«АҚЫН ДА БІР ДОМБЫРА КҮМБІРЛЕГЕН…»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, талантты ақын Қайрат Әлімбекті еске алу кеші ақынның туған жерінде өтті.
Қайрат Әлімбекті еске алу кешіне арнайы келген Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасенова, Сәрби Әйтенова, Ерлан Жүніс, Торғын Тұрлыбаева, Ажар Ерболған, Есболат Айдабосын, Мағрипа Сандуғаш секілді жас ақын-жазушылар алдымен Қайрат Әлімбек жатқан бейітке құран бағыштап, рухына зиярат етті.
Кешті ақын Гүлбақыт Қасенова жүргізді. Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, ақын Қуат Қайранбаев Қайрат Әлімбек туралы естеліктерімен бөлісті. Кеште сөз алған Қараша Қонысұлы ақынды дәріптеу мақсатында 4 ұсынысын ортаға салып,«Қайрат Әлімбек атындағы ақындар мүшәйрасын өткізу, публицистика жанрында жазылған шығармаларын топтастырып, жеке кітап қылып шығару, Жылыбұлақ орта мектебіне Қайрат Әлімбектің есімін беру, «Жетісу» телеарнасы арқылы ақынның шығармашылығы жайлы, қадір-қасиетін жақсы білетін замандастарының естелігі негізінде түсірілім жасалса», – деген ойын жеткізді. ҚР Мәдениет қайраткері, қаламгер Жексенбек Сұлтанбеков ақын өлеңдерінен қазақы бояуды, ұлттық реңкті жақсы байқағанын айтса, ауылдас-құрдасы Жоламан Даутов «Мектепте оқып жүргенде Қайратқа айтып, қыздарға арнап өлең, хат жаздырып алатынбыз. Екеуміздің әкеміз де малшы болды. Ауыл сыртында көкпар тартатынбыз. Сыйластығымыз керемет еді», – деп жылы естеліктер айтты. Қайрат ақынның қарындасы, Жылыбұлақ ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін Айсұлу ағасының орны әрдайым ойсырап тұратынын айтып, аға жайлы сағынышын жеткізді.
Асхат ӨМІРБАЕВ.
Қаратал ауданы.
Алматы облысы.