Ескен жел», «Күзгі бұралаң жол», «Басында Үшқараның», «Үскірік» тәрізді әңгімелеріндегі негізгі тартыс осы диалогпен өрнектеліп, оқиға өрбиді. Автор сөз жарысындағы астарға көп назар аударып, шығарманың желісін ширатады. Кейбір қилы көркемдік детальдық міндетін атқарады. Мысалы: «Күзгі бұралаң жолдағы» Қанатай диірменшінің білегіндегі суретке қызығады. Гришкадан оның құпиясын сұрап, бұған да салып беруін өтінеді. Диірменші келісіп әкесінің басқа әрпін жазады. Осыдан соңғы диалогке зер салыңызшы.
– Әкең қайда? – деп сұрады Қанатайдан.
– Соғыста өлген.
– Мәссаған… Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?
– Отан соғысында.
– Тоқта, тоқта. Сен жаңа қай жылы тудым дедің?
– Қырық жетінші…
– Ал енді не оттап отырсың, онда. Отан соғысы қай жылдарда болды?!
– Отан соғысында, – деді Қанатай міз бақпай».
Осы үзіндіден-ақ оқырман көп мәселені аңғарады. Асылы, диалогтың шымырлығы қашан да көркем шығарманы құлпыртып, шымырлатады. Қабырғалы қаламгердің мұндай тілдік, ішкі ырғақтың ізденістері әр әңгіменің шоқтығын көтеріп тұр.