САЙЛАНБАҒАН ДЕПУТАТ
07.10.2016
2282
0

img_8277-1024x683«Қадірлі басым, қайратты жасым айқаймен өтті амал жоқ» депті-ау хакім Абай бір толғанғанда. Осы бір шерге толы сөз тіркестерін еске түсіруіміздің өзіндік сыры, мазмұнды мәні бар. Журналистер мен жазушылардың құқығын бұзатындар көбейді. Қасиетті саналатын жазу өнері еріккендерге ермек болды. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында жұмыс істейтіндердің еңбегі көп жерде олардың талантына, шеберлігіне, интеллектісіне емес, пысықтығына, жағымпаздығына қарай бағаланатынын да көріп-біліп жүрміз. Сол себепті де шығар, қуатты қару, төртінші билік саналатын сала біржола күнкөріс көзіне айналуға жақын тұр. Бұндай көзқараспен келіспейтін журналистика мамандары шетқақпай көріп, ескерусіз қалып, тіпті қудалауға ұшырауда. Сондай жандардың бірі – шардаралық қаламгер Жұмабек Мұқанов.

Осыдан бес мүшел жас бұрын Жа­лаңтөс Баһадүр бабамыздың әлемге әйгілі сәулет өнерінің әсем де асқақ ғимараттары жарқырап тұр­ған Самарқан шәрінің баты­сына, Бұхараға қарай созылып жат­қан көне Каттақорғанда дү­ние­ге кел­ген еді. Баяғы жиырма тоғы­зын­шы жылғы «Адай көтері­лісі­нен» кейін ату мен қамаудан, қу­ғын-сүргіннен аман қалған қы­­­рықмылтықтар ауылын бастап үде­ре көшкен Мұхан Баба осы жер­ге паналапты. Атамекеннен ай­рылған, қайғы жұтып жат елге кел­ген қазақтар ғана емес екен.Жұ­­мабек ес білгесін мұндағы қа­лың қоныстанған қырым татарлары балаларымен достасып, асық атысты, жүгірісіп жарысты. Үл­кен­­дер­дің әңгімелерін тыңдауға құ­мар болып өсті. Биліктің сола­қай пәр­менімен пәрше-пәршесі шық­қан тағдыр иелерінің мұң-қай­ғыларын көп тыңдағаннан ба, ер­те­рек есейді. Жазу, сызуға бейім болды. «Біздер қазақ еліне, Сіздер әсем Қырым жағалауына ораласыздар» деген сөз тіркесін тауып алған. Өздерін де, достарын да жұ­бату үшін ойлап тапқаны. Айтса айтқандай, елуінші жылдары бұ­лардың ауылы Мырзашөл, Шардара тарапына қарай қозғала бас­та­ды. Төрт-бес жасар бала еді. Мұ­хан Баба «Мына Нұратаның баурайында Әйтеке би қалып бара жатыр-ау» деп төгіліп отыратын.Содан бала кезінен атамекеннен ел көшу, айдау, репрессия, нәубет, халық тағдыры деген ой орамдары санасында жатталып қалған.

Жұмекең ерте танылған, ерте есей­ген, ерте пісіп-жетілген жур­на­лист. Мырзашөл аудандық «Дос­­тық» газетінде балауса жырлары үзбей жарияланатын. Оны кезінде Шымкенттен бұрын Алматы мойындады. Ол астанадан алыста жүріп-ақ ақын атанды. Жазу-сызу өнері арқылы шағалалы Шардара аумағынан шығандап кетті. Оны Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова сынды атақты қа­ламгерлер жақсы баға­ла­ды, маңдайынан сипады, қолты­ғы­нан демеді. Ресейдің тарлан сая­сат­кері Аман Төлеев таланты үшін құрмет­теді, бауыр тұтты.

Биікке бір шығып алған соң тө­­менге алаңдау, төменшіктеу қиын екен. Журналист Ж.Мұқан­ов шағын ауданның проблемаларын об­лыс аумағынан тысқары шы­ға­рып жіберді. Сын мақала­ла­рын былай қойғанда, өлең кітап­тары, деректі-тарихи дүниелері бі­рінен кейін бірі жарық көріп жат­ты. Ал­ғаш­қылар қатарында «Қазақ­стан­ның Құрметті жур­на­лисі», «ҚР Мәдениет қайраткері» «Шардара ау­данының Құрметті азаматы» атақтарына ие болды. Қазақстан Жазу­шылар одағының шалғай Шар­дарада тұратын бірден-бір мү­шесі. Алматы да, Астана да ауылда тұратын талантты ұлдың биіктей ұшуын қолдап, қуанып отырды. Алайда, ерте та­нылған қаламгердің алақандай Шардарадағы қызмет­тік тағдыры қиын жағдайлармен ұштаса бастады. 35 жыл ыстығына күйіп, суы­ғына тоңған аудан би­лігі оны шеттетумен ғана шектелмей, қудалауға көшті, журна­лис­тігін де, ақын-жазушылығын да, тіпті қоғамдық жұмысын да жоққа шығаруға белсенді топ құрды. Күш біріктірді. Жергілікті жік­шіл­­дер бұлардың келгендеріне жарты ғасырдан асты. Тойынды. Жетісті. Елдеріне көшетін уақыты келді дейтінді шығарды.Біз өзіміз­дің қа­зақ елінде өмір сүріп жүр емеспіз бе? Соның салдарынан аудандық газеттің директоры – бас редакторы қызметінен заңсыз шеттетілген білікті, тәжірибелі, қарымды маман журналист-бас­шы соттың шешіміне де, жо­ғары тұр­ған ор­ган­дардың орынды ұсыныс-та­лап­тарына да құлақ аспайтын жер­гілікті биліктің бір бүйірлеген, сыңар езулеген іс-әрекеттерінің салдарынан өзіне тиісті-тиесілі орынға қол жеткізе алмай келеді.Соңғы жылдары Президент Әкім­шілігінен облыс билігіне Ж.Мұ­қановқа іс-тәжіри­бесіне лайық жур­­налистік қызмет беру туралы сан мәрте хат жолданды. Ылғи да әкім-қаралар «Өскен өңірде» бос орын жоқ» деген шы­ғарыпсалма жауабынан айнымай келеді.

Басқаларды қайдам, әйтеуір, біз­ге Жұмабектің қудалануы жеке азаматқа ғана емес, тұтас Оңтүстік журналистикасына қыр көрсету әрекетіндей болып көрінеді. Қа­рап отырсақ, өкпе-наздың да, ре­ніш­тің де, тіпті қылмысты іс-әр­е­кеттің де ұмытылатын, қыс­қар­тылып кететін уақыты жетті. Ж.Мұқановтың қарсыластарында «абырой-беделімізге нұқсан келтірді» дегендей ашынудан гөрі «қылмысымызды ашып қояды-ау, сы­байлас жемқорлығымызды әш­керелеп, халықтың алдында қара­бет жасайды-ау» деген сияқты қорқы­ныш басым екені көрініп-ақ тұр. «Қорыққанға қос көрінеді». Қо­рық­қан адам әр түрлі қисынсыз әре­кеттерге барады. Күдікшіл бо­ла­ды. «Ел жатса да елекемдер жат­пайды».

Дегенмен, Шардарада әлі күн­ге Жұма­бек Мұқановты «сайлан­баған де­п­утатымыз» деп жиі із­дейді, жолын күтеді. Уақыт өткен сайын олар­дың қарасы көбейіп келе жатқан сияқты. Мұңымыз­ды, сырымызды айтып баратын азаматымыз еді деседі. «Депу­тат» демекші, тоқсан тоғызыншы жылы Парламент Мәжілісінің сайлауында бақ сынағаны бар. Он бір үміткердің ара­сынан шардара­лықтар басым дауысты Ж.Мұқан­овқа берген.Сая­си бәйгеге түскен­дер арасында менмін дейтін жер­­лестері де аз емес еді. Екі мың же­­тінші жылы об­лыстық мәслихат сайлауы дода­сында Шардарадағы білдей бір ме­кеменің басшысымен межелі күн­ге жақындап қалған. Ө.Шүкеев қатты өтініш жасады: бір жолға жо­лыңызды беріңізші деп… Облыс әкі­мінің орынбасары, досы Ислам Әбі­шев үш күн бойы үгіттеді.Мұның бәсекелесін Астанадан бір үлкен кісі қолқа салып отыр екен.Бір шақырымдық Әйтеке би кө­ше­сіне жоспарда жоқ асфальт төсе­ліп берілді. Биліктің қамқор­лы­ғы осы болды.

Ол қандай күрделі жағдайларда да шығармашылығынан қол үзген емес. «Аттан құлаған ақырет емес, тақтан құлаған тақсырет емес» де­ген ұлы ойшыл, абыз Әбіш Ке­кіл­байұлының дана сөздерін жиі-жиі айта жүреді.

Бұдан он бес жыл бұрын елді елең еткізген «Губернатор Аман Тө­леев» кітабының сегіз жылда төрт басылымы жарық көрді. Бала ке­зінде Мұхан Баба айтқан Әйтеке бидің басы қараусыз қалды-ау де­ген мұңлы сөздерін жадынан шы­ғармаған. Үстіміздегі ғасырға де­йін туған жылы да, өлген жылы да, жатқан жері де белгісіз болып кел­ген, бұдан 300 жыл бұрын дү­ниеден өткен Әйтеке бидің ғұмыр­нама де­ректеріне шығармашылық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жоғары­да айтылған «белгісіз» деген ұғым­дарды жоққа шығару жолында ерен еңбек етті. Ұлы бидің туған, өл­­ген жылдарын, жат­қан жерін анықтауға сүбелі үлес қосты. «Әй­теке бидің ақ жолы» атты әйдік кі­тап шығарды, деректі фильмдер түсірді. Шардара қаласында Әй­те­ке би ескерт­кішінің бой көтеруіне ұйытқы болды.

Соңғы жылдары Әбілхайыр хан­ның зайыбы Бопай ханым туралы зерттеу жұмыстарымен та­ны­мал бола бастады. Орынбор бар­ды, заманында Ресей па­т­шайы­мымен, Орынбор генерал гу­бернаторымен мемлекеттік дең­гейде келіссөздер жүргізген, хат-ха­бар, сый-сияпат алмасқан, ағыл­шын, орыс саяхатшыларының жаз­баларында есімі көп кез­де­се­тін, Кіші жүз билігін қолына ұста­ған, үш ұлын хан тағына отырғызған қай­раткер, дипломат-мәмлегер бол­ған тұғырлы тұлғаны мәңгілік есте қалдыру шараларын ұйым­дас­тыруды азаматтық парызы санайды. Жақында Ақтөбе, Маң­ғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан өкіл­дерінен құралған делегация Бо­пай ханым басына барып қайт­ты, бәтуалы істерге жобалар жасалып жатыр.

Соңғы жылдары «Сексеуілдің шо­ғы» жыр жинағы, «Бекет Ата», «Шоғы батыр», «Мұңал Ата ұрпақ­тары» тарихи-танымдық кітап­тары жарық көрді. Қыруар еңбегі мем­лекеттік және қоғамдық ұйым­дар тарапынан лайықты бағаланды. Елбасы Жарлығымен «ҚР Консти­туциясына – 10 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен мара­пат­талды. «Шардара ауданының Құр­метті азаматы» атағына, Аман Төлеевтың «Сенім мен ізгілік» кү­міс медалына, бұдан басқа «Бекет Ата», «Әйтеке би», Халықаралық «Зейнолла Қабдо­лов» медальдарына ие болды. «Губернатор Аман Төлеев» кітабы үшін Санкт-Пе­тербург Халық­аралық Психология Ғылымдары Академиясының Құр­метті Ака­демигі атағы беріл­ген.

Аудандық газетті басқарған ши­рек ғасырда төрт рет жұмыстан заңсыз шығарылып, үшеуінде әділ­дікке қол жеткізіп, өз орнына қайта оралған әріптесіміз біреулер армандағандай «қоңыз теріп кеткен жоқ», сексеуіл сынды қайсар мінез танытып келеді. Қаламы да майрылмады. Талай дүние жазып бітірді. Туған ағасындай болып кеткен қаламгер Әбіш Кекіл­бай туралы бұрын-соңды жарық көрген естеліктерге мүлде ұқса­май­тын «Жүз күндік жалғыздық» ат­ты ерекше шығарманы жедел түр­де, бейнелеп айтқанда, көз жа­сы құрғамай тұрып-ақ кітап етіп шығарды…

Биылғы 18 мамырда Астана­дағы Ұлттық Академиялық кітап­ха­нада осы жинақтың тұсаукесер рә­сімі өтті. Мемлекет, қоғам қай­рат­кері, академик Мырзатай Жолдасбеков тізгінін ұстаған кешке зия­лы қауым өкілдері, ақпарат құ­рал­дары өкілдері көп жиналды.Тағы бір ерекшелігі, бұл Әбіш Ке­кілбайұлы дүниеден өткен жарты жыл ішінде абызды еске алуға арналған алғашқы кеш болатын. «Жүз күндік жалғыздық» деген кі­тап атауы да ерекше әсер қалды­рады. Қазақ руханиятының ғұла­ма, абызсыз өткізген жал­ғыз­дық тағдыры туралы естелік-толғаныс кі­табының тұсауын әйгілі сазгер, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов пен ғалым, қоғам қайраткері Өмір­зақ Озғанбаев кесіп, баталарын берді, ізгі тілектерін білдірді.Алыс аймақта өмір сүріп, тіршілік жасап жүрген ауыл қаламгерінің Әбіш сынды заңғар туралы қалам тартып, үш ай ішінде кітап шы­ға­рып, жұртшылыққа ұсынуы шынайы дарын қуатын танытатын ерлікке пара-пар еңбек емес пе?

«Өскен өңір»газетінің 47 жыл­дық тарихында басылымға 8 редактор басшылық жасаған. 7 ре­дак­тордың еңбек өтілін қоса есе­п­тегенде – 22 жылды құраса, Ж.Мұқановтың бір өзінің басы­лымға басшылық жасаған жылдары – 25 жылға тең. Бұл еңбекті жоққа шығару мүмкін бе?

Өкінішке орай, мынадай аласапыран заманда бәрі де мүмкін екен. Таңдаулыларын, дарындарын елеусіз қалдыратын, қойны-қонышы сұмдыққа, қойыртпаққа толы аласапыран заманда, қоқысы көп қоғамда өмір сүріп жатырғаны­мызды кімнен жасырамыз.

Кезінде Алматы мен Астанаға жауап­ты қызметтерге шақырулар алғанын да білеміз. Шардараның дәм-тұзы, «Өскен өңірдің» несібесі жі­бермеген. Бұған өкінбейді де!

Шардара туралы бір толғаны­сын­да ақын Жұмабек былайша тебі­ренген:

 «Санамды шайқап,

Шамамды байқап көп күдік,

Арсыздың ісі аңқамды кетсе кептіріп.

Маңдайымнан сыйпап,

Арқамнан қағып әрдайым –

Арашалап қалды аруана бауыр тектілік!

 

Мұңға батқанда,

Сын сағаттарда түнерген,

Жақсылық көрдім бұл елден.

Қыздарыңды жылатпай­ты­ның­дыбілем мен!

Ұлдарыңды құлатпайтыныңды білем мен»!

Әттеген-ай дейсіз!

Мұны бір жағынан әріптес жай­­лы жазбалар десек те болады. Биыл ол бес мүшелге – 61 жасқа толды.

Ұлағатты ұрпақтарымен мың жасайтын қайсар күрескер, шын мәніндегі бақытты азаматқа айтарымыз:

– Мүшел жас құтты болсын! Жеңісті, жемісті жыл болғай!

 Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір