ӘУЕЗОВТІҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ТОЛҒАНЫС…
30.09.2016
903
0

kitap-2Ресей 2015 жылды Әдебиет жылы деп белгілеген еді. Ал 2016-ны Олар Киноға арнапты. Әдебиет жылында сан түрлі жиын-шара өтіп, үлкен істер атқарыла келіп, қорытындысы таң қаларлық болды. «Культура» телеарнасы Россияның 24, алыс-жақын шетелдің 10 қаласынан 1300-ге тарта оқырман Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбіт­шілігін» оқыды. Мұғалімнен мұражай қызметкеріне, ғалым­нан ғарышкерге, көше сыпырушыдан көрнекті жазушы­ға, саясаткерден сардарға дейін ұлы романды ұмытпағанын, керісінше оған деген ынта-ықыласы ерекше екенін аңғартты.


 

Әлібек БАЙБОЛ

Ұйымдастырушылардың көздегені – «Толстой арқылы Әлемге осыншама ұлан-ғайыр жердің иесі орыстың қандай мықты ұлт екенін көрсету» болыпты. Бұны – «бір оқпен екі қоянды бір-ақ ату» дейді. Бір жағынан, Әдебиет жылын жалаулатқан Ресей билігін қазіргі геосаяси жағдай алаңдатып тұрғаны шын­дық. Наполеон Бонапарттың «Қара құр­лық» – Африка мен «Кәрі құрлық» – Еуропаны жаулап келіп, Россияны жеңе алмағаны кім-кім үшін де тарихи сабақ. Бүгіндері «Соғыс пен бейбіт­ші­лікте» айтылған Кутузовтың: «Жерімді қорғаймын, елімді аман алып қаламын!» – деген сөзін ормандай орыс жастары көп айтып жүр. Сол себепті, бұл афоризм саяси, патриоттық (кейде шовинистік) мәнге ие боп жатса, таңырқаудың қажеті жоқ. Арғы жағында: «Көрдіңдер ме, бас­тан небір уақиғалар, соғыс пен зобалаң өтті…» деген емеурін бар. Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыс (Орыс-түрік соғысы) немесе Ресей мен АҚШ арасындағы текетірес («Қарулану жарысы») «тарих қайталанатынын» дәлелдесе керек. Осы орайда, Путин бастаған Россия билігі дәл қазіргі тұста рухты көтеріп, жігерді жану үшін Толстой аса қажет еке­нін ұғып отыр. Кейде көрсоқыр Саясат Әдебиеттің көркемдік-эстетикалық құндылығын, нәрін, сөлін, күш-қуатын ескермейді. Әдеби-мәдени жобаның ғаламаттығын былай қойғанда, Батыс Еуропа әдебиеті ұстаз тұтқан Толстой эпо­пеясын қалқан етіп ұстау қанша­лықты дұрыс шешім екенін Уақыт қана айта алады.

«Соғыс пен бейбітшілікті» бүкіл ел боп оқу үрдісі, шыны керек, көңіл қуан­тады. Бұрындары радиодан повесть, әң­гіме, радиоспектакль тыңдап келген әде­биетсүйер қауым үшін бұл үлкен тарту болды. Рейтингі бойынша «Первый канал» мен «Россия 1»-ден кейінгі орынға орныққан «Культура» арнасындағы «Роман оқимыз» атты айдары жандана түсе­тін­ге ұқсайды. Енді келешекте Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазов­тар» мен Николай Гогольдің «Өлі жандарын» оқу жоспарда бар екен…

Иә, дерсің. Ішіңде бір қызғаныш оянады екен. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін» әдетке сай, біз де қойын-дәптерге біраз нәрсе түртіп алсақ артық болмас еді ғой. «Ит үреді, керуен көшедінің» керімен, талай ой айтылған­мен орындалу жағы кемшін түсіп, бәрі-бәрі келіп шенеуніктің: «О жұмыстар атқарылып жатыр…», – деген жаттанды сөзімен тұйықталатыны бар. Оған құлақ та, Біз де, Сіз де, жалпы организм де үй­ренген. «Шартты рефлекс» деңгейіндегі дүние ғой. Сұрақ қойсаң болғаны, сақ етіп жауабың да дайын тұрмақ. 2016 жылдың 28 қыркүйегі – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей сияқты жазармандардың дүние есігін ашқан күн.

Мектеп, лицей, колледж, университет қабырғасындағы қатып, сіресіп қалған «динозаврларды» академиялық құрсаудан алып шығып, қабырғалы қаламгерлерді елмен қайта таныстыру секілді игі бастаманы неге жүзеге асырып көрмеске?! Егер романды ауырсын­сақ, көлемді әңгімеден, я повестен бастасақ, қайтеді?! Бұл әдебиетті ел арасында насихаттап, халыққа жол табудың бір формасы болар еді. Себебі, рухани дүние һәм мәдени мұрамен қаптаған қаулы-қарар қатарласқан осынау бір заманда заңғар жазушылардың аты тіптен аталмайтын болды. «Өз қазанымызда өзіміз қайнаған» деген сөз жиі айтылып жүргеніне, әне-міне дегенше 25 жыл бо­лыпты. Тәуелсіздікке де 25 жыл! Зыр­ғыған жүйрік пойыздай «алға» (!) ғана ұмтылудамыз, алайда бір сәт артқа қарап, барды бағалап, ұлт ұпайын түгендеп жүрген біреу болсашы… Осы күнге дейін не істелді? Негізгі сауал – осы. Мойындау керек, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біраз дүние шықты. Оның қапталында қазақтың қаншалаған көне әдеби шығармалар, жоғалып барып қайта табылған авторлар мен тарихи жәдігерлер ортамызға оралуда. «Баласағұн кітапханасы», «Алтай-Ертіс кітапханасы» «Сырдария кітапха­насы», «Қазыналы Оңтүстік», «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Ақтөбе кітапханасы» сияқты сериялар түсінген адамға аз олжа емес. Кейде жекелеген демеушілер, ал кейде мемлекет қолдауымен жарық көріп жатқан осы том-том жинақтар оқимын, білемін, ізденемін деген тек Алаш жұрты емес, өзге де қазақ дүниетанымымен танысқы­сы келген талапкер үшін үлкен қазына екені сөзсіз. Қош! Әр өңір өз жоғын тү­гендеп, бабадан қалған бар байлығын жинақтады. Құптарлық іс… Бірақ бұ­ныңыз бірінші баспалдақ қана емес пе?! Енді сол барды өскелең ұрпаққа насихаттап, жалпыұлттық сипат алу үшін бір кешенді жоспар қажет-ақ. Мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы азды-көпті жетістіктер спорт пен шоудың далдасында қалып қойып жүргені айтылып та, жазылып та жүр.

Библиографиялық көрсеткішке айналған, сөрелерде шаң басқан көптеген жазушыларды халыққа таныстырудың ұтымды жолын қарастырсақ деген ой бар. Орталық кітапханалар жүйесі ұйымдастыратын «Кітап-fest», «Book-кро­синг» оқырманды тарту, қызықтыру­дың бір түрі ғана екенін ұмытпасақ екен. Әлеуметтік жағдайы төмендеу, билік те, басқа да назар аудара бермейтін саланың бірі – кітапхана. Бүгіндері Біз ол жаққа қандай мақсат-мұратпен баратынымыз айқындалып қалды. Ұстаз берген тапсырманы орындау, ескі бір тігінділерді қарау я болмаса бәзбіреудің тапсырмасымен баруға мәжбүрміз. Өз еркімен келіп, «рухани мұраға» ден қойып жүр­гендер аз болуы заңдылық та шығар, бірақ оқырман қатарының көбеюі ұлттық ұстанымға тікелей байланысты. «Интеллектуалды меншік», «ақыл-ой жемісі» секілді ұғым-түсініктер қара жұмыстан биік тұрғанда ғана балаңдықтан арылған, кез келген мәселеге Парасат биігінен қарағанда ғана шынымен де Ел деген атқа лайық боламыз. Ойсыздықтың арты опасыздыққа алып келетінін сан мысал табуға болады. Бұдан шығатын қоры­тынды, Қазақ елі «интеллектуалды қоғам» түзіп, өресі биік абзал азамат пен ақылына көркі сай азаматшаларды тәрбиелеудің мән-маңызы қалай артпақ? Сондықтан кітап пен оқырман, оқу мен тоқу, жазушы мен туынды секілді ауқымды дүние ұлттық сыпат алып, қолдауға ие болса деп армандап болдық. Енді тек нақты қадамдарға бару қажет. «100 қадам» сынды әдеби, мәдени, өнер саласына үлкен реформа керек-ақ.

Толстой Әлем, оның ішінде орыс жұрты үшін қаншалықты бағалы болса, қазақ үшін де Әуезовтің орны ерекше. «Абай жолы» роман-эпопеясын бүкіл қазақ боп жабылып оқымасақ та, жаңа бір формат шең­берінде, жаңа бір форма тауып жүзеге асыруға болады ғой. Бұндай бір бастама «Сөз өнерінен» ажырай бас­таған халықты серпілтіп, құлықсыз­дық, немкеттілік, бей-жайлық сеңін бұ­зып, Ұлы шөлді бір басар ек. Қазақ әдебиеті дегенде ауызға алдымен Абай, кейін сол Абай мен оның дәуірінің көркемдік полотносын жасаған Әуезов ілігетіні бар. Екі алып арқылы Қазаққа жақындаудың жолын тауып, Қазақ жанына үңілсек қа­на, алға жылжи алатынымызды ұғын­сақ екен. 28 қыр­күйекте Мұхтар Омар­хан­ұлы Әуезовтің туған күніне ұлт, мем­лекет, дербес ел ретінде қандай сый жа­сай алдық екен, не болса да «іште ғой»…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір