МЕМЛЕКЕТ ҮШІН АДАМ РЕСУРСЫ МАҢЫЗДЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезде «Болашақ» бағдарламасы туралы аз еститінбіз, шетелде білім алу тек қана қалаулылардың еншісіндегі дүние болып көрінетін. 2011 жылы 23 маусымда «Көліктер» диснейлік туындысы алғаш рет қазақ тілінде аударылып, үлкен экраннан көрерменге жол тартты. Бұл – халықаралық бағдарлама түлектері құрған «Болашақ» Қауымдастығының жұмысы еді.
Меруерт ҚҰМАРОВА,
«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері
Шетелде білім алуға деген қызығушылығым сол кезде оянғанымен, алғашқы түлектердің қатарында журналистердің болмауы және бағдарлама категориялары бойынша журналистердің бара алмауы мені сол кезде тежегені рас. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. 2013 жылы, бағдарламаның 20 жыл толуына орай «Хабар» телеарнасының эфирінде «Біз» ток-шоуында арнайы шығарылымын ұйымдастырдық. Ол кезде мен осы бағдарламаның продюсері болып қызмет еттім. Телетүсірілімде посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында алғаш рет, жастарға шетелде білім алуға берілген мүмкіндікті пайдаланып, әлемнің үздік оқу орындарында білім алып келген түлектер бас қосты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, зауыт инженерлері, ғалымдар, ұлттық компанияның топ-менеджерлері бар еді. Заманауи көзқарастағы, озық ойлы замандастарыма қарап бағдарламаға құжаттарды тапсыру туралы шешімге келдім. Құжаттарды әзірлеп, ағылшын тілін жетілдіріп, 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атандым. Ұлыбританияның астанасы Лондондағы Брунель университетінде тағылымдамадан өтіп, «Стратегиялық жоспарлау», «Сындарлы ойлауды дамыту», «Көшбасшылық және жеке қасиеттер», «Әлеуметтік Медиа» тақырыбында лекциялар тыңдадым. Әсіресе, медиакеңесші, BBC телеарнасындағы Question Time, Watchdog сынды бағдарламалардың продюсері болған Джон Мейрдың лекцияларын ерекше атап өтуге болады. Университетте алған біліммен қатар, 1922 жылы іргетасы қаланған, әлемнің отыз екі еліне хабар тарататын Би-би-си телекомпаниясының Лондондағы бас офисіне аяқ басып, ондағы әріптестерімнің қызметімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Би-би-си корпорациясы өз миссиясында көрсеткендей «inform – ақпараттандыру, entertain – көңіл көтеру, educate – үйрету және inspire – рухтандыру» – басқа аудиторияны ақпаратпен байытуды негізгі мақсаты ретінде қарастырады. Комментарийлер мен аналитикалық шолулардың жоғары сапасы, шынайылық, нақтылық, мамандардың кәсіби біліктілігі бүкіл әлем көрерменінің Би-би-сиге назарын аударып отыр. Жаңалықтар мен аналитикалық хабарлардың жоғары сапасы, оқиғаны жан-жақты талдау, журналистер мен жүргізушілердің кәсіби деңгейі – басты қасиет осы. Әлемдік медиаалпауыттың тәжірибесінен біздің үйренеріміз әлі де көп. Айта кетер бір жайт, Би-би-сидің Дүниежүзілік қызметінің құрамында 1996 жылдың 6 маусымында он жылға жуық уақыт бойы әлем жаңалықтарын қазақ тілінде Би-би-си Қазақ Қызметі жеткізіп тұрған. Өкінішке қарай, 2005 жылдан бері Қазақ қызметі жұмысын тоқтатты, алайда, Орталық Азия және Кавказ бөлімінің құрамында қазір қырғыз, өзбек, әзірбайжан және орыс қызметтері Лондондағы бас офистен хабар таратуда.
Тәуелсіздіктің 25 жылында отандық бұқаралық ақпарат құралдары қалыптасу, даму кезеңінен өтті, ендігі кезекте әлемдік деңгейге интеграциялануы үшін шетелдің жетекші БАҚ-пен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, осы ретте Қазақ қызметін қайта жандандыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет…
Стипендия иегерлерінің барлығы білімді, талантты, жігерлі жастар деп айтуға толық негіз бар. Себебі, стипендияны жеңіп алғанға дейінгі процестермен бірге, бейтаныс өлкеге, тілі, ділі бөлек ортаға барып, ол жерге бейімделе жүріп, білімді шыңдау оңай емес. «Қазақстан — 2050» Стратегиясында әлемдегі ең үздік 30 елдің санатына кіру межесі белгіленген. Әлемнің сол озық елдеріндегі ең үздік университеттерінде оқып, дамыған елдердің тұрмысымен танысқан әрбір болашақтық еліміздің де осы межеден көрінуіне атсалысуды өзіне басты мақсат етіп белгілейді деп ойлаймын.
Лондонда білім алып, сол елдің тарихын танып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен бітеқайнасып жүріп, екі елді салыстырдым, сырттай баға бердім. Үйренетін тұстарымызбен қатар, үлгі болар қасиеттеріміз де бар екенін бағамдадым. Лондон қаласының дәл ортасындағы Букингем сарайынан 100 метр жерде орналасқан зәулім де сәулетті ғимаратта Қазақстанның Бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. Шараға қатысқан Ұлыбритания парламентінің мүшесі Тони Болдри «Дос пейілді Қазақ елінің бейбітшілік және келісім тұрғысындағы тәжірибесін кеңінен үйренеміз деген сенімдемін. Орталық сондай-ақ, ғылыми қатынасты да реттейді. Британиялық студенттер Қазақстанға барып, білім алу мүмкіндігіне ие болады», – деді. Осы кездесуде Қазақстанның ағылшын еліндегі достық аралы сынды Қазақ орталығына Қазақстаннан арқалап келген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жинағын табыс еттім. Лондонның тарихи музейлерінде біздің көне жәдіргерлеріміз самсап тұрмаса да, бүгінінен белгі қалып жатқаны қуантады.
Қазақтың жастары шетелдерде, әлемнің басқа да мемлекеттерінен келген студенттермен еркін пікір ахуалында иық тірестіріп, білім алумен қатар, тәжірибе алмасуда. Лондон – мультимәдениетті қала. Маған ерекше ұнағаны – қаншама ұлт өкілі шоғырланған қалада барлық тұрғынға тән қасиет метрода, аялдамада болсын не кітап, не газет оқып отырады. Парктерде, көшелерде жас-кәрісіне қарамай салауатты өмір салтын ұстанып жүгіріп жүрген халық. Брунельде жапондық құрбым «Ағылшын тілі және жазу шеберлігі» деген курста оқыды. Ағылшын классик жазушыларының шығармаларын оқиды, тілді меңгереді және жазуды үйренеді. Бізде «жазу шеберлігіне» қатысты дәрістер мен пәндер оқытылмайды. Керісінше, оқушылар бастауыш сыныпты оқып бітеміз дегенше әдемі жазуды – каллиграфияны талап етеді. Бұл талап оқушының білім қорына, маман ретінде жазуының көркем болуына қаншалықты қажет екені белгісіз. Болашақта кәсіби мамандар қалыптасу үшін білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіру қажет. Жоғарыда мысал ретінде келтіріп өткендей, жазудың сыртқы формасын үйретуге жылдар мен қаржыны жұмсамай, болашақ маманға керек жазудың ішкі құрылымын үйретуге уақыт пен күш жұмсалуы керек. Бұл мысалды басқа саладағы маман дайындауға қатысты, жалпы алғанда елімізде білімді культқа айналдырып, білімді болу мәдениетін қалыптастыруға байланысты да айтуға болады.
Кеше ғана Астанаға сапарында Сингапур үкіметін басқарған Го Чок Тонг: «мемлекеттің табысты дамуын қамтамасыз ету үшін үш қағида: Адам капиталын қалыптастыру, институттар құру және көшбасшылық мәселесі керек. Мемлекет құру үшін, бірінші кезекте адам ресурстарынан маңызды әрі бағалы ештеңе жоқ. Адам капиталына көбірек инвестиция салған сайын оның бағасы да арта түседі», – деп атап айтқан болатын. Осы сөздерді тыңдай отырып, елімізде осы мәселе егеменді елдің іргетасы қалануымен бірге қолға алынғанын көреміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» түлектерімен кездесуінде, «Тәуелсіз ел болып, Қазақстанды жеке мемлекет жасау, оның әлеуетін көтеру деген ұлы мақсат алдымызда тұрды. Соның ішіндегі тағылымды қадамдардың бірі – «Болашақ» бағдарламасы еді», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында осы бағдарлама өзінің жемісін беріп, әр салада білікті кадрлар еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етуде.