БАЛА КҮЗ
07.10.2016
1958
0

592c19132230954fd9cb1e7005b95962Ерлан ЖҮНІС

 

Өткенді бір, келерімді бір ойлап,

Бас қаңғиды басқа жұрттан былай қап…

…Тереземнен күз қарап тұр, жап-жас күз,

жап-жасыл күз!..

жанарында нұр ойнап.

 

Бір терезе – екеуміздің арамыз,

Қандай қызық адам болдым,

Қараңыз:

Жастығымды шашып алған мен сынды,

Жапырағын шашып ойнар бала күз!

 

Өз ойыңа ауық-ауық арбалып,

Бір сезімді іздегендей жап-жарық,

Сар сағыныш, қоңыр мұңға қарайсың,

Бөтенсініп,

Жүрексініп,

Таңданып…

 

Ересек күз шошыта ма мендегі,

Есейген мұң жасыта ма мендегі,

Неге сонша таң қаласың, бала күз,

Неге сонша телміресің келгелі?!

 

Неге сонша таң қаласың, бала күз,

Сонша алыс па екеуміздің арамыз?

Мен – қараша ақынымын, жат емес,

Сенің аға бауырыңмын, қараңыз!

 

Білген жанға біз бір жұмбақ ғасырмыз,

Көргеніңді, білгеніңді жасыр, күз.

…Алқоңыр мұң алаулайды бойымда,

Тереземнен сен қарасаң, жасыл күз!

 

БЕКЕР

Күндер де өткен, көзін жасырған,

Селт етер біз жоқ сезімге ашылған…

Жаз кешін құйып ішеміз, одан,

Күз дәмі шығар… лимон қосылған.

Қойсаңшы, бұл бір сенімсіздікті,

Біз өмірді емес, өмір бізді ұқты.

Жаз таңын айтып күлгенмен балғын,

Күз кеші сынды… көңілсіз шықты.

Қалтқысыз бағам қозғалысыңды,

әрбір қимылың – қозғады сырды.

Көңілсіз шықты, қайтейін, көкем,

Жайнаңдасаң да жаздағы сынды.

Байлаусыз, еркін жүргенде басың,

Басқаша еді-ау… мүлдем қарасың.

«Жаз гүлі көп қой жаныңызда әсте»,

Деп, әзіл айтып, күлген боласың.

Іштім бе жазды, іше ме мені,

Бәрібір түске күз енер еді…

әдемі-ау бәрі… тек әжім түскен,

Қолыңа көзім түсе береді.

 

ҰЙҚЫСЫЗДЫҚ

Түзелмеу?!

Бір қисық шегедей заманның суреті ілінген,

Жап-жас арқаммен көтердім бәрін,

Ұлымдай, уақыт секілді қарсылай жүгірген,

Шырқайды ойлар еркіндік әнін.

 

Шырақтай,

Дәптерді құшардай ұмтылған алауы,

Жел соққан түндерде аяулым жаққан;

Неде екен дейсің бе ақынның қалауы?..

 

…Өзенмін, армандар даласын  құшақтап аққан,

Ондағы гүлдерді суармас ешкім де –

Қисық айналар қойылған мекен…

Айнадан айнаға елестей көштің бе.

 

Кештің бе сезімді бөтен?..

Кештім бе, кештім бе сол бөтен сезімді,

Кештім бе сезімді өзімді жеңген,

Сағыныш тамыры сияқты сезінем өзімді.

 

Иір де шиыр боп жүрекке енген,

Үміттің қанаты секілді,

Қаққанда – шашылар қауырсындары,

Ол таңғы шық болып таматын секілді.

 

Қонатын секілді әлемнің жаны.

Атқанда сол ақ таң,

мен көрмес сол шықты түпкі бір ойдағы –

Тас дәуірінен кеп тасбақа ішер,

 

Жеткенше ол –

қиратып бар қисық айнаны,

Маңдайға түп-түзу бір әжім түсер!..

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір